Жақында Астанада «Менің азабымды тоқтатыңыз!» атты халықаралық конференция өтіп, онда ем қонбайтын пациенттер үшін ауруға қарсы тұратын терапияның қолжетімділік проблемалары турасында кеңінен ойлар айтылып, қарар қабылданды.
Елімізде әрбір 15 минутта бір адамға онкологиялық диагноз қойылып, соның жартысына жуығы емделуі мүмкін емес, дәм-тұз таусылар шаққа жақындағанда анықталып жатады екен. Қазақ баласы «Айтып келген ажал» дейтін, бетінің әрі қарағанын білген науқас үшін сол ауру атының өзі осал жау емес, ал оған жанды қинаған дерт ауыртпалығы қосылғанда шығарда жаны басқа жақындарының да ерекше қиналатыны түсінікті. Осы бір ауыр күндерде барлығының қиындығын жеңілдетер бір ғана нәрсе бар, ол – аурудың жанға батқанын сездірмейтін, сау адам үшін есірткі аталатын, ал науқас үшін азапты азайтатын дәрілер. Емделушілердің тең жартысы өздерінің ауруларын адам төзгісіз немесе жан түршігерлік деп бағалайды, дейді мамандар.
Еуразиялық медициналық ассоциацияның вице-президенті Надежда Петухова: «Өкінішке қарай, әлі күнге дейін есірткі дәріні қолданған пациент нашақорға айналып кетеді деген миф күшін жоймай отыр. Бүгінгі күні әлем бойынша ауру басатын осындай дәрілердің 37 түрі болса, біздің елімізде онсыз да жанын қоярға жер таппай жатқан адамды қинайтын екпе түрі мен пластырь ғана қолданылып, таблеткадағы түрін пайдалану мүмкін болмауда. Ал жыл сайын ауру қатары артпаса, кеміп отырған жоқ, оның үстіне, қатерлі ісік дертінен басқа, ауру басатын дәрілерді қажетсінетін өзге де сырқат түрлерінің барлығы белгілі. Сондықтан да бұл дәрілерді қиналған жан үшін қолжетімді ету кезек күттірмейтін іс» десе, Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) еліміздегі офисінің басшысы Мелита Вуйнович өз сөзінде әлемде паллиативті көмекке зәру 40 млн адамның барлығын, жылдан-жылға аурулардың саны артып, оның ішінде қатерлі дертке шалдыққан балалар саны ұлғая түскенін алға тартқан.
Қазақстандық паллиативті көмек ассоциациясының президенті, «Қатерлі дертке бірге қарсымыз» атты қайырымдылық қорының атқарушы директоры Гүлнар Кунирова ДДҰ тарапынан жасалған ұсыным, әдістердің біздің ел үшін келе бермейтінін тілге тиек етті. Өйткені, олардың мәліметтері паллиативті көмек берудің жоғары деңгейіне жеткен елдерден алынған. Біздің елімізде мұндай дәрілік препараттарды сатуға ықыласты дәріханалардың да саны аз. Бұл жұмыспен айналысудағы толып жатқан құжаттар, қылмыстық жауапқа тартылу сынды қатаң шаралар оларды құлшынта қоймайды. Бұған қоса, біздің балалар мен ауыл тұрғындарының ауруын жеңілдету мәселесі де ашық тұр. Өкінішке қарай, біз былтырғы конференцияда қордаланған мәселелерді шешетін ведомствоаралық топ құру қажет деп ұйғарып едік, бірақ ол жүзеге аспады, деген қынжылысын жеткізді.
Конференцияға қатысушылар жансыздандыру проблемасының бүгінде мемлекеттік органдар деңгейінде қаралғанын және бұл ретте бірқатар қадамдар жасалғанын да айтты. Мәселен, елімізде паллиативті көмектің Ұлттық стандарттары қабылданып, созылмалы ауру белгілерін емдеудің клиникалық хаттамасы бекітілген, бақыланатын препараттар бойынша нормативті-құқықтық базаға өзгерістер енгізілуде. Паллиативті көмектің қазақстандық ассоциациясы (ПКҚА) мүшелері және серіктестерінің күшімен көптеген оқыту семинарлары мен тренингтер өткізіліп, медицина қызметкерлері мен емделушілердің туыстарына арналған әдістемелік әдебиеттер шығару қолға алынған.
Алайда, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар жан-жақты күш салып жатса да, заманауи ауыртпайтын препараттар мен созылмалы ауру белгілерін тиімді емдеу мыңдаған қазақстандық емделушілер үшін қолжетімсіз болып қалып отыр. Сондықтан да осы мәселені шешу үшін барлық тараптардың қатысуымен кешенді амалдарды қарастырудың қажеттігі сөзсіз, деді конференцияға қатысушылар. Сол реттен ауруға қарсы терапияның қолжетімділігін арттыру шараларының жоспарында ұлттық дәрілік формулярда созылмалы ауру белгілері кезінде пайдаланылатын опиоидты анальгетиктер мен адъюваттар тізімін кеңейту, опиоидтқа қажеттілік есебінің әдістемесін өзгерту және ЕБХК-ке Қазақстан квотасын арттыру, өте күшті анальгетиктердің пероральды түрлерін тіркеу мен өндіруге мемлекеттік қолдау, тексерілген әлемдік тәжірибе негізінде ауруды емдеу хаттамасын қайта қарау, өзге де өзекті мәселелерге басымдық берді.
Басқосуға Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму, Білім және ғылым министрліктерінің өкілдері, Парламент Мәжілісінің депутаттары, ІІМ жанындағы есірткі бизнесімен күрес және есірткі айналымын бақылау комитетінің үкіметтік емес ұйымдардың, фармацевтикалық компаниялардың өкілдері, онкологиялық орталық, хоспис, мейірбикелік күтім ауруханаларының басшылары, халықаралық сарапшылар мен емделушілердің туыстары да қатысты.
Сонымен, сырқаты ауыр емделушілер үшін опиоидты препараттар мен ауруға қарсы терапияның қолжетімділігіне кедергілерді жою бойынша іс-қимыл жоспарын дайындау және қабылдау кеңінен әңгіме болған конференцияның аясында сала дәрігерлері үшін ауруды басқару бойынша Әулие Кристофер хосписінің негізін қалаушы дәрігер-онколог Ежи Ярош тренинг те өткізді.
Конференцияны ұйымдастырушы Паллиативті көмектің қазақстандық ассоциациясы (КАПП), Ұлттық қатерлі ісік институты – Жаһандық денсаулық сақтау орталығының (АҚШ) жәрдемдесуімен еліміздегі Онкология және радиология Қазақ ұлттық ғылыми-зерттеу институты екенін айта кеткен жөн болар.
Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан»