Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаев жетекші IT-компаниялардың басшыларымен кездесу өткізді. Әңгіме барысында отандық IT-нарықты дамыту, стартаптарды қолдау және бағдарламалық өнімдерді әзірлеу, жеке инвестицияларды ынталандыру, сондай-ақ, ақпараттық қауіпсіздік мәселелері талқыланды.
Сонымен қатар, Үкімет басшысы Өнеркәсіптік даму бойынша комиссияның отырысын өткізді. Онда комиссия мүшелері 2014-2019 жылдарға арналған Индустрияландыру картасын орындау мәселелерін қарастырды.
Кеңестің қорытындысы бойынша Б.Сағынтаев жауапты мемлекеттік органдарға бірқатар тапсырмалар берді.
Осы күні Б.Сағынтаев облыстар және Астана, Алматы қалалары әкімдерінің қатысуымен ЭКСПО-2017 көрмесіне дайындық және оны өткізу жөніндегі мемлекеттік комиссияның отырысын өткізді.
Отырысқа қатысушылар Астанадағы ЭКСПО-2017 көрмесіне әзірлік бойынша жергілікті атқарушы органдар мен мемлекеттік органдардың жұмыс штабтарының жұмыс барысын қарастырды. Көрмені насихаттау, волонтерлік қызмет, туристік пакеттер әзірлеу, Астанадағы нысандардың көрмеге келушілерді қабылдау дайындығы, астаналық әуежай терминалының құрылысы, қонақ үйлер қорының әзірлігі және логистика мәселелері талқыланды.
Отырыс қорытындысы бойынша Премьер-Министр жауапты мемлекеттік органдарға ЭКСПО-2017 көрмесін өткізуге дайындық барысын бақылауға алуды және көрме нысандарының мерзімінде пайдалануға берілуін қамтамасыз етуді тапсырды, деп хабарлады Премьер-Министрдің ресми сайты.