• RUB:
    5.63
  • USD:
    477.15
  • EUR:
    522.43
Басты сайтқа өту
26 Ақпан, 2011

Елдегі жағдайға – оң баға

499 рет
көрсетілді

Кеше «InfoSystem» зерттеу орталығы» қоғамдық қо­ры­ның (Алматы қаласы) ди­рек­торы Салтанат Ахмедованың «Қазақстан хал­қының әл­еу­меттік-саяси кө­ңіл-күйінің ди­намикасы» со­циологиялық зерт­теуінің нәтижелері бой­ын­ша брифинг өт­ті. Шараға тапсырысты «Нұр Отан» ХДП Парламентаризм Институты берген еді. Сауалдама 2011 жылғы 1-23 ақпан ара­лығында жүргізілді. 14 облыс және рес­пуб­ликалық маңызы бар 2 қала – Алматы мен Астана қалалары бойынша 1624 респонденттен сауалдама алынды. Статистикалық ау­ытқу 3,2%-дан аспайды. 1. ЕЛДЕГІ ӘЛЕУМЕТТІК-САЯСИ ЖАҒДАЙДЫ БАҒАЛАУ Қоғамдық пікірді сұраудың нәтижесі қо­ғамның әлеуметтік-саяси көңіл-күйі тұрақты позитивті екенін көрсетті. Қазақстан­дық­тардың көпшілігі елдегі жағдайға, сондай-ақ өз өмірінің жағдайына оң баға беруі басым. Келесі көрсеткіштерді жекелей қарау ба­рысында жағдай егжей-тегжейлі айқындала түседі: Қазақстандағы жалпы жағдайға баға беру динамикасын зерттей отырып, респонденттер арасынан болашаққа оптимизммен қарай­тын­дар санының өскенін байқауға болады. Жүргізілген зерттеудің бірінші және екінші толқынының нәтижесі бойынша елдегі жал­пы жағдайға «қолайлы, бірқалыпты» деп баға бергендер саны 2,4% өсіп, 89,6% құрады. Өзінің және өз отбасының өмір деңгейіне қанағаттану деңгейі едәуір жоғары екені бай­қалады – өмір деңгейімен қанағат­тан­ған­дардың жалпы көлемі 81,8% құрайды. Толық және ішінара өз өміріне қанағаттан­бай­тын­дардың жалпы көлемі 16,6%. Респонденттердің басым бөлігі елдегі эко­номикалық жағдайға оң баға берді. Ағ­ым­дағы экономикалық жағдай тұрақты даму үстінде деп санайтындар сауалдамаға жауап бергендердің жалпы бөлігінің 90,2%-ын құрады. 2. ПРЕЗИДЕНТ ЖОЛДАУЫ ҚОҒАМДЫҚ ПІКІРДЕ 2011 жылғы 28 қаңтарда Қазақстан Рес­публикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан халқына өзінің жыл сай­ынғы Жолдауын жолдады. Бұл жұмыс күні болғанына қарамастан, халық арасында жүр­гізілген бұқаралық сауалдама көрсетіп от­ыр­ғандай, респондеттердің басым бөлігі (88,4%) бұл оқиға жөнінде хабардар болған. Оқиға жөнінде бейхабар болғандар үлесі 11,6%-ды құрайды. Жасына, ұлты мен тұратын жеріне қа­рамастан, ел азаматтарының басым бөлігі (91,4%) Президенттің Қазақстан халқына жыл сайынғы Жолдауын ел үшін ғана емес, сонымен бірге, жеке өзі үшін де маңызды оқиға деп біледі. Қазақстандықтар Жолдаудың еңбекақы, зейнетақы, денсаулық сақтауды арттыру, тұрғын үй, білім беру мәселелерін шешу, шағын және орта бизнесті дамыту және құқық қорғау жүйесін реформалауға ар­нал­ған басымдықтарына мүдделілік танытуда. 3. МЕРЗІМІНЕН БҰРЫН ПРЕЗИДЕНТТІК САЙЛАУ ӨТКІЗУ ЖӨНІНДЕГІ ШЕШІМГЕ ХАЛЫҚТЫҢ КӨЗҚАРАСЫ «Референдумнан бас тарту туралы шешім қабылдап, президенттік сайлауды мерзімінен бұрын өткізуді ұсынған Мемлекет бас­шысының Қазақстан халқына жасаған мә­лім­демесі туралы білесіз бе?» деген сұраққа барлық дерлік респондент оң жауап берді (97,6%). Мерзімінен бұрын сайлау өткізу туралы ақпараттан хабардар болу деңгейі референдум жүргізу туралы бастама жөнінде хабардар болу деңгейінен жоғары екенін атап өткен жөн. Ел азаматтарының басым бөлігі, яғни 93,3% сайлауды мерзімінен бұрын өткізу ту­ралы Мемлекет басшысының шешімін қол­дай­ды. Сәйкесінше, 3,4% бен 1,2% бейта­раптық және қарсы ұстаным танытқан. Алынған мәліметтер бойынша, кезектен тыс президенттік сайлауды тағайындау ту­ралы ақпараттың көзі халық үшін телевизия (орталық телевизия – 68,6%, жергілікті телевизия – 54,2%) болып табылады. Екінші кезекте – интернет көздері (42,4%), үшінші – орталық және жергілікті баспасөз (тиісінше 33,2% және 31,6%).