• RUB:
    5.06
  • USD:
    486.44
  • EUR:
    534.31
Басты сайтқа өту
07 Қазан, 2016

Кейкінің басын қайтаруда символдық мағына бар

339 рет
көрсетілді

Алаш жұрты ақсарбасын айтып, кешелі бері Кейкі батыр басының елге оралуын сүйіншілеп жатыр. Патшаға да бас имей, қызылдың саясатымен де сыйыс­пай, тек өз жерінің тұтастығы мен қазақ жұртының бүтіндігі үшін қан төккен Кейкінің басы қылышпен шабылғаннан кейін қызықтап қарайтын үйеме ақсөңке сүйектің бірі ғана саналып, бөтен елдегі музейдің ұлттық байлығы болып еді. Ұлт рухы асқақтаған мерейлі сәтті пайдаланып, батырдың басын елге жеткізуде көп еңбек сіңірген Орталық мемлекеттік музейдің директоры Нұрсан ӘЛІМБАЙМЕН жедел әңгімелескен едік. – Кейкі батырдың басына байланысты Ресей үкі­метімен арадағы келіс­сөз­дердің бір­талай жылдан бері жүргізіліп келе жатқанынан хабардармыз. Дегенмен, үміт жіңішкере бас­таған кез­де, күллі қазақты қуант­қан хабарды естіп отыр­мыз. Бі­реудің ұлттық бай­лығы саналып отырған қас­терлі басты әкелуге қалай қол жеткізгендеріңізді таратың­қырап айтып берсеңіз. – Кейкі бабамыздың басы­ның елге оралуын бір топ елге жанашыр азаматтың еңбегінің нәтижесі деп білемін. Рас, бұл мәселені мен осыдан се­гіз жыл бұрын қолға алып едім. Ұйым­дастыру жағы бар, зерт­теу мә­селесі бар, қажетті мате­риал­­дарды зерделеу ісі бар, осындай шаруа­ға байланыс­ты жасалатын кешенді жұмыс­ты сол кезде-ақ бастап кеттім. Нәти­жесі­нің қалай болары белгісіз, бұлың­ғыр­лау бас­талған мәселеге қатысты айтылуы тиіс тағы бір жайт, Се­нат депутаты Серік Ақылбай Кейкі батырдың бас сүйегін елге жеткізуде азаматтық үлкен көмегін көрсетті. Серік Ақылбай, бір жағы, Кейкі батырдың жақын туысы да болып келеді. Мемлекетаралық келісіммен ғана іске асатын күрделі мәселе Үкімет тарапынан көрсетілген нақты көмектің нәтижесінде шешімін табатыны белгілі. Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұха­меди­ұлының Кейкі ба­тырдың басына бай­ланыс­ты келісімді пісіру үшін Мәс­кеуге бірнеше рет арнайы сапармен барып қайтқанын ай­та кеткеніміз орынды. Нәти­­жесінде сан жылдардан бері Санкт-Петер­бургтің Кунст­ка­мерасында жатқан ата­мыздың басы елге қайтарылды. – Кунсткамерада, шамамен, 60 мың­нан астам бас сү­йектің жатқаны белгілі. Ол жерде бірнеше ханның ба­сының сақ­талғаны туралы дерек те бар. Ал мы­на бас­­тың нақты Кейкінікі еке­нін дәлел­­дей­тін зерттеуі, сарап­тама­лары, ғылы­ми негізде­месі толықтай жасалған ба? – Әлбетте, музей қорына тап­с­ырылған кез келген құн­дылықтар әуелі есепке алынады. Содан кейін камералық өңдеуден өтеді. Ғылыми акті­сі, паспорты жасалады. Бұл – міндетті процедура жә­не өте күрделі ғылыми жұ­мыс. Кейкі батырдың басы Кунст­камераға жеткізілгенде осы жұмыстың бәрі саты-сатысымен орындалған. Жан-жақты зерттелген, қаралған, ғалымдардың пікірімен дәйек­телген ғылыми паспорты бар. Кейкі батырдың басы екеніне өз басымның еш күмәнім жоқ. Дегенмен, халықаралық норма, ғылымдағы стандарт бойынша, ДНК-сы алынып, осы бастың Кейкінікі екені ғылыми негізделуі керек. Бұл жұ­мыс­­тармен Андраш Биро атты мажар ға­лымы айналыса бастады. Елдегі ға­лым­­­дар­мен келісімшарттарымыз бар, бұ­­­йырт­са, бұл мәселе шешіледі деп ойлаймын. – Бас елге келді, әрі қарай қан­­дай шаруалар атқа­ры­лады? – Бұдан кейінгі шаруаның ең бастысы, басты мәңгілік жер қойнына қайтару. – Айтпақшы, батырдың басы қайда жерленеді? – Оны мен шешпеймін. Кейкі бір ғана руға немесе бір ғана облысқа тиесілі адам емес. Кейкі – ұлттық батыр. Амангелдімен қатар соғыс­қан, елін, жерін қорғап, жауға қар­сы атой салған намысшыл, рухты халықтың айбарлы аза­маты. Менің пікірі­ме сал­саңыз, Астанадағы Ұлттық пан­теон­­ға жерленгені дұрыс деп ойлаймын. Кез­­дей­­соқтық деу­ге келіңкіремейтін мына қы­зық жайттарға назар аудар­шы. Алға­шын­­да «басты Мәс­кеуден Алматыға тіке алып кетемін ғой» деп ойлағанмын. Бірақ орайы Астанаға келді. Мұның үлкен сим­вол­­дық мәні бар. Өйткені, Астанада пантеон тұр. Екіншіден, батырдың басы­ның оралуы ұлт-азаттық қоз­ғалысының 100 жыл­дығымен орайласып отыр. Үшіншіден, бұл қуа­ныш ел Тәуел­сіздігінің 25 жыл­дығымен тұспа-тұс келді. Азаттық үшін арпалысып, тәу­ел­сіздік үшін жанын қи­ған батырдың тұп-тура бір ға­сырдан соң өзі аңсаған дер­бес­тіктің таңы атқан дәл осы күнге сәйкес оралуында сим­вол­дық мән жоқ деп айта аласыз ба? Осының бәрін өз басым үлкен жақсылықтың басы деп нышандаймын. – Тағы кімдердің басы бар онда, аға? – Ол енді келесі әңгі­ме­міздің желісі болсын. – Жақсы. Ұшақты қар­сы алуға барған батыр ұрпақ­тары аталарының басын кө­ре алмай, көзайым бола ал­май, арманда қалды. Сон­ша құпия­лануында не сыр бар? – Бұйырса, көреді. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ