• RUB:
    5.06
  • USD:
    486.44
  • EUR:
    534.31
Басты сайтқа өту
07 Қазан, 2016

Үлескерлік тетіктері заңмен жетілдірілді

277 рет
көрсетілді

Қазіргі таңда үлескерлердің қатысуымен жүзеге асырылатын құрылыс жұмыстарына деген талап арта түсті. Үстіміздегі жылдың 10 қазанынан бастап «Тұрғын үй құрылысына үлестік қатысу туралы» Заңның күшіне енуімен құрылыс жүргізуге бақылау айтарлықтай күшейтіледі. Бұл жөнінде Астана қаласы құрылысқа қатысты басқармалар басшылығы арнайы брифинг өткізіп, заңнамалық өзгерістерге кеңінен тоқталды. Басқарма төрағасының орынбасары Дәулет Досқұловтың мә­лім­­деуінше, заң талаптарына сәйкес енді үлескерлердің ақ­ша­сын тар­туға рұқсат алудың  нақты үш жолы қарастырылған. Тарқа­тып айтқанда, Кепілдендіру қоры­ның кепілдігін алу;  Екінші дең­гей­дегі банктің жобасына қаты­су жә­не Тұрғын үй қорының (тұр­ғын үй ғимаратының) қаңқасы салын­ған­нан кейін ғана ақша тарту. Қор кепілдігін алу үшін құ­ры­­лыс жүргізуші республикалық маңы­зы бар қалалар мен елордада кемінде 18 мың шаршы метр және басқа да әкімшілік-ау­мақ­тық бірліктердегі құрылыста кемін­де 9 мың шаршы метр тұр­ғын үй­лерін (ғимараттарды) пай­да­ла­нуға өткізген болуы тиіс. Оның үстіне мердігер ретіндегі 3 жыл тәжірибесінің болуы да назар­дан тыс қалмаған. Сонымен қатар, соңғы 2 жылда аудиторлық қорытындымен расталған шы­ғын­­сыз қызметінің болуы да талап етіледі. Ең бастысы, құрылыс жүргізуші бір мезгілде бір құрылыс жобасынан көп емес қызметті асыратын уәкілетті компания құра алатындығы. Ол компанияның меншік құқығымен өзіне тиесілі жер учаскесі; жобалау-сметалық құжаттамасы; жобалық құнының 10-15 пайыздық орындалған жұ­мыстар актілерімен расталған аяқ­талмаған құрылысы; кепілдік беру туралы шарт бойынша ке­пілдік жарнаны төлеуге арнал­ған ақшасы және тұрғын үй құры­лысының мердігерлік шарты болуы міндетті. Құрылыс жүргізуші үлес­кер­лердің ақшасын тек жоғарыда аталған Қордың кепілдігін алған ке­­лі­сімшарттан кейін ғана тартуға құ­­қылы. Ал қалған екі жағдайда үлес­­кер­лер қаржысын тартуға жер­­­гі­лікті атқарушы органның рұқ­­­саты қажет. Елордада мұндай міндетті Мем­лекеттік сәулет-құрылыс ба­қылау басқармасы өз мойнына алып отыр. Тиісті ақпаратты  қала әкім­дігінің coll-орталығынан 1414 нөмірі арқылы білуге болады. Ас­тана қаласының Сәулет және қала құрылысы басқармасының орынбасары Гүлжан Кивенованың айтуынша, Заңның 41-бабы бойынша құрылыс жүргізуші заң талаптарын бұза отырып жеке немесе заңды тұлғалардың ақшасын тартатын болса, онда жауапкершілікке тартылады. Д.Досқұлов реті келгенде проблемалық нысандардың құ­ры­лысына қатысты сөзінде бұған дейінгі келісімшарттардың инвестиция салу, алдын ала сатып алу жолымен азаматтық-құқықтық немесе өзге де келісімдер арқылы жасалғандықтан, олардың аза­мат­тық-құқықтық негізде шеші­мін табатындығын ерекше атап кетті. Дей тұрғанмен, әкімдік үлес­керлер саны мен құрылыс ны­сан­дарындағы жұмыстар бары­сына мониторинг жүргізеді. Бұл тұрғыда екінші дәрежелі банк­тер де өз тараптарынан құры­лыстың жүргізу барысын және үлес­кер­лердің қан­ша қаражаты жұмсал­ғандығын өздері бақылайтын болады. То­лық­тай алғанда, қабылданған заң­дық құжат нарықты жауапсыз құрылысшылардан тазартуға мүм­кіндік бермек. Бұған дейін кез келген заңды немесе жеке тұлға құрылыс-монтаж жұ­мыстарын жүргізуге рұқсат алып, бақылаусыз үлескерлердің қар­жысын тарту арқылы тұрғын үй құрылысын жүргізе беретін. Қа­зіргі таңда нарықта қанша құры­лыс компаниясы бар деген сұрақ­қа жауап қатқан Мемлекеттік сәу­­лет-құрылыс бақылауы басқар­ма­­сының орынбасары Дәулет Дос­­­құлов екі жүзге тарта тұрғын үй ке­шенінің құрылысы салынып жат­­қандықтан, осыншама құ­ры­­лыс са­лушы бар дегенді баса айтты. Енді уәкілетті орган келіп түс­кен құжаттарды қарастырар кезде жаңа заң бойынша талап ететін болады. Егер құрылысты жүргізуші өз міндетін дұрыс атқармаған жағ­дайда Қор немесе екінші дәре­желі банктер нысанды алып қойып, өзге құрылыс компаниясына бере алатындығы да ерекше аталды. Ал тұрғын үйдің қаңқасы тұрғызылғаннан кейін құрылыс жүргізуші жауапсыздық танытса, онда үлескерлер тұрғын үй-коммуналдық қызмет құра отырып өздері шеше алады. Жалпы, апта сайын әр бейсенбі күні сағат 18.00-де Астана қаласының әкімдігінде заңды жүзеге асыру бойынша кеңес өткізіліп, оған құрылыс салушылардың барлығы да қатыса алады. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»