• RUB:
    5.06
  • USD:
    486.44
  • EUR:
    534.31
Басты сайтқа өту
07 Қазан, 2016

Тәуелсіздік магистралі

370 рет
көрсетілді

25 ЖЫЛДЫҢ 25 СӘТІ

Президенттің баспасөз қызметі мен «Егемен Қазақстанның» бірлескен жобасы Тәуелсіздік – тәтті ұғым. Бір ауыз ғана сөз. Бірақ оның астарында қаншама мағына, толастауды білмейтін іс-қи­мыл, әдіс-амалдар жатыр десеңізші. Ой­лап қарасақ, тәуелсіздікті баянды етудің түрлері мен жолдары да көп-ақ екен. Мәселен, сол баянды ету­дің іргетастық мәні бар мәселесі – эко­номикалық тұрғыдан баянды ету жөнін­дегі жұмыстарға және соның бір ғана тар­мағы – инфрақұрылымдық даму ісіне ке­лейік. Міне, осы бір ғана істің өзі өткен жиырма бес жылда бізді қан­дай биіктерге көтеріп тастағандығын бажай­лаудың өзі оңай емес. Ел Тәуелсіздігінің елең-алаң шағында жас Қазақстан мемлекеті үшін бүкіл экономиканың локомотивіне айнала алар бірден-бір сала еліміздің минералды шикізат көздері, соның ішінде, көмірсутегі ресурстары болатындығын екінің бірі біле қойған жоқ. Дегенмен, біздің мемлекетіміздің басшылығының әп дегеннен-ақ барлық істің басын ашар осы саланы стратегиялық мақсат үшін дұрыс таңдай білуі, осы іске бірінші кезекте қозғау салуы ақыр аяғында либералдық нарық экономикасы жағдайында «сиқыршының таяғын» біздің қолымызға ұстата қойғанмен бірдей болып шыққандығын енді көріп отырмыз. Қазір міне, біз осылай деп отырмыз. Бірақ ол кезде осы іске екпін берудің өзі оңай болған жоқ. Өйткені, жер астында жат­қан мұнайды өндіру үшін көп қара­жат, жаңа технологиялар, өнімді сыртқы на­рық­тарға алып шығып, сауда жүргізе ала­тындай білікті компаниялар қажет болды. Бізде осының бірі де болған жоқ. Міне, сол тұста біздің Елбасымыз «егеулі най­за қолға алмай, еңку-еңку жер шалмай, ерлердің ісі бітер ме» дегендей, ер қайра­тын бойына жиып, әлемнің алпауыт мем­лекеттерінің аузын айға білеген компания басшыларымен келіссөздерді өзі жүргізіп, алғашқы инвестицияларды Қазақстанға алып келді. Елбасының сол кезде қолына ұс­таған «егеулі найзасы» – ел болашағына деген үлкен сенімі және сол сенімге негіз бол­ған табиғи шикізат ресурс­тары еді. Ен­ді өндіріле бастаған мұнайды сыртқы нарық­тарға алып шығу, оның сан түрлі бағыттары мен жолдарын қарастыру аса өзекті бола түсті. Көсегенің көгеруі құбырлардан басталды Міне, осы тұста, яғни 2001 жылдың қазан айында КҚК (Каспий құбыры концорциумы) мұнай құбырының іске қосылуы Қазақстан мұнай өнеркәсібінің тарихындағы аса маңызды оқиғалардың бірі болды. Жалпы ұзындығы 1510 шақырымға созылған мұнай құбыры еліміздегі Теңіз мұнай кен орны мен Қара теңіздегі Новороссийск портына таяу орналасқан «Жая Озереевка» мұнай терминалының арасын жалғады. Ресей Федерациясының «Транснефть» ААҚ пен КТК «Компаний», Қазақстанның «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ және «Шеврон Каспиан Пайплайн Консорциум Компании», «Лукарко Б.В.», «Мобил Каспийская Тру­бо­проводная Компания», «Роснефть-Шелл Каспиан Венчурс Лимитед», «Эни Интер­нэшнл (Н.А.) Н.В. С.ар. л.», «БГ Овер­сиз Холдингс Лимитед», «Казахстан Пайп­лайн Венчурс КОО», «Орикс Каспиан Пайп­лайн Лтд.» компаниялары бұл жобаның қа­ты­сушылары, яғни құрылтайшылары болды. Бұл – біздің елімізде пайда болған ал­ғашқы тәуелсіздік магистралінің бірі еді. Өйт­кені, осы арқылы өндіру көлемі арта бас­таған мұнайды сыртқа шығарудың бас­тап­қы және негізгі бағыттарының бірі айқын­дал­ды. Алғашқы жылы осы құбырмен 28 мил­­лион тоннаға жуық мұнай жөнелтіліп жүр­­се, 2014 жылы осы мұнай құбыры арқы­лы 40 миллион тонна мұнай сыртқа шыға­рылды. 2006 жылдың шілде айында мұнай тасымалдау мәселесіндегі тағы бір үлкен жоба – Қытай Халық Республикасымен бірлесіп салынған Атасу – Алашаңқай мұнай құбыры іске қосылды. Ол Қазақстан жерінде еліміздің үш облысы – Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Алматы облыстарының аумағымен өтіп, Қытайдағы Алашаңқай пунктіне дейін жеткізілген. 2006 жылы бұл құбырмен 2,2 миллион мұнай тасымалданса, 2007 жылы оның көлемі 4,8 миллион тоннаға дейін арттырылды. Бұл құбырдың мұнай өтімділігін жылына 10 миллион тоннаға дейін жеткізу жоспарланса, болашақта одан да асып кетуі әбден мүмкін. Өйткені, алғашқы он жылда құбырмен 92 миллион тонна мұнай тасымалданып отыр. Мұнан кейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2009 жылдың 14 желтоқсанында Ашғабад қаласында мемлекет басшылары Гурбангулы Бердімұхамедовпен, Ху Цзиньтаомен және Ислам Каримовпен бірге «Түрікменстан – Өзбекстан – Қазақстан-Қытай» газ құбырының іске қосылуына қатысқан болатын. Газ құбырының жалпы ұзындығы 7000 шақырымды құрады. Оның 188 шақырымы Түрікменстан, 525 шақырымы – Өзбекстан, 1293 шақырымы – Қазақстан, 4860 шақырымнан астамы Қытай аумағында тартылды. Қытайда газ құбыры Гуанчжоу қаласына дейін жеткізіліп, ол жерден басқа да жұмыс істеп тұрған газ құбырларына бөлінді. Көрегендік көкжиектері Міне, осылайша жер және шикізат ресурс­тарына бай еліміздің экономикалық әлеуетін ашу, өнімдерді экспортқа шығару бағытында бұрын-сонды болмаған үлкен істер қолға алынып, жүйелі түрде жүзеге асырыла бастады. Мұндай істер біздің елімізге неге қажет болды? Біз бұл сұрақтың жауабын Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың 2005 жылғы «Қазақстан экономикалық, әлеуметтік және саяси жедел жаңару жолында» атты халыққа арнаған Жолдауынан табамыз. Онда Елбасы елімізде құрылысы қолға алынған мұнай мен газ құбырларының, автокөлік жолдары мен темір жолдардың, салынып жатқан порттар мен әуежайлардың маңызы туралы айта келе былай деген болатын: «ХV ғасырдың соңына дейін Орталық Азия әлемдік экономиканың маңызды өңірі болып келді. Біздің өңіріміз Шығыс пен Батысты жалғастырып жатты. Халықтар аумақтар мен ұлттарға бөлінген жоқ. Жібек жолының саябыр тартуы Орталық Азияны мешеу шет аймаққа айналдырды. Тәуелсіздік алғанымыздан кейін соңғы 25 жылда алғаш рет біздің өңіріміз әлемдік экономика үшін қайтадан экономикалық маңызға ие болды. Біз өзіміздің транзиттік мүмкіндіктерімізді нығайтып келеміз, әлемдік нарыққа бағалы тауарлар – мұнай, газ, кен, ауыл шаруашылығы шикізатын шығаратын өңірге айнала бастадық. Қазірдің өзінде шамамен көне Жібек жолының бойымен өтетін ХХІ ғасырдың жаңа мұнай-газ құбырларының, авто және темір жолдардың сұлбалары айқындала бастады», деп атап көрсетті. Елбасының осы сөзі біздегі жедел түрде жүріп жатқан әлеуметтік-экономикалық, демографиялық, миграциялық, урбаниза­циялық және басқа да өзгерістердің негізгі себебі мен терең мәнін барынша дөп басып, ашып тұр деп ойлаймыз. Қазақстанға – Батыс пен Шығыстың ортасында алтын көпір болуға әбден лайық осынау байтақ өңірге тәуелсіздіктің келуі сан ғасыр бұрын үзіліп кеткен халықаралық сауда-экономикалық байланыстың үлкен арнасына қайта жан бітіріп қана қоймай оның жаңа сипатта жан-жақты дамуына жол ашты. Оның үстіне осы уақытқа дейін көп ғасырды қалғумен өткізген Азияның көптеген елдері жылдан-жылға дамып, осы өңірді әлемдік тартылыстың үлкен бір орталығына айналдырып отыр. Көршіміз Қытай бүкіл дүниеге экономикалық ықпал ететін ХХІ ғасырдың ең үлкен алыбына айналмақ. Экономикалық орталықтардың ара салмағында үлкен өзгерістер жүріп жатқан осынау шақта өз тәуелсіздігіне ие болған Қазақстанның әлемдік шаруашылық жүйесіне аса бір ұрымтал, яғни стратегиялық маңызды тұстан келіп қосылуы оның экономикалық, транзиттік маңызын арттыра береді. Бұл жағдай тәуелсіздік талаптарымен қосыла келіп іштегі халықтың көші-қон қозғалысының объективті себептерін туындатады. Сөйтіп, тәуелсіздік еліміздің ішкі мүмкіндіктерін ашуға, оның әлемдік экономикалық жүйеге қосылуына, бұрынғыдай Кеңес Одағының құрамындағы шеткері бір өңір емес, Еуропа мен Азияны байланыстырушы кіндік ел болуына қызмет етуде. Бұл жағдай ел халқын үлкен өзгерістерге қарай бастап, кенжелеп дамуымыздағы көпғасырлық мешеуліктің көбесін сөкті. Демек, орналасқан географиялық орнына байланысты Қазақстанның қазіргі жедел дамуының бір сыры міне, осы салынып жатқан инфрақұрылымдарда, яғни экономикалық ағзамызға қан жеткізіп, оны сыртпен байланыстыруға сенімді жол ашатын тәуелсіздік магистралдарында тұр деп есептейміз. Ендеше, экономиканың әр саласында жүзеге асырылған осы мақсаттағы жобалар туралы баяндап көрейік. Жаңғырған Жібек жолы «Нұрлы Жол» инфрақұрылымдық дамудың мемлекеттік бағдарламасы аясында 2015-2019 жылдар ішінде жалпы көлемі 7 мың шақырымнан асатын 11 автокөлік жолының жобалары жүзеге асырылмақ. Соның ішінде еліміздің аумағындағы ғасыр жобасы аталып отырған ең ірі халықаралық автокөлік дәлізі «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» жолының құрылысы да бар. Егер бұл жолдың жағдайына сәл кеңірек тоқтала кететін болсақ, жолдың Қазақстан аумағындағы жалпы ұзындығы 2 787 шақырымды құрайды. Мұның 2452 шақырымы қайта жаңғыртуға, яғни толықтай қайта салуға жатқызылған. 1391 шақырымдық жол – 1 санатты, 1061 шақырымдық жол 2 санатты болады. Жобаның құны – 825 миллиард теңге. Оған халықаралық Қайта құру және даму банкінің, Еуропа қайта құру және даму банкінің, Азия даму банкінің, Ислам даму банкінің, Жапон халықаралық әріптестік агенттігінің займдары мен еліміздің өз қаражаты жұмсалуда. Осыған дейін жолдың 2028 шақырымында жөндеу жұмыстары аяқталып, Шымкент қаласынан бастап Ресей Федерациясы шек­арасына дейінгі аралықта және Алматы мен Тараз аралығында жол қозғалысы ашылған болатын. Үстіміздегі жылы Алматы мен Қорғас аралығындағы 304 шақырым жол, Шымкент пен Ташкент аралығындағы 100 шақырым жол және Шымкент пен Тараз аралығындағы 81 шақырым жолдың құрылыс жұмыстары қолға алынды. Бұл жұмыстар үстіміздегі жылдың соңына дейін аяқталып, Қазақстандағы «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» дәлізінің бүкіл өн бойында көлік қозғалысы ашылады деген ақпарат бар. Бұл – ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына жасалатын үлкен тарту. Өйткені, бұл тәуелсіздікке ие болған ширек ғасыр ішінде осыдан мың жыл бұрын Батыс пен Шығысты жалғап жатқан Ұлы Жібек жолын қайта тірілткендігімізді білдіреді. Халықаралық дәліз толық пайдалануға берілген кезден бастап көлік нөпірі көбейіп, тіршілік қайнай бастайтын болады. Өйткені, мегажоба құрылысы аяқталғаннан кейін оның бойында инфрақұрылым тарту жұмыстары басталады. Яғни, үлкен жолдың бойынан халықаралық талаптарға сай келетін қонақ үйлер мен автокөліктерге техникалық қызмет көрсету орталықтары, тамақтанатын орындар және тағы басқа да көптеген нысандар салынады. Сондай-ақ, Қазақстан аумағында туризмді дамытуға жол ашылады. Енді аталмыш жобаның Қазақ елі үшін тигізер пайдасы турасында сөз қозғасақ, бізге ақпарат берген мамандардың айтуынша, алдағы 7-8 жылдың ішінде жолдың жүк көліктерін өткізу мүмкіндігі 2,5 есе ұлғаятын болады. Жобаны іске асыру Қазақстанға жылма-жыл кем дегенде 33-34 миллиард теңгенің пайдасын беріп отырады деп күтілуде. Мультипликативтік тиімділігі де зор болмақ. Мәселен, мамандардың есептеуінше, жолдың салынуы ішкі өнімнің көлемін 82,9 миллиард теңгеге дейін өсіре түсетін болады. Басқа да жанама тигізетін жағымды әсерлері аз емес. Ең бастысы, бұл жол Қазақстанның Батыс пен Шығыс арасындағы өзінің географиялық орнын тиімді пайдаланып, алтын көпір елге айналуына өлшеусіз қызмет ететін болады. Ал мұның тигізер пайдасын ақшамен есептеудің өзі мүмкін емес. Бұл жолдың болашақта Қазақстанға қандай пайда беруі мүмкін екендігін болжамдау үшін мына бір тарихи деректерге жүгіне кетсек, артық болмас. Біздің мың жылдық тарихымыздың әр кезеңінде кең-байтақ даламызға келіп кеткен тарихшылар қалдырған деректер бойынша Көне Қытайдан басталып, еліміздің оңтүстік өңірлерін көктей өтетін Жібек жолының жандануы Жетісу мен Сырдария бойында қала құрылыстарының дамуына үлкен серпін берген. Өйткені, керуен жолының бойында шағын бекеттер пайда болып, олар бірте-бірте сауда-саттық жүргізіп, тауарлар алмастыратын қалалар деңгейіне көтеріліп отырған. Отырар, Сығанақ, Сауран, Жент, Анкет, Тараз, Созақ, Құмкент, Төрткөл, Ақтөбе, Құлан қалалары міне, осылайша салынып, өркендеді. Ал Х ғасырда өмір сүрген ғалым-географ әл-Мақдиси өзінің «Әл-бәд ва-тарих» («Дүниенің басталуы мен тарихы жөніндегі кітап») атты еңбегінде сол кездегі Қазақстан аумағында орналасқан 50-ге тарта қаланы атаған. Олар: Исфиджаб, Хирлұғ, Жумишлағу, Арсубаникет, Бараб, Шауғар, Сауран, Тұрар, Зерах, Шағылжан, Баладж, Барукет, Яганкет, Тараз, Балу, Құлан, Мерке, Лакра және басқа да көптеген қалалар. Алайда «мың өліп, мың тірілген» қазақтың өзі секілді оның өркениеттілік жетістіктерінің де тағдыры ауырлау болды. Сол қалалардың бүгінге аман-есен жеткені санаулы ғана. Олар туралы бүгінде Қазақстан жеріндегі тарихи және археологиялық ескерткіштер ғана жақсы сыр шертеді. Демек, жаңадан салынып отырған «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» көлік дәлізінің бойында болашақта жаңа қалалардың пайда болмасына кім кепіл. Еліміз тәуелсіз мемлекет ретінде ес жинап, дамыған сайын біз байтақ даламыздың үстінде болатын талай кереметтердің куәсі болармыз деген үмітімді жасырмаймын. Сондай-ақ, елімізде «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық көлік дәлізінен тыс басқа автокөлік жолдары да салынуда. Мәселен, ұзындығы 1282 шақырым болатын Астана – Алматы, ұзындығы 1018 шақырымдық Астана – Өскемен, 2891 шақырымдық Астана – Ақтөбе – Атырау – Ақтау, 803 шақырымдық Алматы – Өскемен, 531 шақырымдық Астана – Петропавл – Ресей Федерациясының шекарасы, 100 шақырымдық Орал – Каменка жолдарының құрылыстары жүргізілуде. Бұл жолдардың барлығы 2020 жылға дейін аяқталуы тиіс. Парсы шығанағына шықтық Еліміздің экспорттық және транзиттік әлеуетін арттыру, өңірлер арасындағы байланысты күшейту үшін жаңа темір жолдар салу мәселесіне көп көңіл бөліне бастады. Осының нәтижесінде ұзындығы 2550 шақырымнан астам жаңа темір жолдар іске қосылды. Бұл дегеніңіз, тәуелсіздік алған 25 жыл ішінде Қазақстан бүкіл ТМД мемлекеттерін қосқандағыдан артық темір жол құрылысын жүргізді деген сөз. Оны айтасыз, баяғыда әлемнің алтыдан бір бөлігін алып тұрған алып Кеңес Одағының өзі ұзақ жылдар бойы тұрғызған БАМ-ның (Байкал-Амур магистралі) ұзындығы 4200 шақырымды құраған екен. Ендеше, тәуелсіздіктің ширек ғасырының он шақты жылының ішінде еліміз өз күшімен кіші БАМ құрылысын салып-ақ тастағанмен бірдей болып шығады ғой бұл іс. Ал енді бұл жолдардың еліміздің дамуына, жеріміздің гүлденуіне тигізетін пайдасы қандай? Енді осы мәселеге келейік. 2014 жылдың 3 желтоқсаны күні Қазақс­тан Республикасының Президенті Нұрсұл­тан Назарбаев, Иран Ислам Респуб­ликасының Президенті Хасан Рухани, Түрікменстан Республикасының Президенті Гурбангулы Бердімұхамедов Иран мен Түрікменстан шекарасында бас түйістіріп, Өзен – Қызылқия – Берекет-Этрек – Гор­ган (Қазақстан – Түрікменстан – Иран) темір жол желісін ресми түрде ашты. Сөй­тіп, Қазақстаннан астық тиеп шыққан пойыз біздің ел тарихында тұңғыш рет Түрік­менстан шекарасын басып өтіп Иран елінің аумағына, яғни біздің экономикамыз үшін аса маңызды өңір болып табылатын Парсы шығанағына кірді. Бұл жол бізді Еуропаға 600 шақырымға жақындата түсті. Еліміздің арада сандаған ғасырлар өткеннен кейін барып, аса маңызды стратегиялық өңір Парсы шығанағына экономикалық тұрғыдан қайта шығу мүмкіндігіне ие болғандығын әйгілеген Елбасының сол тарихи маңызды сапарына «Егемен Қазақстан» газетінің журналисі ретінде біз де қатысқан едік. «Қазіргі істің тарихи мәні бар, – деп еді сол халықаралық жаңа темір жол желісінің ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде Елбасы. – Біз Қазақстан, Түрікменстан, Иран елдері 900 шақырымдық осы жолды салып, Орталық Азия мен Парсы шығанағындағы елдердің басын қостық деп айтуға болады. Жалпы жол, көпір салу дегеніміз өте рахымды іс. Бұл жайында Құранда айтылған. Үш елдің халқы үшін жолдың бойында неше түрлі елді мекендер пайда болып, халық жұмыспен қамтылады, қарым-қатынас жанданады. Сонымен қатар, Елбасы Қазақстан Қытайдан Каспий теңізіне дейін тікелей темір жол салғанын атап өтті. «Мына жол сол жолға қосылады. Демек, Қытайға ғана емес, Қытай арқылы Тынық мұхитына шығар мүмкіндік бар», деген Елбасы бұл жолдың ұзындығы бұрынғы жолдың ұзындығынан үш есе кеми түскендігін, осы арқылы жүк тасымалын жеделдетуге болатындығын атап көрсетті. Сөйтіп, ашылып отырған Өзен – Қызылқия – Берекет – Этрек – Горган (Қазақстан – Түрікменстан – Иран) жаңа темір жол желісін елімізді көктей өтетін Жаңа Жібек жолының маңызды бір саласы ретінде қарастыруға әбден болады. Ал мұның сыртында ел өңірлерін бір-бірімен байланыстыру, ел ішінде өндірілген өнімдерді сыртқа экспорттауға қолайлы жағдай туғызу мақсатында қаншама жаңа жолдар салынды. Атап айтсақ, 2001 жылы салынған 187 шақырымдық «Ақсу – Дегелең» темір жол желісі Павлодар мен Семейдің арасын жалғаса, 2004 жылы салынған «Хромтау – Алтынсарин» темір жол желісі Қостанай мен Ақтөбені жалғап, өңіраралық байланыстардың нығаюына сенімді ықпал етті. 2008 жылы ұзындығы 150 шақырым болатын «Шар – Өскемен» темір жолы салынды. Бұл жол желісі шығыс өңірдің бірыңғай темір жол инфрақұрылымын қалыптастырды. 2012 жылы ұзындығы 293 шақырымдық «Жетіген – Қорғас» темір жол желісі іске қосылды. Бұл жол Қытай мен Қазақстанның оңтүстік өңірі және Орталық Азия елдері жол қатынасын 550 шақырымға қысқартып, еліміздің транзиттік әлеуетін арттыра түсті. 2014 жылы «Арқалық – Шұбаркөл» темір жол желісі салынды. Ұзындығы 214 шақырым болатын бұл жаңа темір жол желісі Қазақстанның орталық бөлігі мен солтүстік өңірлерінің арасын бүтіндей 540 шақырымға жақындата түсті. Ал 2014 жылы салынған ұзындығы 1036 шақырым болатын Жезқазған – Бейнеу жаңа темір жол желісі біздің еліміздегі өңіраралық қарым-қатынасты ғана нығайтып қоймай, сонымен қатар, Қытай мен Еуропа арасындағы жолды бүтіндей 1200 шақырымға жақындата түсті. 2015 жылы Боржақты – Ерсай темір жол желісі салынды. Бар болғаны 14 шақырым болатын бұл жолдың да маңызы зор еді. Өйткені, ол еліміз үлкен үміт күтіп отырған Құрық портын темір жол магистралімен жалғады. Құрлықтарды жалғаған Тәуелсіздік жылдарында Қазақстан азаматтық авиация саласында бұрын-соңды болмаған көрсеткіштерге қол жеткізді. Франкфурт, Лондон, Вена, Париж, Сеул, Абу-Даби, Дубай, Бейжің, Ыстамбұл, Үрім­ші, Сиань, Бангкок, Шарджа, Минск, Мәс­кеу, Новосібір, Екатеринбург, Омбы, Санкт-Петербург, Том, Баку, Ташкент, Киев, Бішкек, Тбилиси және тағы басқа қала­лармен, жалпы әлемнің 26 елімен әуе қа­ты­насын орнықтырды. Бүгінгі күні Қазақстан ТМД елдерімен 50 бағыт, Еуропа елдерімен 9 бағыт, Оңтүстік-Шығыс Азия елдерімен 14 бағыт, Таяу Шығыс елдерімен 15 бағыт бо­йынша әуе тасымалдарын жүзеге асырады. Енді Елбасының тапсырмасы бойынша Астана қаласын халықаралық қаржы орталықтарымен байланыстыру жөнінде жұмыстар жүргізілуде. Қазірдің өзінде елордамыздан 5 халықаралық қаржы орталығына (Франкфурт, Лондон, Дубай, Гонконг, Сеул) тікелей ұшақ қатынасы қалыптасқандығын, енді 2020 жылға дейін Токио, Сингапур, Шанхай және Нью-Йорк қалаларымен тікелей байланыс орнатылатындығын айта кетсек, артық болмас. Ғарышқа қадам – алысқа қадам Қазақстан ел Тәуелсіздігінің 25 жылында өзінің ғарыш саласын құрып, оның қызметін дамыту арқылы көптеген елдер үшін бірнеше ондаған жылдардан тұратын тарихи ұзақ әрі төте жолды бастан өткерді деп айта аламыз. Қазақстанның жарқын болашағы үшін бұл істің маңызы өте зор. Өйткені, қазіргі замандық ғарыштық спутниктердің және олардың қызметтерінің тұтас инфрақұрылымдарын әзірлей отырып, ғарыш кеңістігіне шығу дегеніміз елдің бәсекелестік қабілетінің басты өлшемдерінің бірін айқындаушы факторлардың бірі болып табылады. Қазіргі күні әлемнің ең мықты елдерінің арасындағы басты тайталастардың бірі осы кеңістікті игеру мәселесіне қатысты жүріп жатыр. Біз тіпті ғарыш кеңістігіне қожайындық етпей-ақ қояйық. Ондай ниетіміз де жоқ. Бірақ болашақта осы кеңістіктегі өз орнымызды айқындап, одан өз нанымызды тауып жей алатын болсақ, бұл біздің қорғаныс қабілетіміздің артуы­на, ұлттық қауіпсіздігіміздің нығаюына, ақпараттық байланыс құралдарының дербес дамуына, ауа райын болжау мүмкіндіктеріміздің жетілуіне, геодезия және картография жұмыстарының дамуы­на, табиғи ресурстарымызды барлау, іздес­тіру және қорғау жұмыстарының дамуына, тәуелсіздігімізді баянды етуімізге, жал­пы алғанда, экономикамыздың дамып, оның әлеуетінің артуына үлкен ықпал ете­тін болады. Өзінің заманға сай ғарыш қыз­метін ұйымдастыруда Қазақстан әлемнің көп­теген елдерінен оза отырып, қазіргі күні тө­мендегідей нәтижелерге қол жеткізді. Құрамында «KazSat-2», «KazSat-3» ғарыштық аппараттары және оларды жерден басқарудың екі кешені (негізгі және резервтік) бар спутниктік байланыс және хабар таратуға арналған «KazSat» ғарыштық жүйесі құрылды. «KazEOSat-1» және «KazEOSat-2» оптикалық ғарыштық аппараттары мен спутниктерді жерден басқару кешені және Жерді қашықтықтан зондтау (байқап көру) деректерін қабылдап, өңдеп, оларды дайын өнім түрінде түпкілікті тұтынушыға дейін жеткізе алатын екі арнаулы жерүсті кешені бар Жерді қашықтықтан зондтаудың (байқап көрудің) ғарыштық жүйесі құрылды. Қазақстан Республикасының аумағында тұтынушыларға сапалы және кепілдігі бар координаттық-уақыттық және навигациялық қызметтерді көрсетуге арналған жоғары дәлдікті спутниктік навигациялаудың жерүсті инфрақұрылымдары қалыптасты. Ғарыш саласының білікті кадрлық ортасы және сала кәсіпорындарының ғылыми-инженерлік құрамы қалыптасып, жетіліп келеді. Ғарыштық техникалардың арнаулы конструкторлық-технологиялық бюросы жасақталынды. Алматы метросы Елімізде тәуелсіздік жылдары іске қосылған маңызды құрылыстардың бірі – Алматы метросы. Оның ұзындығы – 38 шақырым. 2011 жылдың желтоқсан айында ашылған метрода бастапқы 7 станса жұмыс істесе, былтыр тағы да екі станса іске қосылды. Метро қызметін пайдаланушылар қатары жылдан жылға артып келеді. 2012 жылы метроны күніне 16 мың адам пайдаланса, бұл көрсеткіш былтыр 25 мың адамға, 2015 жылы 38 мың адамға жеткен. 2015 жылдың мамырына дейін барлығы 23 миллион адам тасымалданған. Әлемнің 45 елінде ғана метро барын ескерсек, Алматы метросын тәуелсіздіктің ширек ғасырының ішіндегі үлкен жетістіктеріміздің бірі ретінде бағалауға болады. Сонымен Тәуелсіздіктің 25 жылында еліміз инфрақұрылымдық даму, экономика әлеуетін дамыту бағытында ұлан-ғайыр жұмыстарды жүзеге асырды. Олардың нәтижесі жыл өткен сайын зорая бермек. Сұңғат ӘЛІПБАЙ, «Егемен Қазақстан»