• RUB:
    5.06
  • USD:
    486.44
  • EUR:
    534.31
Басты сайтқа өту
08 Қазан, 2016

Жүректерді толқытқан туынды

476 рет
көрсетілді

Белгілі кинорежиссер Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» тарихи драмасын тамашалағаннан кейінгі ой Киноэпопеяның Астанадағы 1 наурызда өткен алғашқы таныстырылымына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қатысып, тың туынды Қазақстан кинематографиясындағы айтулы жетістік ретінде бағаланған болатын. Осы орайда фильмнің режиссері Ақан Сатаев өз сұхбатында: «Бұл негізінен бала мен ананың мәңгілік сүйіспеншілігіне, перзенттік махаббаттың құдіретіне арналған кинокартина. ХХ ғасырдағы тарихи кезеңдер мен кейіпкерлердің жарты ғасырға жуық уақытын қамтитын мұндай тарихи драмалар, әсіресе, кейінгі жас ұрпақ үшін еліміздің өткен тарихын танып-білуіне өте-мөте қажет» деген еді. Рас, отандық фильм желісі ана мен перзенттің ыстық мейірімін дәріптейді, өмірде түрлі қиындықты басынан өткерген жанның тағдыры жайында өрбиді. Жастайынан отбасынан қол үзген кейіпкер соғыс өртін бастан кешіп, тұтқындар лагеріне түседі. Осы жылдарда ол үйіне оралып, анасымен қауышып, ұлын көрем деген үкілі үмітін өшірмейді. Кейіпкердің 45 жылға жуық ғұмыры экранда өрбиді. Оқиғаның сюжеті ұжымдастыру шырғалаңын, халыққа қасірет жұтқызған ашаршылықты, екінші дүниежүзілік соғыс пен соғыстан кейінгі еліміздің күрделі кезеңдерін баяндайды. Тұтас үш дәуір қамтылатын мұндай тарихи драманы қазақ ұлттық кино өнері тарихындағы алғашқы киноэпопея деу қисынды. Фильм негізінен 1930 жылдан бастап қазірге дейінгі аралықты суреттеуімен тұшымды. Әлемдік тәжірибеде ондағы оқиға сюжеті кемінде 8-12, тіпті, одан да көп серияға дейін созылатынын ескерсек, ал, қазақстандық режиссер мұны өте жинақталған үлгіде ықшамдап бере алған. Солай бола тұра, әр кезеңнің үні, айшығы ала-құлалыққа ұрынбай, айқын берілген, бояуы қанық, болмысы анық кейіпкерлер кейпіне жолығамыз. Экрандық туындының бас кейіпкері рухының мықтылығымен, қазақы кескін-келбетімен, Отан-анаға адалдығымен, туған жерге, анаға деген ағеділ азаматтығымен тартымды. Өмірлік құндылықтардың мәні мен тіршіліктегі құбылыстарға өзгеше көзқараспен қарауға үндейтін «Анаға апарар жол» кинокартинасы қазірдің өзінде аудиториясын қалыптастырып үлгерген туынды деу лазым. Бұл туралы, әсіресе, шетелдік сарапшылар мен кинотанушылар жылы лебіздер білдіруде. Мәселен, 30 қыркүйек пен 5 қазан аралығында өткен «Еуразиялық көпір» Халықаралық кинофестивалінде бас бәйгені қанжығасына байлады. Сондай-ақ, аталмыш фильмде тағдыр тауқыметін қаншалықты тартса да, бойындағы аналық мейірім мен асыл қасиеттерін сақтай алған қазақ әйелінің жарқын бейнесін экранға алып шыққан Алтынай Нөгербек елімізде кино саласы бойынша ұйымдастырылып отырған «Тұлпар» ұлттық жүлдесінің «Үздік әйел рөлі» аталымын жеңіп алды. Ал, фильмнің операторы Хасан Қыдырәлиев «Үздік операторлық жұмыс» аталымының жеңімпазы атанды. Қарапайым көрермен бұл марапаттарды толығымен құптайды және лайықты иелерін тапты деп есептейді. Фильмді тамашалағаннан кейінгі туған ой – бұл туындыны отандық кинорежиссураның бір кемін толтырған үлкен олжа деу керек. Оған себеп, өкінішке қарай, бізде әлі Қазақстанның тарихи тұтас дәуірнамасы кино тілімен өз дәрежесінде түгел өріліп бітті деп айта алмаймыз. Тіпті, жоқтың қасы деуге болады. Сондықтан, «Анаға апарар жол» фильмі арқылы тағы бір тың кеңістіктің есігі, соны соқпағы ашылғандай әсер қалдырды. Рас, Қазақстан кинематографиясында ана тұлғасы, баласын майданнан күткен далалық ананың мейірімі алғаш рет ойналып отырған жоқ. Ұлттық кино және театр сахнасындағы Сәбира Майқанова, Әмина Өмірзақова сынды сирек шеберлер бейнелеген ақ жаулықты аналар галереясы әлі күнге дейін өз мәнін жоғалтпай, отандық туындыларға деген құрметті арттыра түседі. Бүгінгі таңда төл режиссураның көрермен көңіліне жол табудағы ізденістері қуантады. Осы бағыттан таймасақ, ұлттық киноның шығар асуы биік болмақ. Шәкен Айманов, Сұлтан Қожықов, Шәріп Бейсембаев, Абдолла Қарсақбаев, Мәжит Бегалин сияқты классик-режиссерлердің шығармашылығымен тығыз байланысты болған қазақ киносының «алтын кезеңі» қайта айналып келер деп, әлі де үміттенеміз. Бүгінгі таңдағы басты мақсат – халыққа телеарналардан, болмаса кинотеатрдан отандық өнімдеріміз мейлінше көбірек көрсетілсе екен дейсің. Және бұл туындылардың техникалық сапасына көңіл бөліп қою жеткіліксіз, алдымен мұнда терең ой, рухани азық мол болса екен дейсің. Осы ретте соңғы жылдары көрерменге ұсынылып жүрген бірқатар көркемсуретті фильмдерді атап өтуіміз қажет. Алысқа бармай-ақ, 2015-2016 жылғы Ақан Сатаевтың «Анаға апарар жол» фильмінен бастап, Қанағат Мұстафиннің «16 қыз», Ерлан Нұрмұхамбетовтің «Жаңғақ тал», Асқар Бисембиннің «Адель», «30 жаста ұзатылу» сияқты көпшіліктің көңілінен шыққан бірталай дүниелер бар. 2007 жылы жарық көрген Ақан Сатаевтың «Рэкетир» атты алғашқы толықметражды туындысын әлі күнге ұмыта қоймағанымыз да рас. Режиссердің фильмдері халық арасында ерекше сұранысқа ие. Кино саласының дамуына қомақты үлес қосып жүрген, шығармашылық талантын көрермені өте жоғары бағалайтын ақжолтай азаматтың биылғы табысы – осы «Анаға апарар жол» фильмі. Оның тағы бір ерекшелігі, сюжеттер Қазақстан, Белоруссия және Әзербайжанда түсірілген. Мұнда халықтың басынан өткен қиын-қыстау кезеңдер басты кейіпкерлердің өмірі мен тағдыры арқылы беріліп отырады. Картинаға жалпы саны 2 мыңнан астам адам қатысқан. Негізгі рөлдерді Әділ Ахметов, Алтынай Нөгербек, Аружан Жазылбекова, Болат Әбділманов, Берік Айтжанов, Азамат Сатыбалды, Еркебұлан Дайыров, Асылбек Боранбай сынды танымал актерлер сомдайды. Бас продюсері ¬– Әлия Назарбаева. Ал сценарийді бұдан бұрын да А.Сатаевпен бірнеше картинада шығармашылық байланыста болған Тимур Жақсылықов жазған. Туындыны әуенмен әрлеген – белгілі композитор әрі өңдеуші Ринат Ғайсин. Қоюшы суретшілері: Нәзира Байбекова, Лариса Решетова. Дыбыс режиссері – Никита Фомин. Монтаж режиссері – Виталий Кирсанов. Жақында фильмді тағы бір мәрте тамашалаудың сәті түсті. Киноэпопея көрерменнің жүрегіне жол тапты деп ойлаймын. Өйткені, ана мен перзент арасындағы сүйіспеншілік сезімін көзге жас алмай отырып көру мүмкін емес еді. Соңында залдағылар ризашылықпен қол соқты. Фильмнің жемісті болуының басты себебі неде, деп артықшылығын іздедік. Алдымен, картинаның тақырыбы өте-мөте қымбат, әсіресе, қазақтың жанына жақын, абзал ат. Қаламгер ағамыз Баубек Бұлқышев айтқандай: «Ана десе, толқымайтын жүрек, тасымайтын қан, сезбейтін сезім болуы мүмкін емес» демекші, адамзат үшін ананың орны әрдайым жүрек төрінде екені сөзсіз. Сондықтан, фильмнің тақырыбы әрбір көрерменге етене таныс, ыстық екені даусыз. Екінші себебі, «Анаға апарар жол» драмасы қазақ қоғамындағы ең ауыр кезеңдерді қамтуымен де қызықтырады. Ұжымдастыру науқаны, соғыс жылдарындағы және одан кейінгі халықтың басынан өткерген қиындықтары... Бұл бүгінгі ұрпақ үшін соншалық шалғайдағы шаңдақ дүние емес, және режиссер осыны шынайы қалыпта бедерлей отырып, қай кезеңде болсын кейіпкерлерінің бір-біріне деген мейірімін азайтпайды, қайта бірлігі мен адалдығын, бауырмалдығы мен батылдығын еселейді. Ең бастысы, басты кейіпкер – Ілиястың анасына деген, туған жеріне, Отанына деген шексіз махаббатын, сағынышын барынша айқын сипаттауға тырысады. Фильм өткен тарихымызға көз жүгірте отырып, бүгінгі күнге ата-бабаларымыздың қанымен, жанымен жеткенімізді еске алдырады. Жалпы, тарихи сарында түсірілген фильмдердің өскелең ұрпаққа берер көл-көсір тағылымы осындай сәтте ерекше сезіледі екен. «Ерлік – елге мұра, ұрпаққа үлгі» демекші, соғыс кезіндегі ер-азаматтарымыздың қайтпас қайсарлығы мен төзімділігін көрсету арқылы бүгінгі ұрпақтың санасына нағыз отансүйгіш, батырлық үлгісін қалыптастыруға болады. Актерлердің өз кейіпкерлерінің бейнесін шынайы сомдай алғандығы фильмнің ұтымды тұсы дер едік. Мәселен, негізгі рөлдердегі Әділ Ахметов пен Алтынай Нөгербектің драмалық актерлігі мен сезімталдығы оң нәтижеге қол жеткізді. Ілиясты ойнаған Ә.Ахметов Жастар театрының басты рөлдерімен ысылған актер десек, ал Мәриямды сомдаған А.Нөгербек Қалибек Қуанышбаев атындағы академиялық қазақ музыкалық драма театры сахнасындағы қазақ арулары бейнесімен танымал актриса. Бұған дейін Сламбек Тәуекелдің «Жерұйық», Ермек Тұрсыновтың «Жат», Сергей Снежкиннің «Жұлдыздар тоғысқанда» фильмдері арқылы жақсы таныс оның «Анаға апарар жол» туындысындағы ойынын актрисаның шығармашылығындағы үлкен жетістік деп бағалауға болады. Мәриям ананың әрбір кезеңдегі мінез-құлқының өзгерісі, кейіпкердің ішкі жан күйзелісі шынайы шыққан. Гримге байланысты сәл-пәл осал тұстары байқалғанмен, бұл кинокартина Ақан Сатаевтың шығармашылығындағы үздік туындылардың бірі ретінде есте қалары сөзсіз. Рас, көркемсуретті фильмнің атауына қатысты сыншылар тарапынан түрлі пікірлер алға тартылуда. Ал, жалпы бәрін қорытындылай айтқанда, әзірге Қазақстан кинематографиясында осы режиссердің есімі шетелдік сарапшылар назарын өзіне барынша аударып тұр. Ең бастысы, көрермені жуырда экранға жол тартатын «Районын» асыға күтуде.   Қарашаш Тоқсанбай