• RUB:
    5.06
  • USD:
    486.44
  • EUR:
    534.31
Басты сайтқа өту
11 Қазан, 2016

Елбасының ерен еңбегі

572 рет
көрсетілді

түркітілдес елдердің тәуелсіздік тойында жоғары бағаланды 6-7 қазан күндері Анкара қаласында Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің ұйымдастыруымен түркітілдес мемлекеттер Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған халықаралық симпозиум өтті. Жиынға Түркия Республикасы Пре­зи­дентінің Баспасөз хатшысы Ибрахим Ка­лын, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Сауытбек Абдрахманов, Түркия Ұлы Ұлттық Мәжілісінің депутаты Мұстафа Исен, Түркия Президентінің кеңесшісі Ялчын Топчу, Әзербайжанның Түркиядағы елшісі Фаик Багиров, Қырғыз Республикасының Түркиядағы елшісі Ибрагим Жүнісов, ТүркПА Бас хатшысы Жандос Асанов, Түркия Мәдениет және туризм министрінің орынбасары Хусейн Яайман, Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік уни­вер­ситеті Өкілетті кеңес төрағасы Мұса Йыл­дыз, Қазақстанның Түркиядағы елшілігі, Өз­бек­станның Түркиядағы елшілігі, Халықаралық Түр­кі Академиясы және ТҮРКСОЙ ұйымдарының өкілдері, ғалымдар мен студенттер қатысты. ТүркПА-ның Іс басындағы Төрағасы, Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжі­лі­сінің Төрағасы Нұрлан Нығматулиннің өкілі, Мәжіліс депутаты Сауытбек Абдрахманов өз сөзін осыдан ширек ғасыр бұрынғы жайды есіне түсіріп бастады: «Мен Түркия жеріне, Анкара қаласына осыдан 25 жыл бұрын, 91-ші жылдың көктемінде келген едім. Онда Кеңес Одағы орнында тұрған. Ескишехир қаласында ЮНЕСКО көлемінде ұлы түрік ақыны Юнус Әміренің үлкен мерейтойы өтіп, соған шақырту алған едім. Сонда алдымен Мәскеуге сапардың мақсатын түсіндіріп, рұқсат сұрап, хат жазғанбыз. Мәскеуден хат келген, жиында қандай әңгіме қозғамақ екенімізді сұраған. Содан кейін сөзіміздің мәтінін алып (әрине, орыс тілінде) Мәскеуге барғанбыз. Сыртқы істер министрлігінде екі күн жүріп, Түркияға неге бару керек екендігін тағы түсіндіргенбіз. Түсіндіріп болғаннан кейін, визаға жарты күн кезекке тұрғанбыз. Виза алып болып, Мәскеуден Анкараға билет алғанбыз. Сөйтіп, зорға келіп едік, тәуелсіздігіміз жоқ кезде. Одан кейін көп ұзамай, бұрын Кеңес Одағының құрамында болған түркітілдес елдер бірінен кейін бірі тәуелсіздік алды. Міне, содан бері ширек ғасыр өтті. Түрік бауырларымыздың астанасында түркітілдес елдер Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арнайы осындай үлкен жиын өткізіп отырғаны үшін біз сіздерге шын жүректен рахмет айтамыз. Осыдан 25 жыл бұрын Алматыда Қазақ­стан өзінің Тәуелсіздігін жариялады. Қазақ бауырларының тәуелсіз мемлекет болғаны туралы хабар телефон арқылы Анкараға жеті­сімен, Түрік Республикасының Ұлы Ұлт­тық Мәжілісі күн тәртібіне Қазақстан Респуб­ликасының Тәуелсіздігін тану жөнінде мәсе­лені қосымша енгізді және небәрі екі сағат өткенде Түркия Қазақстанды таныды. Екі са­ғаттан кейін. Әлемдік дипломатия тарихында мұндай оқиға бұрын-соңды болып көрген емес. Осы арқылы түрік бауырлар біздің тәуел­сіздігімізге қаншалықты қуанатынын көрсетті. Біз мұны ұмытпаймыз. Осы жылдар ішінде Орталық Азиядағы, Кавказдағы түркітілдес елдердің барлығы тә­у­елсіздік жолына, даму жолына түсті. Қа­зір бәрі де өркендеу белестерімен дамып келеді. Қай елдің де ауыз толтырып айтатын жақсылықтары мен жетістіктері баршылық. Мысалы, Қазақстан Республикасы Еуропадағы Қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төраға болды, оның саммитін өткізді. Жақында Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымы Қауіпсіздік Кеңесінің 2017-2018-ші жылдардағы мүшесі болып сайланды. Біз сіздермен қашанда біргеміз. Қуанышта да, қиыншылықта да. Шілде айында Түркияда орын алған қиын жағдай кезінде де барша бауырларыңыз сіздермен бірге болды. Құдайдан тілеулеріңізді тілеп отырды. Шүкір, түрік халқы демократия дәстүрлеріне адалдық көрсетті. Елдігін көрсетті. Ерлігін көрсетті. Өрлігін көрсетті. Мемлекетінің бірлігін қалай қадірлейтінін көрсетті. Біздің елдеріміз қашанда бірге болады, бір-біріне көмектеседі дейтінімізге тағы бір мысал айтайын. Өздеріңізге белгілі бір жайсыз оқиғадан кейін екі ірі елдің арасы едәуір нашарлаған кезде араағайындыққа, мемлекеттер басшыларын тіл табыстыруға Қазақстан Пре­зиденті Нұрсұлтан Назарбаев араласып, екі елдің президенттерін бір мәмілеге, ортақ уағ­даластыққа келтірді. Бұл да біздің бауырлас халық ретіндегі үлкен тілектестігіміздің көрі­нісі. Біздің қанымыз бір. Біздің жанымыз бір. Біздің жырымыз бір. Біздің сырымыз бір. Осыдан 15 жыл бұрын мен осында қазақтың көрнекті жазушысы, өткен жылы өмірден өткен Әбіш Кекілбаевпен бірге келіп, қаламгердің «Үркер» атты романының түрік тіліндегі тұсаукесеріне қатыстым. Сонда Ататүрік атындағы Тіл және тарих басқармасының сол кездегі басшысы Садық Тұрал былай деді: «Көк жүзінде жұлдыз көп, бірақ біз жұлдызы шүпірлеген сол аспанға қараған кезде алдымен Үркерді көреміз. Неге? Өйткені, олар шоқ жұлдыздар, бір-біріне жақын тұрады. Бір-бірі­не жақын тұрғандықтан да аспанда бірден көз­ге түседі. Біз қашанда бір-бірімізге жақын тұруымыз керек, жақын жүруіміз керек, бір-бірімізді жылытып жүруіміз керек». Солай болады деп сенейік. Қазақстан Республикасы Парламентінің мүшесі, ТүркПА-ның тұрақты делегациясының мүшесі ретінде мен өз тарапымнан Қазақстан Парламенті түркітілдес елдермен бауырластыққа үлкен мән береді, көп көңіл бөледі деп сіздерді сендіремін», – деп Мәжіліс депутаты сөзін аяқтады. Қазақстандық депутаттың сөзі жиналған жұртшылықтың ықыласын туғызды. Онан кейін сөз кезегі тиген Түркия Президентінің Баспасөз хатшысы Ибрахим Калын Түркия Президенті Режеп Тайып Ердоғанның сәлемін жеткізіп, түркітілдес елдердің тәуелсіздік тойы бірге тойланатындығын, Тәуелсіздіктің 25 жылдығы барша түркі халықтардың ортақ қуанышы екендігін, сондай-ақ, Орталық Азиядан бас­тап, Балқанға дейін қоныс тепкен түркітілдес елдердің әрбір өкілінің өткен ғасырлардан бүгінгі күнге дейін ортақ мәдениеттің, өркениеттің, адамгершіліктің сарбазындай қызмет еткендігін айтып, бүгінгі таңда жаңа «географиялық түсініктің» қажет екендігін жеткізді. «Қазіргі физикалық геосаяси жағдай мен көңілдерге көпір салған аймақтық географияны біріктіретін жаңа географиялық түсінік қажет. Өйткені, физикалық жағдайдың арғы жағында осы аймақтың рухани картасын қалыптастырған Қожа Ахмет Ясауи, Мәулана, Желаледин Руми, Юнус Әміре, хорасандық алып ерендер сынды тұлғалардан қалған асыл мұраны қайтадан тірілтуіміз керек,» – деді. Сонымен қатар, Түркия Прези­дентінің өкілі Қазақстан Республикасы Пар­ламенті Мәжілісінің депутаты Сауытбек Аб­драхманов мысалға келтірген жайға назар аударып, Түркия мен Ресей арасындағы күрделі шиеленістен кейін екі ел басшыларын өзара түсіністікке шақырған, екі жақты табыстырған Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың ерен еңбегін ерекше айтып, ризашылығын білдірді және ширек ғасырда Елбасының Қазақстанның тәуелсіздік тұғырының беки түсуіне қосқан зор үлесін атап өтті. Ибрахим Калын үзілістегі әңгіме кезінде (фотода) қазақстандық депутатқа Нұрсұлтан Назарбаевтың түркі дүниесіндегі, жалпы әлемдік саясаттағы бөлек орны туралы тағы да тарата айтты. Шараны ұйымдастырған Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік уни­вер­ситеті Өкілетті кеңес төрағасы Мұса Йылдыз жиын­ның басты мақсаты Тәуелсіздіктің 25 жыл­дығында бауырлас елдердің жетістіктерімен бөлісіп, ширек ғасырдағы артықшылық пен кемшіліктерді таразылау екендігін жеткізді. Жиынның ашылу рәсімінен кейін пле­нар­лық отырыс басталды. «Дипломатия тұрғы­сынан Түркия және түркітілдес мемлекеттер арасындағы қарым-қатынастар» тақырыбы бо­йынша басталған алғашқы отырысты Түркия Президентінің Баспасөз хатшысы Ибрахим Калын басқарды. Әзербайжанның Түркиядағы елшісі Фаик Багиров, Қазақстанның Түркиядағы елшілігінің атынан Мәлік Отарбаев, Қырғыз Республикасының Түркиядағы елшісі Ибрагим Жүнісов және Өзбекстанның Түркиядағы елшілігінің атынан Шухрат Игиталиев аталған тақырып бойынша баяндама жасады. Екі күнге созылған халықаралық симпозиум 11 пленарлық отырыспен жалғасып, түркі­тілдес мемлекеттердің әрбір даму саласы бойынша 80-ге жуық баяндама оқыл­ды. Қатысушылар тәуелсіз түркітілдес мемле­кеттердің Түркиямен және әлемнің өзге мемле­кет­терімен дипломатиялық байланысы, тәуел­сіздіктің ширек ғасырында шынайы достықтың орнауы, көпжақты ынтымақтастық пен парламентаралық дипломатиядағы тәжірибесі тақырыптарында пайымды пікірлерін білдіріп, ортақ тарихымыз бен мәдени ынтымақтастық мәселелері бойынша кеңінен пікір алмасты. Мәлік ОТАРБАЕВ