Алматыдағы қамкөңіл қариялардың алғысын алуға асыққан мекеменің бірі – Жалғызбасты зейнеткерлерге, мүгедектерге, егде жастағы ерлі-зайыптылар мен жалғыз қалған отбасылық жұптарға арналған әлеуметтік үйі. Қазыналық мемлекеттік мекеме болып табылатын бұл жерде үлкен кісілердің көңілін аулайтын түрлі шаралар өтіп жатады. Соның ішінде Қарттар күніне арнап Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының жас орындаушылары классикалық кеш өткізгені көпке дейін есте қалатын болады.
Үлкен кісілерге қуаныш сыйлаған концертке «Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы» РММ мен «Классика» музыкалық агенттігі ұйытқы болды. Бұл бастамаға «Samruk-KazynaTrust» әлеуметтік жобаларды дамыту қоры да қолдау көрсетті.
«Біздің қарттар үйінде аса қымбатты жандар тұрады. Бұл адамдар бір кездері Алматы қаласының дамуы мен гүлденуіне үлес қосқан. Қарияларымызға ерекше күнді сыйлаған тәрбиелі де талантты жастарға ата-әжелеріндей адамдардың берген батасы мол. Өзіміз де жалғызбасты зейнеткерлерге әрдайым мерекелер ұйымдастыруға күш саламыз. Үлкен адамдармен жұмыс жасау біз үшін үлкен мәртебе, өйткені олар біздің өмірімізді жақсартуға ғұмырларын сарп етті. Біздің қарттар үйінде Ұлы Отан соғысының ардагерлері де тұрады. Біз оларға тыныш өмір сыйлауға міндеттіміз. Оларға зор денсаулық, қажымас қайрат тілейміз», – дейді әлеуметтік үйдің директоры Анаргүл Оспанова.
Концертте Ықылас, Н.Тілендиев, А.Шалаев, А.Бабаджанян шығармалары мен джаз тақырыптарына жазылған импровизациялар орындалды.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ