• RUB:
    5.06
  • USD:
    486.44
  • EUR:
    534.31
Басты сайтқа өту
14 Қазан, 2016

Салафизмді насихаттауға тосқауыл қоямыз - Ермекбаев

359 рет
көрсетілді

Бүгін Дін істері және азаматтық қоғам министрі Нұрлан Ермекбаев Орталық коммуникациялар қызметінде брифинг өткізіп, экстермизммен күрес мәселесі туралы бірқатар маңызды мәлімдеме жасады. Сонымен қатар ол салафизм ағымына қатысты позициясын да ашық айтты. Министрдің айтуынша, салафизм – Қазақстан қоғамы үшін жат, бірақ ұйым емес, ағым болғандықтан оны заңдық жолмен тыя алмаймыз. Біз Ермекбаевтың сөздерінен бірнеше маңызды цитата беріп отырмыз.   Қазақстан үшін салафизм қабылдауға келмейтін, деструктивті ағым деп санаймыз. Оның сырттан келген идеология екенін айтуымыз керек. Оған қарсы азаматтардың саны көбею үстінде. Қазақстан қоғамы жалпы алғанда радикалимзге апаратын бөтен сенімге теріс көзқарас ұстанып отыр. Бүгінде салафизм жолына түскен адамдар саны азайғаны байқалады. Және Қазақстанда олардың ұйымдасқан құрылымы жоқ. Біз салафизм идеологиясын насихаттайтын интернет-сайттардың, әдебиеттің таралуына тосқауыл қоятын боламыз. Заңдық тұрғыдан тыйым салусыз-ақ Қазақстан қоғамының бұл ағымның етек жаюына жол бермеуге сана-сезімі жетеді. Қазақстанда 23 террорлық және экстремистік ұйымдарға тыйым салынған. Алайда, салафизм ұйым емес, ол – діни ағым, көзқарастар жүйесі. Шариғатпен өмір сүретін кейбір елдерде салафизмге жақын діни ағымдар дәстүрлі сенім ретінде қабылдануы мүмкін. Ал Қазақстанға келер болсақ, қазіргі заманның теологтары салафизмнің біз үшін деструктивті екенін айтады. Салафизм жолына түскендер өз идеяларын ұлттық дәстүрден, мәдени-рухани құндылықтардан жоғары қояды. Олардың ойынша, ең әділ қоғам – қатаң діни принциптер негізінде құрылған мемлекет. Бірақ өздері мұны ашық айтпайды. Қазіргі кезде салафизм идеялары ислам әлеміндегі беделді тұлғалар, озық ойлы ислам ойшылдары тарапынан сынға ұшырауда. Дін саласындағы жұмыстарды үйлестіру үшін Үкімет жанынан ведомствоаралық комиссия құрылады. Осы орайда министрлік дінді теріс мақсаттарға пайдалануға ұмтылатын кез келген әрекетке жол бермеу үшін барлық шараларды қабылдайды. Діни экстремизм мен терроризмнің алдын алу жұмыстары негізгі 2 бағытта – жалпы профилактика және мақсатты реабилитациялау жұмыстары арқылы жүретін болады. Жалпы профилактика қоғамда діни экстремистік идеологияға қарсы ахуал қалыптастыруды, дінге қызығушылық танытатын тұрғындардың сауатын көтеруді көздейтін болады.  Мақсатты реабилитация экстремистік ағымдарға ерген адамдарды теологиялық тұрғыдан дәстүрлі сенімге қайтару мақсатында жеке жұмыстар жүргізу арқылы іске асады. Бұл бағытта колонияларда жазаларын өтеушілерге ерекше назар аударылады.