• RUB:
    5.05
  • USD:
    489.06
  • EUR:
    536.21
Басты сайтқа өту
28 Қазан, 2016

Қаржылық ұрлыққа жол берілмейді

394 рет
көрсетілді

Әртүрлі жолдармен шетел асып кеткен активтерді қайтару қазіргі кезде маңызды міндеттердің біріне айналып отыр. Осыған орай кеше Бас прокуратурада «Қаржылық тергеп-тексерудің және ұрланған активтерді шетелден қайтарудың ұлттық жүйесін дамыту» тақырыбында дөңгелек үстел өтіп, онда «Шетелдерден ұрланған активтерді қайтару» жобасы таныстырылды. Аталған шараға Парламент депутаттары, орталық құқық қорғау және мүдделі мемлекеттік органдардың басшылары, халықаралық ұйымдардың өкілдері, сарапшылар мен прокурорлар қатысты. Шетелдегі активтерді нендей жолмен кері қайтару және қаржылық қылмыстарды қалай ұтымды зерттеу керектігі жөнінде көптеген пікірлер ортаға салынды. Келтірілген мәліметтерге қарағанда, 10 жыл ішінде тек қозғалған қылмыстық істер бойынша шетелдерге 10 миллиард АҚШ долларынан астам қаржы әкетіліпті. Бір ғана мысал, үлескерлердің 14 миллиард теңгесін жымқырған Тайжанов Австрияға қашып кетіп, ұрланған ақшаларға жылжымайтын мүліктер сатып алған. Осыған орай Бас прокурор Жақып Асанов қаржылық қылмыстық істерді ашу әлі де бәсең екендігіне назар аудартты. Бұл ретте Ж.Асанов еліміздің із кесушілері күрделі деген, әсіресе, тұлғаларға қатысты қылмыстарды ізін суытпай ашып жататындығын да тілге тиек ете келіп, бұл жағынан көптеген еуропалық елдерден де жақсы нәтижеге қол жеткізілетіндігін алға тартты. Алайда, қаржылық криминалды тергеу әлі де нашар күйінде қалып отыр. «Өйткені, қаржы қылмыскері өте айлакер, техника жағынан білікті, қулығын асырып, бірнеше қадам алда жүреді. Ақшаны анықтап, тыйым салынғаннан кейін кері қайтарудың орнына тергеу өзге шаруалармен айналысып жатады. Сараптама өткізіп, шығынды есептегенше қылмыскер ұрланған ақшаларды офшорға аударып, өздері елден кетіп қалады. Біздің тергеушілер мен прокурорлар шетелдерде қалай ұтымды жұмыс істеуді керектігін білмейді», деді Жақып  Қажманұлы. Бас прокурор тергеушілер мен прокурорлардың шетелдік стандарттарға сай халықаралық сұрау салуды да білмейтіндігін ерекше атады. Сонымен қоса, өзге елдердің талаптары да ескеріле бермейді екен. Соның салдарынан жымқырылған қаржымен бірге, қылмыс істегендер де шетел асып кетеді. Оған нақты мысалдар да жоқ емес. Тергеу амалдары басталғанша Атырау облысының бұрынғы әкімінің есепшілері шет елдерге ұрланған 0,5 миллиард долларды шығарып, өздері Англияға қашып кеткен. Олар қазір сонда ешбір алаңсыз тұрып жатқан көрінеді. Ал «Қазатомөнеркәсіп» кәсіп­ор­ны офшордан күкірт қышқылын жоға­ры бағамен сатып алған. Нақтырақ айт­қанда, 70 миллион долларды ұлт­тық компанияның вице-президенті Тұр­сынбаев қалтасына басқан. Қазір оның Канадада жасырынып жүргені атап көрсетілді. Сондай-ақ, Әлімбетов деген азамат Астанада үлескерлердің 5,5 миллион долларын жымқырып, қашып кеткен. Қылмыстық іс қозғалғаннан кейінгі үш ай бойы оның шетелдердегі есеп-шотына Қазақстаннан қаржы аударылып тұрыпты. Ал тергеушілер тіпті одан хабары да болмағанға ұқсайды. Қазіргі күні қашқын елге қайтарылғанымен, оның ақшасының ізі жоғалған. Сондықтан да тергеп-тексеру басталғаннан кейін қаржылық криминалды ашу мен қылмыстық кірістерді қайтару бір мезгілде жүргізілмек. Тіпті, шетелдік сарапшылардың ұсынысымен ведомствоаралық жұмыс тобы да құрылмақ. Әсіресе, тергеушілер мен прокурорларды оқыту, әлемдік стандарттарға сай әдістеме жасау және оған нормативтік-құқықтық мәртебе беру ерекше мәнге ие. Реті келгенде Бас прокуратура,  Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі, Мемлекеттік кірістер комитеті ІІМ қызметкерлерінен құралған топ шетелдерден келген сарапшылар тарапынан оқытылуда екендігін айта кетейік. Мұнымен қоса, 10 ұлттық тренер даярланып, Бас прокуратура жанындағы Құқық қорғау органдары академиясының базасында тергеушілер мен прокурорлар арасында жаңа әдістемелерді тарату қолға алынбақшы. Және де еліміз Еуропадағы «CARIN» және Азиядағы «ARIN-AP» активтерді қайтару бойынша ақпарат алмасу жөніндегі әлемдік желілерге қосылуға дайын екені белгілі болды. Дөңгелек үстел отырысы барысында белгілі болғандай, «Шетелдерден ұрланған активтерді қайтару» жобасына қатысты барлық дайындық құжаттары жыл соңына дейін әзірленеді. Ал оны іске асыру 2017 жылға жоспарланып отыр. Осының барлығы да тиісті органдардың өзара іс-қимылын ретке келтіріп, шетелден активтерді қайтаруды барынша жетілдіруді көздейді. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан»