• RUB:
    5.05
  • USD:
    489.06
  • EUR:
    536.21
Басты сайтқа өту
29 Қазан, 2016

Бірлесіп атқарған шаруа берекелі болады

334 рет
көрсетілді

немесе мемлекет-жекеменшік серіктестігінің пайдасы неде? Орталық коммуникациялар қызметінде «Қазақстанның мемлекет-жекеменшік серіктестігі орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Шолпан Сапарғали мен вице-президенті Айдос Көбетов баспасөз мәслихатын өткізді. «Қазақстандағы мемлекеттік-жекеменшік серіктестігін дамы­тудың алғашқы нәтижелері» тақырыбында ұйымдастырылған басқосуда алдымен төраға орынбасары сөз сөйледі. Жұмыстарының барысын егжей-тегжейлі баяндаған Ш.Сапар­ғали ынталылықпен және ын­ты­мақ­тастықпен атқарылған істер­дің бастапқы нәтижелері көңіл көн­шітетінін айтты. «Бір қуантарлығы, мемлекет-жекеменшік серіктестігі механизміне соңғы кездері қызығушылық арта түсуде. Сөзіміз дәлелді болу үшін салыстырмалы деректерді ұсынсақ, ағымдағы жылдың ақпан айында әртүрлі дайындықтағы 102 жоба ұсынылса, қазан айында құны 1,1 триллион теңге болатын 274 жоба дайындалды. Бұлардың 253-і аймақтық, 21-і республикалық дәрежедегі жоба. Бірқатарын әлі де әзірлеу үстіндеміз. Аталған жобалар негізінен мектепке дейінгі мекеме, емхана, дәрігерлік амбулатория, спорт және мәдениет орталықтары секілді еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына сеп болатын нысандарды қамтиды», деді басқарма төрағасының орынбасары Шолпан Сапарғали. Ол мемлекет-жекеменшік әріптестігі аясында қыркүйек айында Ақтөбе облысында үш, Солтүстік Қазақстан облысында бір жоба бойынша келісім жасалғаны туралы да мәлімдеді. Мұның бәрі мемлекет пен жеке бизнес арасындағы түсіністіктің, іскерлік байланыстың нәтижесі. Жиында «Қазақстанның мем­лекет-жекеменшік әріптестігі ор­та­лығы» АҚ вице-президенті Ай­дос Оралханұлы қос тараптың әріп­тестігі аясында жыл басынан бері жалпы сомасы 11 миллиард теңгені құрайтын 15 келісімшартқа қол қойылғанын жеткізді. «Бұл – өте жақ­сы көрсеткіш. Айта кетерлігі, мем­лекет пен жекеменшік әріп­тес­тігі әлі де ауқымын кеңейте алады. Бұған  жергілікті әкімдік­терде жеке жобаларды жоспар­лау, шағын жобалардың пайда болуы, оларды іске асыру мүмкіндіктерінің берілуі, келісім жасау кезінде қойылатын талаптың жеңілдетілуі, уақыттың қысқаруы, келісім жа­саудың жаңа жүйесі, нысанға ке­тетін шығыннан бөлек, қызмет шығыны да өтелетіндігі себеп бола ала­ды», деді вице-президент. «Яғни, жеке тарап өз қара­жаты есебінен көше шамдарын энер­гетикалық тиімді, жарық диодты шамдарға ауыстырып, шығын­дарын азайтып, қолданылу мерзімін ұзартып, операциялық шығындарды 40-60 пайызға дейін төмендетіп, пайда көздерін табады. Ал мемлекет бастапқы үш-төрт жыл бойы әуелгі қаражатты тө­лей тұра, келесі жеті-сегіз жыл қата­рынан екі есе төмендетілген бағаны тағы береді, тиісінше қазына қаржы­­сын үнемдеуге қол жеткізеді. Көріп отыр­­ғанымыздай, мемлекет-жеке­мен­шік әріптестігінің негізін­де екі тарапқа да пайдалы болады. Жеке тарап ұзақ мерзімді бизнес кө­­зіне қол жеткізеді», деді А.Орал­ханұлы. Қазіргі таңда осындай әріп­тестік аясында 32 жобаға конкурс жарияланды. Оның төртеуіне қара­ша айының соңына дейін қол қойылады деп күтудеміз. Ал мұн­дай біріге жұмыс істеуді кез келген салада жүзеге асыруға әбден бо­лады. Тіпті, үй салу мәселе­сін де мем­лекет-жекеменшік әріп­тес­тігі не­гізінде қолға алуды қарас­­ты­­ру­дамыз. Мұнда мемлекет өз тара­­пынан жер беріп, электр, су же­лілерін тартып береді, ал жеке тарап ол жерге үй тұрғы­зып, есе­сіне дайын пәтерлер ұсына­ды. Мем­лекет ол баспаналарды жал­ға немесе тұрғын үй қоры­нан пәтер алуға кезекке тұрған тұрғын­дарға бөліп береді, деді Айдос Оралханұлы. Шара барысында «Қазақ­стан­­ның мемлекет-жекеменшік се­рік­тестігі орталығы» АҚ өкілдері жур­налистердің сауалдарына жан-жақты жауап берді. Асхат РАЙҚҰЛ, «Егемен Қазақстан»