8 жасар алматылық Айша Зәкірова шахматтан әлем чемпионы атанды
Грузияның Батуми қаласында 8, 10, 12 жастағы балалар арасында шахматтан өткен әлем біріншілігінде 8 жасар қазақстандық Айша Зәкірова әлем чемпионы атанды.
Турнирге 66 мемлекеттен 728 жас шахматшы келген. Жарыс швейцариялық жүйе бойынша 11 турдан тұрды.
Жеңімпаз атанған Айша 6 жасынан бастап шахмат ойнап келеді. Ол – Алматыдағы Халықаралық кәсіби шахмат мектебінің үздік шәкірттерінің бірі. Соңғы жылдары Шәкей және Кәусар Бауыржан секілді жаттықтырушылардың тәлімін алған. Шәкіртінің жарқын жеңісімен бөліскен Кәусар өз сөзінде жарысқа тыңғылықты дайындалғандықтарын айтты.
– Біз өте бақыттымыз. Айшаны бір жылға жуық жаттықтырдым. Қазір оның ресми жаттықтырушысы менің әкем. Біз шахматты басынан бастап, екі жүріспен мат қоюға дейін үйреттік. Ол өзіне сенімді шахматшы болып қалыптасып келеді. Біз оның жеңімпаз атануын қатты қаладық, іштей оған сендік.
Қазақстан шахмат федерациясының президенті Ғалымжан Есеновтың айтуынша, Айшаның жеңісі – шаршамай еңбектеніп, оқып, жаттығып, кез келген мақсатты жүзеге асыруға болатындығының айқын дәлелі. Әлем чемпионы болу тек шахматшылардың жеке және жаттықтырушылар мен ата-ана еңбегінің мойындалуы ғана емес, бұл өз еліңнің алдындағы зор мақтаныш пен үлкен жауапкершілік.
Жарыста Айшаға моңғолиялық спортшы Унурзул Даваакхуу тегеурінді қарсылық көрсеткен. Турнир барысында екі шахматшы да бірдей 9 ұпай жинағандықтан, жеңімпаз жеке кездесуде анықталған.
Айша қатысқан алғашқы маңызды турнир Азия чемпионаты аясында Оңтүстік Кореяда өткен. Онда ол халықаралық жарыстардағы тәжірибенің жетіспеуінен көзге түсе алмады. Енді міне келесі сында бірден чемпиондық атаққа ие болды. Бұл 8 жасар алматылық шахматшының аса дарындылығынан хабар берсе керек.
Осыдан екі күн бұрын қазір Ресей атынан жарыстарға қатысып жүрген Бибісара Асаубаеваның 12 жасқа дейінгілер арасында әлем чемпионы атанғаны туралы да хабар келген еді.
Меліс СЕЙДАХМЕТОВ
АЛМАТЫ