• RUB:
    5.05
  • USD:
    489.06
  • EUR:
    536.21
Басты сайтқа өту
01 Қараша, 2016

Адам қалай жұлдызға айналды?

637 рет
көрсетілді

Өзін аспандағы жұлдызға теңеп, қарапайым қаймана халықты мұрнын шүйіріп менсінбейтін астамшылық әншілердің арасында ғана кездесіп қоймайды, кеудесіне нан пісіп, азын-аулақ табысқа марқаюдан адами қасиеттері азайған жандар, көзді шел басу дерті, өкінішке қарай, кинодан да, театрдан да, журналистикадан да... қысқасы, барлық саладан табылады. «Жұлдыз ауруына» шалдығудың зардабы туралы қанша ашынып жазғанымызбен, түбірімен жұлынбаған арамшөп сияқты, бірде аннан, бірде мұннан төбесі қылтиып, шаң беріп қала беретіні тағы жаман. Кеше ғана құлындай құлдыраңдаған, еліктей елпеңдеген жанның өнеріне, еңбегіне қолдау білдіріліп, құрметтеліп, телеэкраннан, газет-журналдардан көрініңкіреп, әндері  сәл мақталып, тойларда шырқала бастаса... қошеметке масаттанған пақырыңыз неше түрлі өрескел қылықтарға бой алдырып, өнерін риясыз сүйген жүректерді іле-шала тез суытып үлгеріп жататын жағдайлар да жоқ емес. Төрт-бес адам қолтаңба сұрап, бірге суретке түсуге өтініш білдірсе, екпіндері жер тіліп, тұмсықтары көк тіреген ондай әнші-сымақтар қай шараға шақырылса да бағаларын барынша асырып бағуға тырысатыны мәлім. Эстрадада Майкл Джексоныңды көзге ілмейтін өрендер, өздерін Уитни Хьюстонмен теңестіретін қыздар, Роллинг Стоунзыңды «жолда қалдыратын» рок-топтар пайда болды. «Жұлдыз ауруы» эстрада өнерінің дамуына айтарлықтай нұқсан келтіруде.  Әу демейтін жан жоқ ұлан-байтақ далада, әншілік өнердің осыншалық кең тарап, дамуы ежелден оның маңдайына жазылған бағы дегенімізбен, бірақ соның кейінгі арнасының қай бағытқа бұрылып тұрақтары үлкен мәселе. Әніміз, сәніміз артса, қуанбай неміз бар. Гәп басқада. Көпшілікті алдап-сулап, фонограммамен ән салып, ақшаларын адал жолмен таппайтын ондайларға бүгінде ешқандай шара қолданылмайды. Өнерді тек бизнестің көзі ретінде, табыс табудың құралы деп санаудан ән рухы әлсізденіп барады. Өзбектің, қырғыздың әндеріне сұғанақтық жасаушыларға көркемдік кеңесте «Әй дейтін әже, қой дейтін қожа» табылмағаны ма дейсіз сондайда? Осының дәмін бір татып көреді, екі көреді, жоғарыдан ешқандай тыйым салынбаған соң, әлгі пысықай үйреншікті әдетімен қымсынбай көршілердің бақшасына емін-еркін күмп беріп кететін кәнігі ұрыға, әрі қарай мұнысы қалыпты кәсіпке айналуы мүмкін. Жастардың шығармашылығына бақылау, қадағалаудың жеткіліксіздігінен әлдебір  әуендерді шеттен ұрлап-жымқыру әрекеттері, яғни плагиаттық белең алып кетпеуге тиіс. Азғантай табысқа бола аспандап, адам танымай қалатын жат қасиеттерді осындай келеңсіз керенаулық туғызуда... Қашанда жарқырап көрінуге ұмтылу жастыққа тән қасиет десек, бірақ бетперде кию, қандай жолмен болсын ойлаған мақсатқа жетуге тырысушылық түбі адамды жақсылыққа апарып соқтырмасы анық. Мұндайда Абайдың: «Арсыз болмай атақ жоқ, Алдамшы болмай бақ қайда?!.» дегенін мойындамасқа әддің қалмайды-ақ... Кейде біреулерді алақандарына салып, тым әлпештеу, қолдан «жұлдыз» жасау, гүлге теңеу, талантқа балау сынды теріс жайттарға куә болып жататынымыз рас. Жас толқынға аға буын тарапынан жасалатын қамқорлықтың жайы өз алдына бөлек мәселе. Ал бұл жердегі әңгіме қолдан қуыршақ жасау, тамыры бекімеген солқылдақ шыбық сананы еліртіп, есірту жайында болып отыр. Өнері жыланның көзіндей болмашы ғана сәл жылт етсе, жапырылып жалп етіп құлау көңілге қандай қонымсыз еді. Бірақ, таяздықтың ақыры әйтеуір бір тақырға отырғызбай тынбайтыны айдан анық. «Жұлдыз» деген теңеуді анаған да бір, мынаған да бір теңей беру шектен шықты. Оны айтасыз, жер аспанға айналып, жұлдыз-сымақтардан аяқ алып жүре алмайтын халге түстік. Ән мәтіндеріне дейін: «Аспанға қараймын, Жұлдызды санаймын. Сол жұлдыздың ішінде, Сен жоқсың, арайлым...» дей ме-ау. Мұндайда өнердің алып бәйтеректері саналатын Нұрғиса Тілендиев, Шәмші Қалдаяқов, Ермек Серкебаев, Роза Бағланова, Бибігүл Төлегенова, т.б. көптеген нағыз тума талант иелері жұлдыз атанбай-ақ, ән көгін айшуақ нұрға бөлемеп пе еді?! Өзін өзгелерден ерекше тұту, зор санау дертіне ұшыраған жандарға ортақ белгілер –  өмір бақи солай шалқып-тасып өмір сүре береміз деп ойлайды, адамдарды сортқа бөледі. Бәрі мидай араласып кеткен. Әншілердің шығармашылығына беріліп жатқан музыка мамандарының сыны жоқтың қасы, сондықтан сыншы-мамандардың өзін келешекте кәсіби біліктілікке даярлау қажеттігі сезіледі. Өйткені, ән ажары алабажақ күйге енбеуі тиіс. Эстрадалық, дәстүрлі, жыршы-термешілік, классикалық ән өнерінің аражігін ажыратып, әрқайсысын өз мәртебесімен ұлықтау маңызды саналса керек. Қазірше бұл мәселе өз деңгейінде жүзеге асырылып отыр дей алмайсыз. Бәрі жаппай әншіге айналып кетті. Жұлдыз болуға асыққан албырт сезім көктегі бұлттардың ар жағынан үнсіз жүз жасырады. Кәсіби әнші кім, әуесқойы қайсы, сапырылысқан сахна сандығы бейне бір жылтырақ матаға аузы-мұрны толып, беті жабылмай қалған халде. Бұрын теледидардан бейнесі жылт еткен жан өзін «жұлдыз» сезінсе, ал енді бүгінде оған әлеуметтік желі қосылды. Мұндағы шоу-бизнес өкілдерінің отбасы, ошақ қасындағы жеңіл-желпі, желбуаз әңгімелері әзірге әсершіл әлемге әмірін жүргізіп тұр... Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, «Егемен Қазақстан»