• RUB:
    5.05
  • USD:
    489.06
  • EUR:
    536.21
Басты сайтқа өту
03 Қараша, 2016

Еліміздің ең кішкентай зерттеушілері

700 рет
көрсетілді

Алматыда ерекше байқау мәреге жетті. Білім мен ғылымға бой ұрған кіп-кішкентай бүлдіршіндер өздерінің тырнақалды зерттеу жұмыстарын қорғады. Бастауыш сынып қабырғасындағы жеткіншектердің зерттеушілік қадамдарын құптап, қанаттандыруды көздеген конкурста қазылар алқасын тәнті еткен жас таланттардың әрқайсысы да марапатқа лайық еді. Алғашқы жеңіс, алғашқы жеңілістер балаларды қуантты да, жылатты да. Сонымен бірін­ші орынды «Бидайдың тұзға төзімділігін зерттеу» еңбегі бойынша Алматыдағы №175 мектеп-гимназиясының оқушысы Айым Оқан алды. «Тірі табиғат» номинациясы бойынша бірінші орынды осы мектептің 3 сынып оқушысы Дария Жолдас «Шампиньон саңы­рауқұлақтары» жұмысымен жеңіп алды. Ал «Математика, ғылым және техника» номинация­сы бойынша бірінші орын №148 мектеп-гимназиясының 2 сынып оқушысы Серібай Ілиястың «Шахмат – өмір сүру моделі» зерттеуіне бұйырды. Соңғы жылдары «Өрлеу» Білік­тілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы Алматы қаласы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының бастамасымен өткізіліп жүрген «Мен әлемді танимын» атты бастауыш сынып оқушыларының зерттеу жобаларының қалалық конкурсы шынында да қызықты. Өмірлеріндегі алғашқы жарысқа балалар үлкен құлшыныспен дайындалды. Мәселен, осы институттың директоры, педагогика ғылым­дарының докторы Раи­са Сә­дуақасова Қазақстан Тәуел­сіздігінің 25 жылдығын мерекелеу қарсаңында өткізілген кон­курстың оқушылардың таудай талабын қолдауда әрі бастауыш сынып мұғалімдерінің кәсіби шеберлігін шыңдауда маңызы зор екендігін айтады. Салтанатты түрде мәреге жеткен жарыста Раиса Аджарқызы осынау байқауға шәкірттерін дайын­даған ұстаздарға, бай­қауды өткізуге қолдау көрсет­кен білім беру жүйесінің қыз­меткерлеріне алғысын білдіре отырып, жүректері лүпіл қаққан, көздерінен үміт оты жарқылдаған еліміздің ең жас зерттеушілеріне білім жолында өрлей беруіне тілектестігін білдірді. Мазмұны жаңартылған білім беру бағдарламасының аясында бастауыш сынып оқушыларының іздену қабілетін дамыту мақса­тында өткізілген байқауға аудан­дық іріктеуден өткен 59 зерттеу жобалары ұсынылған. Бұл сайысқа тәжірибелі ма­ман­дар, танымал педагог-ға­лым­дар тартылғанын айта кету керек. Мәселен, «Тірі табиғат» номинациясы бойынша қазылар алқасына Абай атындағы Қа­зақ ұлттық педагогикалық универ­ситетінің оқытушысы, педаго­гика ғылымдарының докторы Азия Жұмабаева, «Ма­тематика, ғылым және техника» номинациясы бойынша қазылар алқасына әл-Фараби атындағы Қазақ ұл­ттық уни­верситетінің доценті Ләз­зат Оразбекова, «Мен және менің әлемім» номинациясы бойынша Қазақ мемлекеттік Қызд­ар педагогикалық универ­си­тетінің профессоры Қазына Айм­ағам­бетова төрағалық жасады. Ендігі жерде кішкентай «ға­лымдардың» әлеуметтік тапсырысты шешуге бағытталған жобалары аудан, қала, республика деңгейінде қолданылуы ғажап емес. Үлкен жеңістен үміт күткен бастауыш сыныптың балалары кәдімгі ересектерше қазылардың алдында сынақ тапсырды. Сүй­сінесің. Өз тақырыптары бо­йынша көрнекі құралдары, зерт­теу жұмыстары, нәтижені айқын­дайтын нақты дәлелдері бар оқу­шылардың арасынан жеңім­пазды таңдау төрешілерге де оңай болған жоқ. Жеңімпаздарды марапат­тау салтанатында қазылар алқа­сы­ның төрағасы Қазына Аймағам­бетова балдырғандарға ғы­лым­­ның биік асуларына жол сілтейтін осындай маңызды іс-ша­раны ұйымдастырған «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Алматы қаласы бойынша педагогикалық қыз­меткерлердің біліктілігін арттыру институтының басшылығына ризашылығын білдірді. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ