• RUB:
    5.05
  • USD:
    489.06
  • EUR:
    536.21
Басты сайтқа өту
03 Қараша, 2016

Ауылды түлетпей түгелденбейміз

505 рет
көрсетілді

Әдетте, жер туралы айтсақ, ауыл шаруашылығының толып жатқан мәселелерімен бірге «ауылда тұрып жатқан ағайынның халі не болады?» деген ойдың құлағы көрінеді. Қашаннан маңдай терін сіңіріп, мал бағып, егін еккен қазақ – жер еміп келе жатқан халық. Сондықтан қазақ жерді анасына теңейді, Жер-Ана деп атайды. Ал анасын сатқан жанды көрдіңіз бе? Бабаларымыз осынша жерді аттың жалында, түйенің қомында жүріп қорғады, бізге мұра етіп қалдырды. Жерімнің, елімнің патриоты ретінде білгеніммен, ауылдағы ағайын­ның жағдайын жақсарту туралы пікіріммен бөліскенім артық болмас деймін. Тәуелсіздік алып, өз қолымыз өз аузымызға жеткеннен кейін біз, ең алдымен осы ауыл шаруашылығына тиісті қанша жеріміз бар, оның құнарлылығы қандай, онда не өсіріп, қандай өнім жинайтынымызды, оның тиімді жолы қандай екенін анықтап алуымыз керек еді. Олай болмай шықты. Тіпті, алды-артымызға қарамай, жерді ту-талақай етіп бөліп алып, одан тезірек пайда табуды ғана көздегендер ойлануға да мұрша берген жоқ. Екіншіден, жерге ие болғаннан кейін, «өнімді қайда сата аламыз, басқалар неге мұқтаж? Не өндірсек жердің тиімділігі артады? Алған өнімді шикізат ретінде сатқан дұрыс па, әлде оны өңдеп, өнімін ұсынған дұрыс па?» деген сұраққа жауап іздемедік. Үшіншіден, соңғы жылдары біз адам әлеуеті, оның қоғамдағы орны, әсіресе ауыл адамына деген қамқорлық дегенді ұмытып кеттік. Біз сол ауыл адамына – жердің иесіне, ел байлығын жасап жатқандарға алғашқы күннен бастап жағдай жасауымыз қажет еді. Оны да ұмыттық. Кеңес дәуірінде әр кеңшарда малшы мен механизаторларға арнап жылына – 10-15, тіпті кей шаруашылықтарда 20-25 үй салынатын. «Қазір бір ауылда 20 жылда еңбек адамына арнап қанша үй салынды?» деген сауалға жауап табу қиын. Ауылдағы үйлер тозып тұр. Қанша жамандасақ та, Кеңес Одағы кезінде әр шаруашылықтың орталығы сумен, электр энергиясымен, жылу жүйесімен қамтылатын, онда балабақша, мектеп, дәрігерлік амбулатория, наубайхана болушы еді. Көшесі асфальтталмаған ауыл жоқ­тың қасы болатын. Ол кезде ауыл адамы­на, оның еңбегіне деген құрмет жоға­ры еді. Еңбек адамының кеудесіне тақ­қан орден, медаль олардың рухын көте­ре­тін, жылдың қорытындысы бойын­ша алатын сыйақысы тағы бар. Бүгін ше? Көп жерде ауыл адамдары өзі­нің табан ет, маңдай терімен тапқан ақы­сын ала алмай, шаруа қожалығы бас­шы­сының соңынан жүргені қолын жайып. Оларға бейнебір құлдарындай қарай­тын шаруашылық иелері де жоқ емес. Осыдан бес-алты жыл бұрын бір ауылға бардық. Ол ертеректе жылма-жыл 20-25 мың гектарға дән сеуіп, мыңғырған мал ұстап, қай жағынан болса да гүлденіп тұрған ауыл еді. Ауыл тозған, мектеп азған, балабақша жабылған. Үйлерінің жартысы құлаған, ауыз су жүйесі мен жылу орталығы жұмыс істемейді. Суды ауыл шетіндегі құбырдан шелектеп тасиды, отқа көмір, кей үйлер тезек жағады екен. Ауыл адамдарымен кездесудің ең соңында, нақты бірдеңе айтса, осы кісі айтар деп, бір ақсақалды әңгімеге тарттық. Ол кісінің күткені де сол екен, сайрап қоя берді. – Кеңшарлар жабылғаннан кейін, ауылдың оқыған, білікті жігіттері мал мен техниканы, жерді бөліп-бөліп алды. Бірінші жылы тапқан табыстарына аудан, облыс, кейбіреулері Астана қаласынан үй сатып алып, отбасын сол жаққа көшірді. Қазір олар ауылға жылына екі-ақ рет келеді. Ауылда тұрақты тұратын олардың күзетшілері ғана. Байшыкештер көктемде 10-15 механизаторымен келіп, тұқым сеуіп кетеді де, күзде 20-25 механизаторымен келіп, егіндерін жинап, алып кетеді. Бұрын егін орғаннан кейін, егістікте мая-мая сабан қалатын. Қазір ол да жоқ. Бүгінгі ауыл, жер жайлы ақсақал біраз әңгіме айтты. Ең соңында ол «бір кезде көз алдымызда жалаңбұт өскен балалар, бүгін бізді жалаңбұт қалдырып отыр», деп күрсінді. Ақсақалдың бұл әңгімесінен барлық аймақта жағдай осындай екен деп отырғаным жоқ. Елдігін сақтап, жұртпен әп-әдемі жұмыс істеп отырғандар да бар. Бірақ ақсақалдың айтып отырғаны ащы шындық екені рас. Бұрын бір шаруашылықта орта, жоғары білімі бар 15-20 маман болушы еді. Бүгінгі ауылдан ондай көп маманды көрмейсіз. Олардың барлығының жұмысын білсе де, білмесе де қаржыны үнемдеу үшін шаруа қожалығының жетекшісі өзі атқарады. Сонда не болды? Колледж, институттар кімдерді дайындап жатыр? Дипломдарын үйге тастап, базарда арба сүйреп жүрген жастар көбейіп барады. Маман болмаса жердің құнарлылығын кім тексереді? Өнімді молайтудың жолын кім көрсетеді? Енді төрт-бес жылда ескі техниканың барлығы тозып бітеді. Шағын шаруа қожалықтарының жаңа кешендер сатып алатын мүмкіндіктері жоқ. Тұйыққа тіреліп, ұйыққа батты деген осы емес пе? Келеңсіз тірліктің алдын алу керек болар. «Енді не істеу керек?» деген заңды сұрақ туындайды. Қайткен күнде ауылдың жағдайын жақсартамыз? Ауылдағыларға жұмыс беріп, олардың тұрмысын қалай көтере аламыз? Оның жолы көп дер едім. Ең біріншіден, ауылға еңбек адамын қайтаруға көңіл бөлуіміз керек. Екінші басты проблема – басқаларға керек, нарықта сұранысқа ие деген өнімді өндіру және де сол өндірген өнімге нарықтан орын тауып, тиімді сату, барынша пайда табу. Болашақта ауыл шаруашылығын тиімді түрде жүргізу үшін, мемлекет есебінен немесе жекелер есебінен (аралас та болады) мамандандырылған, келісімшарттар негізінде, толық шаруашылық есепте жұмыс істейтін ірі-ірі ауылшаруашылық кооперативтерін құру керек болар. Олардың міндеттері де айқын болуы тиіс. Алдымен қолдағы жерден ең алдымен өзімізге, содан кейін сату үшін не өндіре аламыз, оған қандай мүмкіндіктеріміз бар, деген сұрақтарға жауап іздеуіміз керек. Өзіміздің еліміз бен алыс-жақын көршілердің базарларын толығымен зерттеп, шеттен нені сатып аламыз, оларды өзіміз өндіре аламыз ба, көршілерге не қажет, не өндіріп, өз өнімімізді қайткен күнде қаржыға айналдыра аламыз, жерде өсетін өнімдердің тиімділігін арттырудың негіздері қандай деген сұрақтарға жауап іздеп, содан кейін барып жаңағы ауылшаруашылық кооперативтері өздерінің жұмыстарын жоспарлап, өнімді өсірудің, өңдеудің, сақтаудың, тасымалдаудың тиімді технологиясын жасап болғаннан кейін ғана жұмысқа кірісуіне болады. Кооператив бар жұмыстың менеджері болуы керек. Ауылшаруашылық коопера­тив­теріндегі еңбек қатынасы толық шаруашылық есепке көшіріліп, алдын ала жасалған келісімшартта олар не өндіруге тиіс, ол өнімдерді кооператив қашан, қандай бағамен сатып алатыны айқындалады. Солардың барлығын белгілеп алғаннан кейін жұмысқа кірісуге болады. Әр маман, жұмысшы тек қана өз шаруасымен айналысқаны дұрыс. Егер еңбек адамына, өнімінің бағасын белгілеп, тек қана өз жұмысыңмен айналыс десең, оның еңбек өнімділігі бірнеше есе артары сөзсіз. Келісілген шарт бойынша оның өндірген өнімін белгіленген бағаға сатып алу, сақтау, өңдеу, тасымалдау, сату – бұлардың барлығын кооператив өз мойнына алуға міндетті. Былайша айтқанда, егінші егін егіп, малшы малын бағып, барынша арзан әрі мол өнім беріп, қалған шаруаны кооперативтің менеджерлері өз мойындарына алады. Бұл ең бірінші еңбек адамының өзіне, өзінің еңбегіне деген сенімін арттырары сөзсіз. Ал сенім бар жерде, өнім де болады. Ал бүгін ше? Шаруашылық қожалықтарының иелері өздері тұқым мен техниканы, оларға қажетті бөлшектерді іздейді, өздері тұқым себеді, өздері жинайды, өздері осынша маңдай термен келген өнімді қайда, қандай бағамен сатамын деп бастары ауырады. Еңбекті жаңаша ұйымдастыру оларды толып жатқан жұмыстардан босатады. Олар тек қана өнім өндірумен айналысады, басқаға бастары ауырмайды және алдын ала жасалған келісімшартқа байланысты өндірген өніміне қарай қажетті бағасын алады. Сол қаржымен бірге ол өзіне деген, өзінің еңбегіне, еліне деген сенімі артады. Әрине, ауыл адамына мұндай жағдай жасау көп қаржыны талап етері сөзсіз. Шығынға қарамай, солай істеуге тура келеді. Кооператив мүшелеріне тұрғын үй, түрлі қоймалар мен өндіріс орындарын, кеңсе мен балабақшаларды, мектептер мен сауда, медициналық қызмет орындарын салу керек. Оған кеткен шығындардың барлығы ертең-ақ өтелері сөзсіз. Біздің жерімізде не өспейді? Ал жері байдың елі бай болуы – дәлелді қажет етпейтін аксиома. Ауыл адамының еңбегін бұлайша ұйымдастырудың тағы бір талабы бар. Ол – «жерде өскен жерде қалмасын» деген тілек. Мысалы, бүгінгі шопан өз еңбегінің жартысын ғана қажетке жаратып жүр. Ол қойдың етін ғана пайдаға асырады. Ал оның жүні, терісі, сүйегі үшін шопан көк тиын да алмайды. Олардың барлығы шашылып далада қалады. Қойдың терісінен тон тігіп, жүнінен неше түрлі бұйымдар тоқып, сүйегінен құс шаруашылығына қажетті сүйек ұнын өндіруге болады. Тіпті, қойдың қиынан жерге қажетті органикалық тыңайтқыш өндіруге болады ғой. Болашақ ауылшаруашылық кооперативтері (әрине, Үкіметтің қолдауымен) осы айтылғандарды жүзеге асыратын болса, шопанның табысы бүгінгіден бірнеше есе артар еді. Біз айтып отырған ауылшаруашылық кооперативтерін ең алдымен шағын қалалар жандарынан ұйымдастырған дұрыс болар еді. Себебі, қай жағынан болса да қалалардың мүмкіндіктері мол. Екіншіден, жақын жерден жағдай жасап берсең, бүгінде екі қолы алдына сыймай отырған қалалықтар ол кооперативтерге қуана-қуана барары сөзсіз. Бұл қалалардағы жұмыссыздықты, тұрғын үй проблемасын, қаланы қажетті азық-түлікпен қамтамасыз ету мәселелерін шешер еді. Қаланың жанындағы ауылға суды да, электр энергиясын, газды да, жолды да алып баруды жеңілдетері сөзсіз. Бұл кооперативтер өздерінің тиімділігін дәлелдегеннен кейін, оларды алыс аудандарға алып баруға болды. Өзінің мамандығына, өніміне алар бағасына сенімді болса, қазақтың тауды да бұзып, тасты да жарары сөзсіз. Ел боламыз десек, ауылды көтеруіміз керек. Би-аға – Бейімбет Майлин айтқандай, «Гүлденсе ауыл – гүлденеміз бәріміз». Ең бастысы, біз әр адамның жер алдындағы, болашақ ұрпақ алдындағы жауапкершіліктерін арттыру мәселесін ұмытып барамыз. Ал бұл деген үлкен шаруа. Бұл абыройлы істі түбегейлі шешуге арнайы бағдарлама дайындап, оған баршамыз болып атсалысуымыз жөн болар. Қуанышбай ОРМАНОВ   ҚОСТАНАЙ