• RUB:
    5.05
  • USD:
    489.06
  • EUR:
    536.21
Басты сайтқа өту
02 Қараша, 2016

Ректорлыққа үміткерлерді анықтау комиссиясының бірінші отырысы өтті

368 рет
көрсетілді

Қазақстан Вице-премьері Иманғали Тасмағамбетовтің төрағалығымен жоғары оқу орындарының ректоры лауазымына үміткерлерді анықтау жөніндегі Республикалық конкурстық комиссияның алғашқы отырысы өтті, деп хабарлады Премьер-Министрдің баспасөз қызметі. Еске сала кетсек, жаңа талаптарға сәй­кес ректорлардың тағайындалуы ашық кон­курс негізінде жүргізіледі. Республи­калық комиссия қарауына жоғары оқу орнының бақылаушы кеңесі үштен кем емес кандидатты ұсынады. Комиссия қатысушылардың оқу орнын дамыту бағдарламасын тыңдап, сұхбат жүргізеді. Соның нәтижесінде ЖОО-ның ректоры лауазымына кандидатты анықтайды. Комиссияның қарауына 21 үміткердің құжаттары келіп түсті. Атап айтқанда, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мем­ле­кеттік университетінен – 5 адам, І.Жан­сүгі­ров атындағы Жетісу мемлекеттік универ­ситетінен – 5, Қостанай мемлекет­тік педагогикалық институтынан – 6 және Павлодар мемлекеттік педагогикалық инс­титутынан 5 үміткер ұсынылды. Ағымдағы жылдың қазан айында ЖОО-ның бақылаушы кеңестерінің отырыс­тары өткізілді, онда үміткер­лер ұсынған оқу орнын дамыту бағ­дар­ламалары қаралды. Оның қорытын­ды­сында ЖОО-ның бақылаушы кеңестері құпия дауыс беру арқылы Республикалық комиссия қарауына ұсыну үшін кандидаттарды анықтады. Айта кетейік, ЖОО-ның ректорлары дауыс беруге қатысқан жоқ. Бақылаушы кеңестердің хаттамалық шешімдері барлық құжаттарымен бір­ге Республикалық комиссияға ұсы­ныл­­ды. Х.Досмұхамедов атындағы Аты­­­рау мемлекеттік университетінен ұсы­нылған 5 адамның ішінен 2 үміткер, І.Жан­сүгіров атындағы Жетісу мем­лекет­тік университетінен ұсынылған 5 адам­ның ішінен 2 үміткер, Қостанай мемле­кет­тік педа­гогикалық институтынан 6 адам­ның 3-еуі, Павлодар мемлекеттік педа­­гогикалық институтының 5 үміткері ішінен 1 кандидаттың құжаты ұсынылды. «Сіздер оқу орнының педагогикалық бағытын сақтап қалудың маңызын ескеру­леріңіз қажет. Егер де сіздер заң және эко­номика сияқты жаңа танымал маман­дық­тарды енгізуге ұмтылатын болсаңыздар, өздеріңіз басшылық етіп отырған оқу ордасының негізгі орнын жоғалтып аласыздар. Өйткені, кез келген кәсіптің негізі ұстаз саналады», – деді ЖОО-ның даму бағдарламасын талқылау барысында сөз алған Иманғали Тасмағамбетов. Бұл жаңашылдық қазақстандық жоғары оқу орындарының басқару құра­­мын сапалы толтыру және басқару дер­бес­­тігін ұлғайту, сондай-ақ, қоғам алдын­дағы есептілікті күшейту қажеттігінен туындап отыр. Бұған дейін мемлекеттік жоғары оқу орындарының ректорлары Білім және ғылым министрінің жеке шешімімен тағайындалып келді. Сондықтан, ректорлар корпусының біраз бөлігі аталған лауазымды 3 жыл сайын 2 мерзімнен аса уақыт иеленіп келді. Осының салдарынан бүгінгі таңда ректорлардың 40 пайызы зейнет жасында немесе зейнетке дейінгі жас­та, бұл өз кезегінде басқару ұтқырлығын төмендетеді. ЖОО-ның даму бағдарламасын тал­қылау және сұхбат қорытындысы бойынша Республикалық конкурстық комиссия бос лауазымдарға ұсынылған үміткерлерді қарап, Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мем­лекеттік универ­ситетінің ректоры лауазы­мына тағай­ын­дауға Абзал Ахатұлы Тал­теновті, Қос­танай мемлекеттік педа­го­гикалық инсти­тутының ректоры лауазымына Еркін Аманжолұлы Әбілді ұсынды. Сонымен қатар, І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік универ­ситеті мен Пав­лодар мемлекеттік педаго­ги­калық инсти­тутының ректоры лауазым­дарына кандидаттар анықталған жоқ. Осы­ған орай, Білім және ғылым министр­лігіне конкурс­ты жарамсыз деп тану және оны қайта өткізу тапсырылды.