• RUB:
    5.05
  • USD:
    489.06
  • EUR:
    536.21
Басты сайтқа өту
08 Қараша, 2016

Елбасы Жапонияда "ЭКСПО-2017" көрмесі туралы айтты

248 рет
көрсетілді

Күншығыс елінің беделді жоғары оқу орны -  «Токай» университетінде сөйлеген сөзінде  Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесінің маңызына тоқталды. «Бұл көрменің тақырыбы – «Болашақ энергиясы».  Оның символдық мәні бар. Мен  университетке кірер жердегі фойеден «Токай» студенттерінің Жапонияның бірқатар компанияларымен бірлесе отырып, құрастырған  күн көзінен қуат алатын электромобилін көрдім. Ол «Tokai Challenger» деп аталады екен.  Бұл біздің автокөлік құрылысы саласында күн энергиясын пайдалана алатынымызды анық көрсетеді.  Алдағы уақытта біз Қазақстанда өтетін «ЭКСПО-2017» халықаралық көрмесінен осындай жаңалықтарды көреміз деп ойлаймыз. Бұл ретте, біз университеттің өкідерін Қазақстанға келуге шақырамыз», - деді Қазақстан Президенті. Сонымен қатар, Мемлекет басшысы Қазақстанда екі интеллектуалды кластер құрылғанын, олар Назарбаев Университетіндегі «Астана бизнес кампус» хайтек-паркі мен Алматы қаласында Технопарк екенін атап өтті.  Бұл ретте, Елбасы «Токай» университетін осы ғылыми-инновациялық орталықтармен белсенді әріптестік орнатуға шақырды. Қазақстан Президенті бүкіл адамзатты және әлемнің көптеген саясаткерлерін Жер шарындағы бейбітшілік мәселесі айрықша алаңдатып отырғанын жеткізді. «Қазақстан да, Жапония да ядролық қарудың зардабын көрген, қасіретін тартқан елдер ретінде адамзаттың ядролық қаруға қарсы тұру  қажеттігін бәрінен жақсы біледі, түсінеді. Қазақстан бұл туралы ұсынысты БҰҰ бас мінберінде көтерген болатын. Ертең Хиросима қаласына бару кезінде мен дәл осы сөзімді бүкіл әлемге жеткізгім келеді», – деді бұл турасында Елбасы. Іс-шара кезінде Қазақстан Президенті қазіргі таңда дүниежүзіндегі ірі державалардың  арасындағы  қарым-қатынастар шиеленісе түскенін, олардың бір-біріне деген сенімі азайғанын,  сондықтан,  әлемге таралған  терроризмнің қауіп-қатерін сезіне отырып, бұл ретте, мемлекеттер ажырамай, керісінше бірігуі қажеттігін  атап өтті. «Бұл ретте «Ядролық қарусыз әлем құру» жолында жастар алдыңғы  лекте жүреді деп ойлаймын», – деді Елбасы. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ. "Егемен Қазақстан"