Наурыз мейрамы елімізде алғаш рет азаттықтың ақ таңы арайлап атардан үш жыл бұрын тойланғаны белгілі. Сол кезден бері қазір жылдан-жылға мәні мен маңызы артып келе жатқан мейрам қазақ даласының әр жерінде ерекше ықыласпен аталып жүр. Биылғы Наурыз мейрамы да еліміздің түкпір-түкпірінде сән-салтанатпен атап өтілді. Соның ішінде мерекенің басты алаңына айналған Астанада 22 наурызда Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Наурыз алғаш рет «Қазақ елі» монументі алаңында өтті.
Астана тұрғындары мен қонақтары алдында сөйлеген сөзінде ел Президенті Наурыздың ең ежелгі мерекелердің бірі екеніне және бес мың жылдан астам уақыттан бері атап өтіліп келе жатқанына тоқталды. – Халқымыз ұлы күнге балаған, жыл басы санаған жасампаз Наурыз – бірлік пен береке мейрамы. Баршаңызды осы ұлағатты мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Әлемнің өзге мемлекеттерімен бірге біз де күнтізбелік Жаңа жылды да, көктем мерекесі Наурызды да атап өтеміз. Сондай-ақ, оны дәл Құрбан айт пен Рождество күндеріндегідей қуанышты көңіл-күймен, шынайы сезіммен тойлаймыз. Қайта жаңарған Наурыздың тарихы – біздің тәуелсіздігіміздің тарихы! Біз көне тарихымыздан күш-қуат алып, тәуелсіздік туралы өз арманымызды жүзеге асыра алдық, – деді Президент.
Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан өз тәуелсіздігінің жиырмасыншы жылындағы көктемді қуатты, тұрақты және қарыштап дамып келе жатқан мемлекет ретінде қарсы алып отырғанын атап өтті. Әлем елдерінде соңғы екі жылда барлық әлеуметтік шығындар едәуір қысқаруда, кәсіпорындар жабылуда, жұмыссыздық арта түсуде. Қазақстан, керісінше, он жылдан бері кәсіпорындарды іске қосып, тұрғын үйлер салуда, азаматтарды әлеуметтік қорғауды ұлғайтып келеді. Шәкіртақы, еңбекақы, зейнетақы, әлеуметтік жәрдемақы тұрақты түрде артуда. Халықтың әл-ауқаты төмен тобын қолдау жалғасын табуда. Еліміз бойынша ондаған мың жаңа жұмыс орындары ашылуда. Мектептер, ауруханалар, балабақшалар, жолдар салынуда. Жаңа егемен елдердің бірде-бірі Қазақстан Тәуелсіздік жылдарында жеткендей табыстарға жете алған жоқ, деді Мемлекет басшысы.
Елбасы келесі кезекте біздің басты құндылығымыз халықтар бірлігі екенін атап көрсетті. Сондықтан мереке күндері де, жұмыс күндері де біз бейбітшілік пен келісімді үнемі нығайтуға тиіспіз. Тәуелсіздік жылдарында біз өз алдымызға қойған барлық мақсаттарға мерзімінен бұрын қол жеткіздік. Біз мемлекетіміздің дамуының жаңа кезеңіне қадам бастық. Алда атқарар іс ауқымды. Біздің алдымызда экономика мен қоғамды түбегейлі жаңғырту міндеті тұр. Біз Қазақстанды халықтың ортақ игілігіне қызмет ететін әлеуметтік мемлекет ретінде құрамыз. Барлық қиындықтарға қарамастан, мемлекет өзіне алған барлық әлеуметтік міндеттемелерді мүлтіксіз орындайды, деді Мемлекет басшысы.
Президент алдағы жылы жаңа экономиканың негізі қаланып, мыңдаған жаңа кәсіпорындар пайда болатынын атап өтті. Инновация және ғылымға негізделген өндірістер келешектегі дамуымыздың қозғалтқышына айналады. Мыңдаған шақырымдық жаңа темір жол мен автомобиль жолдары салынатын болады. Қазақстанда соңғы он жыл көлемінде 45 миллион шаршы метр тұрғын үй тұрғызылды. Алдағы әр жылда тағы 6 миллион шаршы метр тұрғын үй тұрғызылады. Жүз мыңдаған қазақстандық жаңа пәтерлерде өмір сүретін болады. Халықтың әлеуметтік қорғалған топтарына арналған тұрғын үйлер құрылысына ерекше назар аударылады. Барлық қазақстандықтар заманауи білім мен сапалы медицинаға қолжетімділікке ие болады.
Президент сондай-ақ, қазіргі Қазақстанның әлемде үлкен бедел-құрметке ие екеніне тоқталды. Елімізде аса маңызды халықаралық саммиттер мен кездесулер өтіп тұратынын, әлемнің қолдауына ие болған жаңа бастамалар көтерілетінін айтты.
– Бүгін бүкіл еліміз Наурыз мейрамын тойлауда. Қазір біз баршамыз жаңарудың ортақ қуанышын бірге бастан кешудеміз. Бұл күндері күллі еліміз жаңарады. Біз барлық күш-жігерімізді, барлық ой-ниетіміз бен ісімізді Қазақстанның гүлденуіне бағыттаймыз, – деді Елбасы.
Халқымыз қашанда жаңа жылдан жақсылық күтіп, келер күннен үмітін үзбеген. Бүгінін болашағымен байланыстырып, бар ізгіліктің бастауын игі ниеттен іздеген. Сондықтан, тіршілік жаңаратын Наурызда әр адам жақсылыққа ниет етуі тиіс, деген Нұрсұлтан Назарбаев қазақстандықтарды мерекемен құттықтай келе, баршаға бақыт, бейбітшілік пен келісім тіледі.
Елбасының сөзінен кейін алаңда «Наурыз думан» театрландырылған қойылымы көрсетілді. Қазақ халқының салт-дәстүрі мен береке-байлағын бейнелейтін қазақ ауылында «Жыл ояту» рәсімі басталды. Бұл театрландырылған қойылымда қазақ ауылының табиғаттың түлеп, Жер-Ананың жаңарған уақытындағы жыл басы, ғасырлар қойнауынан келе жатқан достық пен ынтымақтастықтың мерекесі саналатын Наурыз мейрамын тойлау дайындығы көрсетілді. Онда қойылымның негізгі желісі табиғаттың тірілуін бейнелейтін нәрестенің дүниеге келуімен байланыстырылды. Одан кейін нәрестенің жігіттік жасына дейінгі қазақ халқының әдет-ғұрыптары мен ырымдары ұсынылды. Сонымен бірге, көрермендерге қазақ халқының «Сүйінші», «Бесікке салу», «Үйлену тойлары» секілді басқа да салт-дәстүрлері мен «Көкпар», «Қыз қуу» сияқты ұлттық ойындары мен «Наурыз көженің» дайындығы паш етілді.
Наурыз тойланып жатқан ауылға әйгілі әнші Роза Рымбаева, Нұржамал Үсенбаева, Батырхан Шүкенов, Асылбек Еңсеповтің қонаққа келіп, әннен, күйден шашу шашуы, республикалық және астаналық таңдаулы би ұжымдарының өнер көрсетуі ауыл тұрғындарын ыстық ықыласқа бөледі.
Осы күні «Қазақ елі» монументі алаңында тігілген отыз киіз үйде таңертеңнен кешке дейін қазақтың ұлттық салт-дәстүрлері мен ғұрыптары таныстырылып, келушінің әрқайсысы мейрамның тағамы – «наурыз көжеден» дәм тата алды. Алаңға жиналған жастар жағы алтыбақан теуіп, жұмбақтар мен жаңылтпаштар жасырып, домбырамен ән айтты. Тағы біреулері киіз үй ішінде ойналатын «Санамақ», «Орамал тастау», «Соқыртеке», «Ұшты-ұшты», «Сақина жасыру», «Қассың ба, доссың ба?» ойындарын ойнап, келген қонақтарды мәз етті.
Дастан КЕНЖАЛИН.