• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
26 Наурыз, 2011

Үндеу мақсаты – азаматтарды сайлауға тегіс қатыстыру – дейді Орал қаласының әкімі С.Оразов

486 рет
көрсетілді

Орал қаласының әкімі С.Оразов күн өткен сайын жақындап келе жатқан кезектен тыс президенттік сайлауға байланысты Орал қа­ласының сайлаушыларына, қаладағы еңбек ұжым­дары­ның же­тек­­шілеріне және аудан әкімдеріне арнап үндеу қабылдады.  Оның мә­­тіні қалалық және облыстық газеттерде жарияланды. Осыған бай­ла­­нысты біз оған арнайы барып жолығып, бірнеше сауал қойған едік. – Самиғолла Хамзаұлы, бұл үндеуіңіздің негізгі мәні мен мақсаты неде? – Бұл сауалыңызға қайтарар жауап біреу ғана. Аталған үндеу ал­дағы президенттік сайлауға аза­мат­тарды түгел қатыстыруға ық­пал жа­сау ниетінен туындады. Өйт­кені, президенттік сайлау ел­ді­гіміздің тағы бір сынға түсер ша­ғы деп есеп­теймін. Яғни, оған бәріміз бірдей қатысып дауыс беру арқылы елдік пен мемлекет­ті­лік­тің тағы бір биік те жауапты сатысына көтеріле аламыз. Бізге бұл сайлауда республика президентін бірнеше үміт­кер­дің арасы­нан таңдау құқы берілген. Әркім өзінің осы консти­ту­циялық құқы­ғын пайдалануы қа­жет деп санай­мын. Мұндай қадам әлемдік де­мо­кратиялық қағидат­тар­ға да то­лық сәйкес келеді. – Орал қаласының сайлау­шы­ларына арнаған үндеуіңіз­дің жай-жапсарын газет оқыр­ман­да­рының назарына бере кет­кен­нің артықшылығы жоқ шығар. – Әлбетте. Өзіңізге белгілі, кезектен тыс президенттік сай­лауға бір аптадан сәл ғана асатын уақыт қалды. Қазір оған әзірлік жұмыстарының етек-жеңін ық­шам­дайтын кез келді. Осы орайда айтарым, Орал қала­сындағы барлық сайлау ко­мис­сия­ларына сайлаушылардың тізімдері жеткізілді. Ал 18 наурыздан бастап оралдықтар осы тізіммен таныса бастады. Қа­жет бол­ған жағдайда олар өздері туралы мәліметтердің анық-қа­нығына көз жеткізулеріне де болады. Тек бір ескерер мәселе, мұ­ның өзі сайлаушылар сайлау учас­келеріне алдын ала барған жағдайда ғана мүмкін болмақ. Тізімді нақтылау үшін телефондық ақпараттық орталық құрылды. Онда Оралдың әр тұрғыны өзінің сайлаушылар тізімінде бар екеніне көздерін жеткізе алады. Сонымен бірге, сайлауға қатысты барлық қажетті мәліметтер мен өзге де ақпараттар қала әкімді­гі­нің ресми сайтына да орналас­ты­рылған. Міне, Орал қаласының сайлаушыларына менің атымнан жасалған үндеудің негізгі желісі осындай. Әрине, қоғамдық өмір бір орында тұрмайды. Ол үнемі қоз­ғалыс, өзгеріс үстінде. Сайлауға әзірлік кезінде немесе оның дәл өтетін күні бірқатар азаматтар іссапарда, оқуда, демалыста, емделуде жүрулері мүмкін. Мұндай жағ­дайларда олар қала аума­ғын­да бола бермейді. Мұны «Қа­зақ­стан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға сәйкес реттеуге әбден болады. Яғни, осы заң тармағына орай республикадағы кез келген учаскелік сайлау комиссиялары 18 наурыз бен 2 сәуір аралығында сайлаушының жазбаша өтінішін қабылдай алады. Бұған қоса олар жеке басын куәландыратын құжа­тын көрсеткен кезде дауыс беру құқығы беріледі. Бұл шара есептен шығару куәліктерін табыс ету арқылы іске асады. – Бұл айтып отырғаныңыз тек бір қалаға ғана емес, рес­пуб­ликадағы барлық сайлау­шы­ларға қатысы бар мәселе екен. Енді мына сауалға жауап беріңізші. Сіздің үндеуіңіздегі еңбек ұжым­дарының жетекшілеріне арналған тұстарда жал­пыхалықтық сипат алуы әбден мүмкін ғой. – Мұның да ешқандай құпия­сы жоқ. Еңбек ұжымдарының жұ­мыс ерекшеліктеріне сәйкес оның бірқатар мүшелері сайлау күні тіркелген орындарынан тыс жерде болулары әбден мүмкін. Әсіресе, вахталық әдіс режімінде мұндай жағдайлар жиі орын ала­ды. Осындай кезде олар өздерінің конституциялық құқықтарын іске асыра алмай қалулары ықтимал. Соған байланысты ұйым бас­шы­ла­ры қажетті ұйымдастыру ша­ра­ларын алуы қажеттігін өз үн­деуім­де олардың назарына бердім. – Сонымен бірге үндеуіңізде аудан әкімдеріне де үн қатқан екенсіз. Сіз – қала басшы­сы­сыз. Бұл қала әкімі өкілет­ті­гінің шеңберінен тыс қадам деп ойламайсыз ба? – Жоқ, олай деп мүлдем ой­ламаймын. Өйткені, бәрі де ортақ істің нәтижелі аяқталуын көз­де­ген қам-қарекеттен туындап отыр. Айталық, аудандарда тұратын сай­лаушылардың бірқатары сайлау күні, жоғарыда айтылғандай, әртүрлі себептермен облыс орта­лығында болуы ғажап емес. Мұ­ның өзі де заңда көрсетілген мерзімде хабарлануы керек. Содан кейін оларға дауыс беру құқығын беретін есептен шығару куә­лік­тері берілгені жөн. Мұндай жағ­дайда оларға дауыс беру құқығын біздер, қалалықтар қамтамасыз ете аламыз. Үндеудің аудан әкім­деріне қатысты тұсының мәні мен мәнісі осындай. – Самиғолла Хамзаұлы, тек бір ғана қала төңірегінде емес, тұтастай республика сайлау­шы­лары үшін де пайдалы әң­гі­ме болды деп ойлаймыз. Осын­дай мәнді де мағыналы әңгіме­ңіз бен алдағы президенттік сай­лауға азаматтарды толық қатыстыру ниетін көздеген үн­деуіңіз үшін сізге көп рахмет. Әңгімелескен Темір ҚҰСАЙЫН, Батыс Қазақстан облысы.