Кеше Парламент Мәжілісі Төрағасының орынбасары Владимир Бобровтың жетекшілігімен «2010 жылы туризм және спорт салаларында атқарылған жұмыстар және алдағы даму міндеттері туралы» деген тақырыпта Үкімет сағаты өтті, деп хабарлады осы палатаның баспасөз қызметі.
Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрлігі халық қалаулыларына туристік индустрияның дамуы мен спорт саласының жетістіктеріне арналған көрме ұйымдастырды. Қазақстан Республикасының Туризм және спорт министрі Темірхан Досмұхамбетов 2010 жылғы туризм және спорт салаларында атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттері жайында баяндама жасады.
Министр үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың мемлекеттік бағдарламасы шеңберінде Туристік индустрияның перспективалы бағыттарын дамыту жөніндегі 2014 жылға дейінгі салалық бағдарлама қабылданғанын мәлімдеді. Ол сырттан келушілер туризмін және ішкі туризмді дамыту, Жібек жолы бойындағы туризмді алдағы бес жылға дамыту міндеттерін айқындайды. Салалық бағдарлама шеңберінде министрлік туристік индустрияны дамытудың негізгі бес бағытын атап өтті. Бірінші – «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық көлік дәлізі бойында жол бойы инфрақұрылымы объектілерін сала отырып, туристік кластерді құру. Екінші – Алматы, Ақмола, Шығыс Қазақстан, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарында тау шаңғысы курорттары мен базаларын дамыту үшін тау шаңғысы туризмінің инфрақұрылымын жасау. Үшінші – экологиялық туризмді дамытуды ынталандыру. Төртінші – Қазақстанның туристік маркетингтік стратегиясын қалыптастыру болса, бесінші – туристік индустрияның кадрлық әлеуетін дамыту. Қазіргі уақытта туристік кадрлар 14 мамандық бойынша 80-нен астам жоғары және орта оқу орындарында білім алуда. Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевтың «Болашақ» халықаралық стипендиясы шеңберінде 2010 жылы шетелдік жоо-ларға 51 стипендиат жіберілді.
2011 жылғы туризм саласындағы негізгі міндеттер деп министр үдемелі индустриялық-инновациялық даму жөніндегі мемлекеттік бағдарламаны іске асыру мен Туристік индустрияның перспективалы бағыттарын дамыту жөніндегі салалық бағдарламаны іске асыруды атап өтті. Алға қойылған міндеттерді шешу туристік қызметтен түсетін жиынтық кірісті 2010 жылғы 3,3%-дан 2011 жылы 4,7%-ға дейін арттырады.
Азия құрлығындағы басты спорттық форум – Астана және Алматы қалаларындағы VII Қысқы Азия ойындарына дайындалу мен өткізу, сонымен қатар, қазақстандық спорттың әлемдік спорт аренасындағы бәсекеге қабілеттілігін арттыру және елде дене шынықтыру-бұқаралық қозғалысты дамыту министрліктің алдында тұрған бүгінгі маңызды міндет болып табылады.
Үкімет сағатында министрлік басшысына депутат Құрманғали Уәли ұлттық ойындарды әлемге танытудың уақыты жеткенін айтса, Мұхтар Тінікеев пен Светлана Ферхо Қарағанды және Шығыс Қазақстан облыстарының жастарына спорт базаларын салып беру жайын қозғады. Серік Оспанов, Валерий Вишниченко, Нұртай Сабильянов, тағы да басқа депутаттар ведомство басшысына өз ұсыныстарымен шықты.