• RUB:
    5.52
  • USD:
    475.62
  • EUR:
    519.23
Басты сайтқа өту
31 Наурыз, 2011

Ортақ нарық, бірыңғай әрекеттер

720 рет
көрсетілді

Кеше Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен өткен палатаның кезекті жалпы отырысының күн тәртібінде он бір мәселе қаралды. Депутаттар мұнай және мұнай өнімдеріне қатысты заңдық құжатқа ерекше қызығушылық танытты. Атап айтқанда, «Беларусь Рес­публикасының, Қазақстан Рес­публикасы мен Ресей Фе­де­ра­ция­сының мұнай және мұнай өнім­дерінің ортақ рыногын ұйым­дас­тыру, басқару, олардың жұмыс істеу және даму тәртібі туралы келісімді ратификациялау ту­ра­лы» заң жобасы ерекше ықылас ту­дырды. Келісім Бірыңғай эко­номикалық кеңістікке қатысушы елдердің мұнай және мұнай өнім­дерінің ортақ рыногын қа­лып­тастыруға бағытталған негізгі қағидаттар мен іс-шара­лар­ды анықтауға және осы сала­дағы бәсекелестікті дамытуға ба­ғытталған. Тараптардың өзара саудада сандық шектеулермен әкетілетіндеріне кедендік баж­дар­ды қолданбауы қарастырыл­ған. Сондай-ақ Бірыңғай эконо­микалық кеңістікке қатысушы мемлекеттердің мұнай және мұ­най өнімдеріне деген қажет­ті­ліктерін басымдықпен қамта­ма­сыз ету, осы бағыттағы нормалар мен стандарттарды сәйкес­тендіру және мұнай мен мұнай өнімдерінің ортақ рыногын ақ­па­раттық қолдау жүйесін қалып­тастыру қолға алынып отыр. Заң жобасы бойынша баяндама жасаған Мұнай және газ министрі Сауат Мыңбаев депутат­тар­дың бірқатар сұрақтарына жауап берді. Министр заңдық құ­жат салық жүйесін біріздендірмейді дегенді баса айтты.  Мә­селен, Ресейде мұнайдың 1 тоннасына салық 300 долларды құрайтын болса, Қазақстанда ол 40 доллардан аспайды. Са­лық­тық ауыртпалық көрші елде 73 пайыз, ал Қазақстанда ол 72 пайызға тең. Осы ретте еліміз шетке шығатын шикізатқа рента салығын салатыны тағы белгілі. Бұдан басқа,  үстеме пайдаға са­лынатын салықтан түскен қаржы Ұлттық қорға жинақталып келеді. Қазіргі таңда еліміз жылына 80 миллион тонна қара алтын өндірсе, оның 73 миллионы сырт­қа экспортқа шығарылады екен. Павлодар мұнай өңдеу зауы­тына қатысты жауабында министр шикізаттың Ресейден алы­нып жатқандығын атап көрсетті. Қазіргі таңда аталған зауытқа солтүстік көршіден 6,5 миллион тонна мұнай жеткізілетін көрі­неді. Енді еліміз қытай­лық­тар­мен бірлесе салған құбыр ар­қылы 3 миллион тоннаға дейінгі ши­кі­зат­ты жеткізіп, ал қалғанын көр­шілерден алып тұру жоспарлануда. Есесіне алынған мөл­шердегі қара алтын көршілерге Атырау – Самара құбыры арқы­лы жөнелтілмек. Аталған жоба 2014 жылдың қаңтарына дейін жүзеге асады деп күтілуде. Ми­нистрдің сөзінен белгілі бол­ғанындай, Қазақстан екі көрші­сі­нен мұнай өнімдерінің сапасы бойынша әлдақайда артта қалып келеді. Сондықтан мұнай өңдеу зауыттарын модернизациялау – уақыт талабы. Заң жобасы осылайша біраз тал­қыдан өткен соң мақұлданды. Депутаттар Бірыңғай кедендік кеңістікке қатысты тағы бір заң жобасын мақұлдауды ұйғар­ды. Оның толық атауы «Баға белгілеу мен тарифтік саясат негіздерін қоса алғанда, газ тасы­малы жүйелері арқылы газ та­сымалдау саласындағы табиғи монополиялар субъектілерінің қызметтеріне қол жеткізу қағи­далары туралы келісімді ратификациялау туралы» деп ата­ла­ды. Келісімде газ тасымалдау саласындағы табиғи монополиялар субъектілерінің қызмет­те­ріне қол жеткізу осы келісімнің Бірыңғай экономикалық кеңіс­тікке қатысушы мемлекеттердің аумағынан шығатын газға ғана қатысты шарттарына сәйкес келуі қарастырылған. Қазақстан өз аумағында газ сатудың бағасын Ресей аумағындағы газ бағасы­мен салыстырмалы деңгейде ке­зең-кезеңімен көтеруді мойнына алып отыр. Отырыста басқа да заң жобалары қаралып, тиісті шешімдер қабылданды. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.