• RUB:
    5.18
  • USD:
    514.93
  • EUR:
    536.04
Басты сайтқа өту
20 Қаңтар, 2017

Тілбұзарды кім тыяр?

920 рет
көрсетілді

– Балам, мынау қай қолың?

– Он қолым.

– Ал мынау қай аяғың?

– Он аяғым.

– Сонда екеуі қосылғанда 20 бола ма?

Қанша аяқ қолың бар? Он қол емес, оң қол, оң аяқ. Марқұм анам осыдан 20 жылдай бұрын айтушы еді. «Қазақтың әріптеріне тілдері келмей, «ң» ды «н» деп дұрыс айтпайтындар теледидар мен радиодан хабар жүргізіп, тілді бұзғанымен қоймай, кейінгі жас жеткіншектерге жаман үлгі көрсетуде. Теледидардан да солай айтылып жатыр емес пе деп оң солын танымаған еліктеп-солықтаған жас ертеңгі күні әріп айта алмайтындардардың қатарын көбейтсе сонда оның обалы кімге? Осындайларды эфирге жіберген басшылар мен «сақаулығын» мін көрмей көп алдына шыққан журналистер кінәлі болмай ма? Анық ағылшын тілінде «ң» керек болсыншы, логопедке барып тілін сындырса да бірдеңе жасайды», деп. Айтса айтқанындай, қазіргі күні «ң» әріпіне қырын қарағандардың қарасы молайды. «Әндіжанда бір апам бар, ол менен де сорақы» дегендей, эфирден сөйлегендерге ренжіп жүргенде бұл дерт балаларға тәлім-тәрбие берер, білім нәрінен сусындатар мектептің ішіне де кәдімгідей кірді. Маңдайды – мандай, қараңғыны – қаранғы, маңайды – манай, аңсауды – ансау деп сабақ бере беретін өзге пәндер түгілі қазақ тілі мен әдебиетінің, балдырған ілімінің негізін қалайтын бастауыш сыныптардың мұғалімдерін көру таңданатындай іс болмай барады. Тілдік нормалардың сақталмауынан, оған жүрдім-бардым қараудан сан ғасырдан жақұттай жарқырап жеткен тілімізге қиянат жасалып, обалынан қорықпайтындай болып барамыз. Бабам қастерлеген Ана тілімізде сөйлеушілердің қатары қайтсе қара ормандай тұтасады деген арманды әлдилеп жүргенде барымыздан айырылып бара жатқандаймыз. Менің ағылшынша білмейтін анам қателесіпті. Ағылшын тілінде «ң» дыбысы бар және оны журналист Гүлжазира Берікқызы айтқандай, қазақшада «ң-ға» маңайлай алмағандар «Ағылшыншаға кәмілдік көрсетіп, адалдық, я білімділік танытып, long- лоңңң деп сықитып айтады». Сонда деймін ау, «лоңңң» дегенде созылған ң, «оң» дегенде айтылуға келмей ме? Тағы бір эфирден тыңдағанда төбеңді тесіп жіберердей естілетін «отырық», «жатырық» деген тәрізді сөздер. Бұл қай «тырық» деп қазір көпшілік таңданып жүрген шығар, бірақ ол да бара-бара нормаға еніп, барша қазақ бара жатырмыз дегенді, «бара жатырық», келе жатырмыз дегенді «келе жатырық», «жасайын деп отырық» десе қазіргі «ң-ға» тілі келмеген үрдістей тырық болып қалса кімге өкпелейміз? Мәселе бұл жерде тілдің келу-келмеуінде емес, ішкі бойұсыну, мойындауда жатқандай. Қазақ тілін бұзып айтуға болады, тілді бұздың деп ешкім айып тақпайды, күлмейді, қайта қолпаштап «жұлдыз» жасайды, ал ағылшын, яки басқа тілді бұзсаң надан болып көрінесің, сондықтан ол дұрыс айтылуы керек деген өзгенің басымдығын мойындауда жатқандай көрінеді. Бүгінде әлеуметтік желі қоғам айнасы іспетті. Мұнда да сол «атырық» пен «жатырық», оған қоса «й» әрпіне бір лимиттері таусылып қалғандай «ғой» дегенді «ғо» деп жазатындардан, «не істеватырсың», «келатырмын» ал таңданысын «мяя» деп жеткізетін жазғыштардан аяқ алып жүре алмайтын күйге түстік. «Қазақ тілін бұзып, аударма тілге айналдырып жатқан қазақ жур­налистері десең кім сенгендей, бірақ солай болып тұр. Оған енді бірқатар мұғалімдер қосылды. Қазір біздің білім жүйесіне сенің тіліңнің тазалығының бес тиынға қажеті жоқ. Қағаз жүзінде беретін есебіңде мін болмаса болды. Өкінішті», дейді әлеуметтік желінің қолданушысы Марат Қайсарбекұлы. Қазақ «Ет сасыса тұз себеді, ал тұз сасыса не себеді?» дегеніндей, шәкіртке тәлім берер ұстаздың дұрыс сөйлей алмауын санаң қалай қабылдар. Бір кездері жіберілген олқылық сол уақыттарда балауса өскін сияқты көрінгенмен араға жылдар салып, жаңбырдан кейінгі көктей желкілдеп барады. Теледидардан жүргізушінің «н» деп белден басып сөйлеуі қалыпты жайтқа айналған. Ойланатын дүние ме? Бұл ретте теле-радио басшылары, әсіресе, Білім және ғылым министрлігі мәселенің байыбына жетіп, туған тілдің қадірінің қашпауына қарекет жасауы тиістей көрінеді. Әйтпесе, бүгінгі қалыптан тәрбие алған ендігі жастың алдағы 15-20 жылда тілінің қандай кейіпке түсетінін ойлаудың өзі қорқынышты. Тілбұзарды кім тыяр?

Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»