• RUB:
    5.05
  • USD:
    489.06
  • EUR:
    536.21
Басты сайтқа өту
23 Қаңтар, 2017

Спорттық басылымдардың болашағы бар ма?

990 рет
көрсетілді

Қазір телевизия мен интернеттің дәурені жүріп тұрған заман. Әрине, бұлардың қай жаңалықты болсын бұқараға жедел жеткізуде алдына қара салмайтыны белгілі. Дегенмен, солай екен деп мерзімді баспасөздің рөлін жоққа шығаруға болмайды. Газет өз оқырманын мейлінше толық, жан-жақты ақпаратпен қамтамасыз етеді. Біздің бұл жолы айтпағымыз – еліміздегі спорт тақырыбындағы баспасөздің, әсіресе, қазақ тілді басылымдардың жайы. Кейінгі жылдары негізгі көзайымымыз республикалық «Қазақ спорты» мен «Sport» газеттері еді. Соның өзі көп көрінді ме, қазір екеуі қосылып, бір басылым ретінде шығып жатыр. Осының себеп-салдарын білу үшін біз таяуда тараған «Sport» газетінің бас редакторы болған белгілі қаламгер, тәжірибелі журналист Дүрәлі ДҮЙСЕБАЙ мырзаны әңгімеге тартқан едік. – Жалпы, спорт басшы­лығы тара­пынан спорттық басылым­дар­ға деген көзқарастың төмен болуы не себептен деп ойлайсыз? – Қазіргі таңда мынадай саясат бар. Ол – газет-журналдарды мем­ле­­кеттік мекемелерден бөлу. 2019 жылы 60 жылдығын тойлағалы отыр­ған «Спорт» (орысша) және «Sport» (қазақша) газеттері осыдан үш-төрт жыл бұрын жекеменшікке сатылып кетті. Алғашқысының 2015 жылы, ал екіншісінің 2016 жылы 5 мыңыншы саны жарық көрді, бірақ оны қадағалап  отыр­ған, елеп-ескерген ешкімді көрмедік. Жалпы, аталған газеттер еш мекемеге қарамайды. Бұрын рес­пуб­ликалық спорт ведомст­во­сының қарамағында болған. Арнайы қаржы бөлінген. Таралымы да едәуір еді. Ал жекеменшіктің қолы­на өткен соң, ешкімге керек болмай қалды. Мен бұл басылымдардың бас­шылығына 2014 жылдың басында келдім. Спорт комитетімен бай­ла­ныс орнатып, аталған коми­тет газетті қал-қадерінше өз қарамақ­тарындағы мекемелерге хат жол­дау арқылы жаздыруға тырысты. Қазаққа «жазыл» деп айлық алған кезде қасында тықақтап отырып, түбіртекке қол қойғызып алмасаң, өзі «мына газет мықты» деп мақтап отырса да жазылмайды. Тіпті, осы кезде керемет таралым­мен ел арасында беделге ие бол­ған «Қазақ спорты» да соңғы жыл­дары тиражын жоғалта бас­тады. Бұл біздің қоғамның мер­зім­дік ба­сылымдарға деген көз­қара­сы­ның өзгергендігінен болар. Әйтпесе, Мәдениет және спорт министрлігінің Спорт комитеті көмектескісі келіп-ақ отыр. – Қазіргі таңдағы қазақ тілді спорт­тық порталдардың жұмы­сы­на қандай баға берер едіңіз? – Құдайға шүкір, қазір қазақ тілді порталдар аз емес. Тәп-тәуір жұмыс істеп жатыр. «Ала доп», «Аламан» деген қазақша сайттар болды. Қазір әрбір спорт федерациясының, мекемелерінің жеке порталдары бар, бірақ солардың қазақшасы ақсап жатыр. Өз басыма Нұрғазы Сасаев жүргізетін Астана қалалық футбол федерациясының сайты ұнайды. Ал Нұрғазының әрбір постын іздеп жүріп оқимын. Ізденіс бар: тақырып таңдауда да, материалды жазу стилінде де. – Тәжірибеңізге сүйеніп, қаза­қ тілді спорттық басылымдар бәсе­кеге қабілетті, өміршең болуы үшін не қажет деп ойлайсыз? – Менің байқауымша, қазір интернет-басылымдар ерекше мәнге ие болып келеді. Бұл дәс­түрлі БАҚ-тың, яғни мер­зімді басы­лымдардың рөлі төмен­де­ді дегендік емес. Мәселе қазір газет оқитын ұрпақтың аза­йып бара жатқандығында. Бәрі әлеу­мет­тік желіге бұрылып бар­ады. Сонау кеңестік кезеңде идео­ло­гия мықты болды. Газет-жур­нал­­дар­дың келешек ұрпақты тәр­­бие­леудегі маңызын біліп, сол тұста мектеп оқушыларын газет оқуға бау­ли­тын пионер жасын­дағыларды «Қазақ­стан пио­неріне», комсомол жасын­­дағы­ларды «Лениншіл жас­қа» жаздыратын. Тағы бір газетке жазылу міндетті бола­тын. Бірақ оны өзің таңдай­сың. Біз ол кезде ең арзан (ұмыт­пасам, 84 тиын) «Спорт» газеті­не жазылатынбыз. Спорт басылымы­ның қазіргі бағасы да соншалықты қымбат емес, жарты жылға – 2 мың теңге. Газет оқитын ұрпақ жоқ дей алмаймын, дегенмен мек­тепте газет оқымаған бала қалай кітапқұмар болып өседі? Қазақ қоғамы газетке енжар. Әйтпесе, «Sport» та, «Қазақ спорты» да өзекті мәселелерді көп жазды. Шекесінен шертіп айтпай-ақ қояйын, кездескенде, сыртқа шыққанда сол қозғалған мәсе­лелер төңірегінде ризашы­лығын білдіріп, пікірін айтып жататындар жиі кездеседі. «Осы ойларыңызды неге газетке жазып, пікір білдірмейсіздер?» десең, «Өй, қайдан, уақыт жоқ» деген секілді сылтаумен күмілжи жауап береді. Әйтпесе, қазақ тілін­дегі спорттық басылымдар сон­ша­лықты көп те емес қой. Бәл­кім, менеджмент жағы да жетісіңкіремейтін болар. Ел­мен, жұрт­пен жиі кездесуге, қан­шама жерді аралап шығуға мем­ле­кеттің көмегіне зәру, онсыз да қалт-құлт етіп әрең шығып отырған басылымның мүмкіндігі бар ма? Мемлекеттік тапсырыс арқылы тендерден деп 2-3 миллион теңге алатыны бар кейде. Газет шығаратындар біледі: ол қай жыртықты жамайды?! Сұрақ көп. Президент пен билік пар­тиясы спортқа ерекше ден қо­йып отырған заманда, спорттың даң­қы асып тұрған тұста спорттық басы­лым­дармен бірлесіп жұмыс істеу керек-ақ. Оның жолын сонау билік­те отырған азаматтар білетін шығар... – Әңгімеңізге рахмет! Әңгімелескен Қайрат ӘБІЛДИНОВ, «Егемен Қазақстан»