• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
20 Ақпан, 2017

Ұлттық банк базалық мөлшерлемені азайтты

176 рет
көрсетілді

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі базалық мөлшерлемені +/-1% дәлізбен 11% деңгейіне дейін төмендету туралы шешім қабылдады. 2017 жылғы қаңтардың қорытындысы бойынша инфляция 6-8%-дық нысаналы дәліз шегіне енді. Инфляциялық күтулердің төмендеуі, ішкі валюта және ақша нарықтарындағы тұрақтылық пен ахуалды алдын ала болжаудың артуы, іскерлік белсенділіктің қайта қалпына келуі, сондай-ақ сыртқы экономикалық жағдайлардың қолайлы болуы ақша-кредит жағдайларын жұмсартуға негіз болды. Базалық мөлшерлеменің жаңа деңгейі баға және қаржылық тұрақтылық арасындағы ұзақмерзімді теңгерімді көрсетеді және, тиісінше, ақша-кредит саясатын одан әрі жұмсарту әлеуеті шектеулі. Базалық мөлшерлеме бойынша шешім мынадай факторлар ескеріле отырып қабылданды. 2017 жылғы қаңтарда жылдық инфляция 7,9%-ды құрап баяулады және Ұлттық Банктің болжамдарына толық сәйкес келеді. Жекелеген тауар нарықтарында, ақылы қызметтер нарықтарында бағаның жылдам өсуі инфляцияның жалпы деңгейінің серпініне айтарлықтай әсер етпейді және басқа тұтынушылық тауарлар мен қызметтер нарықтарындағы қалыпты баға үрдістерімен өтелетін болады. Халықтың инфляциялық күтулеріне қатысты қаңтарда жүргізілген пікіртерімге сәйкес респонденттердің инфляцияның болашақтағы деңгейіне қатысты күтулерінің байқалып отырған жақсару үрдісі олардың про-инфляциялық әрекеттерінің жұмсарғанын көрсетіп отыр. Инфляциялық күтулердің сандық бағасы халықтың күтулерінің нысаналы дәліз шеңберінде қалыптасатынын және нақты инфляция мәнінен төмен (қаңтарда – 6,6%) деңгейде белгіленетінін көрсетіп отыр. Бұл ретте инфляцияның жоғары болатынын күтетін респонденттердің үлесі өткен жылдың ортасынан бері ең төменгі мәнге азайды. Осылайша, қолайсыз күйзелістер болмаған жағдайда, инфляция орнықты түрде бүкіл 2017 жыл бойы, сондай-ақ 2018 жылдың 1-жартыжылдығында нысаналы бағдар шегінде болады. Халықтың да, валюта нарығына кәсіби қатысушылардың да девальвациялық көңіл-күйі азаюда, бұл пікіртерім нәтижелерінен және валюта тәуекелдерін хеджирлеу құнынан көрініп отыр. Депозиттік нарық бойынша деректер банктік салымдардың долларсыздану процесінің жалғасып жатқанын және салымшылардың ұлттық валютаны артық көру үрдісінің сақталып отырғанын көрсетіп отыр. Алдын ала деректер бойынша шетел валютасындағы депозиттер үлесі 2017 жылғы қаңтардың соңында 53%-ға дейін төмендеді. Экономиканы қайта қалпына келу белгілері анық көрінуде. Экономиканың базалық салаларының дамуын көрсететін қысқамерзімді экономикалық индикатор 2017 жылғы қаңтарда 103,8%-ды құрап, қалыпқа келетін өсу аймағында болып отыр. 2017 жылы нақты ІЖӨ-нің өсуі 2%- дан асатын деңгейде болжанып отыр. Іскерлік белсенділіктің қайта қалпына келуінің және ішкі ақша және валюта нарықтарындағы тұрақтылықтың жағымды белгілерінің болуына қарамастан, экономиканың одан әрі дамуы үшін, бірінші кезекте, инфляциялық процестер үшін әлеуетті тәуекелдері бар сыртқы және ішкі күйзелістердің туындау ықтималдығы сақталуда. Олардың ішінен әлемдік тауар және қаржы нарықтарындағы баға белгіленімдеріне өте қатты тәуелділікпен, сондай-ақ сауда әріптестері елдерінің экономикаларын қалпына келтіру жылдамдығымен байланысты сыртқы тәуекелдерді де, бюджет шығыстарын ұлғаю жағына қарай қайта қарауды да атап өткен жөн. Базалық мөлшерлеме бойынша болашақтағы шешімдер ішкі сұраныстың іргелі факторларының бұдан кейінгі серпініне және қаржы секторындағы ахуалдың орнықтылығына байланысты болады. Базалық мөлшерлеме бойынша кезекті шешім 2017 жылғы 10 сәуірде Астана уақыты бойынша 17.00-де жарияланады.