• RUB:
    5.52
  • USD:
    475.62
  • EUR:
    519.23
Басты сайтқа өту
08 Сәуір, 2011

Өнермен өрілген өмір

1100 рет
көрсетілді

Кеше Мемлекет бас­шысы Нұрсұлтан На­зарбаев «Қазақстан» ор­талық концерт за­лында болып, «Бала­лық шағымның аспа­ны» атты жаңа көркем фильмнің тұсаукесе­рі­не қатысты. Фильмнің режиссері – Рүстем Әбдіраш. Бас­ты рөлдерде ойна­ған­дар: Бибігүл Төле­ге­нова, Ерлан Жарыл­қа­сынов, Нұржұман Ық­тымбаев, Алмагүл Әлішева, Наталья Ор­ын­­басарова, Елжас Әл­пиев, Әбілмансұр Серіков, Нұрлан Әлім­жанов.  

«Балалық  шағымның аспаны»

Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев шы­ғар­маларының желісі бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақ­фильм» киностудиясында түсіріліп, үлкен экранға жолдама алған жаңа көркем фильм осылай аталады. .Кинотуынды Елбасының дү­ние­ге келер кезінен бастап, он­ың ат жа­лын тартып мініп, аза­мат­тық жасқа жеткенге дейінгі өмір жолын қам­ти­ды. Кеше Астанадағы «Қазақ­стан» Орталық концерт залында Нұр­сұл­тан Әбішұлының қатысуымен атал­­мыш картинаның тұсаукесері болып өтті. Бірден айтып қояйық, фильм өте жоғары шығармашылық жә­не техникалық деңгейде түсіріл­ген. Бүгінде есімі елге кеңінен танылып қалған жас талантты режиссер Рүстем Әбдіраштың қойылымында жарыққа шыққан лента сондықтан да басталған сәтінен көрерменін бір нәзік сезімнің қауызына бөлеп, аяқталғанша сол құштарлықтың уысынан шығармайды. Сол себепті де екі сағатқа жуық  кинотуынды­ны бір деммен көріп, оның қалай соңына жеткенін сезбей қаласың.

Ерекше айтып өтетін бір жәйт, картина Елбасының ба­лалық және бозбала шақта­рын­дағы өмір белестерін бей­­нелеуге ар­налғанымен, ол сонымен қатар сонау 40-50-ші жылдардағы қазақ ауыл­дарының сан алуан қыр­ла­рын қамтитын кино­энци­кло­педия тәрізді болып шыққан. Одан әр түрлі деңгейдегі көрерменнің өзіне керегін екшеп алары сөзсіз. Фильмде бәрі де бар. Онда қазақ ауылының сол кезең­дердегі тыныс-тіршілігі, ұлт­тық салт-дәстүр, заманына сай саясат түгел орнықты кө­рініс тапқан. Ұлы Отан соғысының өрті лапылдап тұрған тұста тоталитарлық жүйе мен сталиндік зұлматтың қанды шеңгеліне кезіккен қаншама басқа ұлт өкілдерінің қазақ топырағына жер аударылып келгені де шындық. Мұның аз санды халықтарды осылай бөлшектеп, құртып жіберудің зұ­лым жоспары болғанын бала Сұлтан сол кезде толық ұғына қоймаса да, кейін келе дана Нұрсұлтан толық түсінеді. Мұның бә­ріне біз кадр сыртында Елбасы кітаптары­нан оқылып жататын үзінділердегі ой тол­ғам­дары арқылы көз жеткіземіз. Ал сол кезде бауырмал Сұлтан әкесі Әбіш жан­ашырлықпен өз үйіне кіргізген балқарлар отбасы балаларымен бірден тіл табысып, тез жақындасып кетті. Оның соңы үлкен жүректі адамның ұлы достығына ұласты.

Фильмде адам жанын тебірентпей қой­майтын мынадай да көрініс көзге ұялайды. Бір перзентке зар болған Әбіш әкей мен Әлжан шешей аналары Мырзабаланың ертіп баруымен Райымбек бабаның басына түнейді. Сол түні Әлжан ана керемет түс көреді. Түсінде терең теңіздің түбінен кү­міс­телген ұзын мылтық тауып алыпты. Сон­да ең ішіндегі сәуегей түс жорушы: «Ұл­ды боласың. Балаңның өмірі ұзақ, бі­рақ күреске толы болады», деп болжап­ты. Сол түс ақыры ақиқатқа айналады. Арада көп уақыт өтпей, Әлжан ананың аяғы ауырлап, айы-күні жеткенде, өмірге шекесі торсықтай ұл әкеледі. Соңынан перзент­ханаға барып тұрған Әбіш әкенің терезеге көз салып тұрып: «Кімге ұқсай­ды?» деп сұрайтыны бар. «Менің ағама, наға­шы­сына тартқан», деп жауап береді бұған Әл­жан ана. Оның туған ағасы Бөле­ген тумы­сынан өжет, жасынан топ бастаған көсем, сөз бастаған шешен болған екен. Кейіннен билікке араласып, ел басқарып жүргенінде 1937 жылғы зобалаңға ілігіп кетіпті.

Бұл фильм бір жағы қазақ тұрмыс-салтының этнографиялық көрмесі іспеттес. Олай дейтініміз, мұнда жоғарыдағыдай батырлар жырындағыдай бір перзентке зар болған ата-ананың әулиенің басына қонуы, киелі түс көруі, оны жорудың жөн-жосығы, халықтың тұсау кесу, тоқымқағар, жеті ата­ны түгендеу, бата беру, ат үйрету, ит жү­гір­ту, құс салу, бәйгеге түсу, қыз қуу, көкпар тарту, қазақша күрес секілді сонау қадым замандардан бері сабақты жібі үзілмей жалғасып келе жатқан ұлттық салт-дәс­түрлеріне кеңінен орын берілген. Ендеше, қазақтың өткен ғасырдың 40-50-ші жыл­дарындағы барша тұрмыс-тірші­лігінен жет­­кілікті мағлұмат алғысы келген кез келген көрермен осы картинаны көруі керек. Айтқандай, кинопрокаттың қазіргі жағ­дайы өзімізге белгілі болғандықтан да  бұл фильм телеарналар арқылы кеңінен на­сихатталуы керек деп ойлаймыз. Фильм­нің келесі бір ерекшелігі, ол бүгінде әрбір қазақстандық үшін етене таныс бола баста­ған тарихи оқиғалардың тізбегінде жасал­ғанында. Әдетте көркем фильмнің ас­тарында авторлық ойдың шы­ғармашылық образдарына қатысы көрініс беріп жатады. Ал мына картинада бәрі керісінше, ол өмірде болған нақтылы оқиға­лар­дың негізінде өрілген. Осы тұрғыдан келгенде, фильмнің Елбасы шығармалары­ның желісінен шықпай, өмірдегі шын­дықты өнер­дегі кескінге айналдыра білгені анық бай­қалады. Содан да болар, ондағы кез келген оқиға мен эпизодтар көрерменді бей-жай қалдырмайды. Мұнда барлық образдарды шынайы бейнелей білген актерлер шебер­лігінің де алатын орны үлкен. Бұл ретте, әсіресе, КСРО халық әртісі Бибігүл Төле­генованың есімі ауызға алдымен ілігеді. Оның сомдауын­дағы Мырзабала бейнесі Шоқанның әжесі Айғаным, Абайдың әжесі Зере деңгейіне дейін жетіп, ұлттық дәре­жедегі аяулы ана­ларымыздың қатарын толықтыра түскен. Шын мәнінде Жетісу­дың ел бастаған көсемі, сөз бастаған шешені болған Назарбай бидің бәйбішесін бедерлейтін бұл образ барлық әжелердің үлгі-өнеге етіп ұстайтын кинобейнесі бо­лып шыққан. Ол – дала әжелеріне сай да­на­лықты, ақыл мен парасатты бірдей мең­герген үлкен отбасы­ның ұйытқысы, көпті көрген көрегендігін кейінгіге жеткізуден жалықпайтын ақыл­ман адам ретінде сом­дал­ған толымды тұлға. Баяғы «Тақиялы періштеден» кейін кино экрандарынан көрін­бей кеткен Бибі­гүл Ахметқызы жасаған кейуана кейпі, сөз жоқ, қазақ кино тари­хын­дағы ең бір шоқ­тығы биік образдардың бірі болды деп бағалауға толық негізіміз бар.

Елбасының әкесі Әбіш ағаның жігіт шағын сомдаған Ержан Жарылқасынұлын біз бұдан бұрын да бірнеше фильмге түсіп үлгерген актер ретінде білетін едік. Ал мына фильмде оның таланты барлық қы­ры­нан жарқырай көрінген. Өзінің кейіпкері бейнесін образын соншалықты дәлдікпен нанымды жеткізе білген оның кең тынысты үлкен диапазонның әртісі екеніне осы жолы анық көз жеткіздік. Көп сөйлемейтін, аз сөйлесе де саз сөйлейтін Әбіш әкейдің қас­қырмен алысқан кезін ол қалай табиғи қалпында бере алған десеңізші! Бұл образ әкейдің егде тартқан кезіне келгенде Қа­зақстанның халық әртісі Нұржұман Ық­тым­баевтың сомдауында тағы бір қырынан жарқ ете түседі. Енді біз әдеттегіден де салмақты, сабырлы, байсалды Әбіш ақса­қал­ға көз тоқтатумен бірге, оның керекті кезінде тау суындай тасқындап ала жө­не­летін бұла күші мен қайсар қайрат-жігеріне куә боламыз. Бұл оның әйгілі волюн­та­ристің кезінде есік алдындағы әрбір түп ағаш пен мал басына салынатын салықтың жайын айтып келген шекпенділер сөзінен кейін кілт көтеріліп, бүкіл алма бағын бір мезетте отап тастайтынынан көрінеді. Өзі будандастыру арқылы бір дарақтан бірнеше түрлі жемісті өндіріп беретін, мәуесін баласындай мәпелейтін керемет бағбан болған кісі үшін бұл қадамға барудың оңайға түспегені белгілі. Бірақ тотали­тар­лық қоғамның көрер көзге жасап отырған қиянатына осылай қарсылық білдірмеске де болмайтын еді. Сондықтан зиянкес есебінде ұсталып кетуі мүмкін екенін біле тұрса да, Әбіш ақсақал осыған барды. Ба­ласы Сұлтанның алған бетінен қайтпас өжеттігі әке қанымен берілгендігі осы эпизодтан-ақ айқын көрініп тұр. Баласын жақсылыққа баулып, ізгілікке үндеген әкесін Сұлтан да жанындай жақсы көріп өсті. Қалай болғанда да, оның атына кір келтірмеуге, айтқанын екі етпеуге ты­рысты. Баяғы өзі бала жасынан армандаған ұшқыштың оқуына тұяғын іліктіріп тұрып, оған бармай қалуы да Сұлтанның әзиз әке көңілін қалдырғысы келмегендігінен бол­ған амалсыз шара еді. Әйтпесе, орта мектепті үздік бітірген бозбала аяқ астынан өзіне жол сілтеген ұшқыштарға кезігіп, Киев азаматтық авиация институтына қинал­май түсіп тұрған. Обалы не керек, әке Әбіш те оған: «Ол оқуға барма» дегенді кесіп айтқан жоқ. Қайта үй ішілік кеңеске әр ұлттың өкілдерінен құралған көрші-қолаң­ды араластырған ақсақал олардың ұйғары­мымен баласының оқуға баруына бата беруге тоқайласқан. Дегенмен, әкенің «Қай қаласында болса да, Қазақстанның бір жерінде туыңды тіккенің дұрыс болар еді» деген емеурінін айтқызбай ұққан Сұлтан әке тілегін екі етпей орындайды. Мұның өзі де оның ұлағатты ұл ғана емес, бірден батыл шешім қабылдай алатын ерік-жігер иесі болып өсіп келе жатқанын көрсетті. Елбасының анасы Әлжан апаның келіншек кезіндегі бейнесін сомдаған жас актриса Алмагүл Әлішева үшін бұл үлкен кино­дағы дебюттік рөл екен. Соған қарамастан ол қанатқақты бейнесін өз дәрежесінде көрсете білген. Ал бұл кісінің егде тартқан кезіндегі образын сахналаған әйгілі кино жұлдызы, КСРО Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Наталия Орынбасарова бұдан да жоғары биіктен табылған. Оның экрандағы әрбір қимылы, қозғалысы, көзқарасы, тіпті үндемей отырып та үлкен ойды білдіретін хас шеберлігі еріксіз таң қалдырады. Мұн­да режиссер әр буын актерлерін қатыс­тыру арқылы ұрпақтар арасындағы жас алшақ­тығын емес, керісінше сабақтас­тықты қа­лып­тастырыпты. Әрине, фильмде бұлардан да басқа бояуы қанық бейнелер бар. Солардың ішінде Ұлы Отан соғысы жылдарында қазақ даласына жер аударылып келген балқарлар әулеті, ежелден қазақтармен қоңсы отырған орыс Шаповаловтар отбасы арасында орна­ған туыстықтан бетер қарым-қатынас тап өмір­дегі қалпында көрініс тапқан. Бөбек Сұл­тан­ның қатты ауырып, сандырақтап жатқа­нында, «Алма жеймін» деген бір ауыз сөзіне бола қыстың күні жеті қараңғы түн­де Әбіш әкенің қыстаудан қыстақта тұра­тын Шаповаловтар үйіне суыт барып, бала­ның сұрағанын алып қайтуы сол шуақты байланыстың ертеден бері жалғасып келе жатқанын білдіреді. «Балалық шағымның аспаны» фильмі­нің басты кейіпкері, әл­бетте, Елбасының өзі. Осы ретте нәресте Сұлтан, бөбек Сұл­тан, бала Сұлтан, бозбала Сұлтан рөл­дерін кезектесе сомдаған ак­терлеріміздің де ең­бектері ерекше. Бұл жерде Нұр­сұлтан аға­ны жас кезінде ата-ана­сы да, ауыл­дастары да түгелдей «Сұлтан» деп атағанын оқыр­ман­дар біледі ғой деп ойлаймыз.  Олардың ішінде бізге, әсіресе, 6 жастағы бала Сұл­танды бейнелеген Елжас Әл­пиев­тің сонша­лық­ты табиғи ойыны қатты ұнады. Түр жағы­нан да бас кейіпкерден айны­май­тын ол өзі­нің қимыл-қозға­лы­сы­мен, сүй­кімді тірлігімен, кейде тіпті әдемі жы­миы­сы­мен Елба­сы­ның бала­лық шағын көзге елестетіп, көрерменін сол уақыттардың иіріміне қарай тар­тып алып кетеді. Оның сыртқы келбеті ғана емес, бүкіл ішкі дүниесі бізді Елбасы шығармаларынан оқыған асыл бейнемізбен қайта қауыш­тыр­ғандай әсерге бөлейді. Шы­нында ол бала Сұлтанның нағыз көшір­месіндей болып көрінеді. «Сен маған балалық шағың­ның қалай өткенін айтып берсең, мен саған болашағыңды болжап беремін» деген екен бір даныш­пан. Ендеше, Елбасының бүгінгі­дей күллі әлем танып, жаһан жұрты мойындаған көрнекті қай­раткер дәрежесіне дейін өсіп-жетілуінде оның балалық шағын­да алған тәлім-тәрбиесі мен қа­ланған негізінің үлкен орны бар. Осы тұрғыдан келгенде, жігіт Сұлтанның образын сомдаған та­нымал актер Нұрлан Әлім­жанов­тың ойынын ерекше атап өткен ләзім. Ол картинада қатары­ның алды болған алғыр оқушы, ата-анасының қолғанаты болған ең­бекқор бала, кез келген сазды аспапта ойнай беретін сауыққой бозбала, ат құлағында ойнайтын жас жігіт болып көріне­ді. Көкпар тарт­қанда да ересектерге дес бермей, алған бетінен қайтпайтын қайсарлығын танытқан Сұлтан­ның көзіндегі отты да Нұрлан жақсы бере білген. Фильмде адамды бастан-аяқ ғажайып сезімге бөлейтін тағы бір қосалқы кейіпкер бар. Ол – Елбасының туып-өскен өңірі Ала­­таудың бөктеріндегі Үшқо­ңыр жай­­лауы. Көктемде түркіменнің түкті кілеміндей құлпырып, жазда жасыл желекке малы­натын, күзде сыңсыған мәуеге толып, қыс­та биік шыңдарынан еңістегі етегіне дейін ақ қар жастанып жататын бұл өңір фи­льмнің желісімен керемет үндестік тап­қан. Кино­ту­ын­дыда сондай-ақ жер жән­на­ты – Жетісудың көлдері мен өзендері, таулары мен қы­раттары, аңы мен құсы – бәрі-бәрі тізбектелген моншақтай біртіндеп көрсеті­ліп тұрады. Біздіңше, осы керемет сұлу көрі­ністердің өзі ұрпақтардың кез келген буы­нына қазақстандық патриотизм, отан­сүй­гіштік рухын егуге толық қызмет ете алады.  Ал Отан деген әдетте от­басынан бас­­талады. Ата-ананың тәр­бие­сін көріп, тағылымын алып өскен ұр­пақ өзгелерден оқ бойы алда тұрса керек. Осы тұрғыдан келгенде,  фильмнің тағы бір артықшы­лығы, оның жастарды отба­сындағы береке-бірлікті сақтау мен туған жерді сүюден басталатын қазақстандық патриотизмге үн­дей білетіндігінде болса керек. «Балалық шағымның аспаны» фильмі туралы сөз еткенде, ондағы әрбір қимыл-қозғалысқа, кейіпкерлердің іс-әрекетіне ер­екше әр беріп тұратын, ондағы сезімнің иірімдерін тереңдетіп, барынша шарықтата түсетін тағы бір қосалқы кейіпкерге тоқ­тал­май өтуге болмайды. Ол – талантты ком­позитор Қуат Шілдебаевтың қанатты қиялынан туған музыкалық безендірілу. Халықтың бай музыкалық дәстүрін тиімді пай­далана білген ол арасында Жетісу өңірі­нің жүрек қылын тербейтін ғажайып әндері мен күйлерін орынды таңдап алған. Адам­ды ұдайы керемет керімсал күйге бөлеп оты­ратын бұл саздар расында көзге шүл­піл­детіп жас та тұндырады. Мұнда композитор халықтың «Гүлдерайым», «Дедім-ай-ау», «Күміс құман», «Шилі өзен» секілді өлмес мұрасын әдемі қиюластырып, сюжетке ендіріп жібереді. Бұлардың кейбірін Елбасының әдемі қоңыр даусымен айт­қанын естігенде, бойыңды ерекше бір се­зімнің баурап ала жөнелетіні де жасырын емес.  Өйткені оны біздің Елбасымыз, ел Пре­зиденті айтып отыр. Біздің ұлан-байтақ елімізді бала жасынан жеті өнерді жанына серік етіп өсіп, сегіз қырлы, бір сырлы азамат болып жетілген ұлы тұлға билейді. Осының бәрі, айналып келгенде, адамды айрықша мақтаныш сезіміне бөлейді.  Жал­­пы, эпикалық құлашта түсірілген кар­тина­ны тебіренбей отырып көру әсте мүмкін емес. Ең соңында қадап тұрып бастапқыдағы ойымызды тағы да қайталасақ, бұл фильм қазіргі заманғы ең озық техникалық жаб­дық-жарақтармен түсірілген. Сондықтан лента өте сапалы шыққан. Бұл ретте қою­шы-оператор Александр Рубановтың жо­ға­ры кәсіби деңгейден көрінгенін де айта кетуіміз керек. Өмірден алынған оқи­ға­сы өрбіген сайын ширығып, ұдайы дина­ми­калық серпінмен дамып отыратын фильм­нің мазмұны да барынша бай. Әдетте тұ­шымды түсірілген фильмді жұрт бір кө­румен шектеліп қал­май­ды, қайталап тамашаласа, жалықтыр­май жәмиғатты өзімен ілестіре әкететін осындай рухани құнды­лық­тың құрамына тағы бір татымды дү­ние­­нің келіп қосылға­ны кім-кімнің де есіне өзінің мөлдір бастаудай сыңғырлаған бал­даурен шағын түсірері хақ. Біз бұл фильм туралы ойымызды ортаға салмас бұ­рын кинолентаның таспа­сын алдын-ала алдыр­тып, көріп шыққан жайымыз бар. Кеше тағы тамашаладық. Айтпағымыз – көр­ген сайын көкірекке көп ой түйдіреді, әуел­гі әсер әлсіремейді. Мұ­ның өзі адам жанын шынайы бейнелейтін фильмнің өмір­шең болып қала беретінін аңғартады. Фильмнің өн бойында бала Сұлтанның, бозбала Сұлтанның, жігіт Сұлтанның ас­панға құштарлығы, ұшқыш болмақ арманы алтын арқау ретінде тартылған. Бұл арада аспан – биіктіктің, асқақтықтың символы. Пре­зидент ол арманына да жеткен. Елба­сы­мыздың әлем ас­панына Қазақстан қыранын қалай қалық­татып шығарғанын бұл күндері бүкіл дүние көріп отыр. Қарашаш ТОҚСАНБАЙ, Астана. Суретті түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.