• RUB:
    5.12
  • USD:
    483.23
  • EUR:
    534.74
Басты сайтқа өту
21 Ақпан, 2017

Мемлекеттік бағдарламаны іске асыру барысы қаралды

152 рет
көрсетілді

Кеше «Білім беруді және ғылымды дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру барысы туралы» деген тақырыпта Үкімет сағаты болды. Оны Мәжіліс Төрағасының орынбасары Гүлмира Исімбаева ашып, жүргізіп отырды. Қаралған мәселе бойынша негізгі баяндаманы Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев жасады. Министр бағдарламаның орындалу барысын оқушының жас деңгейіне сәйкес баян­дады. Соның ішінде, 3-6 жас ара­лы­ғындағы бөбектерді төрт жыл­дың ішінде мектепке дейінгі білім­мен балабақшаларда толықтай қам­ту мәселесі мемлекет-жеке­мен­шік әріптестігін дамыту жолы­мен шешілетіні айтылды. 2016 жылы ғана 77 мың орынға ар­нал­ған 825 мектепке дейінгі білім беру ұйымы осы жолмен іске қо­сылыпты. Соның 600-і же­ке­мен­шік балабақша екен. Сөй­тіп, 3-6 жасқа дейінгі бала­лар­­ды балабақшамен қамту 85 па­йыз­ға дейін өскен. 12 жыл­дық оқу бағдарламасына көшу үшін 0-ші сынып биылдан бастап енгізілмекші. Бұл бағ­дар­ламаның толығымен іске асы­ры­луы 2019 жылғы мерзімге шақ­талған. Бағдарламаны іске асыру барысында бөбектер бірінші сы­нып­қа 100 пайыз дайын болып, барлық әріптер мен сандарды біліп келеді. Қазір бөбектердің 70-80 пайызы ғана бірінші сыныпқа да­йын болып келіп жатыр. М­инистр осыған өкініш білдіріп, бөбектердің әріптерді тұтастай, толық таны­май­тындығына қын­жылды. «Әліппе» осы сыныпта оқытылады, деді ол. Биыл қанат­қақты ретінде бұл бағ­дарлама басталады екен. Сөйтіп, бөбек үшін білім есігін мұғалім емес, тәрбиеші ашатын болып қала беретін көрінеді... Тіл мәселесіне тоқталғанда Е.Сағадиев бүгінгі күні қазақ бала­ларының 90 пайызы ана тілінде оқитынын қанағатпен атап өтті. Өкінішке қарай, орыс мек­тептерінде оқитын 500 мыңдай бала қазақ тілін білмейді. Сол мек­­тептерге арналған жаңа әдіс­те­мелік дайындалды. Биылғы оқу жылынан бастап ол да қанат­қақ­ты бағдарлама ретінде жеке мек­теп­терге енгізіледі екен. Ағыл­шын тілін оқыту сапасын арттыру үшін биылдан бастап осы пәннің 5 мыңнан астам мұғаліміне 9 ай­лық білім жетілдіру курсы ашыл­ған. Бюджетке енгізілген жаңа түзетулер бұл санды тіпті 12 мың­ға дейін арттыруға мүмкіндік бер­ді, деді министр. Бүгінгі таңда елі­міз­дің 2700 адам ағылшын тілін оқы­та­тын көрінеді. Алдымыздағы жаңа оқу жылынан бастап ата-ана­лард­ың келісімімен жүздеген сыныптар ағылшын тіліне ауыс­тыры­латын көрінеді. Ал 2018 жыл­­дың аяғынан бастап барлық мек­­теп­терде 4 пәнді ағылшын тілін­­де оқыту қолға алынбақ. Бұл уа­қыт­­та жаңадан енгізілетін ағыл­шын тілін­дегі пәндерді оқыта ала­тын мұ­ға­лімдерінің саны 3 мың­ға арта­ды екен. Жалпы, осы мақ­сат­ты жүзеге асыру үшін пән­дер­­ді ағылшын тілінде оқы­та ала­­тын 16 мыңнан астам маман керек көрінеді. Одан әрі Е.Саға­диев бар­­лық пәндер бойынша «үй жұмысын» күніне бір сағатқа де­йін азайту мәселесі де қолға алын­­ғанын айтты. Қосымша баяндама жасаған Әлеуметтік-мәдени даму коми­тетінің төрайымы Гүлнәр Ық­санова­ның сөздерінде министр­ге қарағанда оптимистік сарын кемшін болды. Алдымен ол білім беру саласының 2016-2019 жыл­дарға арналған бағдарлама­­сын іске асыруға 1 трлн теңге­ден астам қаражат бөлінгенін, ал бұл де­геніңіз осы салаға соңғы 11 жыл­да берілген қаражатпен шен­­дес екенін айта келіп, алайда сала қыз­меткерлерінің еңбекақы­сы­ның төмендігі жұмысқа деген құл­шы­нысты азайтатынын айтты. Ауыл мектептері ұстаздары­ның біліктілігі төмен. Тесті­леу табал­дырығынан өте алмаған­дардың 65 пайызы ауыл мұғалімдері деді ол. Одан әрі шешен «0+11» бағдарламасының өзін 12 жылдық деп айту күмәнді екенін жеткізді. Егер 2019 жылдан бөбектер мектепке алты жастан баратын болса, 0-сыныбына бүл­дір­шіндер бес жасынан бара­ды екен, сонда осы сыныптың мәр­тебесі қандай болмақ? Оның үсті­не, мектепке дейінгі ұйымдарға ли­цен­з­ия да бері­л­мейді. Сондықтан, құқық­тық тұрғыдан бұл толық шешіл­ген мәселе емес, деді ол. Одан әрі Г.Ықсанова оқу бағдар­ла­ма­­лары­ның шикі тұстарын атап өтіп, оларды ширатудың маңыз­ды­лығын атады. Осының бәрі орынсыз асығыстықтың, мазмұнға назар аудармаудың себебінен бо­лып жатқан кеселдер, деді депутат. Қызу талқылаулар мен сұрақ­тар қойылған Үкімет сағаты ба­рын­­ша тартысты болды. Оты­рыс­ты жүргізген Гүлмира Исім­баева оны бірнеше мәселемен қо­рыт­ындылады: «0+11» үлгісі бо­йын­ша 12 жылдық білім беруге көшу жағдайындағы мектепалды даяр­лық пен бастауыш сыныптар бағ­дар­ламаларын пәнаралық сәй­кес­тендіру тетігін әзірлеу; Білім беру процесінен қол үзбей, мұғалім­дерінің біліктілігін арттырудың нақты жоспарын жасау; Норм­а­тив­тік-құқықтық актілерді қоры­тынды ат­тестаттаудың және ҰБТ-ның жа­ңа форматына сәйкес ке­л­тіру; «Үз­дік» және «нашар» мек­теп­тер ара­сындағы алшақтықты азайту бойынша, ауылдық мектеп­терді қолдау жөнінде іс-шаралар кешенін әзірлеу; «Білім туралы» Заң нормаларын іске асыруды қам­т­амасыз ету жөніндегі өзара іс-қимыл тетігін пысықтау және т.б. Отырыс Үкіметке осы және басқа мәселелерді қамтыған ұсыныстар жасайтын болды. Үкімет сағаты шеңберінде Мәжілістің жалпы отырыс залы­ның фойесінде көрме ұйым­дастырылды. Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»