Балалар әдебиеті арқылы жеткіншектер мен жасөспірімдер өмірдің қым-қуыт, жан-жақты аласұрған, алай-дүлей мінезімен, қоғам мен ортаның заңдылықтарымен, адамның жақсы һәм жаман қырларымен таныса бастайды. Кезінде танымал «Нарния хроникалары» деп аталатын фантазия жанрында жазылған 7 кітаптан тұратын топтама авторы Клайв Стейплз Льюис «Балаларға арнап жазудың үш тәсілі» деген мақаласында «Алдымен балалар не қалайтынын біліп алыңыз да, тіпті оны өзіңіз жек көрсеңіз де, соны беріңіз. ...Екінші жол біріншісіне ұқсайды деп ойласаңыз, мәселеге үстірт қараған боласыз. Осы жолмен Льюис Кэрролл, Кеннет Грэм, Джон Толкин жазатын. Алдымен олар өздері танитын балаларға, кейде тіпті аяқастынан ойлап шығарған ертегілерін айтып беретін. Содан кейін ол кітапқа айналатын. Үшінші жол – тек қана маған сәйкес келетін жол. Ол – ертегі жазу», деп жазған. Осыдан келіп «Балаларға арналған шығармалар қалай танымал болады? Неге кейбір авторлардың шығармалары дүние жүзінің әр түкпірінде тұратын балалардың ең сүйікті шығармаларының қатарына қосылып, жылдан-жылға, ғасырдан-ғасырға жалғасын тауып, қазіргі оқырманға дейін жетеді?» деген сұрақ туындайды. Осындай дүние жүзіне танымал болған, әлемнің көптеген тілдеріне аударылған бірнеше шығарманы алып көрейік. Бұл шығармаларды мен соңғы бір-екі жылдың ішінде оқыған болатынмын. Ең бірінші, француз жазушысы Анна Гавальданың «35 келі үміт» (2002 ж.) кітабын айтқым келеді. «35 келі үміт»– 6-сынып оқушысы Дюбоск Грегуардың отбасы, мектебі, мектепке деген қарым-қатынасы, айналасынан түсіністік пен қолдау күтуі, бірақ өкінішке қарай, мектеп талаптарына сай келмей ылғи ескерту алып, ең нашар оқушының тізімінде болуы, соған қарамастан, жүрегі мейірімге толы, қолымен бар жұмысты істеуге дайын тұрған үміті мен арманы асқақ баланың өмірі туралы. Осы кітапты оқып біткенде, «бәрі жақсы болады деген үміт» қай оқырманның болса да жүрегінде бірден ұялайтынын түсіндім. Бұрын кітапты оқып біткенде одан не күтетінім есімде жоқ, енді оқыған кітаптарымнан, әсіресе, балаларға арналған шығармалардан, қуаныш пен үмітті іздейтін болдым. Осындай ерекше сезім қалдырған тағы бір шығарма норвег жазушысы Мария Паррдың «Вафли жүрек» (2005 ж.) кітабы. Бұл кітап Швеция, Франция, Польша, Германия, Нидерланд елдерінде жарық көрген, «Күміс грифель» сыйлығын алған. Кітаптың басты кейіпкерлері Трилле мен Ленаның бастан кешкен, кейде тіпті, қауіп-қатерге толы оқиғалары ешкімді бейжай қалдырмайды. Үлкендер оларды кейде түсініп қолдап жатса, кей кездері бала жүрегінде не болып жатқанын білмей де қалатын. Бірақ балалардың арасындағы достық бәрінен де күшті болып шығады. Үшінші кітап, бұдан 100 жыл бұрын шықса да, осы уақытқа дейін оқырманын ерекше сезімге бөлейтін танымал роман – «Полианна» (1913 ж.). Бұл романның авторы америкалық жазушы Элинор Портер. Осы романның желісі бойынша көркем фильм мен сериалдар да түсірілген. Романның басты кейіпкері он бір жасар Полианна жетім қалып тәтесінің үйіне көшіп келуге мәжбүр болады. Ол «сыйлыққа қуыршақ қалағанда, саған балдақ сыйласа» қалай қуану керек екенін айтып бере алады. Басты кейіпкердің «қандай жағдай болса да, қуана білуге үйрететін ойыны» қалашықтағы барлық адамның жүрегін жаулайды. Осы ойын және мінезінің ашықтығы, ақкөңіл және сенгіш, жаны таза қыз баланың қоршаған адамдармен қарым-қатынасын айқындап, айналасын өзгертуге септігін тигізеді. Өзіне, істегені мен айтқанының дұрыстығына деген сенім, кейде қателесіп жатса да, оны түзей алуы, ең бастысы, адамдарға деген мейірімі мен сүйіспеншілігі оның қасына барлық адамды топтастырады. Бұл романды қуануға үйрететін кітап дер едім және барлық адамға оқуға кеңес беруге болатын шығарманың қатарына жатқызуға болады. Үлкендер сияқты, бала да өзінің жаны, сезімі, қалауы мен уайымы, арманы мен өз әлемі бар тіршілік иесі. Оған өмірдің сабағын алуға, шынайы өмірді еш бояусыз қабылдауына кедергі болмауымыз керек болар, дегенмен, жақсы ертегілер, әңгімелер мен хикаяттар, анимациялар, көркем фильмдер ұсыну арқылы баланың жан дүниесін асқақ армандар мен қиял-ғажайыпқа жетелеу өте маңызды. Бала шығарманы оқып отырып тек өмірдің қиындығын, ауыртпалығын, әлеуметтік мәселелерді ойлап, мұңайып, қайғырып, қиындықтан шығар жолды іздей алмайды. Балаға қиялын ұштайтын, арманын асқақтататын, жүрегіне мейірім мен сыйластық, батырлық пен батылдық, сенім мен үміт ұялататын шығармалар қай кезде де керек.
Бақытгүл САЛЫХОВА,
педагогика ғылымдарының кандидаты