Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев қаңтар айында билік тармақтары арасында өкілеттіктерді қайта бөлу мәселелері жөніндегі халыққа арнаған Үндеуі мен биылғы Жолдауында беделді Парламент пен қуатты Үкімет құратын кездің жеткенін, сондықтан өзінің бірқатар өкілеттіктерін Парламент пен Үкіметке беру жөнінде шешім қабылдағанын айтқан болатын. «Мемлекеттің басқару жүйесін жаңғыртатын кез келді. Мен елдің мүддесі мен заманның талабын, ұрпақтың болашағын ойлай отырып, осындай байлам жасадым» деген еді Президент өз Үндеуінде.
Бұл тереңнен ойластырылған, уақыт сүзгісінен өткен, дер кезінде қабылданған өте дұрыс шешім болды деп ойлаймыз. Өйткені, еліміз демократиялық, құқықтық мемлекет ретінде қалыптасу кезеңінен өтті. Мемлекетіміз аяғынан тік тұрды. Халықтың әл-ауқаты жақсарды. Тәуелсіздіктің 25 жылында бірлігі жарасқан Қазақстан халқы Елбасымен бірге қалыптасу мектебінен сәтті өтіп, барлық салада зор жетістіктерге қол жеткізіп, әлем санасатын әлеуетті мемлекетке айналды. Ширек ғасырда еліміз әлемдегі экономикасы бәсекеге қабілетті 50 мемлекеттің қатарына енді. Қазіргі уақытта әлемнің дамыған 30 елінің қатарына енуді межелеп отырмыз.
Елбасының бұл шешімі арқылы біз демократиялық, құқықтық, зайырлы мемлекет екенімізді төрткүл дүниеге дәлелдеп жатырмыз. Сөз жүзінде емес, іс жүзінде. Мемлекет басшысы өз еркімен Президенттің бірқатар өкілеттіктерін Парламент пен Үкіметке беру жөнінде шешім қабылдады. Біз ел қамын ойлаудан туған осындай батыл байламы үшін Нұрсұлтан Әбішұлына алғыс айтуымыз керек. Елбасы мұндай шешімді бұдан ертерек қабылдаса да болар еді. Оған ешкім де қарсы болмас еді. Бірақ Мемлекет басшысы барлығын тереңнен, байыппен, байсалдылықпен сараптап, бұған біздің қоғамның, билік құрылымдарының қаншалықты дайын екендігін ескерген секілді. Қоғамның түбірлі өзгерістерге сақадай-сай болуына мүмкіндік берген сияқты.
Біз бір нәрсені анық байыптауымыз керек. Елбасы өзінің өкілеттіктерінің бірқатарын Парламент пен Үкіметке беріп, олардың жауапкершілігін ғана арттырып отырған жоқ. Қоғамға, еліміздің барша азаматтарына мемлекет дамуына белсене атсалысуға, белсене қатысуға мүмкіндік ұсынып отыр. Өйткені, Парламент дегеніңіз – халық. Парламентті халық сайлайды. Парламент арқылы халық өз тілегін, мұң-мұқтажын жеткізеді. Сондықтан бұл іске бір атаның баласындай, бір қолдың саласындай қоғам болып, ел болып, жұдырықтай жұмыла атсалысайық.
Сұлтан КАРТОЕВ,
халықаралық «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының
вице-президенті, «Парасат»,
«Құрмет» ордендерінің иегері
Шығыс Қазақстан облысы