Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында білім беру саласындағы мамандардың назарын аударатын артықшылықтардың бірі – төртінші басымдық, яғни адами капитал сапасын жақсарту. Осы бөлімде нақты айтылған түйін «Ең алдымен, білім беру жүйесінің рөлі өзгеруге тиіс. Біздің міндетіміз – білім беруді экономикалық өсудің жаңа моделінің орталық буынына айналдыру. Оқыту бағдарламаларын сыни ойлау қабілетін және өз бетімен іздену дағдыларын дамытуға бағыттау қажет», деп нақты тапсырма ретінде берілген.
Бүгіндері – осы мақсат Қазақстан жоғары оқу орындарында қандай деңгейде орындалуда немесе инновациялық білім берудің заманауи тетіктерінің қандай түрлерін қолданғанда күткендегідей жетістіктерге жетуге болады деген мәселе ой түйіндерін тарқатуға жетелейді. Егер шетелдік тәжірибелерге зер салсақ, әлемнің барлық дерлік мемлекеттерінде үкіметтің инновациялық жолмен дамып жатқан білім беру жүйесін қаржыландыруда әдіс-тәсілдердің тиімді жолдарын іздестіруде екенін аңдаймыз. Тіпті, алпауыт АҚШ-тың өзінде ел үкіметі мемлекеттік университеттерді қаржыландыруда олардың жалпы бюджетінің 30 пайызынан асырмайды. Осы тұрғыда оқу орындары өздерінің даму қарқыны үшін өздігінен қосымша қаржы көздерін іздестіріп, кәсіпкерлік құрылымдарды дамытуға мәжбүр.
1998 жылы Бертон Р.Кларк алғаш рет осы феноменнің жүйелі ғылыми мәнін қолдануға талпыныс жасап, ғылыми айналымға «Enterpreneurial University» («кәсіпкерлік немесе антерпренерлік университет») терминін енгізді. Аталған универсиет нені ұсынады?
Кәсіпкерлік университеттің әмбебеп және ауқымды анықтамасының қайнар көзі ретінде бізге, әлбетте, кәсіпкерлік белсенділік елестейді. Дегенмен, өз кезегінде жоғары мектептерге қатысты кәсіпкерлік қызмет дегеннің мәні қалай түсіндіріледі деген сауал туындайды?
«Кәсіпкерлік қызмет: институттық дамудың стратегиясы» атты мақаласында П.Шульце университеттің кәсіпкерлік қызметін іске асырудың екі жолын көрсетеді. Оның алғашқы бағыты болашақ кәсіпкерлерді, яғни өздерінің меншікті бизнестерінің негізін қалап, ол үшін жауапкершілікті мойнына ала білетін адамдарды даярлауға қатысты.
Екінші бағыты – дәл сол университеттің өзінің кәсіпкерлік қызметі. Яғни, оның бизнес-инкубаторларды, технопарктерді, еншілес фирмаларды, т.б. кәсіпкерлік нысандарды құруы болып табылады. Ол үшін университет, студенттер мен бітіруші түлектерді ақпараттық-кеңес беру, яғни теория ғана емес, сондай-ақ, ресурстық көмек көрсету арқылы да кәсіпкерлікке тартуы тиіс. Бұл арада теория мен практиканың бірлігі, жанды байланысы меңзеліп отырғаны белгілі. Мәселен, Оксфорд университетінің жанында жекелей алғанда, жалпы жылдық қаржылық айналымы 4 млрд доллардан асатын 300 фирма бар, олардан университет қоржынына жылына 1 млрд доллар қаражат түсетін көрінеді.
Әңгіменің бастауы тек кәсіпкерлік туралы және жаңа кәсіпорындарды құруда ғана емес, бәсекелестік артықшылықтарына сүйене отырып, жоғары мектептер ғылымның араласуын қажет ететін инновациялық өндірістерді құрастыра алатын әлеуетке ие болуында.
Жалпы, бұл қызметтің институттық негізі университеттік бизнес-инкубаторлар мен технопарктер болып табылады. Дүние жүзінде кеңірек тараған бизнес-инкубаторлар АҚШ-та. Онда олар көптеген ғылыми технологиялық парктер құрамына кіріктірілген. Бүгінгі күні АҚШ та 160 бизнес-инкубатор өз қызметін уақыт талабына сай атқаруда.
Осы бағытта Израиль мемлекетінің Машав халықаралық оқыту орталығы ғылым мен тəжірибені ырғақты ұштастырып, жақсы нәтижелерге қол жеткізіп отырған әлемдегі бірден-бір сапалы орталық болуда. Осы тренинг орталығы жақында Қазақстан ЭКСПО-2017 халықаралық мамандандырылған көрмесіне таңдап алған тақырып бойынша әлемнің 25 елінен ғалымдарды шақыртып, «Жасыл экономика» немесе мұнай-газ, энергия көздерін үнемді пайдалану тақырыбында жиын өткізіп, соған қатысқан болатынмын. Мен олардың балабақша –мектеп – университет арасында сатылап баптап-тәрбиелеп оқытып, тұлғаны маман қылып қалыптастырып шығару тәжірибелеріне тәнті болдым.
Мысалға, болашақ ауыл шаруашылығы мамандарын мектеп жасынан, тіпті балабақшадан бастап дайындайды екен. Сапар барысында ауыл шаруашылығы мамандарын даярлайтын мектепте болдық. Ол жерде 6 жастан бастап оқушыға ауыл шаруашылығының қыр-сыры, қара жердің беті мен қойнауы, тамырын жаятын тұқым, өскен дән, жемісін көру үшін оны күтіп-баптау және т.б. оқытыла бастайды. Балалар балғын шағынан балабақшада өзінің болашақ мамандығын таңдап, арнайы бағытта дайындайтын мектепке барады.
Сонымен қатар, болашақ энергия көздерін алмастыруға байланысты жұмыс істеп жатқан өндіріс орындарында, университеттегі бизнес-инкубаторларда инновациялық технологиялардың жаңа даму барысымен таныстық. Израильдегі білім беру ісі кластерлік жүйедегі инновациялық білім берудің моделімен ерекшеленеді екен. Аграрлық саладағы жеткен жетістіктері шынымен де адам таңғаларлық.
Бұл тәжірибелер, олардың жетістіктері – өркениетке ұмтылып, әлемдегі озық отыз елмен иық теңестіруге ұмтылып отырған біздің мемлекетіміз үшін де аса өзекті. Елімізде «Баршаға арналған тегін кәсіптік-техникалық білім беру» жобасы іске асырыла бастады. Жолдауда «Тегін оқытумен ең әуелі жұмыссыз және өзін өзі тиімсіз жұмыспен қамтыған жастар, сондай-ақ, кәсіптік білімі жоқ ересек адамдар қамтылуы тиіс. Кәсіптік білім беру жүйесінде мен айтқандай, экономикадағы жаңа өндірістер үшін мамандар дайындауға ден қою керек», деп айтылды, бұның білім беру саласын интеграциялау, әлемдік тәжірибелердің озық модельдерімен оқытудың заманауи ділгірлігінен туған өскелең та-
лаптар екендігіне күмән жоқ.
Осы арада Narxoz университетінің ректоры Кшиштоф Рыбиньски мырзаның сарапты тұжырымдарына жүгінсек, біз Қазақстанды ұлт болашағы – кейінгі ұрпақ үшін өсіп-өркендеген «Мәңгілік Елге» айналдыруда адами капиталдың негізі – білім беру үдерістерінің ахуалдарынан былайша хабардар болар едік. Әсіресе, менеджментке мамандандырылған ЖОО-ларда жоғары білім беру жүйесінің сапасы төмен деп саналады. Мұндай көңіл көншітпейтін пікірлерді Қазақстанда жұмыс істейтін компания басшылары жиі айтады. «Жуырда менеджмент саласында білім сапасы үшін үздік білім беру аккредитациясын және институттық менеджменттің жоғары сапасы үшін CEEMAN жеңімпазы ретінде марапатталған университет ректоры ретінде мен Қазақстанның жоғары білім беру жүйесін түбегейлі өзгертудің қажеттілігі туралы тынбастан күн сайын, сағаттар сайын айта берген болар едім», дейді К.Рыбински.
Мәселен, университеті әлемдік беделді университеттермен және бизнес- мектептермен иық тірестіре отырып менеджмент бойынша бағдарламалар жасап шығарып, менеджмент-білімді түбегейлі транс-
формациялайтын инновацияларды енгізуде. Қазақстан тауар және қызмет көрсету нарығы рейтингінде қатты құлдырауды бастан кешірді. Елде нарыққа төтеп беретін белсенді бәсекелестік деңгейі төмен, шетелдік тауар өндірушілердің нарығына шығу қатаң қадағаланып бақыланады, ұсынылатын тауарлар мен көрсетілетін қызмет түрлерінің сапасына теріс әсер ететін импорт пен бәсеке қатты шектелген. Отандық өнім өндірушілер клиенттерді бағдарлап нысаналаушы бола алмай абдырап отыр. Осы орайда Narxoz университеті өз тәжірибелерімен бөлісе алады.
Саябек ЗИЯДИН,
экономика ғылымдарының докторы