• RUB:
    5.49
  • USD:
    477.14
  • EUR:
    521.28
Басты сайтқа өту
20 Сәуір, 2011

Тасқынға тосқын қойылды

377 рет
көрсетілді

Орал өңірінде тұрғындарды тас­қын судан құтқару және оған тос­қауыл қою жұмыстары өз нәтижелерін бере бастады. Су ортасында қалған Алғабас, Қарағай және Бесоба ауыл­дарындағы күрделі жағдай қалыпқа түсіп келеді. Өңірдегі шағын өзендер өз арнасымен ағуда. Енді бір қауіп болса Жайықтан болуы мүмкін. Су тасқынының екінші толқыны Жайық өзені арқылы келмесіне кім кепіл? Дәл бүгінгі күні батысқазақ­стан­дықтар осындай ой мен күдіктен, тіпті үрейге бой алдыру сезімінен де құр­алақан еместігін жасырып қала ал­май­мыз. Орал қаласының бір топ тұр­ғы­ны кеше таңертең Жайықтың жаға­сындағы жағдайды бақылап жүрген Батыс Қазақстан облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовке де осы қауіптерін жеткізіпті. «Сіз бұған не дейсіз?»- деп қадала, қиыла сұрапты. Облыс басшысы оларға бұлайша қауіп етуге әзірге ешқандай негіз жоқ деп жауап қайтарған. Сондай-ақ бүгінгі материалы­мыз­ды газетке әзірлеу барысында атал­мыш сауалды Батыс Қазақстан гидрометеорология орталығының дирек­торы Қаракөз Елеуоваға қойғанбыз. Оның жауабы төмендегідей. – Алдағы күндері Ақжайық айма­ғында ауаның температурасы төмен­деп, жауын жауады. Кей жерлерде қатты жел тұрады деп күтілуде. Бұл құ­былыс әрине, өңірдегі ылғал мөл­шері­нің көбеюіне әсер етеді. Ал Жайық өзенінің деңгейі тағы да өседі екен деген қауесет шындыққа сәйкес келмейді. Мен бұл мәселе жөнінде ресейлік әріптестеріммен күн сайын сөйлесіп, байланыс ұстап отырмын. Олар мені сәуірдің аяғы мен мамыр айының ор­тасына дейін Ириклин су қоймасын толтыру жоспарланып отырғаны жөнін­де нақты деректерді алға тартты. Бұл өте үлкен қойма. Мұның өзі біздің өңір­ге тасқын судың екінші толқыны соғуы мүмкіндігін мүлдем төмендетеді. Тіпті жоққа шығарады. Лайым да солай болғай. БАҚ тасқын судың Орал өңіріне адам айтса сенгісіз орасан зор шығын келтіргенін көрсетіп, жазып жатыр. Ақиқаты да осы. Дегенмен, тасқын өңір экологиясын сауық­тырып, су тапшылығын жоюға пайда­сын тигізетінін де ұмытпайық. Соңғы жыл­дары Жайық пен Шаған өзендері­нің ар­на­сы мүлдем тартылып, бұл фактор та­биғи тепе-теңдіктің бұзылуына әсер ете бастады. Сондықтан, биылғы мол суды ел игілігіне ұтымды пайдалана білудің берері мол. Тасқынмен күндіз-түні арпа­лысып жатқан батыс­қазақстандықтар мәселенің бұл жағын да ұмыт қал­дыр­мағанын айта кеткен жөн. Ақжайық жұртшылығына бүгінде барша қазақстандықтар өз көмектерін бере бастады. Кеше «Егемен Қазақ­станның» тілшілер қосынына Жаңақала ауданының құрметті азаматы Төлеген Мерғалиев хабарласып, газетте жария­лан­ған шығысқазақстандық ақын Дулат Шідеровтің батысқазақстандықтарға ар­наған жыр жолдарын оқығанда көңілі босап қоя бергенін айтты. Ұлы Отан соғысы кезінде Питерде үй қабыр­ғаларына жапсырылған Жамбылдың «Ленинградтық өренім» атты арнауы оны қорғаушыларға қандай күш-жігер бергені бұған дейінгі жазбалардан белгілі. Дулаттың өлеңінің әсері өз басым үшін содан кем соққан жоқ. «Біз сіздермен біргеміз», дей отырып, ол бізге үлкен дем берді. Баға жетпес мораль­дық қолдау көрсетті. Сол үшін Дулатқа да, осы арнау өлеңді жария­лаған «Егеменге» де ризашылығымыз шексіз. Осылай деп ішкі ойын ақ­тарып салған Төкең осы тілегінің «Егеменнің» бетінде көрініс табуын өтінді. Сонымен бүгінгі күні Батыс Қазақ­стан облысында бұрын-соңды б­олып көрмеген жойқын алапат тас­қынның беті қайта бастады деп ой түйе аламыз. Осы арқылы батысқазақ­стан­дықтар тас­қын су зардаптарымен күрестің екінші кезеңіне аяқ басты деуге болады. Бұл бүлінген, су астында қалған инфра­құ­ры­лымдарды қалпына келтіру жұ­мыс­тары. Бірінші кезекте көлік жолдарын жөндеу қолға алынып отыр. Әрине, тасқыннан алар ащы сабақ әлі алда деп білеміз. Әйтсе де оның басты бір са­ба­ғын дәл қазір айта кетудің де артықшы­лығы жоқ. Ол Төтенше жағдайлар министрі Владимир Божко атап көрсет­кен­дей – аумақтарды дамыту бағдарла­ма­ларын бекіткен кезде инженерлік-сақ­тық құры­лыстарын қоса жобалау болмақ. Темір ҚҰСАЙЫН. Батыс Қазақстан облысы. ____________________________ Суретте: тасқынның салған әлегі. Суреттерді түсірген Александр КУПРИН.