БІРАҚ ОНЫҢ ҚАУІПСІЗДІГІ МӘСЕЛЕСІ ШЕГІНЕ ЖЕТКІЗІЛУІ ТИІС
Кеше Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Украинаның астанасы Киев қаласына келіп, Чернобыль АЭС-індегі апатқа 25 жыл болуына орайластырыла ұйымдастырылып, атом қуатын қауіпсіз және инновациялық мақсатта пайдалану мәселелеріне арналған саммитке қатысты.
Саммитке ұзын саны 60-қа жуық делегация келген екен. Соның ішінде БҰҰ, НАТО, Еуропа Кеңесі, Еурокомиссия, МАГАТЭ, ДДҰ сияқты беделді халықаралық ұйымдардан келген делегациялар да болды. Халықаралық ұйымдар делегацияларының басшылары қатарында БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун, Еурокомиссияның президенті Ж.Баррозу, МАГАТЭ-нің бас директоры Ю.Амано және т.б. келіпті. Делегация бастаған мемлекет басшылары қатарында Қазақстан Президентінен басқа Польша, Хорватия, Венгрия, Румыния, Чехия президенттері, ал Әзірбайжан, Бельгия, Литва, Франция, Малайзия, Словакия мемлекеттерінің үкімет басшылары, Қытай, Ресей және т.б. көптеген елдердің үкімет басшыларының орынбасарлары, сыртқы істер министрлері болды. Бір сөзбен айтқанда, Украина астанасы желтоқсан айында ЕҚЫҰ-ның Саммитін өткізген Астана сияқты қатты әбігер үстінде екен.
Украина Президенті Виктор Янукович қарсы алушы мемлекеттің басшысы ретінде делегация басшыларын дәл біздегі секілді жеке-жеке қарсы алып тұрды. Астана уақыты бойынша кешкі 18.00-де, ал Киев уақытымен түс ауа бере, яғни 15.00-де саммит өз жұмысын бастады.
Осыдан 25 жыл бұрын Украина қаласы – Чернобыльде ХХ ғасырдың аяғындағы адамзат тарихында орын алған ең үлкен техногендік апатқа қазақстандықтардың да қатысы болды. Оның зардаптарын жою үшін сол кездегі КСРО аумағындағы барлық республикалардан мамандар мен жұмысшылар тартылды. Соның ішінде 30 мыңнан артық қазақстандық апаттың зардабын жоюға қатысып, өз денсаулықтарына залал келтіру қаупіне барды. Сондықтан да, оның зардабын айтқанда, Қазақстан ешқашан шет қала алмайды.
Сол кездегі КСРО мемлекетін ғана емес, бүкіл әлемді дүр сілкіндірген апат 1986 жылдың 26 сәуірінде болған еді. Сол күні осындағы АЭС-тің төртінші блогы жарылып, жойқын апат орын алған-тын. Одан тараған радиация көршілес елдердің бәріне жетті. Мұндай болады деп ойламаған еуропалық елдердің бәрі де қатты дүрлігіп, атомның зардабын жоюға бүкіл әлемді жұмылдырды. Сол үшін «Укрытие» атты халықаралық қор құрылды. Оның негізгі қаржыгері және қаражатты іске жұмылдырушы Еуропа Қайта құру және даму банкі болды. Бүгінгі күнге дейін осы қордың қоржынына 864 млн. еуро түсті. Оған 30 донор қатысқан еді. 2000 жылы АЭС-тің соңғы реакторы тоқтатылған болатын. Қазір жарылыс болған төртінші блокты толығымен залалсыздандыру және 1-3 блоктардың қолданылған ядролық отындарының қауіпсіз жағдайда сақталуын қамтамасыз ету мәселелері алда тұр. Оның қоймасы Ядролық қауіпсіздік есеп-шоттары есебінен қаржыландырылады. Бүгінгі күнге дейін оның қоржынына 17 донор 321 млн. еуро аударды.
Бүгінгі күні әлемнің алдында пайдалану мерзімі жетіп, ескірген атом электр стансаларын пайдаланудан шығару міндеті тұр. Бірақ соны іске асыратын инфрақұрылым әлі күнге жасалмаған. Еуропа Қайта құру және даму банкі арқылы бөлінетін қаражат негізінен пайдаланылған ядролық отындарды сақтау жұмыстарын атқаруға ғана қолданылады. Ал ескірген атом электр стансаларын пайдаланудан шығару да бірлескен жойқын қаржылық, техногендік күшті қажет ететін шара. Өйткені, мұндай жағдайда сол елдің энергетикалық проблемаларын шешетін баламалы қуат көзін де қарастыру керек. Осы уақытқа дейін осындай қиындықтардың салдарынан бұл іске жаһандық тұрғыда бәлендей мән берілмеген болса, енді Жапониядағы «Фукусима-1» АЭС-інде болған апат бұл шаруаны кейінге қалдыра беруге болмайтынын көрсетіп берді. Украина саммиті осы мәселелерге жаһандық тұрғыда қозғау салуды мақсат еткен екен.
Саммит жұмысын Украина Президенті В.Янукович құттықтау сөзбен ашып, жүргізіп отырды. Ол өзінің сөзінде Чернобыль апатының зардабын жоюға қатысқан бұрынғы КСРО республикалары азаматтары мен әлем елдерінің көмегіне ризашылығын білдірді. Ядролық энергияны бейбіт мақсатқа пайдаланудан ешкім де бас тарта алмайды, бірақ мәселе қатаң бақылауда болуы керек, деді ол.
Алғашқы сөзді БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун алды. Ол БҰҰ тарапынан Венада осы істі бақылауға алу туралы мәселе көтерілгенін еске салып өтті. Әлемнің барлық түкпірінде ядролық қуатты пайдаланушыларға бірдей қауіпсіздік нормалары жасалып, ол қатаң сақталуы керек, деді ол. Бұл істе барлық елдердің бір-біріне деген сенімі де зор болғанын қалаймыз.
Екінші болып сөз алған Еурокомиссияның президенті Ж.Баррозу Чернобыль апатының зардабын жоюға Еуроодақ тарапынан жасалған көмектерге тоқталды. Соның ішінде ол Еуропа Қайта құру және даму банкінің көмегімен жасалған әрекеттерге кеңінен тоқталып, жасалған жұмыстар туралы айтты.
Үшінші сөз Мемлекет басшылары арасынан бірінші болып Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа берілді. Чернобыль апаты алғашқы болып атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдаланудың да орасан зор қаупі бар екенін бүкіл әлемге көрсетіп берді деп айтсақ қателеспейтін шығармыз, деді Қазақстан Президенті. Апат зардабын залалсыздандыруға жүздеген мың адамның қатарында 32 мың қазақстандық та қатысты. Олардың көбі денсаулықтарынан айырылды, біразы өмірімен қоштасты. Ядролық радиацияның зардабын басынан кешіп келген біздің халқымыз чернобыльдіктердің тағдырына барынша түсіністікпен қарайды. Осылай дей келіп, Нұрсұлтан Әбішұлы Қазақстан жерінде әлемдегі ең үлкен ядролық сынақ полигонының болғанын, онда 116 Чернобыль апатының зардабына тең 456 жарылыс жасалғанын және оны Тәуелсіз Қазақстанның Президенті болып сайланғаннан кейін алғашқы Жарлықтарының бірімен өзінің жапқанын айтты.
Одан әрі осы сынақ полигонының орнында былтыр БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мун болып, Қазақстанның жаһандық ядоролық қарусыздану ісіне сүбелі үлес қосқанын атап өткенін жеткізді. Біз биылғы қазан айында Семей полигонының жабылғанының 20 жылдығын атап өтіп, соған байланысты халықаралық «Ядросыз әлем форумын» өткіземіз. Осы мүмкіншілікті пайдаланып, сіздерді соған қатысуға шақырамын, деді Н.Назарбаев. Елбасы атом энергетикасын бүгінгі күні пайдалану мәселесіне тоқталғанда, АЭС-терді салу жоспарына барынша мұқият қарайтын жаңаша ұстаным керек екенін атап көрсетті. Әсіресе, бұрын мұндай энергетиканы пайдаланбаған елдерде бақылау еселеп арттырылуы керек. Үстіміздегі ғасырдың ортасына қарай елу ел АЭС-ке қол жеткізгісі келіп отырғаны белгілі. Апат болған жағдайда олар елдің ауқымынан шығып, трансшекаралық өлшемге жететінін ескеруі тиіс. Сондықтан АЭС және басқа да азаматтық атом нысандарының қауіпсіздігі жаһандық ядролық қауіпсіздіктің маңызды құрамдас бөлігі болып отырғаны айдан анық. Осыларды ескеріп, қауіпсіздіктің халықаралық, барынша қатаңдатылған, біртекті стандарттарын әзірлеу керек. Осы қатарда МАГАТЭ шеңберінде тәуелсіз сарапшылардың күшімен АЭС-терді басқару жүйелеріне тұрақты түрде стресс-тест жасалып тұруы қажет. Сонымен бірге АЭС пайдаланушы мемлекеттер мен компаниялар ядролық нысанда болған кез келген оқыс оқиға туралы өз тұрғындарын да, халықаралық қоғамдастықты да шұғыл хабардар еткені талап етілуі керек. Егер мұндай талаптарды орындағысы келмегендер болса, әлемдік қауіпсіздікті сақтау ісі ондай мемлекетке қатаң санкциялар қолдансын. Атом энергетикасын дамытқысы келген кез келген елдің өкіметі апатқа жол берген жағдайда басқа мемлекеттер мен жаһандық экологияға келтірген зардабының шығынын өтеуге дайын болуы шарт. Біздің балаларымыз бен немерелеріміз бүгінгі күні елдің билігі мен бизнесінің басында болған адамдардың қателіктеріне жауап бермейтін болсын, деді Н.Назарбаев.
Одан әрі Елбасы Қазақстанның атом энергетикасын дамыту жоспарларына тоқталды. Біз бұл іске барлық жағдайды екшеп кіріскелі отырмыз. Біздің еліміз қазір уран рудасын өндіруден әлемде бірінші орында тұр. Еліміз реакторларды пайдалануда да, қолданбалы ядролық физика саласында да жеткілікті дәрежеде ғылыми-тәжірибелік сынақтардан өткен. Атом өнеркәсібін дамыту барысында біз ядролық отын циклінің вертикалды интеграцияланған компаниясын құруды жоспарлап отырмыз. Яғни, уранды өндіруден бастап, одан отын алуға дейінгі циклді жасамақпыз. Сонымен бірге, біз қауіпсіздік шараларын толығымен қарастырып және оның МАГАТЭ тарапынан бақылауда болғанын қалаймыз, дей келіп, Қазақстан өз аумағында пайдаланылған отынның банкін орналастыруға дайын екенін тағы қайталады. Сөзінің соңында Елбасы Франция мен Украинаның Чернобыль АЭС-і зардаптарын жою жөніндегі халықаралық жобаларды аяқтауға көмек сұрағанын Қазақстан Үкіметі қарастырып, осы іске қаражат бөлу туралы шешім қабылдағанын жеткізді. Мен Киев саммитіндегі атом энергетикасын дамыту мен оның қауіпсіздігін сақтау жөнінде кеңінен айтылған мәселелер нақты нәтижелерге қол жеткізер деген үміттемін, деді Қазақстан басшысы.
Қазақстан Президентінен кейін сөзді Польша, Швейцария, Венгрия, Хорватия президенттері және басқалар алып, көтерілген мәселе жөнінде өз ойларын ортаға салды. Саммит қорытындысы бойынша атом энергетикасын бейбіт мақсатта пайдалану барысында халықаралық қауіпсіздікті сақтау мәселелеріне жауапкершілік туралы декларация қабылданды.
Саммит барысында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев БҰҰ Бас хатшысы Пан Ги Мунмен, Еуропа Комиссиясының президенті Ж.Баррозу және Украина Президенті В.Януковичпен кездесіп, екіжақты ынтымақтастықтың кейбір мәселелері жөнінде пікір алмасты.
Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан» – Киевтен.
-----------------------------------------
Суреттерді түсіргендер С.БОНДАРЕНКО, Б.ОТАРБАЕВ.