• RUB:
    5.37
  • USD:
    477.04
  • EUR:
    520.78
Басты сайтқа өту
23 Сәуір, 2011

Қарасөз дарабозы

3846 рет
көрсетілді

Қазақ прозасы тарихында өшпестей із қалдырған қаламгерлер қатарында Қазақ­станның халық жазушысы, Мемлекеттік сый­лықтың лауреаты, тәуелсіз «Тарлан» сыйлығының иегері Қабдеш Жұмаділов те бар. Оның қаламынан туған «Сары­жай­лау», «Бір түп тораңғы», «Сәйгүліктер», «Қа­р­ауыл», «Бір қаланың тұрғындары», «Тұл дү­ние» сияқты повесть-хикаяттары мен «Кө­к­ей­кесті», «Соңғы көш», «Тағ­дыр», «Про­­метей алауы», «Қылкөпір», «Ата­мекен» атты ро­мандары оқырман қауымға етене таныс. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары жазылған екі томдық тарихи романы «Дарабоз» туралы Ш.Елеукенов, Т.Сыдықов, М.Хамзин, Ж.Дәдебаев, А.Егеубаев және т.б. белгілі ғалымдар кезінде баспасөз беттерінде жылы-жылы лебіз білдіргені де өзі­мізге белгілі десек, бұл мақалаларда ро­манға әр қырынан аналитикалық талдаулар жасалған болатын. Сондай-ақ, бұл роман бо­йын­ша 2007 жылы академик Р.Бер­ді­бай­дың жетекшілігімен Д.Болатханұлы «Қ.Жұ­маділовтің «Дарабоз» дилогиясы (жанр және поэ­ти­ка)» деген тақырыпта канди­дат­тық диссертация да қорғады. Аталмыш ғылыми еңбекте ғалым: «Шығарма тікелей отбасы эпизодынан емес, хан кеңесі эпизодынан басталуы роман-эпопеяның шарттарына сай келмейді деген пікір тудырмауы керек. Сөз жоқ, Л.Толстойдың салып кеткен эпо­пеяның жекелеген адамдар әрекетін, от­ба­сы қатынастарын суреттей отырып, тарих сырларын ашу деген формуласы кейінгі эпопеяларда да, соның ішінде М.Әуе­зов­тің туындысында да берік сақта­лады. Қ.Жұ­маділовтің романы сол дәуірдің басты тарихи жағдайы баяндалумен ашылып, тек кейінгі бөлімде ғана түбегейлі отбасыға қарай ойысады. Бұл автордың өзіндік шешімі толстойлық формулаға бағынбаған­мен, эпопеяның негізгі міндетінен ауыт­қы­­майды, тарихтың ішкі мәнін жеткізуде, тарихи ойды ашуда жасалған тың әдіс», дей келе әдебиеті­мізге қосылған тың еңбек, сүбелі үлес екендігін ашып айтып, еңбектің жанрлық сипаты мен поэтикалық ерекшеліктеріне де жан-жақты талдау жасау арқылы өз ойын дәлелдеп шығады. Х.Оралтайдың «Елімайлап өткен өмір», А.Алтайдың «Алтайдан ауған ел», Б.Ті­ле­геновтың «Тұйық өмірдің құпиясы», Ә.Нұр­шайықовтың «Өткелдер», Р.Тоқтаровтың «Бі­теу жара», М.Мағауиннің «Мен» ро­ман­дарымен бірге Қ.Жұмаділовтің «Таң­ға­жайып дүние» шығармасы да өмір­баян­дық романдардың алдыңғы шебінен орын алған шығармалардың бірі. Әдебиеті­міз­дегі бұл жанрдың өзіндік қорына олжа салу үшін кез-келген қаламгерге өмірлік бай тәжірибе мен суреткерлік диапазон кең­ді­гі қажет. Бұл жүрдек уақыттың безбеніне түсіп, небір қым-қиғаш жолдан өткеннен кейінгі ой таразысына елес түсіретін дү­ние­лердің жаңғырығы іспетті. Әрі қазақ әде­биетінің қорына ұшан-теңіз туынды әкелген қаламы қанатты Қ.Жұмаділов сияқ­ты жазу­шылардың әрбір кейіпкерінің ішкі әлемін­дегі психологиялық құбылыстарға терең бой­лау үшін де бұл керек. Кейінгі жас ұр­паққа ғұмырбаяндық шығармалардың берер өнегесі де осы тұрғыдан өлшенсе игі. Соңғы жылдары жазылған «Мәңгілік май­дан», «Найман-Ана ескерткіші», «То­зақ оты», «Абылайдың ақырғы батыры», «Аранға түскен аққулар» атты тарихи хи­каяттары да белгілі бір кезеңнің тарихи шындығын ашуға бағытталған. «Тарихи романшылар кезеңі» аталатын 1960-1990 жылдардағы повестерін қос­паған­да, қазақ прозасының қоржынына «Көкей­кес­ті» мен «Соңғы көш», «Тағдыр» сияқты қомақты романдарды салған Қ.Жұмаділовтің кейінгі жылдары жазған бү­гінгі қоғамның әртүрлі мәселелерін қам­ти­тын әңгімелерінің өзі бір төбе. Атап айт­қанда, «Зауал», «Мерген», «Аманат», «Емен мен қайың», «Әм­бе­бап әйел», «Ол да бір қызық дәурен-ді», «Бәс, немесе қарагер аттың хикаясы», «Есі ауысқан адамдар», «Күйеу бала», «Абақты», «Кешірім», «Бір шөлмек сыра», «Фәни мен бақи дүние арасы», «Тоқымқағар», т.б. әңгі­ме­лері – соңғы он жылдағы жазушы жетістігі. Мұның барлығы да баспасөзде жария­ла­нып, оқырмандарына жол тартты. Қ.Жұмаділов шығармаларының ерекшелігі сонда, ол адам болмысы мен ұлт болмысын бірлікте, тұтас дүние кеңіс­ті­гін­де қарастырады. Ұлы Абайдың «Ата­ның бала­сы болма, адамның баласы бол» деуі, одан кейінгі Алаш зиялыларының ең алдымен адамдық принципті бәрінен жо­ғары қоюы қазақ этносының атадан бала­ға мирас болып келе жатқан «адам болу – жақсылық жасау» деген көзқарасын меңзейді. ХХ ғасырдың бас кезінде «Ұлтшыл­дық дегеніміз – ұлтын сүю» деген қа­ғиданы орнықтырған А.Байтұрсынов бас­та­ған ұлт қа­мын ойлаушы Алаш арыс­тарының ой-пі­кірімен жастайынан таныс, Байтұрсынов «Әліп­­биімен» алғашқы сауа­тын ашқан Қ.Жұ­маділов қолынан келгенше Алаш идеолог­тары­ның тоталитарлық жүйе тұншықтырып тастаған арман-мүд­де­сін ашық айтуға ты­рысты. Сондықтан да ол Шыңжанда жүріп «ұлтшыл» атанса, оған себеп болған фак­торларды көрсетіп беруге ұмтылды. Осы арқылы адам өмірі­нің мән-мағынасын ұғын­дырды, ұлтын мейлінше сүйген адамның «ұлтшылға» ай­налу себебін дәлел­дей оты­рып, отар­лаушы алпауыт империя­лардың қитұрқы әдіс-тәсілдерін көркем бейнелеу арқылы зердемізге құйып беруге ден қойды. Сонымен бірге «ұлтшыл» болу айып емес, қайта мақтанышпен айтылатын сөз болу керектігін «Дарабозда» Қабанбай, «Тағ­­дыр­да» Демежан, «Прометей алауын­д­а» Ақтайлақ би, «Абылайдың ақырғы ба­ты­рындағы» Бер­ді­қожа, «Тұл дүниеде» Әсет ақын, «Соңғы көште» Алаш идеясын жү­регіне берік ұялатқан Естай, Шәкен, Тұрсын, Нартай, т.б. нақтылы тарихи образдар арқылы сипаттай отырып, «ұлт­шыл» мен «нәсілшіл­діктің» ара-жігін ажыратып берді. Қ.Жұмаділов шы­ғар­малары­ның көтер­ген та­қы­рыбы мен идея­лық маз­мұны қазіргі ұлы держава­лардың ұсақ елдерді жұ­тып қоюға бағыт­тал­ған жа­һан­дану (глобализация) кезінде тіпті қажет­тілікке айналуы керек. Се­бебі, ұлы держава­лар­дың жұмы­ры­на жұқ болып кетпеу үшін кө­кі­рек көзіңді аша­тын «тү­зу тарих­қа» (А.Бай­тұр­­сынов) лайық жа­зыл­­­ған көр­кем­дік қуаты күш­ті шы­ғармалар аса қажет. Бұл тұр­ғы­дан алған­да, оның туындылары өткеннен сабақ алуға ғана үйретіп қой­май­ды, өткенің арқылы мақ­та­ну­ға да үй­ретеді. Абылай хан мен Қабанбай батыр өмір сүр­ген ке­зең­нен бастап, тәуелсіздік ал­ғанға дейінгі қазақ халқының азаттық жо­лын­дағы ерлікке толы кезеңдері тап Қ.Жұ­маділов шығармаларында көрсетіл­гендей еш жерде жазылмаған. Отарлау кезеңдерінің қат­парлы саясатын тарих­шы­лардың өзі әлі күнге дейін белгілі бір жүйеге түсіріп бере ал­май отырғанда, Қ.Жұма­ділов­тің бұл та­қы­рыптың тереңіне бойлап кеткен том-том ро­мандары мен тарихи хикаяттары те­рең тал­дау­ға зәру екендігін уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Қ.Жұмаділов 1936 жылы көкек айы­ның 24-жұлдызында Тарбағатай тауының күнгей бетіндегі Шәуешек шаһарынан елу шақы­рым жердегі Малдыбай бұлағын­дағы қазақ­тың киіз үйінде дүниеге келген. Шығыс хиссасы негізінде қойылған Арнұрашит деген ағасына ұйқастырып, алғаш азан шақырғанда оған Қабдырашит деген ат қойылған екен. Бірақ ата-ана, ағайын-туған, ауыл-аймағы еркелетіп Қаб­деш атандырған. 1944 жылы Малдыбай қыстауына жақын Сібеті деген жердегі әкесі Жұмаділ салдырған төрт сыныптық бастауыш мектепке сегіз жасынан барғанымен, емтихан ал­ған­да әліппені тақылдап оқып, қисса, дастан­дарды жатқа соққан баланы бірден екінші сыныпқа қабылдайды. Үшінші сы­нып­тан бастап дін сабағын да қосымша оқы­тады. Сөйтіп, Сібеті мектебін 1947 жы­­лы үздік бағамен бітіріп, ары қарай оқу­ды 1949 жылы Шәуешек қаласында жал­ғас­тырады. Тұрсын, Шәкен, Сейітбек, Дәуіт­бек, Үркінші сияқты жетекші мұға­лім­дер­ден дәріс алады. Кейін осы адамдар жазушы шығармаларының қаһарман­дары­на айналады. Қ.Жұмаділов – әдебиетке өлеңмен келген қаламгер. Болашақ жазушының «Шың­­жаң» газетіне жіберген алғашқы шығар­ма­сын сол тұстағы газет қызмет­кері, қазіргі белгілі ақын Оразақын Асқар ұнатып, газетке дайындап береді. Тұңғыш жария­лан­ған осы өлеңнен кейін аймақтық «Тар­ба­ға­тай» газеті мен өлкелік «Шұғы­ла» жур­на­лына үзбей өлеңдері жарияла­нып тұра­ды. Ал тұңғыш прозалық шығар­масы 1956 жылы «Шұғыла» журналының бірінші санында жарияланған «Жамал» атты әңгімесінен басталады. Оның Қа­зақ­стан­дағы алғашқы шығармашылық қа­да­мы да өлеңмен басталыпты. 1957 жылғы «Қазақ әдебиеті» газетінің поэзия бөлімі­нің бас­тығы, бүгінде сексеннің сеңгіріне шыққан қарт ақын Мұзафар Әлімбаевтың көмегі­мен болашақ жазушының бір топ өлеңі республикалық газеттің бетіне жарқ ете қалғанда, сол тұстағы әдеби орта мен студенттер арасында болашақ жазушының беделі бірден аспандап шыға келеді. Бұ­дан кейін көп өтпей өлеңдері «Лениншіл жас» (қазіргі «Жас Алаш») газетіне, «Пионер» журналына жарияланады. Қ.Жұ­ма­діл­овтің тұңғыш кітабы да 1966 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көр­ген «Жас дәурен» атты өлеңдер жинағы екен. 1956 жылы шет елге оқуға жіберу үшін Шәуе­шек қаласына екі орын бө­лінеді. Со­ның бірі үз­дік оқу­шы бо­лғандықтан Қ.Жұ­­маділовке бұйыра­ды. Сөйтіп, арнайы өкі­мет жолдамасымен сол кездегі Қазақ­стан­ның ас­танасы Алматыға келіп, оқуға түседі. Қа­зіргі әл-Фа­раби атындағы Қазақ ұлттық университеті филология факуль­теті­нің 2-кур­­сын аяқ­таған бетте 1958 жылы елдегі науқанға бай­ланысты шетелдегі студенттерді де Қытай өкіметі қайта шақыртып алады. 1955 жылға дейін «кері төңкеріс­шіл­дерді бастық­ты­ру», «жер арендасын кеміту», «помещиктерді тәр­кі­леу», «үшке қарсы, беске қа­р­сы» деген сияқты қозғалыстар кезінде пролетариат дик­татурасы өзінің ең өткір қаруын жергілікті жердегі ел бас­қар­ған тұл­ғалар мен белгілі ақын-жазу­шы­ларға бағыт­та­ды. «Оңға бейім элем­ент» және «жергілікті ұлтшыл» деген екі бірдей «атаққа» ие болып үлгерген Қ.Жұ­маділов «барлық гүлдер ашыл­­сын, барша бұл­бұл сайрасын» атты «Ашылып–сайрау» нау­қа­ны­ның көкпарына айналады. Арада көп уақыт өтпей, «Сайра­ған­ның бәрі бұл­бұл емес, шешек атқанның бәрі гүл емес... Бұл­бұл­дан – қарғаны, гүлден – арам шөп­ті ажы­ра­туымыз керек!» деген ұранмен «стиль түзету» нау­қаны шығады. Қызу нау­қан кезінде болашақ жазу­шы өзіне жа­былған жала­ның бәріне дә­лелді жауап айтса да оны «ең­бекпен өзгерту лагеріне» жібереді. Сөй­тіп, жазу­шы өмірі 1958-1962 жыл­­дары қуғын-сүргінге айналады. 1961 жыл­ғы көк­темнің ба­сы­нан оны «төменге түсіріп», Тар­ба­ғатай ай­ма­ғына жібереді. Бі­рақ Қ.Жұма­діловтің «идея қалтасы» деген қосым­ша құ­жа­ты уақы­тында жіберілмей, не жергілікті жерден жұ­мыс тауып бермей, оны тоғыз айға жуық сан­далтады. Алматы­дан оқып келген әжептәуір атағы бар азаматты тіпті мектепте маман жетіспей жатса да, жұмыс­қа қа­был­дамайды. Ақы­ры аталас ағайыны, Сібеті мек­тебінің директоры Нұр­тай Қожа­беков жауапкершілікті өз мойнына ала отырып, бола­шақ жазу­шыны бастауыш сыныпқа мұғалім етіп қа­был­дайды. «Сөйтіп мен 22 жа­сым­да «ұлт­­шыл» атандым. Бұл – менің им­пе­риялық өкімет берген тұңғыш атағым еді. Әуелде құлаққа түрпідей тигенімен, келе-келе етім үй­реніп, бұл аттан онша үрік­пей­тін болдым. Тіпті, мақтаныш етуге де болатындай. Алаяқ, сат­қын, ұры-қары, қарақ­шы атанбай, ұлтшыл атан­ғаныма мың бір тәуба! Әрине, кейін абы­ройға жетіп, елге та­нылған кезімде халық берген, үкімет бекіткен басқа да атақ-дәреже­лерім бар. Сол қатарда жастай тағылған «ұлт­­шыл» деген айдарды да далаға тастағым келмейді. Тегінде, қай елде болмасын, отар­шыл өкімет­тің «халық жауы» дегендерін – «Халық қа­һар­ма­ны», «ұлтшыл» деп атаған­да­рын «елін сүй­ген патриот» деп ұқсақ қате­леспейміз», – дейді жазу­шының өзі. Отан­шыл, халық­шыл деген сөздер жақсы бол­ған­да «ұлт­шыл» деген сөз­дің құбыжық құсап көрінуі әуелде Ке­ңес өкі­меті­нің Алашорда қайрат­керлерін осы­­лай атап, бұл сөз әлі күнге дейін өзінің «қор­қы­нышты» сипаты­нан арыл­май келе жат­қандығын Қ.Жұма­ділов «Таң­ға­жайып дүние» атты өмір­баян­дық кітабында жеріне жеткізе жазады. Міне, осы уақытта ол Кремльге жүз­де­ген адамның қолын қойғызып, өз атынан және Шәріп Ақышев деген нағашысының атынан оншақты рет хат жолдайды. Шәуе­шектегі ССРО консулдығына кіріп, оған келген жауаптармен де танысады. Сол кезде Қ.Жұма­діловке елдің сенім артуының бір себебі, оның жас жазушы деген атағына қоса, екі жыл Алматыда оқып, кириллица мен орыс­шаны жақсы меңгеруі себеп болады. Шекара ашылған бетте дүр көтерілген елді тоқтата алмай қалған жергілікті өкімет «көш­кен елді бөгей алмасақ та, соны ұйым­дастырған «бұ­за­қыларды» ұс­тап қалдық» деу үшін көшті ұйым­дастырушылар мен кінәлі адамдарды іздеуге шұғыл кіріскен кезде ең алдымен Қ.Жұмаділовке қауіп төнетіні жайдан-жай емес. Дер кезінде хабар тиіп, қашып үлгер­ме­генде қазақ әдебиетінің алтын қорына осын­шама мол дүниенің қосылуы неғайбыл еді. Демек, 1962 жылғы бас-аяғы жиырма шақ­ты күннің ішінде Шәуешек маңын­дағы қа­лың елдің шекарадан үдере көшіп өте шығуын­дағы негізгі идея мен жоба-жоспар дәл сол кез­ден басталған деуімізге негіз бар. 1962 жы­лы ол өлкені біржола тас­тап, шекара ма­ңын­дағы тұтас көтеріл­ген елді бастап, бергі бе­т­ке өтіп кеткеннен кейін Қ.Жұ­маділов қа­зіргі әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлттық университетіндегі үзіліп қалған оқуын қайта жа­л­ғас­ты­рады. 1965 жылы уни­верситетті бітірген соң, әуелі «Қазақ әде­бие­ті» газетінде, со­сын 1967 жы­лы «Жазушы» баспасының проза бөлі­мін­де 1976 жылға дейін аға редактор бо­лып жұ­мыс істейді, 1976-1981 жылдар аралы­ғын­да мем­лекеттік бас­па­сөз комитетінде қыз­мет ат­қарады. Кеңсе­де отырып атқар­ған жұ­мыс­т­арының қысқа­ша тарихы осын­дай. Ал 1981 жылд­ан бастап, қазіргі уақытқа дейін тек шы­ғар­ма­шы­лық жұмыс­пен ғана айналысып келеді. Бү­гінде Сәуле Әукенқызы екеуі төрт ұл, бір қыз тәрбие­леп, өсі­­­ріп, ардақты ата, аяулы әжеге айналып отыр. Әрине, кеңес өкіметінің қылышынан қан тамып тұрған кезінің өзінде жанын шүбе­рек­ке түйе жүріп, қазақ халқының мұң-мұқта­жын айтуға ұмтылған Қ.Жұма­ділов сын­ды «қа­зақ карасөзінің дарабозы» (Б.Ша­рахым­бай), «Соң­ғы көштің қара на­ры» (Н.Қазы­беков), «Тағдыры бөлек Тар­ланбоз» (А.Нү­сіп­­ханұлы), «Қазақ про­за­сының мұз­тауы» (Т.Ахметжан), «Тағдыр тамыршысы» (Қ.Ыс­қақ­ұлы), «Мұраты биік суреткер» (М.Хамзин), «Тағдырлы тұлға» (Т.Жұртбай), «Дарабоз жазушы» (Ж.Елшібек) атанған қалам­гер­дің шығармашы­лығындағы тың ой мен та­қырып сонылығы талай зерттеулердің өзегіне айналары хақ. Қ.Жұмаділовтің он екі том­дық шы­ғар­малар жинағына алғы­сөзі­нде заман­дасы әрі қаламдасы, Мемлекеттік сыйлықтың лауреа­ты, жазушы Әкім Тарази былай деп жазыпты: «Қабдеш – тілге аса бай және әр сөздің сиқырлы бояуын жан-тәнімен нәзік сезінетін жазушы. Тіл бай­лы­ғы дегеніміз – қазақтың ескілі-жаңалы сөз­дерін көп білу ғана емес, әр сөзге жан бітіріп, қалауын тауып, өз орнында дұрыс қол­дану ғой. Тіл шеберлігі деп осыны айтады. Бұл жағынан ал­ғанда, Қабдеш – әдебие­ті­міздегі санаулы ше­бер­лер­дің бірі. Жұма­ділов прозасын оқы­ған­да, өкпең қы­сыл­май­ды, ойлы-шұқырға ұры­нып кібір­тік­­темей­сің. Бейне ауасы таза кең сарайға кір­ген­дей, көңілің сергіп, рахат­та­нып отыра­сың». Он  екі томдықтың ішіндегі он томы – роман, бір томы әңгіме-повестері, бір томы публи­цис­тикалық жанрда жазылған шығар­малары. Онда очеркі де, сын, про­бле­малық мақала­лары да қамтыл­ған. Одан бері жазыл­ған көр­кем туын­дылары қаншама, біз оны мақала басында келтірдік. Сайып келгенде, қаламгер ата-баба даналығынан, сол сілемде қалыптасқан ұлтының ғұмыр сүру дағдысынан, жөн-жосығынан көз жазбай, адамға да, қоғамға да, заманға да сабырлы әрі сергек қарап, өзінің оған деген ішкі пайымын ақ қағазға түсіруден жалыққан емес. Руда ЗАЙКЕНОВА, Қазақ мемлекеттік қыздар  педагогикалық университетінің доценті, филология ғылымдарының кандидаты.