• RUB:
    4.91
  • USD:
    494.87
  • EUR:
    520.65
Басты сайтқа өту
13 Сәуір, 2017

Агросектор: драйверге айналуға дайынбыз ба?

294 рет
көрсетілді

Елбасының биылғы Жолдауында аграрлық секторды экономиканың жаңа драйверіне айналдыру міндеті қойылғаны белгілі. Бұл талап «Қазақстан-2050» Стратегиясында белгіленген жалпы ішкі өнімдегі ауыл шаруашылығының үлесін 5 есеге арттыру жөніндегі бағыттың сілтемесі іспеттес.

 

Әлемде жер көлемі жөнінен тоғы­зыншы, ал жан басына шаққанда егіс­тік көлемі бойынша екінші орын алатын елімізде агроөнеркәсіп кешені­нің болашағы зор екені еш талас тудыр­майды. Сондықтан көзделген межеге жету үшін ауыл шаруашылығы өн­ді­рісінің көлемі кемінде 6-7 есе арт­тырылуы керек. Жыл сайын бұл сала әртүрлі мемлекеттік бағдарламалар арқы­лы қолдау тауып келеді. Мы­салы, ауыл шаруашылығы секторы саласында жалпы өнімнің өсу қар­қыны былтыр 5,5 пайызды құраса, өсім­дік шаруашылығы 7,8, мал шаруа­шылығы 2,7 пайызға өскені байқалады. Алайда, бұл саланың даму қарқыны ел экономикасының орта­ша көрсеткішінен төмен, ал еңбек өнім­ділігі 3,5 есе аз. Өркениетті ел­дер­мен салыстыруға мүлдем кел­мейді. Өйт­кені, өсу қарқыны озық тех­ноло­гияларды қолданудың арқа­сын­да емес, тек өндіріс мөлшері есебінен жүзе­ге асырылып келеді. Демек, ауыл шаруа­шылығын экономиканың жаңа драй­веріне айналдыру жолында алда күр­делі де қиын міндеттер тұр деген сөз.

Бүгінгі таңда ауыл шаруашылығы сала­сын өркендетуге қомақты қаржы­лық көмектер беріліп жатқанын көзі қарақты оқырман білетін болар. Десе де, қарастырылған қаражатты тиімді пайдаланылу жайы қалай, субсидия­ның тиім­ділігі қандай дәре­жеде деген сауал­дардың туын­дай­тыны жасырын емес. Ал, Жол­даудағы субсидияларды бөлу қағи­даларын қайта қарастырып, бір­тіндеп өнімді сақтандыруға көшу қажеттігі уақыт талабынан туындаған қадам екенін айта кеткен жөн.

Қаржыны тиімді игеретін де, ғылым жаңалықтарын енгізу арқылы ауыл шаруашылығы өндірісін жолға қоя­тын да да білікті мамандар екен­дігі белгілі. Өкінішке орай, ауыл шаруа­шылығы мамандығына жастарды тарту туралы мәселесінде қордаланған проблемалар аз емес.

Сонымен бірге ауыл еңбеккер­лерінің белсенділігін, инновацияға, ғылыми-техникалық жетістіктерге құштарлығын арттыру да жайы да кенжелеу қалып келеді. Уақыт өт­кен сайын ауыл шаруашылығына білім таратудың тиімді жүйесін қалып­тастырудың маңыздылығы ар­тып келе жатқанын ескерсек, үйре­не­тін тәжірибелер баршылық. Мәсе­лен, «Атамекен» ұлттық кәсіпкер­лер па­латасы құрамындағы «Агро­ком­пе­тен­ция» орталығының ізденістері қол­­дауға тұрарлық. Кезінде бұл сала­ға «Казагромаркетинг», «Каз­агро­ин­но­вация» акционерлік қоғамдары жауап­ты болатын. Бірақ, атқарылған іс-шаралар ауыз толтырып айтуға кел­мейді. Ел тұрғындарының 18 пайы­зы ауыл шаруашылығы кәсібімен айна­лысатынын, осы салада 190 мың­нан аса шаруашылықтар барын ойға түйсек, ауылдық жерлерде консуль­тативтік-ақпараттық кеңес беру және білім тарату орталықтарын көп­теп құру өте маңызды. Келе­шекте аудан орта­лықтарындағы ауыл­шаруа­шы­лығы колледждер база­сында білім тарату, фермерлерге консуль­та­тив­тік-ақпараттық қызмет көрсету орта­лықтары ашылса, құба-құп болар еді. Мысалға, Шелек қаласында агро­бизнес орталығының табысты жұ­мыс істеп жатқаны – бәрімізге үлгі. Соны­мен қатар орта мектептер негі­зін­де құрыл­ған Экспо-2017 орталық­тары да оқушыларды қоғамдық пайда­лы еңбекке жастайынан баулып, маман­дық таңдауда айқын кәсіптік бағдар берері күмәнсіз.

Бір қынжылтатыны, аудан айма­ғын болмаса ауылдық округті дамы­ту­дың кешенді бағдарламасы әлі жасалмай тұр. Оның шеңберінде өнді­ріс салаларын орналастыру, белгі­лі бір бағытқа бейімделген маман­дан­дыру, шоғырландыру өзін-өзі ақтар еді. Бұрындары әр кең­шар мен ұжымшар құрамында бөлім­ше­­лер болатын. Егіншілікпен ай­на­­лы­­сатын шаруашылықтарда мал азығын дайындаумен, тұқым шаруашы­лығы­мен мамандандырылған бри­га­далар айналысатын. Яғни, тұтас шаруашылық деңгейінде жоспар­лылық сипат, бірізділік, сабақтастық үрдісі қатаң сақталатын. Осы үлгіні ауыл­дық округ немесе аудан аймағына ен­діріп, кәсіпкерлерді белгілі бір мақ­сат бойынша жұмыс істеуге бейімдеу артықтық етпейді. Сонда аграрлық сектор сапа жағынан да жаңғырып, шаруашылық жүргізудің тың жолдары қалыптасар еді.

 

Әйіп ЫСҚАҚОВ,

биология ғылымдарының докторы, профессор