• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
Медицина 13 Сәуір, 2017

Қарттар үйі: қилы-қилы тағдырлар

620 рет
көрсетілді

«Елордадағы қарттар үйінде жүзге жуық қазақтар тұрады екен» дегенді естігенде, не сенерімді, не сенбесімді білмедім.

О, тоба, сонау келмеске кеткен кеңес заманының өзінде қарттар үйіне бірен-саран қазақтар түсе қалса, «төбемізден жай түскендей» тітіркенуші едік. Тіпті, өкпені қысқан өт­пелі кезеңнің қиындықтары тұмшалаған тоқсаныншы жылдардың өзінде бұл қарттар үйіндегі қазақтардың саны сегіз-тоғыздан асып көрген емес еді. Енді не болды?! Болдық, толдық, төрт құбыласы тү­гел егемен ел болдық дегендегі жет­кеніміз осы ма? Жарық дүние есі­­гін енді ғана ашқан сәбилерімізді же­­тімдер үйінің босағасына тастап, ту­­май жатып ананың ақ сүтінен, қа­сиетті ана тілінен айырып, ұлтсыз, тек­­сіз тірі жетім, мәңгүрт еттік. Ха­л­­қымыздың қасірет, қайғысын да, қуа­ныш, қызығын да басынан өт­ке­ріп, елдің еңсесін тіктеген, жердің тұ­­тастығын сақтаған, қиындықты қа­ра нардай қайыспай көтеріп келген қарт­тарымызды қа­жыған шағында аты су­ық, ұлттық ұғы­мы­мызға жат қарттар үй­іне қамадық. Бір ғана Астана қа­ласына қарасты қарттар үйінде тоқ­сан­ға тарта қазақтар тұратын болса, әр­бір облыстағы қарттар үйі, мү­ге­дек­­тер үйі деп қос-қостан саналатын әлеу­­меттік орталықтарда тұратын қан­­дастарымыз қанша?! Уа, замандас, кө­ңіліңді тасытып, жаныңды жа­ды­рат­қан жетістігің осы ма? Жетімі мен жесірін жатқа телміртпейтін, ата-ананы құдіреттей қадірлейтін ата дәстүр, ұлт­тық қасиетің қайда?!

Іші де, сырты да кіршіксіз, соңғы за­ма­­науи үлгімен жабдықталған қарттар үй­ін аралап келеміз. «Шапағат» Ас­та­на қалалық әлеуметтік қызмет көр­­се­ту орталығы» деп аталатын осы ме­­ке­менің қызметкері, көпті көрген са­­лиқалы азамат Еркін Дәуешов ме­ке­­менің жетістіктерін жіпке тізгіндей ба­ян­дап жүр. Шындығында да Ел­ба­сын­ың салиқалы әлеуметтік сая­са­тын­ың нәтижесінде мұндағы қарттар мен мүгедектерге шынайы қамқорлық жа­салған екен. Қарттар үйінің әрбір тұр­ғынын бағып-қағу үшін күніне 4 394 теңге, айына – 131 796, жылына 1 581 552 теңге қаржы жұмсалады екен...

Жұмақ апай

Өмір-ай, қалтылдаған қайығы бар,

Қарт­тардың тек қартайған айыбы бар.

Бақтырған мұңлықтарды Үкіметке,

Көбінің үйде бала, зайыбы бар...

­Есігі жартылай ашық тұрған бөл­ме­ден естілген мұңды әуен бізді елең ет­кіз­ді. «Жұ­мақ апай ғой, өлеңдетіп отыр­ған», деді Ере­кең жылыұшырай жы­миып. «Жо­лы­ға-

й­ық, кі­рейік» дедік біз де жартылай ашық есік ал­дында аң­тарылып.

«Мен мынау шежірелі Ереймен өңі­рінің тумасымын. Биыл міне, сек­сен­нің сегізіне шығып отырған Дәмек Мұ­қышқызы деген апа­ларың мен бо­ла­мын», деді ақ жаулығын тө­гілте жа­мылған кейуана мейірімді жү­зі­нен із­гілік есіп.

– Менің әкем де, құдай қосқан қо­с­ағым Өмекең де өмір бойы басқ­ар­­ма болды. Тұрмыс тауқыметін тар­­тқам жоқ. «Ішкенім алдымда, іш­пе­генім артымда» дегендей, жал­ған­­ды жалпағынан басып өттім. Тек жа­ратқанның бір перзентке зар қы­лып қойғаны болмаса... Мен жасым­да жабысқан кеселдің кесірінен ғұ­мыр бойы құрсақ көтермей өттім. Ұзақ жылдар мына Сілеті ауданында кеңшар директоры болған жолда­сым Өмірбай Қылышбаев сонау сек­сенінші жылдардың ортасында қай­тыс болды. Мен ұзақ жылдар ту­ған сіңлімнің қамқорлығымен бір бөл­мелі пәтерде тұрып келдім. Осыдан ту­ра төрт жыл бұрын қатты ауырып қал­дым. Төсектен тұруға шамам келмей, ау­зыма су тамызатын жан болма­ды. «Бір­ге тумақ болса да, бірге жүр­мек жоқ» екен. Қанша айтқанмен сің­лім­нің өз үйі, өз күйі бар. Содан кейін ұзақ уақыт қабырғаммен кеңесіп, осы ме­кемеден бір-ақ шықтым. Бұл меке­ме­нің қызметкерлеріне шексіз ризамын. Баладай күтеді. Президентіміз бен Үкіметіміздің шынайы қам­қор­лы­ғының арқасында барлық жағдай жасалған, бейне бір «жұмақ» дерсің (Ме­кеме қызметкерлері әжейдің «бұл жер – жұмақ қой» деп жиі айтатын сөзіне орай Жұмақ апай дейді екен). Тек бұл жалғаннан перзентсіз өткен жал­­ғыздығым болмаса...

Кейуана кемсеңдеп, ілезде сулана қал­ған кәрі көздерін ақ жаулығының ұшы­мен сүртті.

– Ал жаңағы жыр жолдары кімдікі? Өзі­ңіз өлең жазасыз ба?

– Жоқ, қарағым. Бұл өлеңді осы қарт­тар үйінде тұрып, ертеректе қай­тыс болған Мағауия деген қарт шы­ғар­­ған екен. Көңілім мұңға толған ке­­зеңде осы өлеңді әуенге қосып, ың­ыл­дайтыным бар.

Дүние-ай, қиын екен қартайғансын,

Қуаныш, қызықтарың ортайғансын.

Бауыр ет балаңдағы безіп кетер,

Қуарып қу ағаштай қалқайғансын.

Өмір-ай, қалтылдаған қайығы бар,

Қарттардың тек қартайған айыбы бар,

Бақтырған мұңлықтарды Үкіметке,

Көбінің үйде бала, зайыбы бар.

Жаратқан жан емес ем тілге ұста,

Батпай-ақ қойды-ау мынау күн де қысқа.

Кімге де ата-анасын бағу парыз,

Бұл сөзім болғай ұрпақ, елге нұсқа...

«Келінге сыймай келдім»

Шерлі әуенге ұласқан ұзақ жыр жол­дарын естіген жанның ет жүрегі те­біренбей тұра алмайды екен. Мұн­дай жыр жолдарын тегін адамның жаз­бағаны анық. Өз жайын да, өзгенің қай­ғы­сын да бар болмысымен ұққан. Тағ­дыр тәлкегін көре отырып, өзгеге кінә арт­пайды. Қайғы-мұңын шерте отырып, ұрпаққа сабақ етіп, мұндайдың қай­таланбауын қалайды. Ақылы теңіз, сабыры сарқылмас көл қазақ­тың нағыз қара нар қарттары ғой, бұл! Ал осын­дай қазыналы қарттарды, асқар таудай ­ата-ананы кірер есігі бар, шығар жолы бей­мәлім қарттар үйіне қамаған қандай же­тесіздер?!

– Менің бес балам бар еді. Бір ұл, бір қызым қайтыс болды, қалғаны дін аман. Өзім үш жылдан бері осы жерде тұ­рып жатырмын, – деді өзін Әкімбай Сә­тімжанов деп таныстырған ұзын бой­лы, уақыт салмағынан сәл еңкіш тар­тса да, еңкеймеген еңгезердей қарт.

– Өзім Талдықорған өңірінің ту­ма­сы­мын. Ұзақ жылдар бойы Семейде, Жар­кентте аудандық тұтынушылар қоға­мын­да дайындаушы болып еңбек еттім. Зей­неткерлікке шыққаннан кей­ін үлкен ұл­дың қолында тұрдым, − деді Әкімбай қа­рт (кейіпкеріміздің өті­ніші бойынша аты-жөні өзгертілді) үзіл­ген әңгімесін одан әрі жалғап. − Талғар қаласына көшіп келіп, үл­кен үй салып алдық. Ұлыма машина алып бердім. Барлық жиған-тергенімді сол ұлдың жолында жұмсадым. Бірақ «қи­юы кеткеннің қисыны келмейді» екен. Қанша иілсем де келінге жақпай қой­­дым. «Отырсам опақ, тұрсам со­пақ» дегендей, балама жаман атты қыла берді. Бір шаңырақтың астында тұрсақ та, өз тамағымды өзім істеп ішетін бол­дым. Бара-бара үш  немеремді қар­сы қойып, «сүтке тиген мысықтай» же­ті бөлмелі үйге сыйғызбауға айналды. Ұлым да бұртыңдап, келіннің айт­қа­ны­на жығыла берді...

Әкімбай ақсақал әңгімесін тағы да үзіп, ауыр күрсінді. Жетпіске же­те қоймаса да, ақ­сақалдың терең әжім тор­­лаған аққұба жү­зінен әбден қажы­ған­­дықтың табы сезі­ле­ді. Ақсақалдың те­­рең күрсінісінен-ақ осы әңгімені ай­ту­­дың өзі қаншалықты ауыр екен­­дігін аң­­ғарғандаймыз.

– Өткен жылы осында мені іздеп ұлым ке­ліп кетті. Артымнан іздеушім бар екенін сезініп, алғашқыда ерекше қуа­ндым. Алайда, көп ұзамай, көңілім су сепкендей басылды. Талғардағы же­ті бөлмелі үй менің атымда болатын. Ұлымның келген себебі, «сол үй­ді немерелерімнің атына шығарсаң қай­теді» деген өтініш екен.  Менің жағ­дай­ымнан гөрі ұлымды үйдің мәселесі көбірек алаңдататынын көріп, қатты күйіндім. Амал қанша, «іштен шыққан шұбар жылан» ұлымның дегеніне көндім. Ол үйді өзіммен бірге о дүниеге ар­қалап әкетемін бе, немерелерімнің амандығының садағасы, – деп Әкімбай ақ­сақал немерелерін сағынғанын сез­діріп, қабағын түйе түнеріп кетті...

21 жыл қапаста

өткен ғұмыр

Күн сәулесі мол төгілген терезе алдынд­а далаға телміріп, кәрілік жең­ген тұ­рлаусыз тіршіліктен қажыған қарт отыр. Шуақты көктем төңіректі тү­гел бусандырып, тіршілік атаулыны қыбырлаған қимылға көшіріп, дү­ние­ні түрлендіре бастапты. Тек төрт қа­бырғаға қамалған қарт көңілі селт етер емес. Кәрі денесінен де жан кеткен­дей, қақ­қан қазықша қимылсыз қалыпты. Әл­ден уақытта ішкі тебіреністен шық­қан өксік жасы ма, әлде алыс көк­жиек­ке тесіле қарағаннан жанар­ла­ры­ның жасаурағаны ма, әжім торлаған бет­­терін айғыздап аққан көз жасын қо­лының сыртымен сығып-сығып алды.

Аяқ-қолы еркінен тыс дірілдеген қарт үш ұмтылып, орнынан зорға тұр­ды. Қа­быр­ғада сүйеулі тұрған тая­ғын алып, тізе­лері икемге келмеген ая­қтарын сүйрете басып, бөлме ор­т­а­сындағы столдың үстінде ыбырсып жатқан қағаздарға қол созды. Ша­шыл­ған қағаздардың арасынан әс­ке­ри форма киген сымбатты жігіттің су­­реті қолына ілікті. Ол фото­су­рет­­ті жаңа көргендей тесіле қалды. Ұш­қыш­тардың әскери киімі денесіне жа­раса қонған, қияқ мұртты, сұңғақ бой­лы сұлу жігіттің суретін аударыс­тыра ұзақ қарады. Мінсіз сымбатымен сүй­сіндірген қара торы мұртты жі­гіт пен мынау таяққа сүйенген аппақ қу­дай шалдың арасындағы ұқ­сас­тық­ты іздегендей жансыз суреттен жа­сау­раған жанарларын тайдырар емес.

Иә, сексеннің сеңгіріндегі мына қал­ты­­раған қарт пен ана суреттегі қыл­шыл­д­аған сұлу жігіттің заты бір – 20 жылдан астам уақыттан бері осы қарт­тар үйінің тұрақты тұрғынына айналған Ғабдулбари Жәнібеков еді. Бұл кісі мына Астананың іргесіндегі Астрахан ауданындағы Өндіріс ауы­лы­ның тумасы болатын. Арғы атала­ры осы өңірдегі мыңды айдаған ау­қат­ты адамдар болыпты. Өзінің атасы да Ақмола өңірінің орыс-қазағын «Бай­әділ-богатый» атанып, аузына қара­т­қан беделді адам болған екен.

Ғабдулбари ақсақал кешегі ке­ңес за­ма­нында біраз жыл милиция қата­рын­да қызмет атқарыпты. Одан кей­ін Целиноград әуе­жай­ын­да аза­мат­тық авиация өрт сөн­ді­ру­ші­ле­рінің бас­шы­­сы болып, ұзақ уақыт еңбек етіпті. Ұзын бойлы, батыр тұлғалы келбетіне көр­кі сай сымбатты жігіт заманында шал­қып өмір сүріпті. Қылшылдаған жі­гіт шағында әйел затының көз жау­ын алғанға ұқсайды. «Барий ке­ле­ жатыр» десе, ауылдың қыздары сы­­ла­нып-таранып көзге түсу үшін кө­ше­ге шығады екен. Міне, осылай «жал­ғанды жалпағынан басып жүрем» де­генде, өмір шіркін өте шығыпты...

– Менің осы қарттар үйіне тұрып жат­қаныма 21 жылдан асты. Қазір мі­не, 82 жасқа келдім. Қарға адым жер қайғы болғанда, енді өмірдің қан­дай мәні қалды дейсің. Адам қо­лымен істегенін, мойнымен көтеруі ке­рек. Денсаулықтың бар кезінде «қа­тын жолда, бала белде» деп есіріп, та­лай­лардың көз жасына қалдым. Заң жү­зін­де қосылған әйелім өзге ұлттың өкі­лі еді. Жалғыз баламызды жат қы­лып өсірді. Ажырасқанымызға да талай жылдың жүзі болды. Қазір олар­дың бар-жоғынан да бейхабармын. Бар­лы­ғына өзім кінәлімін. Дүние қаз-қал­пында тұратындай, бәрін белден ба­сып, ертеңгі күнімді ойламадым. Амал не, бәрі кеш! Ешкімге қояр кінәм да жоқ. Тек мынау тар қапаста текке өт­кен 21 жыл ғұмырыма өкінемін, – деп кәрілік жеңген Ғабдулбари қария қал­тырай сөйлеп, өксік ата еңкілдеп қоя берді...

Қарттар үйінен көңіліміз құлазып шық­ты. Нұрын төге жарқыраған көк­тем күнінің де күпті көңілді көтере алар тү­рі жоқ. Заманауи озық үлгімен са­­лын­ған салтанатты ғимараттар те­ре­зе­сі­нен телміре қараған қарттар бей­несі көз алдымнан кетер емес...

Жылқыбай ЖАҒЫПАРҰЛЫ,

«Егемен Қазақстан»

Соңғы жаңалықтар