• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
29 Сәуір, 2011

Астана – түркі әлемінің елордасы

434 рет
көрсетілді

27 сәуірде Қазақстан Парламенті Мәжілісінің Төрағасы Орал Мұхамеджанов Түркия Ұлы Ұлттық Жиналысының Төрағасы Мехмет Али Шахинмен кездесті.  «Қош келдіңіздер, аса құрметті түркиялық әріп­тестер!» деп сөзін бастаған Мә­жіліс Төрағасы меймандарды Астанада, Парламент қабырғасында қарсы алып отырғанына қуа­нышты екенін жеткізді, деп хабарлады Мәжілістің баспасөз қызметі. «Шахин мырза бастаған Түр­кия парламентшілерінің делега­ция­сын Астана қаласында Түрк ПА-ға қатысушысы ретінде қа­былдап отырғанымыз үлкен мәр­те­бе екенін атап өту қажет және шақыруымызды қабыл алған­да­рыңыз үшін ризашылық білдіремін», – деді Орал Мұхамеджанов. Қазақстан мен Түркия ара­сын­дағы саяси және сауда-эконо­микалық, мәдени-гуманитарлық қарым-қатынас жоғары деңгейде дамып келеді. Президент Н.Назарбаевтың 2009 жылғы 21-23 қазандағы Түркияға ресми сапа­ры барысында Қазақстан мен Түркия арасындағы Стратегия­лық әріптестік туралы келісімге қол қойылды. Мәжіліс Төрағасы Қазақстан-Түркия қатынастары сапалық жаңа мазмұнға ие бол­ғандығын және Қазақстан мен Түркия арасындағы Стратегия­лық әріптестік туралы келісімнің жасалуы екіжақты ынтымақ­тастықты дамытуда жаңа кезең болып табылатынын атап өтті. «Біздің елдің тұңғыш Пре­зидентінің бастамасымен Түркі кеңесінің және Түрк ПА-ның құ­рылуы екі елдің ынты­мақт­ас­тығы одан сайын нығая түсуіне жағдай жасайды. Және де екі елдің парламентаралық байла­ны­сының өріс алуына жол ашады», – деді Орал Мұхамеджанов. Өткен жылы Түркия Президенті Астанаға келген сапарында Түркі академиясы ашылды. Қа­зақстан басшысы Н.­Ә.Назар­баев­тың бастамасы бойынша 2010 жылы Астана қаласында Түркі академиясы – түркі өркениетінің тарихы мен мәдениетін зерттеумен айналысатын халықаралық ғылыми-зерттеу орталығы ашыл­ғаны мәлім. «Құрметті бауырым, досым», деп сөзін бастаған Түркия Ұлы Ұлттық Жиналысының Төрағасы Мехмет Али Шахин Түркітілдес мемлекеттер Парламенттік Ас­сам­блеясының іс-шаралары жақ­сы ұйымдастырылып жатқанына алғысын білдірді. «Қазақстан Пре­зиденті Нұрсұлтан Назар­баев­тың көп дауыс жинап, ха­лықтың қолдауымен сайлануы біз үшін де үлкен қуаныш. Соған орай сіздерді құттықтағым келеді», – деді М.Шахин. Тараптар осындай кездесулер Қазақстан-Түркия қарым-қаты­нас­тары, оның ішінде парламент­аралық ынтымақтастықты дамы­ту мен нығайта түсудегі жаңа кезең болатынына сенім білдірді. Орал Мұхамеджанов Әзір­бай­жан Республикасы Милли Меджлисінің Төрағасы Октай Асадовпен де кездесті.