Оны республика білім беру және мәдениет жүйесі көлемінде үлгі еткен жөн
Елімізде білімімен, инабаттылығымен, өнерімен, білігімен көзге түсіп, жетістіктерге жетіп жүрген жас студент аруларымыз баршылық. Бірақ олар өз орталарында ғана белгілі болып жүр. Осындай аруларға өз өнерін халық арасында көрсетуге мүмкіндік туғызу мақсатында Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті «Қыз Жібек» байқауын екінші рет өткізіп, дәстүрге айналдырып отыр. Мақсаты – жас ұрпақты патриоттық бағытта тәрбиелеу, қыздарымыздың ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрып туралы түсінігін байыту, ел мәдениетін жаңғыртуға шақыру.
Ұлы бабамыз Әбу-Насыр Әл-Фараби: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие берілуі керек. Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы» деген. Сондықтан тәрбие жұмысының негізі ұлттық тәрбие болуға тиіс. Менің білуімше, Еуразия ұлттық университетінде осы бағытта бірнеше жүйелі шара ұйымдастырылып келеді. Мысалы, соңғы кездегі «Қыз Жібек», «Наурыз – жыл басы», «Ер Жігіт», «Ардақты ана», т.б. сияқты шаралар ұлттық, елдік болмысты насихаттайды. Бұл ретте бүгінгі тәуелсіз мемлекетімізге КВН, «Мисс» секілді көбіне сайқымазақ, әсіреқызыл, жылтырақ мазмұнға ие шаралардан гөрі, ата дәстүрді қазіргі патриотизмге жалғаған шаралар маңызды болып табылады. Осы орайда, дұрыс бағытты ұстанып, тәрбие мәселесіне көңіл бөлген ЕҰУ ұжымының еңбегі елеулі деп есептеймін. Мына күрделі заманда халық көшіне жауапты болудан, ұлт істеріне тікелей атсалысудан артық қандай мәртебе бар?
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың: «Дауға салса, алмастай қиған, сезімге салса, қырандай қалқыған, ойға салса, қорғасындай балқыған, өмірдің кез келген орайында әрі қару, әрі қалқан болған, әрі байырғы, әрі мәңгі жас, отты да ойнақы ана тілінен артық қазақ үшін бұл дүниеде қымбат не бар екен?!» деген қанатты сөзінің қуатын осы байқауда сезгендей болдым десем, артық айтқандық емес.
Жалпы, өткен іс-шараның ұйымдастыру деңгейі, мәні өте жоғары. Қазіргі қоғамда жастар арасында патриотизм, ұлттық рухты қалыптастыру сияқты салада бұл кештің алар орны зор деп есептеймін. Осы бағыттағы байқаулар мен кештерді жиі өткізіп отырсақ, тәрбие саласындағы жұмысымыздың оң нәтижесін көреміз деп ойлаймын.
Халқымыздың салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптары көп екені елімізге мәлім, атап айтсақ: Той малы, Дәмету, Қалың мал, Құйрық-бауыр, Сыңсу, Үй көрсету, Қыз ұзату, Сәукеле кигізу, Отау көтеру, Есік ашар, Жасау, Беташар, Қыз көші, Жар-жар, Келін түсіру, Сүйінші, Сәлемдеме, Шашу, Шілдехана, Бесік жыры, Тұсау кесу, Сүндет той – осылардың бәрін ауыз толтыра айта беруге болады. Әр салтымыздың немесе дәстүріміздің бір ғана атауының өзінде мыңдаған өнеге жатыр. Осының бәрі еліміздің жастарын салт-дәстүрге, әдет-ғұрыпқа және мәдениеттілікке үйрететіні сөзсіз.
Олжас Сүлейменов айтқандай, «Мәдениет дегеніміз – кісілер арасында адам болу өнері».
Сондықтан да Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің осы тәжірибесі республика білім және мәдениет жүйесі көлемінде үлгі етіліп, «Қыз Жібек», «Ер Жігіт», «Ардақты ана» сияқты патриоттық және ұлттық тәрбие шаралары барлық жоғары оқу орындарында ұйымдастырылса қандай ғанибет! Бұған Үкімет пен тиісті министрлік тарапынан қаражат қарастырылып, арнайы бағдарлама ұсынылса, тіпті, нұр үстіне нұр болар еді.
Ирак ЕЛЕКЕЕВ, Мәжіліс депутаты.