Барлық түркі жұрты қадірлер Күлтегін баба «Бегі мен халқының ынтымағы жоқ жерде, дұшпанның алдауына сенген, арбауына көнген жерде, інісі мен ағасы дауласқан, бегі мен қарашасы жауласқан жерде ел елдігінен айырылады», деген екен. Іргеміздегі бауыр ел –Қырғызстанның түндігі жиі желпілдеген тұста ойға қауіп ұялағаны жасырын емес. Дегенмен, арада өткен аз уақыт ішінде қырғыз бауырлар сайлауын өткізіп, қалыпты тіршілігіне көшті. Қазақ елі қысыл-таяң кезеңде іргедегі туысқа қол созды, көмегін жасады.
Біздің тілшіміз ғаламтор көмегіне сүйеніп, екі елдің қарым-қатынасы деңгейінің дамуына қатысты Қазақстан Республикасының Қырғыз Республикасындағы Төтенше және өкілетті елшісі Бейбіт ИСАБАЕВҚА бірнеше сауал қойған еді.
– Бейбіт Өксікбайұлы, әңгімемізді, 2010 жылы Қырғызстанда болған оқиғаларды ескере отырып, екі ел үшін де өзекті мәселелердің бірі болып табылатын екіжақты қатынастардың бүгінгі жағдайы қай деңгейде деген сұрақтан бастағым келіп тұр.
– Ең алдымен, біздің қарым-қатынастар қашанда тату көршілестік және достық негізінде дамып келе жатқанын атап өтсем деймін. Қазақстан мен Қырғызстанды ғасырлар бойы қалыптасқан бауырластық, ортақ тарих, рухани құндылықтар, діл мен ұлттық салт-дәстүр ұқсастығы байланыстырады.
Сонымен қатар, тәуелсіздік жылдары біз стратегиялық әріптестік пен өзара тиімді ынтымақтастықты нығайтуға негізделген жаңа сипаттағы мемлекетаралық қатынастарды қалыптастырдық. Олардың негізін тараптар арасында қол қойылған 150-ден аса келісім-шарт, оның ішінде бастылары саналатын «Мәңгілік достық» және «Одақтастық қарым-қатынастар туралы» шарттар құрайды.
Өткен жылы бауырлас халыққа үлкен сын болған оқиғаларға байланысты іле-шала Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Біз тек алаңдап қана қоймай, бауырлас халыққа қолымыздан келгенше барлық көмегімізді көрсетеміз», деген мәлімдемесін екі елдің де халқы үлкен ризашылықпен қабылдады.
Бұл ретте, Қырғызстандағы жағдайды жедел түрде тұрақтандыруда Қазақстан тек аймақтағы жетекші көрші мемлекет ретінде ғана емес, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) төрағасы ретінде де шұғыл іс-әрекет жасағанын атап өту қажет. Шын мәнінде Қазақстан Қырғызстанның уақытша билігінің бақылауынан шығып кету және одан кейін елдің оңтүстігінде қарулы қақтығыстарға ұласу қаупін туғызған республикадағы күрделі жағдайды реттеуде аталған Ұйымның барлық әлеуетін ұтымды пайдалана білді.
ЕҚЫҰ-ның төрағасы ретінде Қазақстан қырғыз еліндегі жағдайды жедел реттеу бойынша басқа халықаралық ұйымдардың өкілдерімен үйлесімді жұмыстар жүргізе отырып, оқиға орын алған алғашқы тәуліктерде-ақ өзінің арнайы өкілдерін Қырғызстанға жіберді. ЕҚЫҰ-ның арнайы өкілдері өздерінің әріптестерімен өзара әрекеттестік орнатып қана қоймай, БҰҰ, ЕО, ТМД, ШЫҰ, ИКҰ, ҰҚШҰ және т.б. беделді халықаралық ұйымдардың бірлескен жұмыстарына басшылық жасай білді. Сонымен бірге, Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қырғызстанның жаңа билігінің барынша жедел түрде құқықтық алаңға оралуы арқылы елде конституциялық тәртіп орнатуға және Уақытша үкіметтің өкілеттігін халықаралық нормаларға сәйкес заңдастыруға шақырды. Осы мақсатта Елбасы Жарлығымен өзінің Қырғыз Республикасы бойынша Арнайы өкілін тағайындады.
– Біздің еліміздің осы тұста көмектің қай түрінен де аянып қалмағанын білеміз. Енді әңгімеңізді осы төңіректе өрбітсеңіз.
– Өткен жылы жедел гуманитарлық және басқа да материалдық-техникалық көмек беру аясында Қазақстан Қырғызстанға жалпы сомасы 20 миллион 300 мың АҚШ доллары көлемінде жәрдем көрсетті және былтырғы сәуір оқиғасының көктемгі дала жұмыстары кезінде орын алғаны белгілі. Міне, дәл осы кезде Қазақстан Қырғызстандағы көктемгі егіс және басқа да ауыл шаруашылығы жұмыстарын жүргізуге қажетті 3,7 мың тонна жанар-жағармайды қайырымдылық көмек ретінде жеткізіп берді.
Қырғызстанның оңтүстігін және елдің жалпы экономикасын қалпына келтіруді жеделдету мақсатында 2010 жылғы шілдеде Қазақстанның бастамасымен екі ел премьер-министрлерінің бірінші орынбасарлары басшылық ететін бірлескен қазақ-қырғыз Жоғары деңгейдегі жұмыс тобы (ЖДТ) құрылды. ЖДТ шешіміне сәйкес, Қазақстан шамамен 12 миллион АҚШ доллары көлемінде материалдық-техникалық көмек, азық-түлік, оның ішінде Ош пен Жалалабад қалаларын қалпына келтіруді жеделдету үшін 6 млн. АҚШ долларына құрылыс материалдары мен жабдықтар жөнелтті. Сонымен қатар, Қазақстан Үкіметінің арнайы шешімімен 2010-2011 жылғы жылыту маусымында қосымша гуманитарлық жәрдем ретінде 230 мың тонна көмір жіберілді. Оған қосымша, біздің еліміздің бастамасымен, 2010 жылғы шілдеде Алматы қаласында ЕҚЫҰ-ға мүше елдер сыртқы саясат ведомстволары басшыларының кездесуі өтті. Оның барысында Қазақстан Ұйымның Іс басындағы төрағасы ретінде отырыстың күн тәртібіне ЕҚЫҰ тарапынан Қырғыз Республикасына жедел көмек көрсету мәселесін қосты.
Қазақстан алдағы уақытта да Қырғызстанға жан-жақты көмек көрсетуді жалғастырады. Бұл жөнінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің биылғы Қазақстан халқына Жолдауында мәлімдеді және Қырғызстанға арнайы көмек көрсету бойынша мәселені қарастыру жөнінде ел Үкіметіне тапсырма берді. Қазақстанның әлемдік қоғамдастықпен бірге Қырғыз Республикасына көрсетіп жатқан уақтылы және қажетті көмегі жағдайды тұрақтандыру үрдістеріне септігін тигізеді деп үміттенеміз.
– Жоғарыда өзіңіз атап өткендей, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев биылғы Қазақстан халқына Жолдауында Қырғызстанға көмек көрсетуді жалғастыруға назар аударды. Бұл мәселенің жүзеге асу барысы қалай?
– Қазіргі уақытта Елбасының тапсырмасы бойынша Қазақстан Үкіметі Қырғызстанға көмек көрсетудің кешенді іс-шарасын әзірлеп жатыр. Олар келесі мәселелерді жүзеге асыруды қамтиды: инвестициялық ынтымақтастық бойынша жобаларды жүзеге асырудағы екі елдің өзара әрекеттестігі; халықаралық және аймақтық қаржы-экономикалық ұйымдардың қаражатын тарту; ғылыми-өндірістік кооперацияны, мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту және т.б.
Осы орайда атап өтерлік мәселелердің бірі – жарғылық капиталы 100 миллион АҚШ долларын құрайтын бірлескен қазақ-қырғыз Инвестициялық қорын құру туралы келісімді жүзеге асыру бойынша Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы жұмыстардың жандануын айтар едім. Бұл келісімге 2007 жылы қол қойылған болатын, бірақ сол уақытта Қырғызстанда қалыптасқан қолайсыз жағдайларға байланысты қор өзінің жұмысын уақытында бастай алмады. Бұл жерде ерекше назар аударарлық жәйт – Қырғызстан экономикасындағы қазіргі ауыр жағдайға байланысты алғашқы кезеңінде қордың жарғылық капиталы толығымен Қазақстанның есебінен қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар, Қырғызстанға қажетті көмек көрсетуді жалғастыруға халықаралық қоғамдастықты тартуға Қазақстан барынша күш салып жатқандығын атап өткім келеді.
– Қазіргі уақытта қазақ-қырғыз қарым-қатынастарында өз шешімін таппаған және талас тудырып отырған мәселелер бар ма? Бар болса, оларды реттеу жолдары қандай деп білесіз?
– Екі мемлекет арасында түпкілікті шешілмей отырған мәселелер жоқ. Бірақ, екіжақты ынтымақтастықтың дамуы барысында, қол жеткізілген негізгі уағдаластықтарға қатысты айтатын болсам, жекелеген мәселелер бар. Атап айтқанда, қазақ-қырғыз мемлекеттік шекарасын демаркациялау бойынша қазіргі уақытта бірнеше шағын учаскелерді айқындау жөнінде конструктивті келіссөздер жүргізілуде. Мәселенің ерекшелігі – Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы кейбір учаскелер, ағысы жиі өзгеріп отыратын өзендердің арнасы секілді, қиын географиялық рельефтер арқылы өтеді. Немесе каналдарды, ауылшаруашылық, жайылымдық жерлерді және т.б. бөлуге байланысты да осыны айтуға болады. Бұл мәселелер, ең алдымен шекара маңында тұратын халықтың мүддесіне тікелей қатысты. Сондықтан, аталған мәселені өте мұқият қарастырып, өзара тиімді келісімге келудің қолайлы жолдарын табу қажет.
Өткен жылы біздің еліміз Ресей және Беларусьпен бірге Кедендік одақты (КО) құрды. Осыған байланысты, КО-ның жарғылық талаптарына сәйкес, 2010 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстан КО-ға кірмейтін мемлекеттермен шектесетін өзінің шекарасындағы бақылау-өткізу пункттерінің (БӨП) жұмысын оңтайландыра бастады. Сондай-ақ, 2010 жылы сәуірде және одан кейін Қырғызстанда орын алған оқиғаларға байланысты Қазақстан өзінің Қырғыз Республикасымен ортақ шекарасындағы кейбір бекеттерін уақытша жапқаны белгілі. Сонымен бірге, «Қордай», «Сыпатай батыр», «Айша-бибі», «Мерке», «Сортөбе» және «Ауқатты» секілді қазақстандық БӨП-тердің адамдарды және барлық көлік құралдарын өткізу қабілеті айтарлықтай өсті. Қазір Қазақстан қосымша БӨП жұмыстарын жандандыру туралы қырғыз тарапының өтінішін қарастыруда. Өмір болған соң, өте маңызды қажеттіліктерге байланысты (қазаға, іссапарға және т.б.) қазақстандық шекарадан өтуді жеделдету мақсатында бұл БӨП-тер арқылы көліксіз жаяу адамдар ғана өте алатын болады.
Кейбір тауарлардың шекара арқылы өтуіне байланысты енгізілген бірқатар шектеулер күшін сақтауда. Бұл негізінен екі себепке байланысты. Біріншіден, Қазақстан аумағына кіргізуге тыйым салынған жергілікті өнімдердің және контрабандалық тауарлардың өтуіне жол бермеу. Сонымен қатар, 2010 жылы Қырғызстанда болған оқиғалар кезінде халықтың қолында көп мөлшерде қару-жарақ пен жарылғыш заттар қалып қойды. Екіншіден, Кедендік одақтың жарғылық талаптарына сәйкес, КО аумағына үшінші елдерден тауарларды реэкспорттауға тыйым салынған. Өзіңізге белгілі, Қырғызстаннан Қазақстан мен Ресей бағытында жасалатын шағын бизнестің негізгі бөлігін сапасы төмен қытайлық тауарлардың реэкспорты құрайды.
Менің ойымша, бұл мәселені шешу екі бағытта жүруі ықтимал: өзінің нормативті-құқықтық актілерін КО-ның талаптарымен сәйкестендіру арқылы Қырғызстанның Кедендік одаққа кіруі немесе Қырғызстан мүше болып отырған Бүкіләлемдік сауда ұйымына Қазақстанның және КО-ның басқа мүшелерінің кіру уақытын жеделдету.
Екіжақты қатынастардағы өзекті мәселелер қатарына ет-сүт өнімдерін Қырғызстаннан Қазақстанға импорттауды қайта жандандыру да жатады. Бұл – сауда-экономикалық ынтымақтастықты кеңейту және тереңдету бағытында екі тарап үшін де маңызды мәселе. Алайда, 2008 жылы Қырғызстанның мал шаруашылығында аусыл, бруцеллез және т.б. жұқпалы аурулардың жиі орын алуы салдарынан қалыптасқан эпизоотиялық жағдайға байланысты Қазақстанға көршілес елден ет өнімдерін экспорттауға тыйым салынды. Оған қосымша, 2010 жылы Қазақстанның Кедендік одаққа кіруіне байланысты Қырғызстан аумағынан Қазақстанға ет-сүт өнімдерін кіргізу үшін бұл өнім КО-ның ортақ ветеринарлық-санитарлық стандарттарына сәйкес болуы тиіс. Сондықтан, бұл мәселенің оң шешілуі көп жағдайда қырғыз тарапына байланысты екендігін айту қажет.
– Осыған дейін жоғары деңгейдегі бірқатар Қазақстан-Қырғызстан кездесулері мен келіссөздері өтті. Олардың нәтижесі қандай болды және Қазақстан мен Қырғызстанның мемлекетаралық қарым-қатынасының болашағына қалай әсер етуі ықтимал?
– Биыл жыл басында Қырғызстан Президенті Роза Отунбаеваның және Премьер-министрі Алмазбек Атамбаевтың Астанаға жасаған ресми сапарлары барысында тараптар саяси үнқатысуды одан әрі тереңдету, сауда-экономикалық және мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты белсенді дамыту бойынша өздерінің шешімдерін қуаттады.
Осы орайда, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев атап өткендей, екіжақты саяси қарым-қатынаста Қазақстан Қырғызстанның мемлекеттік құрылымы бойынша бауырлас халықтың кез келген қалауына құрметпен қарайды. Бұл жерде біздің еліміз және жалпы халықаралық қоғамдастық үшін де ең басты мәселе – Қырғыз Республикасында ішкі саяси тұрақтылық, әлеуметтік және этносаралық өзара түсіністік пен келісімнің орнауы.
Ал сапарлар барысындағы уағдаластықтар туралы газет оқырмандары хабардар ғой деп ойлаймын.
– Сұхбатымыздың соңында Қырғызстанның жаңа билігі алдында қандай өзекті міндеттер тұрғанын айтып берсеңіз.
– Қазір Қырғыз Республикасы үшін ең маңызды міндет – ұлттық экономиканың жұмысын жедел түрде тұрақтандыру деп санаймын. Бұл үшін Қырғызстанның барлық мүмкіншілігі, атап айтқанда, қажетті мөлшерде ішкі еңбек және өнеркәсіптік резерві мен бай табиғи-шикізаттық әлеуеті бар. Ауыл шаруашылығы, туризм, тау-кен өнеркәсібі және су энергетикасын дамыту арқылы Қырғызстан экономикасы үлкен көрсеткіштерге қол жеткізе алады. Және де этносаралық келісім мен дінаралық төзімділікті сақтау Қырғызстанның тұрақты дамуы үшін қажетті өте маңызды мәселелердің бірі болып табылады.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Анар ТӨЛЕУХАНҚЫЗЫ.