Сарыағашта көрнекті ғалым Н.Келімбетовті еске алуға арналған конференция өтті
“Мен өміріме ризамын”. Жалындап тұрған шағында жұлыны зақымданып, ағаш төсекке таңылған, отбасын асырау үшін аудармалар жасағанда кітап парақтарын тілімен ашуға мәжбүр болған, аяулы анасы қайтыс болғанда Алматыдан Келеске ұшақ арқылы зембілге таңылып келіп, жан-дүниесі алапат өрттен өртеніп тұрып ащы запыран жұтқан адам кейін осылай дейді “Хабар” телеарнасы өмірінің соңғы жылдарында түсірген кинофильмде. Рухы әлсіз адам болса өмірінің ауыр жылдарында өзін-өзі тастап жіберер еді. Ал, еменнің иір бұтағындай қайсар қазақ өмірге құштарлығының арқасында орнынан тұрған. Ғалым Немат Келімбетовтің осы жанкешті ғұмырбаянының өзі-ақ ауру азабын тартқан мыңдаған жандарға үлгі дер едік.
Жазушы, ғылым, аудармашы, түркітанушы Немат Келімбетовті еске алуға арналған “Үміт үзгім келмейді” конференциясы Шымкент және Сарыағаш қалалары әкімдіктерінің ұйымдастыруымен Сарыағаш ауданы Абай ауылындағы жаңадан салынған №110 мектепте өтті.
Басқосуды жазушы, халықаралық “Алаш” сыйлығының лауреаты Мархабат Байғұт жүргізіп отырды. ҰҒА академигі, көрнекті ғалым Сейіт Қасқабасов күні кеше өзімен үзеңгілес еңбек еткен Немат Келімбетовтің ғылымдағы тындырған ерлік жолдарын жан-жақты баяндап берді. Қазақты ел қылған арыстары, хандар туралы айтуға тыйым салынған кеңес империясының зұлмат жылдарында жас ғалым Немат Келімбетов 1973 жылы “Ақын Шәді Жәңгіров және оның әдеби мұрасы” деген тақырыпта кандидаттық диссертация қорғайды. Әрине, оның ауыр ізі, зардабын да тартады. Осындай тың тақырыпқа түрен салған Немат Келімбетовтің “Үміт үзгім келмейді” повесі бұрын қазақ әдебиетінде жазылмаған шығарма еді.
Осындай деп сөзін түйіндеген академик С.Қасқабасов Немат Келімбетовтің қазақ халқының исламға дейінгі түркі өркениетін жан-жақты зерттеп, осы салада үлкен сілкініс жасағанын баяндады. «Қазақ әдебиетінің ежелгі дәуірі», «Ежелгі түрік поэзиясы және қазақ әдебиетіндегі дәстүр жалғастығы», «Қазақ әдебиетінің бастаулары», «Шығыстың классикалық поэзиясы және қазақ әдебиеті», «Ежелгі дәуір әдебиеті», «Көркемдік дәстүр жалғастығы», «Ежелгі әдеби жәдігерліктер» сияқты ғылыми еңбектерінің қазақтың өткенін танытуда соқталы дүниелер болғандығын айтты.
Қазақстанның халық әртісі Сәбит Оразбаев Немат Келімбетовпен дос-жар болған рухани бауыры. Әдемі естеліктер айтты. Немат ағаның әр күнгі таң шапағын, күн нұрын ерекше құштарлықпен қарсы алатын қасиетіне сүйсінді. “Көктемде елге барсақ, ата-анамның алақанының иісі қалған үйде ағайын-туғанмен қауышсақ” деген арманын, жары Қуаныштың ерін қалтқысыз күткендігін, жас нәрестедей мәпелегенін айтты. Рухы күшті адамдарды тағдырдың тезі сындыра алмайды екен.
Т.Жүргенов атындағы Өнер академиясының ректоры Арыстан Мұхамедияұлы ғалым ағаның еңбектерін саралай келіп, “Ұлыма хат”, “Қариялар”, “Үміт үзгім келмейді”, “Күншілдік” сияқты шығармаларынан студенттердің үзінді оқуы көбейгеніне сүйсінісін білдірді.
Ғалым Немат Келімбетовтің көк түріктер өркениеті жайлы еңбектерін Түркия мемлекеті жоғары бағалағандығын, түрік дүниесін біріктіруде өлшеусіз қызмет еткен ғылыми еңбектерінің Түрік Ғылым академиясының мұрындық болуымен Түркияда екі рет тұсаукесері өткендігін әңгімеге арқау еткен “Егемен Қазақстан” республикалық газеті” акционерлік қоғамының президенті Сауытбек Абдрахманов жиналғандар назарын жайшылықта жұрт зер сала бермей атүсті аттап кететін мәселелерге аударды.
Түркі дүниесіне үлкен сілкініс жасаған ғалым бала-шағасын асырау үшін 10 роман аударып бастырыпты. Күректей он роман. Қолмен жазылуынан бастап машинкаға терілуі, қатесінен арылту, баспаға өткізу, дайын жазбаны қайта қарау машақаты көп жұмыс. Ауру адам түгілі сау адамның өзі шаршағанда қос қолын төбесіне қойып безіп кетуге даяр тұрады. Төсекте жатса да жары Қуаныш пен екі ұлы Мұхит пен Қайратын қатарынан кем қылмай өсіру үшін Немат әке осындай ерлікке барған. Ол тапқан мол қаламақы ұлдарының ел аяғы жете бермейтін Мәскеуде білім алуына мүмкіндік туғызған. Міне, әке қайраты.
Қазақ тарихын танудағы бұрынғы еңбектері мен осы 10 романның өзі бір адам үшін тау көтерген Толағайдай ерлік. Бірақ, ғалым Немат Келімбетов мұнымен шектелмеген. Қазақ әдебиетінің 10 томдық тарихы түгелденгенде соның екінші томын түгелге жуық жазып шыққан. Атақты қаламгерлердің қолы жете бермейтін Франц Кафка атындағы сыйлықтың лауреаты болу осы жанкешті еңбегінің заңды жемісі.
М.Әуезов атындағы ОҚМУ ректоры, академик Уәлихан Бишімбаев қазақ тарихын түгендеуде Немат Келімбетовтің өлшеусіз еңбек сіңіргенін ескере отырып, университеттің сенаты оқу орнындағы Түркі тану орталығына Н.Келімбетовтің есімі берілуін сұрағанын, өзі осы бұйрыққа қол қойғанын айтты Бұл шешімді жұрт қуана қабылдады.
Конференциядан соң ғалым дүниеге келген Қошқар ата ауылында Н.Келімбетовтің рухына бағышталған ас берілді. Жазушы ғалым, түркітанушы Н.Келімбетовтің өмірі мен шығармашылығына арналған ғылыми-практикалық конференция М.Әуезов атындағы ОҚМУ-де жалғасты. Біз әдетте, тағдыр тәлкегінің ауыр зардабын қайыспай көтерген, қаһармандықпен өмір сүрген атақты адамдар жайлы әңгімелегенде өзге ұлттардың мысалына көп жүгінеміз. Ғұмырында осының бәрінен өтіп, ерік-жігері, рухының күштілігінің арқасында орнынан тұрып, қазақ тарихын танытуда өлшеусіз еңбек сіңірген Немат аға Келімбетовтің өмірбаяны мыңдаған ауыр тағдырлардың көз жасын сүртіп, өмірге құштарлықпен қарауына жарқын мысал болса керек-ті.
Бақтияр ТАЙЖАН.
Оңтүстік Қазақстан облысы.