• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
14 Мамыр, 2011

«Мотор құрылысын алға жылжытқым келеді» дейді өнертапқыш Кеңес Сейдахметов

515 рет
көрсетілді

Аманқарағай кенті өзі аттас атақты орманның іргесінде, тіпті иініне кіріп жатыр. Мұнда жүз жылдық қарағайлар аспандап, қарауытады. Ағаш ішіндегі ша­ғын үйде тұратын Кеңес Сейдах­метов­т­ің қиялы да сол қара ор­ман­дай қалың. Ұшқыр ойдың жетегіне Кеңекеңдей екінің бірі іле­се бере алмас. Сондықтан да ол – өнертапқыш. Мотор құры­лы­сы бала кезінен қиялын жетектеп келеді. Қандай техника бол­сын қозғалтқышсыз жүрмейді, ол – жүрек. Бұл саланың ғылымда даму сатысының ұшар биігіне әлі жетіп болмағанына, әлі де мүм­кіндіктер бар екеніне Кеңес аға кепіл. Техника ғылымынан терең бі­лімі бар адам болмаса, аман­қа­рағайлық өнертапқыштың жаңа­лық­тарын онымен тең дәрежеде талдауға екінің бірінің тісі бат­пайды. Осыдан он жыл бұрын Ке­ңес Сейдахметов «Піспекті, тө­рт тактілі іштен жанатын қоз­ғалтқыштың газ тарату механизмі» деген дүниесін ойлап тапты. Бұл халық шаруашылығының бар­лық саласында пайдаланы­ла­тын іштен жанатын поршеньді двигательге қолдануға арналған. Онда өнертапқыш цилиндрдегі жану алаңын кеңейтуді, жанған газды тез шығарып, оның ор­ны­на ауаның толуын қам­тамасыз етеді. Өнертапқыштың ойынша, мотордың қуаты артар еді. Ав­тор­дың осы ойын түйіндеп қой­ға­нына он жылдан асып кетті. Өнертапқышты өңірдегі қа­зір­гі электр энергиясының тап­шы­лығы, алыстан тасымалда­на­тын өнімнің қымбаттығы ойлан­ды­ратын. Со­ны­мен қатар, ауаны газбен лас­тай­тын көліктер мото­рын жетілдіруді де армандайды. «Кемедегінің жа­ны бір» дегендей, Жапониядағы қайғылы жағ­дайдан кейін жалпы электр энер­гиясын өндіру мәселесі де тол­ғандыра бастады. Ал Кеңе­кеңнің осыған дейінгі патент алған еңбек­терінің барлығы дерлік осы мәсе­лелердің шешімін табуға ұмтыл­ған, мотор құрылысын жетілдіруге арналған. Мысалы, өнертап­қыш №19317 патентпен белгіленген «Құ­рамдастырылған двигатель» еңбегі тиімділігінің жоғары екендігін қорғап шықты. «Шығарған қал­дықтары аса зиянды болмаған­дық­тан бұл жылжымайтын двигательді тұрғындар тығыз тұратын елді мекендерде электр энергия­сын өнді­руге пайдалануға болады. Мұндай электр стансаларын салу арқылы электр энергиясын пайдалануда өз­гелерден толық тәуел­сіз­дікке қол жеткізуге болады. Оған жағатын отын­ға қолжетімді және оның баға­сы тұрақты болған жағ­дай­да мұн­дай тармақты электр стан­са­лары атом электр стансаларын са­лу­ға жа­ңа көзқараспен қарауды талап етеді» дейді өнер­тапқыш осы патентіне жазған ре­фератында. Өткен жылы наурыз айында Кеңес Сейдахметовтің «Жылуды алдын-ала іштен жалғастыратын қозғалтқыш» деп аталатын жаңа­лы­ғын Зияткерлік меншік құқығы комитеті «Инновациялық патент» деп бекітті. Патенттің түсінік­теме­сінде: «Бұл жылжымайтын двигательді электр энергиясын өндіру үшін орнатуға болады. Елді мекенге, кә­сіпорындарға электр энер­гиясының қажетіне қарай оның қуатын арт­тыруға мүмкіндік бар. Оған қоңыр көмір, жанатын тақта тас, торф немесе отынның бас­қа да қуаты аз түрлерін пай­да­лануға болады. Ұсынып отырған двигательдің басты артықшылықтарының бірі –оған отынның органикалық түр­лерін, оның ішінде қалаларда жыл өткен сайын көбейіп бара жатқан қоқыстарды пайдалануға болады деп көрсетілген. Электр энергиясын өндіру, оның қуатын арттыру қандай керек болса, экологиялық мәселенің көкейкесті­лігі де одан бір кем емес. Қаланың қо­қысы қазір дала­ға да ауысқан. Қаладағы қоқыс полигондарынан ұшқан полиэти­лен қағаздар мен құтылар, басқа да заттар даланы да шар­пып бара­ды. Қазір Кеңес Жұма­байұлының қолында өзі ойлап тап­қан жаңа­лық­тардың 5 патенті бар. Оның төртеуі мотор құрылы­сын жетілдіруге арналған. Біреуі «Серіппелі оқпанды аңшы мылтығының бір тартпалы ілгегі бар соққы-тарт­палы механизмі» деп аталады. Бұл да аңшы қауымының назарынан тыс қалмауы тиіс. Жасы жетпісті алқымдаған өнер­тапқыштың ізденісі кімді болса да таңғалдырғандай. Кеңекең­нің бір күн үйде қарап отырғанын, ой­ды серпіп тастап, көңіл-күйге ерік бергенін айналасындағылар біле қоймас. Зейнетақысы келсе алды­мен Қостанайға барып келеді. Кітап дүкендеріне не түсті екен, ғы­лыми-техникалық кітапханада, кө­ше­лерде, базардың шетінде үйін­дегі жиған-терген кітаптарын са­тып отыратын кемпір-шалдарда, букинисте не бар екен деп, бір шо­лып шығады. Мәскеуден, Алматы­дан шыққан бұрнағы жылдардағы ескі ғылыми-техникалық журнал­дар­дың тігінділерін де удай бағаға сатып алып жүрді. Бар-жоғы сегіз-ақ сынып білімі бар ол өздігінен оқудың арқасында техникадағы жаңалықтың бәрін қалт жібермейді. Бәрі де соғыстан кейінгі жалаң аяқ жүгірген балалық шақтағы қызығушылықтан басталыпты. – 1954 жылы Қостанай өңірінде тың көтеру жұмысы басталды. 1959 жылы әкем қайтыс болды да мен еңбекке араласып кеттім. Ол кезде комбайндар қазіргідей өзі орып, өзі жинай бермейді. Оның тіркемесі болады, соған орылған сабанды дәл түсіріп отыру керек. Оның бір педалін басасың, жүгіріп келіп екінші педальға үлгеруің керек. Олай етпесең сабан қатарлап түспейді де, комбайнер айқай са­ла­ды. Осылай сор­паң шығып жү­ріп, егін жинай­сың. Сонда менің бала қиялым осы­ны жетілдіруге болмай ма деп ой­лайтын, – дейді Кеңес Жұма­бай­ұлы. Жас кезінде механизаторлар дайын­дай­тын училищеде оқы­ды. Әрі қарай білім іздеуге уақыт мұрша бермеді. Оның бар ғұмы­рындағы жұмысы техникамен бай­ланысты болды. Машина жүргізсе де, бас­қа жұмыста болса да түрткі­леп, оны зерттеуден, зерделеуден жа­лық­пайтын. – Жас болса келе жатыр. Осы өнертабыстарымның жүзеге ас­қа­нын армандаймын. Әрине, олар­ды жүзеге асыру бір сәттің ісі емес, қаншама қаржыны қа­жет ететін шаруа, – дейді Кеңес ағай. Қостанай қаласындағы «Аг­ромашХолдинг» АҚ шетелдік машиналар құрастырады. Бұл бұрынғы дизельді двигательдер зауыты ғой. Өнертапқыш Кеңес Сейдахметов өзінің «Құрам­дас­ты­рылған двигатель» деген жұ­мы­сын осы кәсіпорынның ма­ман­дарына көрсетіп, оны жүзеге асыруға көмек сұраған болатын. Бірақ бұл тілегі орындалмады. Кәсіпорын басшылығы қаржы дағдарысына байланысты өнер­табыс жаңалықтарына инвестиция сала алмайтындығын айтты. Қазір жергілікті жерде өнертап­қыш­тардың басын қосатын белгілі ұйым да, алып жатқан қолдау-көмегі де жоқ. Олармен ешкімнің шаруасы да шамалы. – Ауылды жерде тұрған­дық­тан көптеген ақпараттан тыс қалаты­нымыз рас. «Шапағат» өнертап­қыш­тар байқауына өткен жылы құжаттарым дайын болмай, қаты­са алмай қалдым. Биыл құжа­т­тарымды жібердім, – дейді Кеңе­кең. Бәйгеден кімнің таласы жоқ дейсіз, бірақ өнертап­қыш­тың бас­ты мақсаты – өзі ойлап тапқан жа­ңа­лығының жүзеге асуы. Кеңекең өзінің өнер­та­быс­тарын сынап көру тәуекелдің ісі екенін де біледі. Оған қаржы құя­тын адам да жаңалықтың бо­ла­шақ үшін қан­ша­лықты қажет­тігін өзіндей түсі­нетін болуы керек. Ондай жанның бар екендігінен үмітін үзгісі келмейді. Ал өзінің ізденісі бір күнде толас­таған емес. Осы материалды да­йындау үстінде хабарлас­қаны­мыз­да Кеңес ағамыз кіші ұлы Нұрланмен бірігіп, кәдімгі велосипед қозғалтқышының жаңа түрін ойлап тапқанын айтты. Енді оны патенттеу ісі күтіп тұр. Өнертап­қыш­тың әр жұмысы ел­дің ғана емес, адамзат игілігіне айналма­сына кім кепіл... Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА. Қостанай облысы, Әулиекөл ауданы, Аманқарағай кенті.