• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
18 Мамыр, 2011

Қос саңлақ

489 рет
көрсетілді

«Қайран, қазақтың қыздары!» (Е.Қ.6,10,11. 2011 ж.) Құрметті редакция, газеттеріңізден үстіміздегі жылдың наурыз айының басында – белгілі әдебиетші, сыншы Құлбек Ергөбектің «Қайран, қазақ қыздары!» айдарымен жарияланған Шара, Мәриям апа, Алма туралы қызғылықты мақаласын оқып, риза болғаным сонша, өз пікірімді қоссам деймін. Иә, Шара апам жайлы ойлағанда көз алдыма мына бір сурет келеді. Қаралы жиын. Нөпір жұрт. Балалар және жасөспірімдер театрының фойесінде атақты әртіс Құрманбек Жандарбековпен қоштасу сәті. Табыттың оң жағында қаздай тізіліп, қара жа­мылған туған-туыс, балалары, жан жары Шолпан Жандарбекова отыр. Оңашалау жерде ба­ғанаға сүйеніп, жалғыз өзі күйзеліп Шара тұр. Оны жұ­батып, арқасынан қағып жат­қан ешкім жоқ. Мен қасына барып, жылы сөзімді айтып, жұбатуға тырыстым. Ол кезде жерлеуге әйелдер қауымын да қатыстыратын. Шара апаммен бірге Кеңсайда Құрекеңді жер қойнауына тапсыруға барған қайғылы жұрттың қатарында, сөйтіп, біз де болдық... Шара Баймолдақызы осы күні дулы өмірін Құрекеңмен қоса қара жерге көмгендей күй кешкен-ді. Екеуі­нің арасына дұшпан сөз, өсек-аяң араласып, ажыратқанымен бір-бі­рімен ұдайы сыйласа жүретінін жұрттың бәрі де білетін. Бірде Шара апамыз «Қырық қыз» ансамблінің әзірлігін жүргізіп жатқан. Таяғына сүйене шау тартқан Құрекең келіп дайындықты тамашалағаны бар. Сон­да Шара бұрынғы шалына еркелей: «Құреке, қарашы, қыздарым шетінен әсем, бұралып тұрған жоқ па?» – деді. Сонда ол: – Шара-ау, өзің әлі көп жұлдыз­дың ішіндегі Таңшолпансың ғой! – деп, сол баяғы нәзік сезімдерінің қо­засы суымағандай күй танытқанына да куә болған едік. Шара апамыз Құрекеңді ерекше тебірене еске алатын. Әсіресе ол, Құ­рекеңнің терезеден түсіріп өзін алып қашып кеткен кезін жиі еске алатын. Бір деп білегінен, екі деп етегінен ұс­тап, небәрі 16 жасында өзінен көп ере­сек, бұрын отбасын құраған Құр­манбекке тұрмысқа  шыққанына Шара еш өкінбейтін. Құрекең де оған дән риза болыпты. – Шаражан, басымды сыйлап со­ңым­нан ергеніңе рахмет! Ғұмыр бойы борыштармын өзіңе. Әртістікке баулимын, өнерде даңғыл жолға шы­ғуыңа тілеулесің боламын, – деген екен. Өз сөзіне берік, ер көңіл Жандарбеков ғұмырының соңына дейін ол сертінен танған емес. Шара қазақ ұлт биінің шаңырағын көтеріп, уағын шамшысқан ең алғашқы биші, би қоюшы, сол салада бірнеше кітап жазып кеткен қоғам қайраткері ретінде жұртына танылды. Осыдан бірер жыл бұрын «Егемен Қазақстан» газетінің тапсыруы бойынша «Би тәңірісі – Шара» деген материал жазып бергенмін. Жар­қы­рап шықты. Құлбек Ергөбековтің осынау тақырыпқа қайта оралуында үлкен мән бар: біріншіден, қазақтың үш асыл әйеліне қатысты көпшілік  біле білмейтін жайттарды айту болса, екіншіден, автордың өзі басы-қа­сын­да болған, көзі көрген дәйектерге аса зеректілігіне сүйсінесің. Әсіресе, Мәриям Хакімжанова жайлы оқыр­ма­нын бірде мұңайтып, бірде қуан­тып жазғаны кім кімнің де көңілінен шыққандай. Алма Қыраубаева  ту­ра­лы сөз басқа. Әттең, өмірден ерте өт­ті. Әйтпесе, түркітану іліміне қосары да алда болар ма еді... «Жеңге» тарауында біраз біз білмейтін жәйттардың бетін аша кеткені, соның ішінде атақты Күләш жай­лы: «Өз отының басынан жылу таппай келіп, көңіл шерін тарқататын Кү­ләш еді...» деген Мәриям апамның сөзі де көңілге түрлі ой салды. Ша­ра­ның  «Өмірім менің – өнерім» ме­муарлық кітабында Күләш Байсейітова турасында жан толқытар беттер аз емес. Бала жасынан телқозыдай бірге өскен қос құрбы әу баста театр табалдырығын бірге аттайды, сахнада қатар ойнайды. Тұрмысқа да бірі – Құрманбекке, бірі – Қанабекке шы­ға­ды. Өнер көгіне де бірге өрлейді. Кү­ләш – әсілі кішіпейіл, қайырымды жан болса керек. Бұл турасында Қа­зақ­станның халық әртісі, мақпал үнді керім әнші Рәбиға Есімжанова былай дейді: – Менің әншілік жолым бастал­ған­да сахнаға киіп шығатын салта­нат­т­ы костюмім де жоқ еді. Күләш апам өзінің панбарқыт жасыл көй­легін, камзолын ұсынды. Сол көйлек маған құт болды, әншілікте, сах­на­лық­та жолым осылайша сара жолға түсіп еді. Кей-кейде апама сәлем беруге барамын, ол қыздарының көй­лек-көншегін жамап, тазалап оты­ратын. «Оныңыз не, үй қызметшіңіз бар емес пе?» – десем, ол кісі: – Кішкенем-ау, қыздарымның киімдерін жамап, жаңалап, иіскеп оты­ру­дың өзі мені рахат сезімге бөлейді ғой – деуші еді. Өзінен жастау адамды «айнам», «кіш­кенем» деп сөйлейтін оның әдеті еді. Күләш қаншама ерінің атын да атамай: «Қана, Қанам!» десе-дағы жү­ріс-тұрысқа бейім Қанекең үйден гөрі, түзде жүруді әдетке айнал­дырған секілді... Мәриям ананың «от­басынан жылу таппаған» деуінің мәнісі де осы болса керек. Сахнадан Күләшті сан көрдім. Ақжүнісін, Қызжібегін, Маросын және т.б. сахнадан сомдаған кейіпкерлерін де көрдім кезінде. Бағым да шығар, мек­тепке оқыған кездерімізде мұға­лім-тәрбиешілеріміз жиі-жиі театрға апарып тұратын. Бұл менің әнші болсам деп талпынып жүрген кезім еді. Опера және балет театр жанынан қос студия құрылды, конкурс жарияла­нып, жер-жерден ән салатын өнерлі жас­тарды таңдады. Бағымды сынап мен де сайысқа түстім. Қазылар ал­қа­сының бас төрешісі Күләш апай екен. Шашын қос бұрым ғып өріп, тө­бесінен айнала ораған Күләштің үс­тінде панбарқыт көйлек, алтын сыр­ға-сақиналары жалтыраған аса кербез жан көрінді. Конкурстан өтсем де, көп аялдамадым: «осы хорда маған не бар?» дедім де, университеттегі оқуымды жалғастырып жүріп жат­тым. 1957 жылдың жазы. Емтиханға даярланып қызылтанау болып жат­қанбыз. «Күләш қайтыс болыпты» деген суық хабарға не сенерімізді, не сенбесімізді білмей, алаңдадық. Опера және балет театрының алды құ­жы­наған халық. Жылап-сықтаған жас, кәрі. Бірнеше кісі табы­тын алып көтеріп жүрді. Со­ңы­нан ілескен көпшілікке қо­сыл­дық, көз жасымыз тыйылар емес. Небәрі қырық төрт жа­сында бұлбұл Күләш осылай дү­ниеден өтті. Ұлы ақын Мәриям Хәкім­жанованың 75 жылдық мерей­тойы ол кезде А.С.Пушкин атындағы ұлттық кітапхана­ның залында өткен-ді. Апа­мыз қоңыр көйлек, иығына  ша­шақты ақ шәлі жамылып, аса шабытты, мейманасы таси отырған. Жақсы сөзге жан семірмей ме. Мен алдыңғы қа­тарда, гүл шоғын ұстап отыр ем, қасыма ақын Ақұш­тап Бақтыгереева келіп: «Екеуіміз сах­наның екі жағынан шы­ғып, апа­мызды құттықтайық, андағы гүлді екіге бөл», – деді. Бөлдім. Шықтық. Ақұштап апамның қасына отырды. Ал мен рұқсат сұрап «апамыздың құрметіне бір ән айтып берейін» деп, Біржан салдың «Жоныпалдысын» айтып шықтым. Жазушы Жайсаңбек Молдағалиев мені ертіп Мәкеңнің үйіне апарды. Ша­ғын дастарқан басына жайғасып ек, көзім кітап шкабының әйнегіне та­қау қойылған жасыл түсті өзімнің  «Қазбауыр бұлттар» кітабыма түсті. Өз дүниеме өзім таңғалып, «апырай, апамыз прозаны да қалт жібермей оқи­ды екен-ау!» деппін іштей. Сол арада Мәкең: – Шәрбану, сенің тырнақалдың­нан таныспын, сонау жылдары ақын інім Жұмағали Саинның саған жолашар тілеп жазған мақаласын да оқы­ғанмын. Ол «Социалистік Қазақ­стан» газетінің бетінде жарияланып еді. Ал сенің әнші екеніңді білгенім жоқ. Қане, тағы бір ән салшы, – деді. «Көк көбелек» әнін айтып ем: – Бір байқасам, сен Тұрсынхан­ның мәнерімен шырқайды екенсің, – дегені де есте. Ұлым Серікті үйлендірерде Мә­риям апаны тойға шақырдым. Шара апай да келді. Екеуі кең үстел ба­сында иық тірестіре қатар отырды. Әт­тең, сол тойға фотограф шақыр­мап­пын, сонда қос дегдар – қос әулиені бейнетаспаға басып алар еді ғой. Тарихқа қалар еді... Мұндай өкініш қазақта аз емес. Күләш Байсейітованың, тым құрыса, бір сахналық бейнесін түсіргенде ғой. Жалғыз-ақ бейне – күймеден шығып, «Гәккуін» шырқаған кезі. «Қыз Жібек» операсының Мәскеуде, 1936 жылы Қазақ әдебиеті мен өнерінің алғашқы онкүндігі өткен тұста түсірілген. Шүкір, Шара билері теледидарға түсіріліпті. Радио «Нақ-нақ», «Жариямай» сияқты билеп жүріп айтатын әндерін анда-санда тыңдатып тұрады. Жасыратын не бар, біз көп жағ­дайда еренсізбіз, енжармыз, болашақ ұрпақ қамын ойламаймыз. Ал өт­кенін ұқыптамаған, тірнектеп жинақ­тап жүрмегеннің кесірін бүгінде тартып жүрген жоқпыз ба. Шәрбану ҚҰМАРОВА,жазушы.