Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық комитетінің ұйымдастыруымен «Нотариат туралы» Қазақстан Республикасы Заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасы бойынша дөңгелек үстел өткізілді.
Дөңгелек үстелді заң жобасы бойынша жұмыс тобының жетекшісі, депутат Зағипа Балиева жүргізіп отырды. Аталған заң жобасы жөнінде Әділет министрінің орынбасары Әмірхан Аманбаев баяндама жасады. Жиынға Ресейден Федералдық нотариалдық палатасы басқармасының мүшесі, Самара облыстық нотариалдық палатасының президенті Г.Николаева қатысып, өз тәжірибелерімен бөлісті.
Бүгінгі күні пайдаланып жүрген «Нотариат туралы» ҚР Заңы 1997 жылы қабылданған. Содан бергі қоғамдық өзгерістерге байланысты қолданыстағы ережелерді қайта қарау қажеттігі туындап отыр. Бірнеше жыл бойы Заңға қолданылуы мен іске асырылуы аталған құқық институтын қалыптастыруда және дамытуда маңызды болған өзгерістер мен толықтырулар енгізілген. Еуропа елдерінде нотариустық қызметтің 500 жылдық тарихы бар. Біздің нотариустар латын жүйесімен жұмыс істейді.
Әділет министрлігі ұсынып отырған заң жобасы нотариусқа лицензия алуға үміткер адамдарды аттестаттау, үміткерлер арасында конкурстар жүргізу кезінде сыбайлас жемқорлық факторларын жоюға, олардың қызметінің аумақтарын анықтауға мүмкіндік береді. Мемлекеттік нотариустардың рөлін күшейтеді. Халыққа көрсетілетін нотариаттық қызметтің құнын азайтады, жекеше нотариустары жоқ шалғай аудандарда мемлекеттік нотариус қызметімен қамтамасыз етеді.
Нотариаттық қызметпен айналысу құқығына үміткер адамдар Әділет министрлігі жанындағы Аттестаттау комиссиясында аттестациядан өтеді. Аттестациядан өткенімен лицензия алып, аймағын айқындай алмай жүргендер де баршылық екенін айтып өтті дөңгелек үстелге қатысушылар. Осы заң жобасымен жекеше нотариустар жоқ шалғай аудандарда қызмет көрсететін мемлекеттік нотариустар институтын да қалпына келтіру ұсынылады. Республикада 2018 нотариус бар, жалпы, 4642 мемлекеттік лицензия берілген. Соңғы үш жылда республика соттары 538 нотариаттық куәландырған келісімнің күшін жойды. Ұсынылып отырған заң жобасын қабылдау нотариатты неғұрлым тиімді дамытуға және нотариаттық қызметпен байланысты сыбайлас жемқорлық факторларын болдырмауға ықпал етеді.
Дөңгелек үстелде Республикалық нотариаттық палата төрайымы А.Жанәбілова, Құқықтық зерттеу және талдау институты консультативтік кеңесінің төрайымы К.Мұқашева, «Rectum esse» құқықтық орталығының президенті М.Әмірова, т.б. сөзге шығып, пікір алмасты.
Сәуле ДОСЖАНОВА, журналист.