• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
26 Мамыр, 2011

Үш жылдық жобаға – 33 миллион доллар

393 рет
көрсетілді

Кеше Мәжіліс Төрағасы Орал Мұхамеджановтың жетекшілігімен  палатаның кезекті жалпы отырысы болып өтті. Депутаттар күн тәрібіне шығарылған он екі мәселені қарады. Еліміз бен Халықаралық Қай­та құру және даму банкі ара­сын­дағы Қарыз туралы келісімді (Тех­никалық және кәсіптік білім беруді жаңғырту жобасы) ратификациялау туралы заң жобасын депутаттарға Білім және ғылым министрі Бақытжан Жұмағұлов таныстырды. Келісімге 2010 жыл­дың 24 қарашасында қол қойыл­ған. Ал жобаның өзі үш құрамдас бөліктен тұрады. Алғашқысы ұлт­тық және салалық біліктілік шектерін құру мен 147 мамандық бой­ынша кәсіптік стандарттарын жақсартуды көздейді. Ұлттық, 14 салалық және 16 өңірлік кеңес­тер­ге жұмыс берушілерді қатыс­ты­руды қамтамасыз ету қарас­ты­рылған. Осы ретте оқу орындары басшыларының менеджментін жа­ңарту технологиясына оқыту да қолға алынары белгілі болып отыр. Техникалық кәсіптік білім беру оқу орындарының материал­дық-техникалық базасын нығай­ту үшін 350 мың АҚШ доллары болатын 68 грант бөлінбек.  Со­ны­мен қатар, 147 кәсіптік білім беру стандарттары мен 940 оқу бағдарламаларын жаңарту назардан тыс қалмаған. Жобаны толық жүзеге асыру құны 33,2 миллион АҚШ долларына (4,9 миллиард теңге) бағаланса, сыртқы қарыз есебінен 24 миллион АҚШ дол­лары (4,4 миллиард теңге) және республикалық бюджеттен 4,2 миллион доллар (597,8 миллион теңге) қарастырылыпты. Жобаны жүзеге асыру 3 жылға жоспарланса, қарызды өтеу 4 жылдық жеңілдікпен 15 жылға беріліпті. Қарыздың үстемесі жылдық есеппен 1,5 пайызды құрайды. Министрдің пайымынша, аталған жобаны жүзеге асыру еңбек пен білім салаларын тығыз байла­ныс­тыруға мүмкіндік береді. Жоба кадрлар даярлаудың тиімді жүйе­сін құрып қана қоймай, эконо­ми­каға қажетті білікті ма­мандарға деген сұранысты қам­тамасыз етеді. Депутаттар атал­ған заң жо­басын бірауыздан ма­құл­дады.  Халықтың көші-қоны туралы  заң жобасы және  оған ілеспе заң­дық құжат екінші оқылымда ма­құлданды. Заң жобасы елімізге тұрақты тұру үшін келген этнос­тық қазақтар мен олардың от­ба­сылары, шетелдерден келген отандастарымыз бен олардың от­ба­сыларын, сондай-ақ экономи­ка­лық болашағы жоқ және эко­логиялық қолайсыз өңірлерде тұ­ра­тын азаматтарды өзге жерлерге ұтымды қоныстандыруды, жай­ға­суға жәрдемдесуді және әлеу­мет­тік қолдауды қарастырады. Депутаттар Б.Тілеухан, Н.Өнербай, А.Смайыл, У.Қалижан және Н.Са­бильянов ұсынған оралмандар мен олардың отбасылары құқық­тарына қатысты түзетулерге Үкі­мет оң қорытындысын бергені белгілі болды. Депутаттар заң жобасын бірауыздан мақұлдады. Сондай-ақ кешегі отырыста Қазақстан Үкіметі мен Ресей Үкі­меті арасындағы «Байқоңыр» кешенін жалға беру шартына өз­геріс енгізу туралы хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасы да қаралып, қолдау тапты. Егер солтүстік көршіміздің ғарыш ай­лағы персоналдары, құқық қор­ғау органдары мен мемлекеттік билік қызметкерлері мен олар­дың отбасы мүшелері «Бай­қо­ңыр­дан» тыс жерде әскери қыл­мыстар мен құқық бұзушы­лық­тар жасаса, оларға Ресейдің заңы негізінде жаза қолдану қарас­ты­рылған. Кешегі жалпы оты­рыс­қа шы­ғарылған жұмыспен қам­ту, қылмыстық іс жүргізу, рұқсат беру жүйесін жетілдіру және өзге де мәселелерге құрыл­ған заң жобаларының барлығы да қолдау тауып, мақұлданғанын айта кету керек. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ.