Кеше Бүкіләлемдік Ислам экономикалық форумы аясында Қазақстанның Индустрия және жаңа технологиялар министрі Әсет Исекешев пен Ислам Даму банкінің (ИДБ) төрағасы Ахмад Мохаммед Әли өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.
Осы құжатқа сәйкес биылғы жылы ИДБ стратегиялық әріптестіктің құжаттарын толық дайындаған соң, 2011-2012 жылдары Қазақстан экономикасына 1,2 миллиард доллар көлеміндегі қаржы бағытталады. Бұл қаражат ең алдымен ауылшаруашылық саласы мен көлік инфрақұрылымын әрі қарай дамытуға бағытталады.
Мемлекет басшысы форумда сөйлеген сөзінде азық-түлік қорын құру туралы ұсыныс айтқан болатын. Әсет Исекешевтің айтуынша, бұл ұсынысқа Ислам Конференциясы Ұйымына мүше мемлекеттердің барлығының келісімі болуы қажет. «Ең алдымен аталған ұсынысқа қатысты Ұйымға қатысушы елдер арасында келіссөздер жүргізіледі. Шаралардың барлығы консенсустық жағдайда қабылданады», – деді осы туралы ИДБ төрағасы.
* * *
Кеше Бүкіләлемдік Ислам экономикалық форумының аясында «Ауыл шаруашылығын қаржылық қолдау қоры» акционерлік қоғамы мен Ислам даму банкі арасында ауыл шаруашылығын шағын несиелеу бағдарламасына қатысуға несие және техникалық көмек гранты туралы келісімге қол қойылды.
Аталған құжатты Ислам даму банкінің төрағасы Ахмад Мохаммед Әли мырза мен «Ауыл шаруашылығын қаржылық қолдау қоры» АҚ басқармасының төрайымы Гүлназ Атамқұлова рәсімдеді.
Ауыл шаруашылығы министрі Асылжан Мамытбековтің хабардар етуінше, ИДБ-ның 10 миллион долларды құрайтын қаржысы ауыл шаруашылығын шағын несиелендіруге бағытталады. Оның комиссиялық сыйақысы 2 пайыздан аспайды.
* * *
Бүкіләлемдік Ислам экономикалық форумы барысындағы брифингте белгілі болғанындай, елімізде исламдық қаржыландыру қағидаттары бойынша жұмыс істейтін инвестициялық қор құрылады.
«Фаттаһ финанси» АҚ директорлар кеңесінің төрағасы Заратқазы Нұрпейісовтің айтуынша, бұл қорда қарапайым адамдардың қажылық сапарға баруға қажетті қаржы жинақталады. Сонымен қатар, ондағы қаражат қасиетті қалаларда қажылыққа баратын қазақстандықтар жайғасатын қонақ үйлер салуға да жұмсалады. Осылайша біздің адамдар малайзиялық Қажылық қор сервисімен тең болатын қонақ үйлерде тұрады.
«Егемен-ақпарат».