• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
10 Маусым, 2011

Құнарлы топырақ – сапалы өнім негізі

2753 рет
көрсетілді

Жалпы тіршілікте, оның ішінде адам ба­ласының өмірінде ең қажеттісі су, ауа және топырақ екені ежелден белгілі. Сондықтан жер мен суға аса көңіл бөліп, бұлақ көрсе көзін ашып, жерді өз анасындай қамқорлық­пен қорғаса нұр үстіне нұр болар еді. Кең байтақ жерімізде топырақтың көпте­ген түрлері  бар, олар биіктегі шалғынды құ­нарлы қара топырақтан ойпаттағы құнарлы­лығы өте төмен сұр топыраққа дейінгі ара­лықты қамтиды. Оларды өз ыңғайында тиімді пайдаланудың маңызы зор. Осы арқылы өнімнің өнімділігі мен сапасын арттыруға болады. Ол үшін ең алдымен отандық егіншілік ғылымының қол жеткізген жетістіктерін өндіріске белсенді түрде еңгізу қажет. Еліміз өз тәуелсіздігіне ие болған кезден бастап, отандық ғылым алдына бірқатар жаңа міндеттер қойылды. Елбасының халық қамы­нан туындаған сарабдал саясатының нәтиже­сінде елдің ұлттық қауіпсіздігін, оның ішінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету өте маңызды мәселелер қатарына шығарылды. Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі стратегиялық даму жоспарында жер ресурстарына бай, халқы көп алып елдердің ортасында тұрған Қазақстан азық-түлікке де­ген әлемдік сұранысты қанағаттандыруға қа­білетті елдердің бірі ретінде қарастырылған. Алайда жер телімдерін осы уақытқа дейінгі экстенсивті  және тиімсіз түрде пайдалану мен ескі шаруашылық жүргізу тәсілдері  же­рі­міздің топырақ құнарлылығының төмен­деуіне  ықпал еткендігі де шындық. Жалпы айтқанда, топырақтану ісіне көп­теген ғылым салалары келіп үйлеседі және олар бір-біріне тәуелді болып келеді. Олар­дың ортақ тұжырымы бойынша өсімдіктер­дің өсуі, олардың өнуі мен сапасы көп ретте топырақтың тынысы мен жағдайына байла­нысты болып келеді. Осыған орай алдымен топырақтағы болып жатқан құбылыстардың өзгеру заңдылықтарын анықтай отырып жерді тиімді пайдалануға болады. Бұл өз кезегінде өнімнің өнімділігі мен сапасын арт­тырады. Топырақты тиімді пайдаланудың ғылыми негізін ғалымдар мен мамандар жасаса, ал оларды өндіріске енгізу шаруашылық субьектілері арқылы жүзеге асырылатындығы белгілі. Осы салада еліміз егемендік алғаннан бері  топырақтанушы ғалымдар аянбай еңбек етіп келеді. Олар жерді тиімді пайдалану үшін, біріншіден топырақ ғылымының даму бағыттарын, екіншіден топырақ жамылғысы­ның жағдайы мен топырақта болып жатқан өзгерістердің заңдылықтарына антропогендік фактордың әсерін анықтап, оны шешу жолдарына арналған ұсыныстар дайындап өн­діріске енгізіп келеді. Оның бірі қатты тұзданған сілтілі топырақтарды игерудің  жаңа технологиясы. Осы жаңа технологияны Ақдала және Шиелі алқабында өндіріске енгізу арқылы суармалы жердегі күріш өнімін отыз пайызға дейін көбейтуге, оның пісу мерзімін 7-12 күнге дейін қысқартуға, сон­дай-ақ топырақтың құнарлылығын сақтай отыра енгізетін тыңайтқыштардың мөлшерін екі есе азайтуға болатыны дәлелденді. Жаңа технологияны өндіріске ендіру, ға­лымдар үшін, оңайға түскен жоқ. Себебі, оны өнім өндірушілер мен жеке шаруа қожалық­тары егіс жағдайындағы өсіп тұрған дақыл­дың өнімін  өз көздерімен көрмей жаңа тех­нологияны қабылдай қоймады. Енді оған олардың көздерінің жетуіне байланысты осы технология суармалы жердегі егістікте кеңі­нен ендіріліп келеді. Жаңа технологияның бір ерекшелігі тұз­дардың топырақтағы деңгейіне және топы­рақ­тың механикалық құрамына, оның құнар­лылығына  байланысты түрлі модификация­сын пайдалануға болады. Ал екінші ерекшелігі – оның егістікте тонналап емес, грамдап берілетіндігінде, яғни аз шығын жұмсалатындығында. Сонымен бірге, топырақтанушы ғалым­дар тозғындауға, бүлінуге ұшыраған жерлерде наноагромелиоративтік әдістерді пай­далана отырып  топырақтың мелиоративтік жағдайын жақсартуға  және топы­рақ­тың құнарлылығын арттыруға, осы ар­қылы ауыл шаруашылық дақылдардан қо­сымша 65 пайызға дейін өнім алуға бола­тынын дәлел­деп, іс жүзіне асырып келеді. Нәтижесінде астық дақылдарындағы дәннің белоктық заты (ұлпасы) бес  пайызға дейін көбейіп, көкөніс дақылдарындағы нитраттар бірнеше есе азаятындығы, сонымен бірге да­қыл­дар өніміне судың аз көлемде қолда­нылатыны анықтады. Осыған орай көп жылдық ғылыми ізде­ністердің негізінде «Ғылыми жаңалықтар ав­торлары мен өнертапқыштар» халықаралық академиясының шешімімен өсімдіктің био­логиясы саласында қазақстандық ғылыми жаңалық тіркеліп, жаңалық куәлігі Еңбек Қызыл Ту орденді Ө.Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институтына берілді. Қазіргі таңда институтымызда дақылдар­дан экологиялық таза, жоғары және сапалы өнім алудың негізін құрайтын және топы­рақтың құнарлылығын өсіретін адаптоген препараттардың (ПА) отыз тоғыз түрі бар.  Осы препараттар деградацияға ұшыраған суармалы жерлерде  пайдаланылу үстінде. Олардың көп өтпей ауыл шаруашылығы  да­қылдары егістіктерінде  кеңінен пайдаланы­ла­тындығына толық сенеміз. Табиғи минералдарды пайдалана және олар­ды түрлі минералды элементтермен байы­та отырып жаңа органоминералды тыңай­т­қыштардың, сонымен бірге жаңа бағыттағы  органикалық қалдықтарды өңдеп және олар­ға микроэлементтер мен микроорганизмдерді енгізу арқылы жаңа микробио­тыңайтқыш­тар­дың жаңа түрлерін ойлап таптық. Олар ауыспалы егістегі тәжірибе танабында то­пырақтың құнарлылығын арттыруда, осы арқылы көкөніс пен картоп дақылдарының сапасы мен өнімділігін арттыруда үлкен нәтиже көрсетіп отыр. Бұл жаңалықтың да келешекте өдірістен  ерекше орын алатынына сеніміміз мол. Осы жоғарыдағы айтылған жаңа технологиялар, препараттар мен тыңайтқыштардың нәтижесін қолдайтын  инновациялық патенттері бар. Осыған орай  ауыл шаруашылы­ғында  «Ана-жер» ЖШС-нің  президенті Султан Усмановтың шығарған МЭРС атты микробиотыңайтқышы топырақтанушы ға­лым­дар­мен бірге  өндіріске кең көлемде ендіріліп келеді. Оның берер пайдасы – өсім­діктерді көптеген макро, микроэлементтер және микроорганиздермен қамтамасыз ете отырып, топырақта қоректік заттарды тиімді, ал минералды тыңайтқыштарды үнемді етеді және химиялық улы заттардың кері әсерін азайта отырып дақылдардың экологиялық таза өнімін арттырып, сапасын жақсартады. Бақылау нысандарымен салыстырғанда МЭРС микробиотыңайтқышы өнімді бір жарым есеге дейін көбейтеді. Осы тыңайтқышқа  2010 жылы 21 желтоқсанда Астанада өткен «Инновация және инвестиция» көрмесінде Мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаев оң баға берді. Сырдария атырабының, Арал табанының  және  астық өндіретін негізгі солтүстік аймақтардағы топырақтың құнарлылығына  көп жылдан бері жүргізіліп келе жатқан мониторинг негізінде Сыр өңірінің, әсіресе, Арал табанындағы  сортаң және тұзданған топырақтардың көлемі көбейіп, топырақтың құнарлылығы азайғаны байқалды. Сол себепті Арал өңірінің топырақ құнарлылығын қал­пына келтіру бағытында, ондағы өсімдік­тердің биологиялық өнімділігін арттыру  үшін Сыр өңірінің топырақ картасы мен  олар­ды тиімді пайдалануға арналған топы­рақтың өндірістік топтамасының карта-схемасы жасалды және егістіктен шығып қалған жерлерді егіс айналымына қайтадан ендіру жөнінде ұсынысы енгізілді. Сондай-ақ Жетісудың, Жамбыл, Қараған­ды және Оңтүстік Қазақстан облыстарының  жаңа технологиямен жасалған топырақ кар­тасының электрондық нұсқасы, топырақ­тың құнарлылығын және оның балл бонитетін анықтайтын  картасы, тағы да сол сияқты көптеген шаралар мен нұсқаулар жасалынды. Солтүстік Қазақстанның астықты өлке­леріндегі топырақтарда  ылғалды сақтау, топы­рақтың құнарлылығын және өнімінің өнімділігін арттыру технологиясының ғылы­ми негіздерін  Солтүстік Шығыс Қазақ ауыл шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты­ның ғалымдарымен бірлесіп жасап, өндіріске енгізіп келеміз. Қазіргі күні өндіріске енгізіп жатқан жаңа технологияларымыз – институт ұжымының істеп жатқан ерен еңбектерінің бір бөлігі. Олардың барлығы Елбасының жер тиімділігі мен құнарлылығын арттыру, агроөнеркә­сіптік кешенді дамыту жөніндегі тапсырма­ларымен, Үкіметтің осыған орай атқарып жатқан жұмыс бағыттарымен толық сәйкес келеді. Бұл – институт топырақтанушы ғалымдарының ел тәуелсіздігінің жиырма жылдық мерейтойына қосар қомақты үлесі. Себебі, біздің басты байлықтарымыздың бірі ұлан-байтақ жер ресурстарымыз болса, бұл шаралар сол байлықты дұрыс та тиімді пайдалану жолындағы тәуелсіз еліміздің алғаш­қы ғылыми нәтижелері. Қазіргі кезде заман талабына сай, іргелі және қолданбалы ізденістердің нәтижесінде анық­талған топырақтану және агрохимия проб­лемаларын алға тарта отырып, алдағы үш жылға жаңа  жобалар әзірлеу үстіндеміз. Оған Үкі­мет тарапынан қолдау  болады деген сенімдеміз. Абдолла САПАРОВ, ауыл шаруашылығы ғылымдарының  докторы, профессор, Ө.Оспанов атындағы Қазақ топырақтану және агрохимия ғылыми-зерттеу институтының бас директоры. Алматы.