• RUB:
    5.54
  • USD:
    474.71
  • EUR:
    511.74
Басты сайтқа өту
10 Маусым, 2011

Дүбірге толы дүние

337 рет
көрсетілді

ПЕРУ: ОППОЗИЦИОНЕР ПРЕЗИДЕНТТІККЕ САЙЛАНДЫ Өткен жексенбіде Перуде болған президенттік сайлаудың басты ерекшелігі – онда оппозиция өкілі, бұрынғы әскери адам Ольянта  Умаланың жеңіске жетуі және оның қарсыласы елдің бұрынғы президенті, қазір түрмеде жатқан Альберто Фухиморидің қызы Кейко Фухиморидің жеңіліс табуы. Сайлау өте тар­тысты өткенін аң­ғарасың. Оның қо­ры­тындысы туралы түрлі мәліметтер ай­тыл­ды. Бірде Ума­ла 50,5 пайыз, бірде 51,5 пайыз дауыс алды деген мә­ліметтер тара­тыл­ды. Ал Фухимори жеңілісін біраз уақыт мой­ындамай жүрді. Ақыры Умаланың жеңгені жарияланды. Сөйтсе де, бұл елде түрмеде жатқан бұрынғы президент Фухимориді, оның қызы Кейконы қолдайтындар көп екені, олар елдің жартысы дерлік екені айқын болып отыр. Перу жалпы әлемдік саясатта өзіндік орны бар ел, жер көлемі жө­нінен алдыңғы 20 елдің, хал­қы­ның саны жөнінен 40 елдің қата­рына қосылады. Табиғи байлығы да айтарлық­тай. Сондықтан да, ондағы саяси және экономикалық жағдайға, ұстанған саясатына көр­ші елдер ғана емес, әлемнің жетекші елдері де назар аударады. Бұл елде диктатура да, әскери хунта да билік жүргізді. Халық сайлау сияқты саяси шараларға белсенді қатысады. Сол халықтың  Ольянта Ума­ла­ны қалауында да қисын бар. Халық диктатураның не екенін біледі. Президент Альберто Фухимори тұсында ел экономикасы бір­шама дамыса да, қалың бұ­қара халықтың бүйірі шыға қой­ған жоқ. Оның үстіне дикта­туралық тәртіп те халықтың еңсесін мық­тап-ақ басқан. Сол ауырт­палық­тан бүгінге дейін билік тізгінін ұс­таған Алан Гарсия құтқара қой­ған жоқ. Енді әсіре­солшыл ұлт­шыл Умаланың бағ­дар­ламасына, уәделеріне үміт артуға тура келеді. Жаңа президент халыққа көп­тен та­ныс. Әскери қыз­мет­ті подполковник шеніне дейін ат­қарған соң, белсенді саяси өмірге ара­лас­ты. Тіп­ті 2000 жылы президент Фухимориге қарсы көтері­ліс­ті де басқарды. Умала 2006 жылғы сайлауға да қатысып, екінші турға бірінші орынмен шықса да, ақтық күресте Гарсия жеңіске жеткен. Сайлаушылардың біршамасы сонда Гарсияға дауыс бергенін қателік санап, енді Умалаға дауыс беруді борыш санағандай болып отыр. Тағы бір сарап­шылар жаңа президенттің тұр­ғын халықтың негізін құрайтын индтердің бір бұтағы кечуаның мүддесін үнемі алға тосатын ұлтшылдық көзқара­сының да әсерін атап айтады. Жалпы, оның көзқарасы ту­ра­лы айтқанда, Умала ел бай­лығы, табиғи ресурстар халық игілігіне жұмсалуға тиіс деген ұранмен ха­лықтың, әсіресе, кедей қауымның көңілінен шығып жүр. Оның қалай жүзеге асы­рылатынын кім білген. Бұрын ол Венесуэла президенті Уго Чавес­тің жолын қуушы саналса, соңғы кезде одан біршама алшақтай бастағаны аң­ға­рылады. Чавес АҚШ-қа қарсы саясат ұстанып, ел байлығының сү­белі үлесін қару-жараққа жұм­сап жатса, Умала АҚШ және Бразилиямен жақындасу бағытын ұс­тана­тынын, ұлттық экономиканы дамытуды көздейтінін мәлім­деді.Қалай болғанда да, перуліктер Ольянта Умала мен Кейко Фу­химоридің бірін таңдау қажет­ті­гі туғанда, алғашқысына тоқтады. «ҰЛЫ ЧЕРКЕСИЯНЫ» ҚҰРУДЫ КІМ АРМАНДАЙДЫ? Абхазия Республикасының президенті Сергей Багапштың қайтыс болуы – қайғылы оқиға. Бұл елдің халқына, марқұмның туған-туыстарына көңіл айтқан ләзім. Өлімді саясатқа, саяси саудаға айналдырудың жөні жоқ-ақ. Ондай жағдай болған соң, оны айтпасқа және болмайды. Осы кезде «Ұлы Черкесия» төңірегінде көбірек әңгіме айтылды. Бұл әңгіме Сол­түстік Кавказдағы, яғни Ресейдің оң­түс­тік-батысындағы жағдайға айтар­лық­тай әсер етеді. Әң­гімені өрбіту­ші­лер­дің де мақсаты – сол. Онсыз да чешен мәселесі, Да­ғыс­­тан­дағы түрлі қақтығыстар, жалпы, кавказ мәселесі Ресейдің мазасын алып жүргені белгілі. «Ұлы Черкесияның» мәні – біртұтас адыге халқының (біраз жұрт оны черкес деп айтады) негізінде қазіргі кабардин, адыге, черкес және шапсуг халықтары өмір сүріп жатқан аймақта мемлекет құру. Бұл аймаққа Кабар­дин-Балқария, Қарашай-Черкесия және Адыгея республикалары кіреді. Байсалды ойлайтын адам оның жүзеге асуы мүмкін еместігін аңғарады. Басқасын былай қой­ғанда, сол құрылымдардың атау­ын­да аттары жүрген қа­рашай, балқарлар оған көне қоя ма екен? Соған қарамай, бұл әңгіме біраздан бері айтылып келеді. Ал Абхазия президентінің қайтыс бо­луына байланысты көбірек ай­ты­ла бастады. Оның себебі, біріншіден, бұл республика сол арман­дағы «Ұлы Черкесияға» көрші және Кавказ мәселесіне тікелей қатысты; екіншіден, абхаздар мен адыгенің төркіндері жақын, тілдері туыс. Демек, тағдырлас елдер, оның да жаңа империяға қосыла кетуі мүмкін екен. Сол «Ұлы Черкесия» карта­сын ойнауға көп ел мүдделі көрі­не­ді. Сарапшылар мен саясат­шы­лар тізім басына АҚШ-ты қойып жүр. Жаңа «империя» Ресейді Қа­ра теңізден айырып тастайды. Оның есесіне «Ұлы Черкесиямен» тіл табысса (оған күмән жоқтай), АҚШ-тың әскери-теңіз флоты бұл теңізден орын алады. Мұны жәй сөз деп қабыл­дауға бол­майды, оның ар жа­ғында іс-қимыл жатыр. Оның ау­қы­мы айтарлықтай. АҚШ-та, Лос-Ан­дже­лес қала­сында Бүкіл дүние­жүзілік адыгелер туысқан­ды­ғының штаб-пә­те­рі орна­ласқан. Оның президенті Замир Шухов деген. «Ұлы Чер­кесия» идеясы Израильде де жан-жақты наси­хат­талады. Онда черкестердің қауымдастығы да бар екен. «Хасэ Израиль» деп аталады. Гол­ландиядағы Таныл­ма­ған ұлт­тар ұйымының бір ба­ғыты «Ұлы Черкесияны» қол­дауға арналған. Ал Ресейдің өз ішіндегі жұ­мыс бұдан да пәрменді. Осыдан үш жыл бұрын Черкесск қала­сында черкес халқының тө­тен­ше құрылтайы өтіп, онда Ка­бардин-Балқария, Қарашай-Чер­кесия және Адыгея рес­публикаларын біріктіру ашық айтылды. Былтырғы жыл­дың аяғында сол Черкесскіде чер­кес­тердің қоғамдық ұйым­дары­ның өкілдері бас қосып, Бү­кілресейлік Адыге Хасэнің үй­лестіруші кеңесі құрылды. Онда черкестердің жалпыұлттық парламентін құру идеясы сөз болды. Ал қазір бүкіл черкестік құрыл­тай өткізуге дайындық жасалып жатыр. Өз мемлекетімді құрсам, өз туымды тіксем дейтін халықтар­дың арманына, тілектеріне қосы­ла­сың-ау. Бірақ оның көбіне жетекші елдердің карта ойынына айналып кететіні жаман. Күшті елдер өз мүдделерін ойлайды. Ал тәуелсіздігін, егемендігін ой­лаған шағын халықтардың тағ­дыры сол мықты елдердің мүд­десіне құр­бан­дыққа шалынып жатады. Ресей үшін, әрине, «Ұлы Черкесия» мәселесі үлкен бас ау­ру­ына айналады. Басқа бір елдерге осының өзі қуаныштай көрінеді. Ал адыге халқына осы бір саяси ойын қуаныш әкеле қояр ма екен... Көп қиындық, қасірет әкел­месе екен деп тілейсің. Мамадияр ЖАҚЫП.