Еліміздің білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына сәйкес 2011-2012 оқу жылында Электронды оқыту жүйесін (e- learnig) енгізу эксперименті Астана, Алматы қалаларының және Қарағанды облысының 44 білім беру мекемелерінде биылғы жылдың қыркүйегінен басталмақ. Бұл ретте арнайы мамандар қазіргі таңда жүйелі жұмыстар жүргізуде. Соның бірі 23 мамыр мен 22 шілде аралығында Астана қаласының 10 білім беру ұйымының 859 ұстазы «Электронды оқыту жүйесін енгізу жағдайында білім контенттерін жасау технологиясы» тақырыбында білім беру жүйесінің басшы және ғылыми-педагогикалық кадрлары біліктілігін арттыратын республикалық институттың ұйымдастырып жатқан курстарынан білімдерін жетілдірулері дер едік.
Елорданың бірқатар мектептері базасында өткізіліп жатқан бұл курстарды өзінде өткізуде белсенділік танытып жатқан білім ошағының бірі №53 мектеп-лицейі десек, мұнда жалпы саны 124 мұғалім біліктіліктерін арттыруда. Қазақ және орыс тілдерінде барлығы төрт топ болып білімін жетілдіріп жатқан ұстаздар легі аталған бастаманың берері мол екенін айтады. № 37 Сырбай Мәуленов атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Нағима Жұмабай бұл курста өзіне көп нәрседен мағлұматтар алғанын және электронды журнал жайында да біршама хабардар болып, оқудың өте қызықты өтіп жатқанын айтса, №53 мектеп-лицейдің бастауыш сынып мұғалімі Шолпан Смайылова балалардың білімге, шығармашылыққа деген қызығушылығын оятуда көп дүниелер алуға болатындығын жеткізді. Сондай-ақ осы ретте мектеп директорлары мен олардың орынбасарлары жоғарыда аталған республикалық институтта өз біліктіліктерін арттыратындарын айта кеткен абзал.
Курсты ұстаздарға қызықты да жүйелі түрде жүргізуде барын сала кірісіп жүрген дәріскелер қатарында Білім беру жүйесінің басшы және ғылыми-педагогикалық кадрлары біліктілігін арттыратын республикалық институттың ақпараттық технологиялар кафедрасының аға оқытушысы Жанар Жартынова мен осы институттың аға әдіскері Ғалым Іркітбай сынды мамандар бар. Оқытудың жаңа парадигмасына көшу тетіктері сапалы білім мен оқытудың тиімділігін арттыруды қамтамасыз ететін педагогикалық және ақпараттық-коммуникациялық технологиялардың кіріктірілуі негізінде электронды оқыту болып табылады.
Аға оқытушы Жанар Әлібекқызы қанатқақты жобаға орай өткізіліп жатқан курстардың мақсаты білім беру үдерісінің барлық қатысушыларының сапалы білімге бағытталған үздік білім ресурстары мен технологияларына тең қолжетімділігін қамтамасыз ету екенін айтады. Сондай-ақ ол алға қойған мақсатқа қол жеткізу сыртқы ортаның ақпараттық кірігуін білімді басқару тиімділігін, сондай-ақ білім сапасын көтеру болып табылатынын да назардан тыс қалдырмады. Оның айтуынша, электронды оқыту жүйесін қолдану қала баласы мен ауыл баласының арасындағы теңсіздікті жоюға кеңірек жол ашады. Осы орайда бұл бастаманың берер пайдасы мол болмақ.
Сонымен қатар, электронды журналдар арқылы, бұйыртса, алдағы уақыттарда ата-ана баласының қандай деңгейде білім алып жатқанынан хабардар болып отырмақ. Бұл өз кезегінде іскер ата-аналар үшін таптырмайтын мүмкіндік екені айтпаса да түсінікті. Электронды жүйені кеңінен қолданудың нәтижесінде бала үлгерімін бақылап отыру да жеңілдей түседі екен.
Бастаманың қанатқақты жобасының аяқ алысы курста дәріс тыңдап, біліктіліктерін жетілдіріп жатқан ұстаздар қауымы тарапынан әзірге қолдау тауып жатқанының шет жағасын көз көрді. Ал оның түбегейлі нәтиже береді деп жоспарланған уақыты әлі алда. Әйтсе де жақсы басталған істің жартылай біткен іс екенін де қаперде ұстаған жөн шығар.
Әбдірахман ҚЫДЫРБЕК.