• RUB:
    5.54
  • USD:
    474.71
  • EUR:
    511.74
Басты сайтқа өту
17 Маусым, 2011

Мақтаған техниканың машақаты қашан таусылады?

378 рет
көрсетілді

Қостанайлық диқандар көк­тем­гі дала жұмыстарын аяқтап, де­мін бір алды. Жиі жауған жаң­быр диқандарға өткен жылдарғы қуаңшылықты да ұмыттырайын дегендей. Биыл жерде ылғал мол. Алайда диқан көңілі алаң. Неге? Өйткені, аз ғана жыл бұрын қуана-қуана алған америкалық, еуропа­лық озық техникалардың осы науқанда ызасы өтіп болды. Жермен жұмыс істеген кім болса да техникасыз қарға адым аттай ал­майды. Сондықтан ауыл шаруа­шы­лығы бауырын көтере бастаған 2000-шы жылдардың ортасынан бастап облыста техника паркін жаңалау қызу қолға алынған еді. Жақында диқандар мен алыс шетелден ауыл шаруашылығы техни­ка­ларын жеткізушілердің кездесуінде облыс әкімі Сергей Кулагин бүгінге дейін осы мақсатқа 82 мил­лиард теңге жұмсалғанын айтты. Қазір облыста көктемгі дала жұ­мыстарының 49 пайызы, астық­тың 60 пайызына жуығы алыс шетелдерден әкелген техникалармен атқарылады. Амал не, биыл егін егу кезіндегі тәжірибе көрсетке­ніндей, шетелдік үздік техникалар диқандарды сазға отырғызатын түрі бар. Қазақстанның Еңбек Ері Сайран Бұрқанов – шаруашы­лық­тағы бұрыннан қалған комбайндар мен тракторларын, сеялкала­рын түгел­дей дерлік алыс шетелдік заманауи техникалармен жаңала­ған­ның бірі. – Қостанайда алыс шетелден әкелінген техникалардың сервис ор­талығы жоқ. Комбайндар мен трак­торлардың қосалқы бөлшек­терін алу үшін Көкшетауға бару керек, іздегенің онда жоқ болса, сол трактор, комбайнды шығара­тын еу­ропалық зауыттарға сұра­ныс жа­сайсың. Егінді егу және жинау науқаны кезінде әр сағат қымбат екені белгілі. Қостанайдан Көкше­тауға барып келгенше трактор немесе комбайн қаңтарылып 2-3 күн тұрады. Бұл бір. Екіншіден, қо­салқы бөлшектердің сапасы жоқ. Сеялканың дискілері дәнді сеуіп болғанға дейін әрең шыдайды. Қым­батын қайтерсің. Бұрынғы ресейлік техникалардың қосалқы бөл­шектерінен бес есе қымбат. Қос­танайда шетелдік техникалар қо­салқы бөлшектерінің қоймасы болмай, диқандар жағдайы жақсармай­ды, – дейді Сайрат Бәлкенұлы. Америкалық, еуропалық ауыл­ша­руашылығы техникаларын сат­қан­дардың ісі «есегім судан өт­кенше» дегеннің кері болып отыр­ған сыңайлы. Мысалы «Джон дир» комбаиндарын сатқан кезде сервистік орталықтар әр облыс­тарда ашы­лады, оларды жөндеуде, қосалқы бөлшектермен қамтамасыз етуде ешқандай қиындықтар болмайты­нын айтып су сепкендей еткен фи­р­ма өкілдерінің уәдесін диқандар ұмытқан жоқ. Міне, енді олардың сөзінің барлығы да қағаз жүзінде қалып отыр. Өнімділігі жоғары шетелдік техникалардың тұрып қа­луынан келетін шығын да аз емес. – Тұқым себетін шетелдік кешендік техника бір тәулік тұрып қалса, сол күнгі еткен еңбектің 20-25 пайызы желге ұшқанмен бірдей. «Кейс» тракторының сынып қалған генераторын Көкшетаудан шұғыл жеткізгенімізше бір тәуліктен аса уақыт кетті. Егер сервистік орталық Қостанайда болса, оны ауыстыруға небәрі үш-ақ сағат уақытымыз кетер еді. Фирмадан сұратқан қосал­қы бөлшектерді жарты жылға дейін күтеміз. «Кейс» тракторы осылай күтудің салдарынан үш ай қаңта­рылып тұрды. Аккумуляторлар жар­ты жылдан аспай тоқтап қала­ды, ал оның берген кепілдік мерзімі кем дегенде екі жыл, – дейді «Рысқұл» серіктестігінің атқарушы директоры Александр Максимов. Шаруалар шетелдік техникалардың сапасына да шағым айтты. «Қай­рат» жауапкершілігі шектеулі серік­тестігінің директоры Төремұрат Өтеповтің Германиядан 350 мың АҚШ долларына алдырған кешенді техникасы қырға бір шықпастан әлі тұр. Қосалқы бөлшектердің қым­­баттығы мен жоқтығынан техника­ның қыр басында тоқтап қалған мысалдары жеткілікті. Кездесуде диқанның жанайқайына шетелдік техникаларды жеткізіп беретін фир­малардың жергілікті өкілдері жа­рытып ешқандай уәж айта алмады. Мамандардың айтуынша, об­лыста ауылшаруашылығы техника­ла­рының 60 пайызы ескірген. Диқандар «КазАгрофинанс» акционерлік қоғамының несиелік демеуімен немесе өзінің тапқан қолдағы қаржысына болсын техниканы жаңалауды тоқтатпайды. Егер шетелдік зауыттар диллерлері мен сервистік орталықтар өз тұтыну­шы­ларымен арадағы жұмысты жолға қоймаса, шашетектен шашы­лып алған техникасы үшін тағы да еселеп шығын­данып, шетелдік фирмалар­дың теспей соратын жеміне айналатын түрі бар. Облыс әкімі Сергей Кулагин шетелдік техни­каны сатумен айналысатын фирмалар өкіл­дерінің өз тұтынушы­ла­рымен арақатынасын жергілікті атқарушы билік бейтарап бақы­лайтынын айтты. Егер ол шешімін таппаса, бұл көрініс диқан шы­ғынымен қоса ауыл шаруашы­лығы­ның дамуына да кері әсерін тигізері сөзсіз. Озық техниканың бұл ма­шақаты таусыл­маса, еліміздегі сырт­қа сататын ұн мен астықтың 40 пайызын беріп отырған қостанай­лық диқандардың Үкімет есігін қағуға мәжбүр болатын уақыты да алыс емес. Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай.