• RUB:
    5.54
  • USD:
    474.71
  • EUR:
    511.74
Басты сайтқа өту
18 Маусым, 2011

Термин тетігі

669 рет
көрсетілді

Кеше елордадағы Ұлттық академиялық кітапханада еліміз Мәдениет министрлігінің Тіл комитеті Сыртқы істер министрлігімен бірлесіп, «Сыртқы саясат саласындағы терминдер және оларды қол­дану нормалары» тақырыбында дөңгелек үстел өткізді. Ел Үкіметі жанындағы Мемлекеттік терминология комиссия­лары­ның мүшелері, жоо-ның белгілі ғалымдары, жоғары және орталық атқарушы органдардағы мемлекеттік тілді дамыту және аударма саласының мамандары, Парламент депутаттары қатысқан бұл жиынды А.Байтұрсынов атындағы Тіл білімі инсти­туты­ның директоры, Үкімет жа­нын­дағы Мемлекеттік терминология комиссиясының мүшесі Шерубай Құрманбайұлы ашып, жүргізіп отырды. Ол өз кезегінде терминология са­ласында кездесетін кейбір түйт­кілді мәселелердің түйі­нін шешудің өзек­ті­лігіне тоқ­тал­ды. «Бүгінгі таңда дипло­ма­тия­лық тер­миндерді біріздендіруді жүйе­лі түрде шешу жолға қой­ыл­май отыр. Себебі, сыртқы саясат са­ласындағы белгілі бір термин­дер­дің қолданысы бір ғана елдің, бір ғана тілдің шеңберімен шектелмейді. Екіжақты, көпжақты ке­лісім шарт­тар­ға қол қою бары­сында, мемлекет басшыларының кездесуі кезінде жа­салатын түрлі хаттамалар мен құ­жат­тар кезінде осы терминдер қолда­ны­лады. Ал сыртқы саясат сала­сын­дағы, дипломатия бағытындағы терминдерді біріздендіру мәселесін соза беретін болсақ, онда біз күн­де­лікті өтіп жататын түрлі дең­гей­дегі шара­лардағы құжаттарымыз­ды рәсімдеу кезінде қиындық­тар­ға тап боламыз. Сондықтан, бү­гін­гі дөңгелек үстел­дің маңызы ерекше», деді Шерубай Құр­манбайұлы. Бұдан кейін сөз Мәде­ниет вице-министрі Ғазиз Теле­баев­қа берілді. Мәдениет ведом­ствосының өкі­лі өз сөзінде оно­мас­тикаға, тер­ми­нологияға, жал­пы тілге қа­тысты мә­селелер бір ғана мемлекеттік орган­ның құзы­рына тиесілі еместігіне, себебі, олар ел бо­лып, халық болып бірге көтеретін ауыр жүк екендігіне тоқталып өтті. «Біздің әрқайсы­сы­мыз өз та­рапымыздан қандай кө­мек керек, қандай бағдарлама және қандай заң қабылдау керек, деген мәсе­ле­лер төңірегінде ат­са­лысуға тиіспіз. Оған бүкіл ха­лық­тың қол­дауы керек. Осы орайда, мен тіл мәселесіне жанашыр­лық таны­тып отырғандарыңызға ри­за­шы­лығымды білдіргім келеді»,  деді Ғазиз Телебаев. Сыртқы істер ми­нистрінің орын­басары Қайрат Са­рыбай: «Біздің сырт­қы саяси ведомствода мемлекеттік тілдің халық­ара­лық саладағы қолданысын арт­тыруға әжептәуір күш салынып жатыр. Дегенмен, әлі де кемшіліктер бар. Оларды мойын­дауға тура келеді. Сол олқылықтарды болдыр­мас үшін, ең алдымен біз­дің ми­нистрліктің ішінде жыл сайын тіл­ге байланысты аттестация өт­кі­зіледі. Әдетте ол кеңестік ке­зең­де емтихан түрінде өтуші еді. Содан біз арылсақ дейміз. Қыз­мет­керлердің қазақ тілін қан­ша­лықты білетіндігін компьютер не­гізінде анықтап, объективті түр­­де баға беруіміз керек. Бү­гін­де осы ба­ғытта жұмыс атқарып жатырмыз», деді. Вице-министрдің айтуынша, сырт­қы сая­сат­қа, сыртқы қаты­настарға бай­ла­нысты терминдер төңірегіндегі қордаланып қалған мәселелерді шешу мақса­тын­да Сыртқы істер министрлігінде ар­найы термино­ло­гиялық топ құ­ры­­­лып­ты. Ол топ ел тәуел­сіз­ді­гінің 20 жылдығына арнап, қазақ­ша, орысша, ағыл­шын­ша жаңа дип­ломатиялық сөз­дік дайындап жатыр екен. Бұл сөздіктің ал­ғаш­қы нұсқасы ма­ман­дардың сара­лауы­нан, тексеруінен өт­ке­ннен кейін барып, мін­детті түрде мемлекеттік тер­минологиялық ко­мис­­сиясының қа­рауына өтпек. «Сөз­­дікке қатыс­ты жұмыстар би­ыл­­ғы жылы аяқ­талады деп ой­лай­мыз. Мұн­дай сөздік бұрын екі рет шық­қан. Алайда, олар 1-2 мың тиражбен ғана тараған еді. Ол әрине, жеткіліксіз. Осы жолы біз сөздікті 10 мың тиражбен шығарайық деп отырмыз»,  дей келе Қайрат Са­ры­бай, өзінің мемлекеттік терми­но­логиялық комис­сия­ға қатысты ұсыныстарына тоқ­талып өтті. Оның пікірінше, біріншіден, мем­­лекеттік терминоло­гия­лық комиссия өзінің отыры­сын жүйелі түрде өткізуі керек. «Екіншіден, Терминкомда сырт­қы саясатқа қатысты бір­де-бір мү­ше жоқ екендігі ескеріліп, бұл олқы­лықтың орны толты­рыл­ға­ны жөн. Үшіншіден, мемлекеттік тер­миноло­гия­лық ко­миссияның бүкіл об­лыстарда мін­детті түрде бөлімшелері құ­ры­луы қажет», деді Сыртқы істер министрінің орынбасары. Ол сондай-ақ, тер­ми­нологияның көп жағдайда орыс тілінен аудары­лып келе жатқанын, бұл ретте тү­рік, татар, өзбектердің тәжіри­бе­сі­не де сүй­ен­ген артық болмай­ты­нын жеткізді. «Кейбір салаларда олардың терми­но­логиясы әлде­қайда жақ­сы дамыған. Неге солардан үлгі алмасқа? Мы­са­лы, өткен жылы «действующий председатель» деген сөз тіркесінің неше түрлі баламасын ұсынған бо­латын­быз. Бірақ Елбасы «Іс ба­сын­дағы төраға» деген өзінің нағыз функ­ция­сына дәл келетін қазақша ба­ламасын тапқан еді. Міне, осын­дай үрдістерді одан әрі жалғас­тыруымыз керек. Яғни, орыс тілінде солай қалыптасты деп, дәлме-дәл аудармалардан ары­луымыз қажет», деді Қ.Сары­бай. Осы басқосу кезінде өзінің ой-пай­ымымен бөліскен Сыртқы істер ми­нистрлігінің Әкімшілік және бақылау департаментінің ке­ңесшісі Болат Жәмкенов бү­гінгі күнге дейін сырт­қы саясатқа қатысты терминдер жай­лы келелі жиын болмағанын, сон­дық­тан, мұндай отырыстардың ма­ңызы айрықша екендігіне тоқталды. Б.Жәмкенов осылай десе, жа­зу­шы, аудармашы Мәди Айым­бетов ха­лықаралық құжаттардың аудармасы мен терминдердің қол­данылу дең­гейі­нің әлі де төмен болып отыр­ғанын, сондықтан осы мәселеге баса назар аудару қажеттігін алға тартты. «Егемен Қазақстан» рес­пуб­ли­ка­лық газеті» АҚ президенті Сауытбек Абдрахманов халық­ара­лық термин­дер­дің аударылуы мен оларды біріздендіру төңіре­гін­дегі өзінің ойын айта келе: «Өзімізге өзіміз сын көзбен қара­ғанымыз жақсы. Біз басқа салаларда бұрын да сөйлеп, жазып жүрген ха­лық­пыз. Ал сыртқы саясат сала­сындағы ізденісіміздің басталғанына 20 жыл. Егер, осы уақыт шек­теу­лігін ескерсек, негізінен сырт­қы саясат саласындағы терминдерді қа­лып­тас­ты­ру бойын­ша жақсы жұ­мыс­ жүр­гізіліп жа­тыр. Басқа сала­лар­дағы терминдерді тоқтата тұруға болады, бірақ, халықаралық, әсіресе, сыртқы сая­сат­тағы терминдерді тоқтата ал­маймыз. Бәрібір ратификация жа­са­лады, бәрібір қол қойылып, құ­жаттар дайында­лады. Сондықтан, осы салаға арнайы көңіл бөліп отырғанымыз дұрыс», деген ой-пайымын жеткізді. «Әлем әдбиеті» журналы­ның бас редакторы, жазушы Ке­ңес Юсуп халықаралық қатынас­тарда қолданы­ла­тын қысқарған сөздер­ді біріздендіруге, Ұлттық қауіп­сіздік комитеті ака­демия­сының профессоры Сара Қоян­бекова сырт­қы саясат саласын­дағы тер­миндердің ресми қолда­ны­луына, республика Жоғарғы Соты Мемлекеттік тілді дамыту бөлімінің меңгерушісі Қыдырбек Әлқожаев ха­лықаралық құқық саласындағы терминтану ұста­ным­дарына, Қа­зақ­стан Заң шы­ғару институты Лингвистика орталығының бас­ты­ғы Нұрзада Примашев заңна­ма­лық актілерде мемлекет, жер-су және ұлттар атауларын рәсім­деуге, Қазақстан Конституция­лық Кеңесі Талдау бөлімінің мең­геру­шісі Мейрамбай Кемалов ха­лық­аралық терминдерді ұлттық заң­на­ма­ға ен­гізудің проблема­ларына қатысты пікірлерін ортаға салды. Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ.