• RUB:
    5.54
  • USD:
    474.71
  • EUR:
    511.74
Басты сайтқа өту
13 Шілде, 2011

Желден жүйрік жануар...

5671 рет
көрсетілді

Иә, қазақ жері мен елі – ежелден жылқының мекені болған дейміз. Бірақ, соны айдай әлемге ұқтырып, құжат түрінде дәйектей алдық па? Жылқы өнімдеріне патенттеріміз бар ма? Ағыл­шын ғалымдары осыдан 6 мың жылға таяу уа­қыт бұрын қазақтың арғы баба­лары жылқыны қолға үйреткенін тайға таңба басқан­дай дә­йек­теп берді. Мұны ғылымның жетістігі десек, өз заманынан озып туған, бастарына қайыс ноқта да, темір ноқ­та да сыймаған алыптарымыз жыл­қыны әс­пет­­те­генде аспанға көтеріп, жара­ты­лы­сымыздың ал­тын діңгегіне балады. Арғы ғасыр­да қасқа жолдың иесі Қасым хан: «...Біздің асыл дүниеміз – бір ғана жылқымыз, ләззат алатын асы­мыз – ет, сүйетін сусы­нымыз – қымыз... қы­з­ық көретініміз – өріс­те­гі жыл­қы­­мыз» десе, өт­к­ен ғасырда Бауыржан Момышұлы: «Дарвин маймылдан туса туған шығар, ал мен өзім көк бөрі­ден туғанмын», деді. Болмысы бөлек, жара­тылысы ерен жазушы Асқар Сүлейменов: «Басқа халықтар маймылдан жара­тыл­ды деген Дар­вин­нің іліміне талас­паймын. Қазақтың жылқыдан жаралға­ны­на еш күмән келтірмеймін», дейді айбыныңды асырып. «Дарвиннің «Біз маймылдан жаралдық!» деген теориясының күл-талқанын шығаратын ұр­пақ келеді әлі жер үстіне» деген екен  Бауыр­жан Мо­мыш­­ұлы болашаққа нық сеніммен қарап. Текті жануарды біздің бабаларымыздың осы­дан мыңдаған жылдар бұрын қолына үйретіп, мұңдас та сырлас болғаны санаға сіңеді. Ба­йыр­ғы аталарымыз жылқыны  қаһарман әскердің тұл­­пары дәре­же­сіне жеткізіпті. Осындай құнды­лы­ғымызды зерттеп, зерделеуге саналы ғұмы­ры­ның 30 жылын арна­ған, тарих ғылымдарының док­торы Ахмет Тоқтабаймен әңгіме дүкен құр­ған едік. Бір айта кетерлігі, ғалым осы жылдар ішінде әлемнің көптеген елдерін аралап, көш­пенді ұлыс­тар­дың, оның ішінде қа­­зақ халқының өткенін жылқы тарихымен ұштастыра зерделеп, этно­гра­фиялық материалдарды, көне жаз­ба­­ларды, аңыз-әңгімелерді, батырлар жырын, архив және ауыз­ша деректерді көз майын тауы­са салыс­тырып «Қазақ жылқысының тарихы» атты кешенді ең­бегін өткен жылы «Алматыкітап» бас­па­с­ынан жарыққа шығарыпты. Бұл энцикл­о­пе­дия­лық  кітаптан алар дерегіміз, үйренер үлгіміз аз емес. – Қазақ тарихы – жылқы тұяғы, ат жалында жа­сал­ған тарих, – деп бастады ғалым әңгімесін. – Көш­пенділер жылқы арқылы әлемге танылды. Өз өрке­ние­тін қалыптастырды. Орта Азиядан шығып Еуропа, Египетке дейін барды. Жылқы – қоғам­ның қозғау­шы күші болды. Атқа мінген адамның жүрісі озық, қолы ұзын. Ол кездердегі жылқысы бар елді – атом қаруы бар елмен бірдей деуге болатын еді. Біздің ада­мзат өрке­ние­тіне қосқан үлесі­міз – жылқыны қолға үйре­туі­міз, қуатты тамақ көзіне айналдыр­ғанымыз еді. Кешегі кеңестік дәуірде жылқыны физио­ло­гия­лық, анатомиялық, зоотехникалық жағынан, ауыл шаруашылығы мен экономикаға қажет­ті­лігі тұрғы­сынан зерттеді. Ондай еңбекпен са­наулы адамдар ға­на танысатын да, көпшілік ха­бар­сыз қалатын. Мен сол тар шеңберден шы­ғып, жылқының адамзат да­муы­на қосқан үлесін өркениет өресінен,  мәде­ниет­тің салиқалы сала­сы­нан іздедім. Сөйтіп, көлемді кітап жаздым. Қазақ жылқысының өрке­ниет­ке қосқан өзіндік үлесін әлем ғалымдары, зия­лы­лары ерте танып, жоғары бағалаған. Оны өз еңбек­терінде бүк­пе­сіз тарау-тарау етіп жазып та, айтып та кеткен. Мәселен, А.Вилькинс «Қазақ жылқысы арқылы біз, орыстар жылқыға қолымыз жетті» десе, орыс армиясының генералы И.Бабков: «Қазақ­тар казак­тар­ға қарағанда тамаша шабандоз, жақсы жауынгер болуы үшін оларға тек қару жетпейді. Егер де қару­лары болса, олар біздің емес, біз олардың айтқа­ны­мен жүріп, айдаға­ны­на көнер едік», деп мойын­дай­ды. Ал ХІХ ғасыр­дың аяғында Зайсан казак-орыс­тары­ның ата­ма­ны Н.Рябушкин: «Қазақ атқа мінсе... қашса құтылады, қуса жетеді, аттан түсіп жаяу жүрген қазақты көріңіз, бұдан момын, бұдан бағы­ныш­ты халық жоқ. Сондықтан бұл халықты мүлдем атсыз қалдыру керек», депті. Шынында, атқа мінсе арқаланып, жаяу қалса халқымыздың жа­сық­тық танытатыны әлімсақтан белгілі ғой. Ондай күнді ұлтымыз өткен ғасырда көп көрді. Сол жасықтықтан әлі арыла алмай келеміз-ау! Сол секілді атақты ғалым В.И.Даль «лошадь» деген сөз алаштың аттары, яғни алаш жылқылары деген сөз­ден шыққан дейді. Мұны атақты филолог О.Н.Трубачев та қолдап, ат «конь» дегенді білдіреді депті. – Ахмет Уәлханұлы, жылқының арғы тегі туралы да мәлімет бере кетсеңіз. – Жылқының тегі миллиондаған жылдармен есептеледі. Нақтылай түссем, осыдан 65 миллион жыл бұрын жылқының арғы тегі  пайда болған. Қарап отырсаңыз, дүниеде бірде бір жануар адамзат тарихында жылқыдай жасам­паз­дық рөл атқар­маған екен. Адамның озық ақыл-ойы, әдіс-тәсілі жылқыны қолға үйретуге әкел­ген. Энеолит дәуі­рінде, б.з.б. IV мыңжыл­дық­тарда, яғни осыдан 6 мың жыл шамасында ғана оған қол жеткізіпті. Жылқының арғы тегі жылқы пішіндес жануарлардан дами келе, тарпаңға, құлан, зебраға жеткен көрінеді. Осылардың ішінде тарпаңның бітімі бөлек болғаны тарихтан мәлім. Бірақ, нағыз тарпаңды 1879 жылы өлтіріп тыныппыз. Мен жылқы туралы әңгі­ме­легенде өз сөзімнен гөрі арғы-бергі ғасырлардағы тарихи деректерге жүгінгенді жөн деп білемін. – Себебі, айтқаным артық әңгімеге арқау болмасын дейсіз ғой. – Ішкі ойымның төбесінен түстіңіз. Мыса­лы, 1762 жылы тарпаң туралы П.Рычков: «Жа­йық­тың арғы бетінде, кейде бергі бетінде жабайы жылқы­лар­дың екі түрі кездеседі, олар тарпаңдар мен құландар. Тарпаңдардың бой­лары жылқыдан аласалау, денесі тығыршықтай томпақ, түстері құла және көк болып келеді. Бас­қа түстері де бар, бірақ өте аз кездеседі. Қа­зақ жылқыларынан ерекшелігі, бастары үлкен және маңдайында ойыстары бар. Жиырма шақ­ты қазақ жиналып, қосарларына бір-бір тар­паң­ды ұстап алып, аттарының мойнына арқан байлап, бір айдан артық ұстап мініске үйретеді», дейді. А.Формозов деген зерттеуші тарпаң Семей түбінде ХVІІІ ғасыр­дың аяғына дейін бол­ған дегенді алға тартады. Тіліміздегі шәлгез, тарпаң деген сөздер бізге сол замандардан жетіп отыр.  «Бұрқылдаған қақ көзі, Суат бол­мас демеңіз. Жер тағысы керқұлан, Жылқы болмас демеңіз», деп ата-бабаларымыз түз тағысын қол­ға үйретіп, жылқының атасы атаныпты. Тек осыны төрткүл дүниеге шашау шығармай танытсақ, қане. – Ботай жылқысы туралы да айтар әңгіме аз болмаса керек. – Әрине. Ботай мәдениетінің тарихтағы ізі шүбә­с­із айқындалған. Ал жылқының қай жерде пайда бол­ғаны, қай жерде қолға үйретілгені туралы дау-дамайға Ботайда табылған дерек көздері нүкте қой­ды. Ол қандай дерек көздері дегенге келер болсақ, Қазақ елінің жерінен энеолит дәуіріндегі Ботай қо­ны­сынан қазылып алынған жылқы сүйектері еді. Жылқы тари­хы­мен шұғылданып жүрген әлем ға­лым­дары бұған ерекше назар аударды. Дәл мұндай тарихи қазына бұрын-соңды кездеспеген болатын. Ботай Көкшетау өңірінде екені белгілі. Ежелгі қо­ныс­тан табылған 15 тоннадан астам сүйектердің 99,9 пайызы жылқынікі екені анықталып, 15 гектар аумақ­тағы жерге археологиялық қаз­ба­лар жүргіз­генде 200-300 үйдің орны айқындалған. Әлгі 15 тонна сүйек 70 мың жылқының қаң­қа­сы екен. Үйлердің орнынан шыға­рыл­ған топырақты сумен аралас­ты­рып, кір­піш сияқты етіп қабырға қалапты. Оның сыр­тын жылқы сүйек­тері­мен бекітіпті. Үй­­лер­дің айналасында сүйек­тер­­ді тастайтын арнайы орындар болыпты. Ал кесек-кесек жылқы еттерін сақтайтын қазан шұңқырлар қазылыпты. Оған етті тастаған соң үстін жылқының терісімен қымтап, топырақпен жауып, ауасы шығып кеткенше от жаққан. Ауа кірмеген ет ұзақ сақ­та­ла­ты­ны белгілі. Мұндай тәсіл Сарыарқа қазақ­тары­ның арасында өткен ғасырдың басына дейін жалғасқанын көне көздер қазір де айтып отырады екен. Үй ішіндегі тіршіліктің басты заты ыдыс-аяқ десек, қазба жұмыстары кезінде та­был­ған 15 мыңнан астам қыш көзелдердің сынық­та­рын құрас­ты­рып көр­генде сыйым­ды­­лығы 02,03, 20-30 литр, кейде 40 литрге дейін құмыра ыдыс­тар­дың болғаны да анық­талды. Мұның өзі қа­зақ жерінде өр­ке­ниет­тің ерте кез­де-ақ қа­лып­тас­қа­нын дә­йектейді. – Скиф – сақ, ғұн­дар, көне түр­кі­лер мен қыпшақтар, моң­ғолдар, яғни көш­пен­ділер дәуі­рін­дегі жыл­қының жайы да қа­лың жұртты қы­зық­тыр­май қоймайды. Осы жайлы да айта кетсеңіз жөн болар еді. – Скиф-сақтардың жылқышылығы да жат­қан бір әлем. Көшпенділік өмір салты әлемдік мә­де­ниеттегі қайталанбайтын құбылыс қой. «Ал осы скифтер қашып бара жатып соғыс­қан­да, қуып бара  жат­қаннан кем  түспейді», деп Сократ айтқан­дай, салт атты жауынгерлердің пайда болуы скиф-сақ­тардың еншісінде. Олар­дың жылқыларының түр-түсі Никополь құ­мы­расының (б.з.д. ІV ғ.) бүйіріне жапсырылған алтын қапсырмаларда айқын көрсе­тіл­ген. Ат­тың күшін сақтау, 15-20 биеге бір айғыр жететінін ерте аңғарған олар пішпе ісін жүргізген. Бұл туралы Страбон: «Аттар тіл алғыш, бой ұсын­ғыш болсын деп барлық скиф және сармат тай­па­лары жылқыларды пішеді, олардың жылқы­лары биік болмағанмен қызуқанды және асау болып келеді», дейді. «Илиада» дастанында «Скиф жылқы­ның кісінеуін ең жақсы музы­ка­дан жоғары қояды», деп атап көрсеткен. Скифтер патша өмірден өткенде ең жақсы деген 50 жылқысын құрбандыққа шалған. Жақсы аттарын адамша «жерлейтін» болған. – Әлемнің жартысын жаулап алған жиһан­гер Ескендір Зұлқарнайынның елшілері сақ­тар­ға келіп: «Біздер жеңілу дегенді білмейтін ұлы патша Александр Македон­скийдың елшілеріміз!» деп үстем сөйлегенде: «Сендерде же­ңіл­мейтін тек патшаларың ғана, ал біздерде әрбір сақ жеңілмейді!» деген екен. Бұл атала­ры­мыздың ақиқат жолын­дағы әңгімесі екені анық қой. – Рас, байтақ даланы мекендеген бабалары­мыз даласына сай батыр, дана, көреген болған. Көш­пен­ділер көлеңкеде жатып, күн көрмеген. Ақыл мен ерлікті ұштастырған. Өзгелерге өздерін ерлігімен де, өрлігімен де танытқан. Сіз айтып отыр­ған мы­сал со­ның бір ғана дәлелі. Мұндай өмір­шең дәстүр ғұндар заманында да жалғасқан. Осыдан мыңдаған ғасыр бұ­рын ғұн­дар Еуразияның далаларында тұңғыш қаһар­лы әскери империя құ­рып, Қытай мен Орталық Азия­ға үнемі қауіп төндіріп отырған. Ғұн­дар мен Қытай халықтарының саны жөнінде нақты деректерді Қытай жазбаларынан көптеп табуға бо­ла­ды. Мысалы, «Ғұн­дардың (сюну) саны Қы­тай­дың бір облысы халқының санына жетпейді, бірақ олардың киімі мен тамағы күшті, бұл жағы­нан Қытайға тәуелді емес», деген дерек алдағы сөзі­міз­ді дәйектей түседі. Қытайлардың саны 60 мил­лионға жеткенде ғұндар 1,5 миллионнан ас­пап­ты. Бірақ, Қытайдың тағы бір де­рек­көзінен мы­на бір жол­дарды оқығанда, баба­лары­мыздың осал болма­ғанын көреміз. «Ғұн­дар өздерінің салт­тары бойын­ша тәкаппарлық пен күшті бәрінен жоғары қояды, біреуге міндеттенуді, борыш­қор­лықты намыс көреді, олар ат жалында жүріп мемлекет құрды, сондықтан басқа халықтардың ара­сын­да беделді, даңқы зор болды», дейді. Құдай көп көрмесін, жаттың сұқ көзі тимесін. Сондай күн бүгінде басымызда тұр. Сәл шегініс жасасақ, ол кейін де жалғасқан. Мы­салы, Цинь патшалығы тұсындағы мына бір деректі дәйек келтірер болсақ, онда: «Пекин әкім­ші­лігі қа­зақ­тар жаман маталарын алмай қо­йып, Цинь ар­мия­сын жылқымен, малмен қам­та­масыз ету жолдары іске аспай қалар деп, белгілі дәрежеде қауіптеніп отыр­ған» дейді. Сол секілді Цинь патшалығының тағы бір құжатында: «Қазақ саудагерлері жібек, тор­қа, кездеме мата­ларына талғаммен қараған... Қазақ­тар сауданы бүгін ғана істеп отырған жоқ... Базар заң­дылығына қайшы­лық жа­сал­масын. Жұмыста туын­­даған қателік­тер­дің шегі бо­луға тиіс» деп атап көр­сет­кен. Ал орыс халқы ежелгі Русьтен бастап, Ресей им­периясына дейін, ұзақ уа­қыттың арасында қазақ хан­дығымен жылқы сауда­сын жүргізуге мүд­де­лі бол­ған. Иван Грозный патша 1574 жылы аға­йын­ды кө­пес­тер Строгоновтарға тап­сырған гра­мо­тасында жыл­қы беріп тұрған қазақ ор­дасымен кеден салығынсыз сауда жүргізуді тапсырған. – Шерағаң – Шерхан Мұртаза жиі айтатын Мөде хан дәуірі де осы кезге сай келеді емес пе? – Иә, қазақ Отан деген нақты ұғымды жермен бай­ла­ныстырады. Жер-ана дегеніміз – Отанның баламасы. Осы арада мына бір нәрсені назарға сала кеткенді құп көремін, б.з.д. І ғасырда ғұн­дар­дың бұрынғы даңқы азайған еді. Қытай импе­ра­торы Мөдеден сүйікті жарын, мінетін тұлпарын сұрағанда берген. Ал жер мәселесі туындағанда шиыршық атып  Қытайдың 320 мың армиясына 10 мың, яғни бір түмендей әскерімен қарсы шыққан. – Жылқы мінез қазақ жылқы қасиетін тануда да қате баспаған ғой. – О, не дегеніңіз. Жаратылысынан жылқы да, қа­зақ та сергек. Қандай жағдайда да рухтағы таза тек, биіктік аңғарылмай қалмайды. Жөні келгенде бір айғыр үйірден тұлпар болар құлынды артық кө­ретін қасиет өзге жұрттардың бірде-бірінде жоқ екен. – Оған Ақан сері мен Құлагер мысал бола алады емес пе? – Солай. Күні ертең тұлпар болар жүйрікті тап басып айтатын қасиет көрегендікке де, көріпкел­дік­ке де келіп тұр ғой. Жақсы аттан ба­рын аяма­ған. Граф Гуттен-Чапский жақ­сы жыл­қы кездессе, қа­зақ асыл бұйым­дарын қуана-қуа­на бере сала­тынын айта­ды. Атқа мінсе, аруақ­танып ке­тетініне нақты мысалдар кел­тіреді. Әлем та­рихшы­ла­ры­­ның жылқы тура­лы жаз­баларын оқып отыр­ғанда, сол жылқы пайда болған қа­зақ жеріндегі толқын-толқын адам­­дар мен жылқы арасын­дағы байла­ныс туралы олар жан-жақты мә­лімет беріп, екеуін бірінен-бірін бөліп алу қиянат екенін еске салады. Сол қасиетті жылқы өт­кен ғасыр басында, одан кейін де оқтын-оқтын «репрес­сия­ға» ұшы­­ра­ды. Қазан төң­ке­рісіне де­йін қазақ дала­сын­да 8 миллион (одан да көп болуы мүм­кін) жылқы болды деген дерек бар. 1929-1931 жыл­дардағы ала­сапыранда содан қалған 4 миллион жыл­қы­ның 80 пайы­зы қырғынға ұшырады. Тіпті, асыра сілтейтін белсенділер арасынан қазақ жылқы­сының тұрқы әлемдік стандартқа келмейді деп тірідей шыңғыртып атқан­дар да кездесіпті. Мұның астарын­да қазақты жуасы­ту­дың бір жолы осы деген арам пиғылдың жатқаны анық. Оған Голощекиннің: «Ең бірінші қазақ­тарды жылқысы­нан айыру керек, сонда олардан жуас, бейшара халық болмайды», деуі жоға­ры­дағы сөзімізге дәлел. Сонау замандарда Амери­ка­ның тұрғылық­ты халқы болып есептелетін үндіс­терге басқын­шы­лардың шамасы жетпей, шара­сы таусыл­ғанда ойлап тапқан тәсілдері кәсібінен айы­рып, нәсі­бінен қағу болған. Қазақ қызыл им­перия­ның ал­ғаш­қы жыл­дары осындай жолдан өтті. Енді өткен зұ­лымдықты тәркі ете отырып, жаңаны қа­лып­тас­тыру барысында ұлт­тың ежелгі құндылық­тарын адал­дық­пен жаң­ғырту міндет болып тұр. – «Арыстан – аң патшасы, жылқы – мал патшасы» деген сөз бар. Жылқының иесіне адалдығынан, тектілігінен алар тағылым аз болмаса керек. – Бұл сұраққа да нақты деректерге сүйеніп, жауап берсем деймін. Алдымен тектілік туралы әңгіме қоз­ғағанда Аристотельдің: «Скиф пат­ша­сының үнемі құ­л­ын­дайтын жақсы мама биесі болады. Оның құ­лын­дары­ның бәрі жақсы жетіледі. Құй­рық-жалы сүзілген сондай құлынның біреуін айғыр салып қоя береді. Осыдан  да жақсы құлын туар деген оймен оны енесіне салмақшы бо­ла­ды. Құлын-айғыр бұған көнбейді. Биенің үстіне жабу жауып, құлын-айғырды қосады. Айғыр шабады. Шап­қаннан соң бие­нің жабуын ал­ған­да енесін тани кеткен құлын-ай­ғыр шапқылай жөнеліп, шыңғырып барып жартастан құлап өледі», деген сөзі ойға оралады. Бұл аңыз тәрізді естілер. Бірақ астарында үлкен шын­дық жатқаны анық. Жо­ғары­дағыдай жат әдет ата-бабасынан жылқы ба­ғып, оны қастерлеген халық­тар үшін төбе шашыңды тік тұрғызатын мәңгүрттік қылық саналады. – Мәңгүрттенуді осылайша қолдан жасау арқылы малды да, адамды да бұзуға бола­ты­нын білеміз. Бұған есе бергендер есерлікке ұрынады. Естілер есесін жібермейді, елдігін сақтайды, ұрпағының жанын да, қанын да таза ұстайды. – Бұған дау бар ма, жер бетінен жоғалғысы келген жұрт сондай қылыққа барады... Жыл­қы­да тіл жоқ, бірақ бәрін түсінеді, түйсінеді. Жыл­қы еркіндікті сүйетін, бостандықтың символы. Қазақ та жыл­қы сияқты кіршіксіз тазалықты қа­ді­р­леп, басынан сөз асырмайды. Ат пен қазақ­тың сезімталдығына та­ғы бір мысал келтіре кетейін. Өткен ғасырдың басында Мәлғажы есімді кедей қойшы арық атымен мал жайып жүреді. Бір күні қастарынан бәйге аттары оқтай зулап өтіп бара жатқанда, қойторы күрсінген көрінеді. Сонда ердің айылы үзіліп кетіпті. Мәлғажы кедей қойшы болғанмен, ойы сергек, зердесі терең жан болса керек. Мынадан кейін қойды өгізбен жаяу жүріп бағып, арық атын баптай бастайды. Бабына келгенде, бәйгеге қо­са­ды. Арығы тұлпар болып шы­ғыпты. Бәйгенің алдын бермепті. Кедей қойшыға  шыр бітеді.  Тоғыз тайлақ босағасына байланып, мен­сінбей жүргендердің сәлемі түзіледі. Жақсы ат ауызды ағартады деген осы шығар. – «Шер батса кім іздемес туған елін, Тұлпар да көксемей ме туған жерін» деп Мағжан ақын айтпақшы, жылқы жершіл деп жатады. Жыл­қыны қай жерге апарса да оның жа­нарынан туған жерінің келбеті көрініп тұрады деген сөз бар. Сіз бұған не алып қосасыз? – Ат сырын жетік білетіндерден осын­дай сөзді мен де естігем. Жалған деуге аузым бар­майды. Жылқының жершілдігіне еш нәрсені теңгере алмайсың. Жыл­қы­ға жерін ұмыттыру үшін іскекпен кірпігін жұлады деген дерек бар. Арыға бармай, өткен ғасырдан нақты мысалдар келтірейін. 1910 жылдары Жә­меңке ба­тыр Ташкентте тұратын қыр­ғыз досы Қы­дыреке ағайын­шылап келгенде Қар­қара жай­лауын­да күтіп, қайтарында бір ат мінгізіп жіберіпті. Ташкентке барған­нан кейін әлгі ат бір күн тұрып, одан кейін қа­шып кетеді. Он сегіз күн дегенде Қар­қа­раға келеді. Айтушылардың сөзіне қара­ғанда, ат күн­діз-түні жорыта бермеген. Түнде, көбі­не ел көзіне түс­пей жүр­ген көрінеді. Қы­дыреке аттың Қарқараға жеткенін естіп, «Бұл тілі жоқ демесең, адамнан ар­тық жануар екен. Өз жерінде жүре берсін», деп сәлем айтыпты. – Ат та тойған жерінде жүре бермейтін болғаны ғой. – Әрине, тағы бір мысалға жүгінейін. 1960 жыл­дар­дың ортасында Моңғолиядан Вьетнамға көп жыл­қы әкетіледі. Соның ішінде Арбайкер деген ат Архангей аймағына қайта қашып келіпті. Бұл аңыз емес ақи­қат.  Келген соң үш күн бір төбенің басында сенделіп тұ­рып, одан кейін жан тапсырыпты. Атты сол кездегі Моңғолия басшысы Ю.Цеденбал келіп көріпті. Қазір сол Архангей аймағында Арбайкер деген қала бар. Арбайкерге моңғолдар қала төрінен үлкен ескерткіш ор­натқан. Сол елдегі Баян-Өлгей аймағының 10 жыл­дық тойына Чойболсан да қа­ты­сады. Қазақтар маршал­ға күміс ер-тоқы­мы­мен Күн­гей­бай деген аза­мат­тың жор­ға атын мінгізеді. Атты Улан-Баторға мә­ши­немен жеткі­зіп береді. Бірақ сол ат екі рет өз жеріне қашып ке­ліп­ті. Осының өзінен-ақ жылқының кіндік қаны там­ған жеріне деген адалдығын аңғару қиын болмаса керек. – Тарихтың атасы саналатын Геродот  біздің бабаларымыз туралы: «Киіз үйде тұрып, жылқы асырап, қымыз ішеді» деп жылқы өнімдерінің ішіндегі қымызды жоғары бағалағаны белгілі... – Бұл рас сөз. Шынында, осыдан жиырма бес ғасыр бұрын өзіңіз айтқан Геродоттың: «Олар бие сүтін ағаш күбілерге пісіп, бетін қалқып алады, бетіндегі қалқымасы ең жақсы деп саналады. Оны аса қа­дір­лейді, құпия сақтайды» деген сөзі дәл бүгін айт­қан­дай естіледі. Осының өзінен-ақ біздің арғы ата­ларымыз қымызды қалай ашытқанын көруге болады. Бұл аз десеңіз, Ботай заманындағы қыш құмыра­ларды зерттегенде, оның ішінен бие сүтінің қалдығы сақталғанын Англия ғалымдары осы­дан екі жыл бұрын (2009 ж.) дәлелдеп шық­ты. Олар атам заманғы бие сүтінің жұғын­дыла­ры­ның құрамын бүгінгі қымызбен салыстырғанда, көп айырмашы­лы­ғы жоқ екеніне көздері жеткенде, үлкен таңданыс білдіріпті. Жылқыны жетік зерттеген оқымыстылар өзге жұрт­қа нан қандай керек болса, қымыз қазаққа да сон­дай қажет болғанын айтқан. Мысалы, атақты ғалым В.И. Даль: «Қымыз ішуді әдетке айналдыр­саң, басқа сусындардан гөрі оның артықшылығын ерекше сезінесің. Осынау шипалы сусын аштық пен шөлді бірден басады, денеңді салқындатады. Егер қымызды үзбей ішсең, бір аптадан соң өзіңді сергек сезінесің. Денсаулығың түзеліп, тынысың кеңиді, жүзің жар­қырап шыға келеді. Оны басқа қорек түр­лері­мен ешбір салыстыруға болмайды» десе, атам заманғы грек дәрігері Гиппократ: «Олар бір жерде малдың шөбі біткенше отырады. Шөп біткен уақытта басқа жерге көшеді. Өздері пісіріп ет жейді, бие сүтін ішеді» депті. Ал қазақ­тың «Қымызды кү­міс ыдысқа құйса, дәмі бал татиды» деген сөзінің де астары енді ақиқатқа айнала бастады. «Қымызды ойлап тапқан көш­пенділер, себебі, нағыз көшпенді тұрмыс шыдамды да, жүріске мықты жылқы өсірумен бай­ланысты болды. Негізі қазақтарда қымыз ашытудың көне әдісі әлі күнге сақталған, қы­мыз­ды тері ыдыстарда сақтайды» деген Л.Потаков, күміс ыдыс туралы: «Алтайдың тас мүсін­дерінде кескінделген зерендер мен түркі зама­нын­дағы бай молалардан табылған күміс зерендер көш­пен­ді малшылардың ең сүйікті сусыны қымыз құюға арналған болуы керек» деген байлам айтады. – Бүгінде қымыз өндірумен тек қана Германия емес, Австрия, Голландия, Италия мемлекеттері де айналыса бастапты. Олар сусын жасаумен қатар, қымыздан косметика, балаларға балмұз­дақ, т.б. дайындайтын көрінеді. Ал профессорлар Зұлхарнай Сейітов пен Абай Жан­ға­былов қымыз­д­ың Германияда емге саты­ла­тынын айтып, негізі сүттің екі топқа бөлі­нетінін, бірі – казеиндік, екіншісі – альбуминді сүттер екенін, қойдың, еш­кі­нің, сиырдың, түйенің сүттері казеиндік сүттер то­бы­на кіретінін, альбуминді топқа ана сүті мен бие­нің сүті жата­тынын айтады. Сол секілді бие сүтін­де лактоферрин атты ақуыз түзілетінін, одан қазір Ресей ғалымдары қатерлі ісікке қарсы дәрі жасап жат­қанын, сол ақуыздың 1 грамының құны 4 мың АҚШ долларына тең екенін тілге тиек етеді. – Мен – жылқы, оның өнімдері, ат әбзел­дерін зерт­теп жүрген тарихшымын. Ал бие сүтінің химия­лық, биологиялық құрамы туралы өзіңіз айтқан ға­лым­дар секілді таратып айта алмаймын. Ал қы­мыз­дың адам денсаулығына ем екені еш шүбә келтірмейді. «Қымыз қырық түрлі дертке ем» дейді қазақ. Шын­дығына келсек, жылқының басынан бастап ба­қайына дейінгі барлық өнімдері, ту биенің терісі, терлігі, қылы, т.б. адамның қажетіне жаратылады. Бір кездері еліміздің біраз өңірінде қымызбен емдейтін шипажайлар болып еді. Қазір олардың бірде бірі жоқ. – Сахалар қымыз туралы заң қабылдаса, Ресейде қымыз өндіретін 80-нен астам фирма, 48 санаторий бар екен. – Бұған қосылудан басқа қолымнан келетін еш айла болмай тұр. Қазіргі қымыз деп жүр­геніміздің көбі менің топшылауымша, талапқа сай келмейтіні бесенеден белгілі. Сондықтан қымыздың атажұрты, атасы ретінде бұл істі мемлекеттік дәрежеде қолға алып, өзгелерден асып түссек, кеткен «мал» қайтар, берекесі кірер. Сонда аталар сенімін ақтармыз. – Қазақтың абыройын қымыздан өзге де жылқыға тән қасиеттермен шығаруға болатын шығар. Бұл тұрғыдан келгенде қандай ұсыныстар айтар едіңіз? – Орнына келтіре алсақ, сол қымыз құятын ыдыс­­та­ры­мыз, ер-тұрманымыз қандай? Қамшы жә­не қам­шы­герлік өнер ше?! Салт атқа мінудің қазақы үлгісі, жылқы терісінен жасалатын бұйымдар, ат тағалау, ха­лық медицинасындағы жылқының рөлі, аттың ба­бы мен сыны, жылқы және сөз, саз өнері, «Ту ұстап құ­лан жалды тұлпар міндім», деп «Ту түбінде тулап өл­ген Қазымбет» Қабанбай батырдың туын: «Қос жебе өндіршектен қадалса да, Қазымбет тудың сабын жібермеген» – намыстың киелі рәмізі тұл­пар мен ту, өне­гесі жылқыға қатысты мерекелер – осылай кете бе­реді. Жылқы түстерінің өзі 360-қа жетеді. Мысалы, қаракөктен бас­талатын жылқы түсі 50-ге таяу болса, ер-тұр­ман­ның 15 түрі бар екен. Қамшы 23 түрге бө­лінсе, қамшылаудың өзі 25-ке жетіп жы­ғылады. Қазы  атаулары 20-дан асады. Шіркін, осы қазы-қарта, жал-жаямыздың өзін заманға қа­рай жаңғыртсақ, та­лап­қа сай өңдеп-өндірсек, та­лай­ды өзімізге тартар едік-ау! Қымызмұрын­дық, ас, бәйге, қазір төрткүл дү­ние бейбітшілікке ұмты­лып отырғанда, жылқы және әскери істі жаңғырту жайын ойластырсақ, осының бәрі дәуір­­ге қарай қазақтың миынан жаңғырып шыққан құн­дылық деген ойды саналарға сіңірсек ұтылмас едік. Мұны сөз жүзінде емес, нақты іспен атқарсақ, ұтылмас едік. – Кейбір елдер жоққа жүйрік жетпейді деп, жоқтан бар жасап жатса, біз барымызды баға­лай алмай, өзгелердікін өрге шығарып, өзіміз­дікін төмен сүйреп, Абай айтпақшы, бары­мы­з­бен  көзге ұрмай, күмілжи беретініміз бар... – Жоғарыда айттық, Қазақ елі мен жері жылқы­ның отаны екенін. Ендеше, жылқының Отанында жылқының музейі міндетті түрде ашылуы керек деп білеміз.  Жылқының елі болмаса да жылқыға музей ашқан мемлекеттер әлемде аз емес. Олардың қа­тарында АҚШ, Англия, Жапония, Франция, жылқы бағуды көш­пен­ділерден үйрендік дейтін Ресей, тағы бас­қалар бар. Бұл игілікті істі қалай жүзеге асыру­ға болады деген сергек жандар табылып жатса, менде оның концепциясы дайын тұр. Көрші Қытай елінің Үрімжі қаласының жанындағы сұлу Сәнгу өзенінің жағасынан ондағы бауыр­ларымыз 5-6 гектар жер алып, «Қазақ мәдениеті мен өнерінің» ашық аспан ас­тындағы музейін жасаған. Бұл Қытайдағы қандас­тарымыздың ерекше отансүйгіштігін, ұлтының өткеніне сергек қарайтынын көрсетеді. Осыған қол ұшын созып, қаржылай көмектескен Қытай мүсін­шісі және миллионері Жан Уини деген азамат екен. – Ақа, бізде миллионерлер емес, миллиардерлер де бар ғой. – Иә, бар екенін білемін. «Қазағым, халқым, мі­незің жарқын. Қазақтың ұмытпайық ата салтын», деп солардың құлағына жетер ме деп айтып жат­қаным ғой. Жалпы, біздің халық Қамбар ата «ұрпа­ғына» қа­рыздар. 5 мың жыл бойы мінсек көлік, ішсек ас бо­лып келеді. Осы күнімізге жеткізген де сол қыл­құй­рықтар десем, біреулер дауласа қоймас. Шы­нына келгенде, жылқымен тағдырласпыз ғой. Кеңес тұсын­да қайта-қайта қуғын-сүргінге ұрына бергеніміз де жа­сы­рын емес. Ендігі жерде, ұлтымызды өр­кен­детумен қатар, жылқыны да өсірсек, оның терең тамырлы та­ри­хын өзге жұрттарға түсін­дірсек, оны­мен мінезі­міз­дің де бір жерден шы­ғып жататынына көздерін жеткізсек, қазақ жұрты тағы бір қырынан танылар еді. Жылқы – тілі жоқ демесең текті ғой. Елдің ұранына үй­рен­ген жүйрік аттар, сол елдің ұранын айғай­ла­маса, иесінің атын атамаса шаппай қояды екен. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Сүлеймен МӘМЕТ.